Пайғамбар тарихының маңыздылығы

Пайғамбар тарихының маңыздылығы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Адам дүниеге келгеннен бастап оның тәлім-тәрбиесіне әсер ететін көптеген факторлар бар. Сондықтан ең алдымен адамға үлгі болатын әрі жөн сілтейтін біреу қажет. Себебі, оның тілі, діні, ахлағы және өміріне өң беретін сенімі мен пікірлері, іс-әрекеті өзіне ұсынылған өнегелер мен олардан алған әсерлерінен қалыптасады.

Мысалы, балалар әке-шешесі қай тілде сөйлесе, алдымен сол тілді үйренеді. Кейіннен басқа да кісілерден екінші, үшінші тіпті төртінші тілді үйрене алады.

Адам баласының жаратылысындағы еліктеушілік қасиет оның тұлға болып қалыптасуынан әсер ететін ең маңызды факторлардың бірі. Сондықтан адам тәлім-тәрбиеге қарай жақсы немесе жаман нәрселерге еліктейді. Міне, адам осылайша әке-шешесінен, отбасынан және өскен ортасынан әр түрлі әсер алып, осы алған әсерлерінің нәтижесіне қарай жақсы немесе нашар адам болып қоғамға қосылады.

Бірақ кісінің тілі секілді көзге көрінетін ерекшеліктерді үйренуі айтарлықтай мәселе тудырмайды, оның дініне, ахлағы мен рухани әлемінің қалыптасуына кедергі болатын үлкен тосқауылдар бар. Себебі, Алла Тағала адамдарға сынақ мақсатымен олардан еш айырылмайтын нәпсі мен Ібіліс деген екі үлкен тосқауыл берген. Олар үнемі адамдардың теріс жолға бет бұруына себеп болады. Сондықтан адам рухани әлемін кәміл тұлғалар болып саналатын пайғамбарлар мен Алла достарынан үлгі алу арқылы қалыптастыруы қажет. Әйтпесе адам баласы адасушылықтан, ғапылдықтан өзін құтқара алмай мәңгілік бақытты орны толмас өкінішке айырбастайды.

Осы тұрғыдан алғанда адамдар үнемі руханияты биік, ішкі жан дүниесі таза, жүрегі ақ, пейілі кең жетекшілерге мұқтаж. Соған байланысты адамдар өзіне жетекші деп қабыл еткен кісіге дұрыс болса да, бұрыс болса да шын көңілден сенеді, әрі шамасы жеткенінше оған еліктеуге тырысады. Бүгінде руханияттан жұрдай, нәпсіге берілген кейбір кісілерді өздеріне өнеге етіп, оларға ұқсау үшін өздерінің мәңгілік бақыттарын қатерге тіккендер қаншама. Олардың құрдымға бет алғаны ап-айқын. Негізінде бұл, сусаған ішкі жан дүниенің тізгінін қателікпен басқа біреулердің қолына беріп зиянға ұшыратты деген сөз.

Хазіреті Мәуләна адамның мұндай сәтсіз жағдайын мынадай мысалмен түсіндіреді:

«Қозының қасқырдан қашқанына таң қалуға болмайды. Себебі қасқыр қозының жауы. Ал таң қаларлық нәрсе қозының қасқырды ұнатуы».

Міне, мына өткінші сынақ өмірде қасқырды ұнатып мәңгілік бақытсыздыққа душар болмау үшін, Алла ТағАлланың бізге «Усуәтун Хасанатун» яғни көркем өнеге ретінде жіберген бүкіл әлемнің көсемі, пайғамбарлардың сұлтаны Хазіреті Мұхаммед Мұстафаға (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) шын жүректен бағынуымыз қажет. Оны көңіліміздің сұлтаны, өміріміздің байрағы етіп ұстануымыз ләзім. Себебі оны жақсы көру бізге парыз етілген.[1] Хақ Тағала Құран Кәрімде:

«Пайғамбар мүминдерге өз жандарынан да артық…» деген (Ахзаб сүресі 6-аят). Ол бізге өз жанымыздан да жақын, әрі абзал.

Хадис шәріпте де Расулұллаһты (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) жақсы көру шынайы иманның белгісі екендігі айтылған:

«Жаным құдірет билігінде болған Аллаға ант етейін! Сендердің ешқайсыларың мені әке-шешесінен, бала-шағасынан және бүкіл адамзаттан да артық жақсы көрмейінше, толық иман келтірген болып есептелмейсіңдер» (Бұхари, Иман 8).

