Бүкіл әлемнің жаратушысы Ұлы Алла тағала адамдардың бақытқа жету жолын татулық пен бірлік діні - Исламға сыйдырған. Еліміз егемендік алғалы мәдениет пен экономикамыз қарқынды түрде дамып, әлемдегі айтулы мемлекеттердің қатарына ендік. Әрине, еліміздегі ішкі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық қатынастардың әртүрлі ұлт өкілдерін бірлікке жұмылдыруда ықпалы зор екені мәлім. Дегенмен егемендік пен татулықтың оңайлықпен келмегені белгілі.
Адамзаттық ортақ мүдде тұрғысынан алып қарағанның өзінде көрші мен көрші, халық пен халық тату өмір сүруі қажет.
Әлемдік жаһанданудың адамзатқа кері әсерін тигізер жақтары да жоқ емес. Жер шарында түрлі қақтығыстар, қантөгіс пен жанкештілердің жантүршігерлік оқиғалары белең алып барады. Дақпыртынан ат үркетін «мұсыл-ман лаңкестігі», «мұсылман экс-тремизмі» деген сөз тіркестері пайда бола бастағанын да білеміз. Исламды уағыздап, бейбітшілікке қол жеткізу бағытында жүргізі-ліп жатқан кейбір әрекеттерді теріс пиғылға пайдаланушылар да ұшырасуда.
Ислам діні - әлемдегі ең ұлы дін. Жыл сайын 3 миллионнан астам мұсылманның Меккеге қажылыққа баруы бұл дінге деген сенімнің зор екендігін көрсетеді. Оны әлем елдерінің көшбасшылары да мойындап отыр. АҚШ президенті Барак Обаманың елдегі тұрақтылықты, айналасындағы қақтығыстарды тоқтату мақсатында: «Мұсылман әлемімен ымыраға келіп, Иран елімен келісімге отыру керек» деген сөзін баспасөз құралдары жарыса жариялағанын көзі ашық оқырман жақсы біледі.
Кейбір кереғар пікірде жүр-гендердің жер бетіндегі зорлық, зомбылықты, адам баласына зиянын тигізер әрекеттерді ислам дінімен байланыстыруы, әрине, өкінішті. Уақыт өткен сайын ислам дінін қабылдаушылардың қатары көбейіп отыр. Десек те, теріс пиғылын жүзеге асырып, ислам көзқарасына негізсіз іс-әрекеттермен елді шатастырушы жат ағымдар да азаяр емес.
Қарапайым адамдардың өміріне және мүліктеріне зардап шектіруге ислам діні мүлде қарсы екені баршаға мәлім. Оған дәлел Алла тағала Қасиетті Құранда: «Біз Исраилдың ұлдарына ескертіп қойғанбыз, егер біреу адам өлтірмеген не болмаса, жер үстіне арам істерді таратпаған адамды өлтірсе, ол барлық адамдарды өлтіргенге ұқсайды, ал егер ол адамның жанын сақтап қалса, онда ол бүкіл адамның жанын сақтап қалған сияқты» («Мәида» сүресі, 32-аят), - дейді. Ислам осындай көріністерді, жер бетіне арам істерді таратуды өте ауыр күнәларға жатқызады. Ондай адамдар туралы Алла тағала былай деген: «Адамдардың арасында осы тіршілікте қызыл тілімен сені таңқалдыратындары да кездеседі. Ол өзінің жанын-дағысын куәландыруға Алланы шақырады, бірақ өзі келісуге келмейтін жанжалшы болып қалады. Ол өзі кетерде жер үстіне арам істерді тарата бастайды, егіндікті жойып, ұрпақтарды құрбандыққа жатқызады. Бірақ Алла арам істерді жақсы көрмейді емес пе?» («Бақара» сүресі, 204-205-аят).
Алла тағала барлық кем-шіліктерден тәуелсіз болған-дықтан, тек қана әділеттілік пен мейірімділікті талап етеді. Қасиетті Құранда мейірімді Алла тағала былай дейді: «Расында Алла жақындарыма әділеттілікті, жақсы істерді және сый жасауға бұйрық береді. Сондықтан, Ол арамдықтан, амандықтан және қылмыстан (зорлықтан) алшақтатып тұрады. Ол сізді сабырлыққа, ар-намысқа ша-қырып, сіздер мүмкін естеріңді жиясыңдар!» (16; 90).
Жоғарыда келтірілген аяттарды ескерген Сауд Арабиясы дін өкілдерінің жоғары кеңесі 2010 жылдың сәуір айында аталған мәселеге қатысты діни пәтуә ұсынды.
Онда лаңкестік іс-қимылдар толық айыпталған және «исламның негізіне байланысты лаңкестікті қаржыландыруға тыйым салынсын (харам)» деп айтылған. Осылайша, Сауд Арабиясының кеңесі тарихи заң ұсынды. Әрине, бұл пәтуә тек Сауд Арабиясына ғана емес, барлық мұсылман елдеріне таратылуда.