Басқа бір хадис шәріпте бойына үш қасиетті жинай білген кісі ғана иманның ләззатын сезіне алатындығы айтылып, бұлардың ең бастысы «Алла және Расулін барлық нәрседен жақсы көру» екендігі білдірілген.[2]

Абдуллаһ бин Хишамның жеткізген мына риуаяты Расулұллаһты қаншалықты дәрежеде жақсы көру керек екендігін өте тамаша түсіндірген:

«Бірде Расулұллаһпен (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) бірге болатынбыз. Сүйікті Пайғамбарымыз Хазіреті Омардың қолын алақанына салып отыр еді. Сол кезде Омар (радиАллаһу анһу):

– Уа, РасулАлла! Мен сені өз жанымнан басқа барлық нәрседен артық жақсы көремін, - деп Расулұллаһқа деген сүйіспеншілігін білдірді. Оның бұл сөзіне ардақты Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) былай жауап қайтарды:

– Жоқ, сен мені өз жаныңнан да артық жақсы көруің керек.

Сонда Хазіреті Омар (радиАллаһу анһу) кідірместен:

– Олай болса сені өз жанымнан да артық жақсы көремін, уа, РасулАлла! - деді. Сонан соң Расулұллаһ (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм):

– Міне енді болды, - деді (Бұхари, Әйман 3).

Жақсы көрудің шарты және ең алғашқы нәтижесі, жақсы көрген нәрсені ұмытпау. Сөйлеген сөзің де, істеген іс-әрекет пен ойлаған пікірің де оған сай болу. Жүректе Хазіреті Пайғамбарға деген махаббат толық болуы үшін, ең алдымен оның сүннетін егжей-тегжейлі үйреніп, оны шын көңілмен іске асырып, тұла бойымызға сіңіру қажет.

Себебі оның өмірбаянын білмейінше, жүректе оған деген махаббат орнықпайынша толық Исламмен өмір сүру мүмкін емес. Мұның іске асуы үшін «Сияр Нәбәуиді», яғни Пайғамбар тарихын жете меңгеріп оны ішкі жан дүниемізге сіңіре отырып іс-әрекетке асыру қажет. Оны танымайынша шын көңілмен жақсы көру мүмкін емес. Алла ТағАлланы шын сүю үшін Расулұллаһқа мойынсұну керек. Міне, сондықтан Хазіреті Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) махаббат пен сүйіспеншілік мәселесіне осыншалықты қатты көңіл бөліп, бұған егжей-тегжейлі тоқталып өтуді жөн санаған.

Пайғамбарлардың сұлтаны Хазіреті Мұхаммед Мұстафаның (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) өмірі сарқылмас дариядай. Деректер бойынша ол өзінен бұрын келген 124 мыңнан астам пайғамбарлардың көрінетін яки көрінбейтін барлық ерекше қасиеттерінен де жоғары дәрежеге ие, ал көркем мінезімен барша қасиеттердің асқар шыңына жеткен. Ол өз дәуіріне дейінгі бүкіл адамзат пікірінің, іс-әрекетінің қол жеткізген жетістіктерімен қоса адамзаттың қияметке дейін туындайтын мұқтаждықтарына жауап бере алатын үлгі өнеге ретінде «ақыр заман Пайғамбары» етіп жіберілді. Ол – пайғамбарлардың соңғысы.

Тарихта бүкіл ғұмыры толығымен қыр-сырына дейін егжей-тегжейлі белгілі болған жалғыз пайғамбар Хазіреті Мұхаммед Мұстафа (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм). Бүкіл пайғамбарлардың адамзатты Хаққа және жақсылыққа шақыру үшін жасаған үлгі боларлық әрекеттерінің бізге аз бөлігі ғана жеткен. Ал ақыр заман пайғамбары Хазіреті Мұхаммедтің (аләйһиссалату уәссәләм) ең қарапайымынан аса күрделісіне дейінгі барлық әрекеті, айтқан өнегелі сөздері мен ұғындыра білген ішкі сезімі әрбір сәтте бақыланып, тарих сахнасына мақтаныш ретінде жазылған. Сондай-ақ Алланың ұлы сыйы ретінде ғасырлардан қияметке дейін келетін бүкіл адамзатқа жететіндей тәлім-тәрбие етіп берілген.

Мінеки Ислам ахлағын теориядан іс-жүзіне асырған және деңгейін өзге ахлақ жүйелерінен жоғары қылған ардақты Пайғамбарымыздың өнегелі іс-әрекеті мұқият қадағАлланып, ғасырлар бойы берік сақталып, бүгінге дейін жетіп отыр.

Біз бүкіл сәтсіздіктен және жамандық атаулыдан өзімізді қорғап қалу үшін шүкіршілік, тәуекелдік, тағдырға ризашылық, қиындыққа сабырлылық, батылдық, қанағатшылдық, кең пейілділік, адамгершілік, жомарттық, сыпайылық сияқты жақсы қасиеттерді игерумен қатар, сан-қилы оқиғалардың әсерінде қалмай тепе-теңдікті сақтап қалуымыз қажет. Хақ ТағАлланың осы жолда өте керемет өнеге ретінде адамзатқа сыйлаған ең ұлы «муршид» жол көрсетушісі, жетекшісі – пайғамбарымыз Хазіреті Мұхаммед (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм).