Лаңкестердің: «Жер үстіне Алланың заңдарын орнату үшін қасиетті жиһад жүргізіп жүрміз» деген мәлімдемелері және «осы іске әр мұсылман мүлік-затымен өз үлесін қосу керек» дегендері ислам көзқарасымен қарағанда негізсіз және харам болып табылады. Сондықтан, жоғарыда аталған пәтуә аясында лаңкестердің бұл әрекеттері жиһадқа жатпайды, керісінше, зомбылық пен питнаға итермелейді. Пәтуә лаңкестердің исламды жамылып іс-әрекет жасап жүрген идеологиясының негізін күйретіп, оларды қаржыландыруға тыйым салды. Лаңкестікті қаржыландырудың қайырымдылықпен еш байланысы жоқ. Оның үстіне шариғаттың міндеттемелеріне сәйкес көмек тек қана кедейлерге, ауруханалар мен мектептердің құрылысына, яғни шын мұқтаждарға бағытталуы керек.
Исламды сөгушілер: «Бұл дін жаугершілікке, қатігездікке шақырады» деп, соған дәлел ретінде дін атын жамылып жүрген экстремистік қозғалыстарды алға тартады. Ф.Гүленнің «Ғасыр туындатқан күдіктер» атты еңбегінде аталмыш жайттарға нақты дәлелдер келтірілген. Автор осы мәселені талқылай келе, ислам әлемі соғыста жеңген елдеріне қатыгез әрекеттер жүргізбегенін, керісінше, дінді көркем түрде жеткізгенін айтады. Осы ретте пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әділеттік жолында 23 жылға созылған мүшріктермен күресінде 375 қана жауынгердің қаза болуын да атап өтуге болады.
Егер ислам жанкештілік, лаңкестік, саяси қақтығыстарға үндесе, қаншама адам өмірі қиылып, айналасына да айтарлықтай зиянын тигізер еді. Керек десеңіз, ислам дінін қабылдаған елдерде қай уақытта да бейбітшілік пен бірлік орнап, берекесі артып отырған.
Қай тұрғыдан алып қарасақ та, әлемдегі ислам дінін жамылып, лаңкестікті теріс бағытта пайдаланушылар үшін бір тыйымның болу керектігі белгілі. Ислам діні тек бейбітшілікті көздейді. Сол себепті де лаңкестік, зорлық-зомбылық атаулыға оның қатысы болуы ешқандай мүмкін емес. «Шынайы мұсылман басқаларға тілімен де, қолымен де зиян келтірмейді» деген сөз бар. Басқыншылық пен экстремизмді, лаңкестік пен қантөгісті діннен көру - «тырнақ астынан кір іздеу». Бұл пәтуәны бейбітшілік келісімі деп атасақ та, артық айтқандық емес. Ендеше, әлем мұсылмандары бір тудың астында бейбіт өмір сүруді көздеген болса, оған мойынұсынғаны абзал.
Бейбітшілік келісімін орындау жағынан пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінен мынандай мысал келтірелік. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) меккелік мүшріктермен Хұдайбия деген жерде бейбітшілік туралы шарт жасасқан-ды. Осы шарттың бір бабы бойынша, меккеліктер-ден кімде-кім исламды қабыл-дап, Мәдинадағы мұсылмандарға барып қосылғысы келсе, ол жақтағы мұсылмандар өтінішін кері қайтарып, оны меккелік мүшріктерге апарып тапсыруы шарт еді. Шарт күшіне енгеннен кейін Мекке тұрғындарынан Әбу Жәндел деген кісі исламды қабылдайды да, Мәдинадағы мұсылмандарға қашып барады. Ол пайғамбарымызға (с.ғ.с.) барып, өзін қамқорлыққа алуын өтінеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оны жоғарыдағы шарт бойынша Меккеге қайтарады. Кері қайтқысы келмеген Әбу Жәнделге пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ей, Әбу Жәндел! Біз құрайышпен шарт жасастық. Олар бізге, біз оларға Алла атымен ант бердік. Бұл анттан бас тарта алмаймыз!» - дейді (әл-Бұхари, Шұрұт, 15-хадис және Ибн Һишам, әс-Сирет-үн-Нәбәуия, 3-том, 333-бет). Демек, мұсылмандардың уәдені адал орындайтынын әз пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз өмірінде көрсеткен. Алла елшісінің (с.ғ.с.) өмір жолында мұндай әділ шешімдер көптеп кездеседі.
Осы тарихи деректер бұл күндері мұсылмандарды лаңкес-тікпен айыптаушылардың сөздерінің дәйексіз екенін көр-сетеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) меккеліктермен арадағы бейбіт-шілік келісімін сақтау үшін мұсылман бауырын мүшріктерге қайтарып берген. Демек, фиқһта (ислам құқығында) мөр басылып, қол қойылған келісімшарттың күші ағайыншылықтан да жоғары. Мұнда бекітілген халықаралық құқықтың ішкі заңнамаға үстемдігі де байқалады. Жағдай осылай болғанымен кейбір күштер мұсылмандарды екіжүзді, айлакер, қатыгез етіп көрсетуге тырысады. Олар ертең уақыты келгенде сол әрекеттері үшін де Алла алдында жауапқа тартылатыны белгілі.
Бүгінгі күндері мұсылман бауырларымызға үлкен жауап-кершілік артылуда. Болған оқиғаларға сабырлық көрсетіп, дініміздің негізгі тұнық бұлағын лайламай, исламды айналамызға шамамыз жеткенше түсіндіру - басты міндетіміз. Ал күшпен қабылдату адасушылық болып табылады. Сол үшін де ислам дінінің бейбітшілік, татулық, адамгершілік, достық, туыстық, тазалық, рақмет уә мағфират, теңдік және әділет діні екенін ұмытпайық, ағайын!
Нұрлан ӘБЖАНОВ