Алла Тағала Хазіреті Пайғамбарды (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) қоғамдағы ең төменгі дәреже болып саналатын «жетімдіктен» бастап өмірдің барлық сатыларынан өткізіп, құдірет пен билік тұрғысынан ең жоғарғы мәртебеге, яғни пайғамбарлыққа тіпті мемлекет басшылығына дейін көтерді. Пайғамбарымыздың бүкіл өмір сүрген кезеңдері адамзат өміріндегі кездесетін кез-келген мәселелерге шешім боларлық үлгілер ұсынады. Сол себептен оның өмірі қандай жағдайда, әрі қандай дәрежеде болсын барлық адамзатқа өз шама-шарқына қарай еліктей аларлықтай өнеге болған. Яғни Ислам барлық дәрежедегі адамдардың қиындықсыз түсіне алуы үшін Алла Расулінің мүбәрак өмірінде көрініс тапқан.

Хақ ТағАлланың осыншама шексіз мейіріміне шүкірлік ретінде біздің атқаратын міндетіміз – әлемдердің Сұлтанының мүбәрак әрі пәк өмірін, яғни Сияр Нәбиді ең жақсы түрде үйренуге, оны іске асыруға және үйретуге шын көңілден әрекет ету.

Хазіреті Пайғамабардың (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) біз үшін өнеге, әрі жолбасшы екенін біліп қана қоймай, оны үлгі етудің қаншалықты дәрежеде болатынын да білу өте қажетті әрі маңызды. Себебі оның іс-әрекеттері екіге бөлінеді:

1. Тек өзіне қатысты іс-әрекеттері.

Мысалы, анда-санда емес, үнемі аяқтары ісіп кеткенге дейін түнді намаз оқумен өткізуі, уисал оразасын (ауыз ашпастан оразаны жалғастыру) ұстауы. Ухуд тауындай алтыны болатын болса барлығын тегіс Алла жолында жұмсауы, артында мұра қалдырмауы, өзі және отбасы үшін қияметке дейін зекет пен садақа алуға тыйым салуы және тағы басқалар.

Сондықтан хадисте:

«Мен де сендер сияқты бір пендемін» (Бұхари, Салат 31, Ахкәм 20) десе де, орны келгенде:

«Мен сендердің қайсібірің сияқты емеспін, маған Алла ішкізіп-жегізеді», деген (Бұхари, Саум 49, Иғтисам 5; Муслим, Сиям 57-61).

Міне, мүминдер осы тұрғыда оның соңынан ілесе алмайды, оның істеген материялдық һәм рухани істерін атқара алмайды, оның күйін кеше алмайды. Пайғамбарлардың үмбеттеріне үлгі әрі өнеге болуы тиіс бола тұра, мұндай ерекшеліктер Алла Расуліне ғана қатысты болғандықтан үлгі болудан тыс қалған.

2. Жалпыға қатысты іс-әрекеттері.

Осыған орай біз тек оған қатысты болған ұлы қасиеттерді өзімізге үлгі етуге міндетті емеспіз. Онсыз да мұндай ерекше қасиеттер пайғамбарлықтың ғана белгісі, мұндай әрекеттерді жасауға біздің шамамыз да жетпейді. Ал екінші бөлімге кіретін әрекеттер мен сөздерге келсек оларды орындауға шамамыз жетеді. Бұл істерде өмір бойы оған еріп және үлгі етіп оның нұрлы жолымен жүруге міндеттіміз әрі бұған жауаптымыз.

Демек Хазіреті Пайғамбар (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) қоғамның барлық сатысындағы адамдар үшін өте тамаша өнеге. Мұнда да кейбір әрекеттердің сүннет, ал кейбірінің рұқсат екендігін естен шығармау керек. Халқымыз бұны дәлме-дәл мағынада түсініп, шама-шарқына қарай Пайғамбарымызға ұқсауын қалап балаларына «Мұхаммеджан» деп есім берген.

Бұған қоса «Сияр Нәбәуи» яғни Пайғамбар тарихы – Құран Кәрімді дұрыс түсініп, оның мақсатын ұғынуда және рухын сезінуде де өте маңызды рөл атқарады. Бұл жайында аят каримада:

«Ескертушілерден болуың үшін Руху-л Әмин (Жәбрейіл) оны (Құранды) ап-ашық араб тілінде сенің жүрегіңе салды» делінген (Шура сүресі 193-195 аяттар). Сондай-ақ Құран Кәрімде Пайғамбарымыздың (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) жиырма үш жылдық пайғамбарлық өмірі іс жүзінде керемет тәпсір етілген. Сондықтан әрбір мұсылман ардақты Пайғамбарымыздың хадис шәріптері мен өмірін жақсылап үйренбейінше Құран Кәрімді дұрыс түсінуі мүмкін емес.[3]

Сонымен қатар мұсылман кісінің Ислам мәдениетіне бет бұруы үшін әлемдердің Сұлтанының (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) жиырма үш жылдық пайғамбарлық өмірінен нәр ала отырып өмір сүруі тиіс, соның нәтижесінде толық рухани сезімге қол жеткізеді. Ішкі рухани әлем Алла Расулінен келген рухани энергияға толу арқылы кәмілдікке жетеді. Себебі, Ислам принциптері мен үкімдерін ең нәзік тұстарына дейін іске асырған жалғыз жан сүйікті Пайғамбарымыздың (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) мүбәрак өмірі.

Адамдарды Исламның бейбіт әрі бақытты өмір жүйесіне шақыратын ұстаз, мұғалімдердің сияр ілімін ішкі рухани дүниесіне сіңіріп, орнықтыра алмауы мүмкін емес. Себебі Хазіреті Расулұллаһ (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) тәлім-тәрбие беруде және үгіт-насихат айтуда бірден-бір өнегелі тұлға.

Қысқасы, тура әрі әділ болуды қалаған пенде үшін, Аллаға шақыруды өзіне жол етіп ұстанып, даналықпен және жылы сөздермен тәблиғ жасаған дағуатшы үшін, мемлекетті әділдікпен және ізгілікпен басқарғысы келген мемлекет басшысы үшін, керегесі мықты, шаңырағы биік отбасының отағасы үшін, бала-шағасы мен әйеліне мейірімін төккен әке үшін, ұйымдастыруды жақсы меңгерген қабілетті қолбасшы үшін, бір сөзбен айтқанда жасы, дәрежесі, қызметі қандай болса да әрбір мұсылман үшін ең тамаша әрі нақты мысал Сияр Нәбәуиде берілген.[4] Осы себептен Исламның қыр-сырын дұрыс түсініп, оны іске асыра білу үшін Расулұллаһтың (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) өмірін жақсылап үйрену міндетті шарт.

Расулұллаһтың (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) өмірбаянын тиісінше үйрену, оны басқаларға үйрету және онымен амал жасау адамзатқа керемет әрі өте тамаша өмірлік үлгі болатындығында да еш күмән жоқ.

[1] Тәубә сүресі 24-аят.

[2] Бұхари, Иман 9, 14; Муслим, Иман 67.

[3] Сөзбен айтылған ақиқаттар іс-әрекетпен қуатталмайтын болса оны іске асыруда қателіктерге баратынымыз сөзсіз. Себебі дерексіз беймәлім нәрселерді әркім өз тәжірибесіне және түсінігіне қарай ұғады. Нақты мысалдар абстрактылы шындықтың іске асқан кездегі тиіс болған кейіпін ешқандай талас-тартыссыз ұсынады. Осы себептен адамзатқа ақиқат пен игілікті үйрету мақсатымен айтылған барлық пікірлер белгілі кісі тарапынан іс жүзінде көрсетілмегендіктен оларды іске асыру кезінде көптеген өзгешеліктер туындаған. Сондықтан Ислам көзқарасы өзге ешқандай көзқарастармен салыстыруға келмейтін дәрежеде өте құнды әрі керемет. Мұны қамтамасыз еткен, бүкіл абстрактылы шындықтарды өмірімен және іс-әрекетімен іске асырып орындаған Хазіреті Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм). Сонымен бірге бұларды сахабалар да үйреніп бізге жаткізген.

[4] Бұл ақиқатты батыстық бір ойшыл мойындауға мәжбүр болып былай деген:

«Ешкім Хазіреті Мұхаммедтің принциптерінен ілгері асып кете алмайды. Еуропаның қол жеткізген қаншалықты жетістіктеріне қарамастан еуропалықтардың шығарған заңдары мен тәртіптері Ислам мәдениетінің қасында әлдеқайда керіде қалған. Біздер Еуропа халқы мәдени жетістіктерімізге қарамастан Хазіреті Мұхаммед ең соңғы баспалдағына шыққан сатының ең бірінші баспалдағындамыз. Сөз жоқ бұл жарыста ешкім оны басып оза алмайды. Бүл кітап (Құран) та барынша өміршең болғандықтан еш уақытта қадірін жоғалтпайды, әрі басқа халықтарды да төңірегіне жинайды». (Johann Wolfgang von Goethe)

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: