«Ислам – дін ғана емес, ол біздің мәдениетіміз».
Н. Ә. НАЗАРБАЕВ
Ислам діні бүгінгі таңда жер шары тұрғындарының шамамен төрттен бірі ұстанып, биік бағалап, аялап, қастерлеп отырған соңғы иләһи дін. Оның адам баласын үнемі тазалыққа, адалдыққа шақыратыны, Алла тағала мен Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) және дүниедегі бүкіл жаратылыстарға опалы болуға үндейтіні анық.
Сан ғасырдан бері тып-тыныш, бейбіт өмірді насихаттап келген асыл дінімізді соңғы жылдарда лаңкестік, экстремистік секілді небір жағымсыз ұғымдармен байланыстыратын пікірлер пайда болуы жүрегімізге ауыр тиетіні рас. Негізінде, Ислам еш уақытта адамдарды бүлікке, бұзақылыққа, тәртіпсіздікке немесе біреудің жазықсыз қанын төгуге шақырған емес. Керісінше, ол өзгенің ақысына қылдай қиянат жасамауға үйрететін үлкен тәрбие қайнары.
VІІ ғасырдың алғашқы жартысында Таяу Шығыс пен Орта Шығыс халықтары үшін өте маңызды екі үлкен оқиға көзге ұрып тұрғандай айқын көрініп жатты. Біріншісі, адамзат баласына екі дүние бақытымен сүйіншілей келген Исламның пайда болуы, ал екіншісі, тарыдай шашылып, өзара жанжалдан көз ашпай келген араб ру-тайпалары жұдырықтай жұмылып, жаңа Араб мемлекетінің негізін қалап жатуы еді. Исламның иләһи діндерді тәмамдаушы мөрдей болып ең соңынан түсуі және жекелеген қауымдарға ғана емес, барша адамзат баласына келуі оның хақтығын білдіретін бұлтартпас анық дәлелдерге жатады. Демек, бұл діннің йаһудилік пен христиандыққа қарағанда әлеуметтік сипаты басым.
Араб түбегінде аса қуатты діни мемлекеттің орнауы араб елі тарихына ғана емес, жер жаһанның тынысына бұрын-соңды болмаған жаңа леп алып келді. Бұл елдің бұрыннан табынып келген жалған құдайлары мен пұттарын тастап, мұсылмандықты қабылдап, жалғыз Аллаға ғана құлшылық етуінің игі әсері еді. Осы тұрғыдан қарағанда, Ислам дінінің құндылығын араб елінің Исламға дейінгі және Исламнан кейінгі жай-күйін салыстыру арқылы да оп-оңай бағамдай алмақпыз.
Ежелгі араб ру-тайпаларының әрқайсысы өз алдына жеке жасанды құдайларға көзсіз табынып келді. Тіпті халық санасында «тайпалық-рулық құдай» деген де ұғым болды. Адамдар жасанды құдайлар тек өзіне қатысты рулар мен тайпаларды ғана сақтап-қорғайды деп сенді. Осылайша, әрбір рудың өкілі өзі табынып жүргендерінен «өзге де пұттар бар, олар өзара таласып, жауласуы да мүмкін» деген оймен өмір сүрді. Пұттар тастардан, ағаштардан, тіпті кейде нан, құрма секілді азық-түлік түрлерінен де жасалды. Әркім өз тайпасының пұттарына құрбандық шалды. Тіпті жаңа туылған қыз балалардың тірідей жерге көмілуін тек экономикалық себеппен немесе намыстың тапталуымен ғана емес, «құрбандық» деген түсінікпен де байланыстыратын ғалымдар бар.
Десек те, араб елінің қым-қуыт тарихына үңілсек, сол кездің өзінде жер беті дүниесінен әлдеқайда жоғары тұратын аса ұлы бір Құдіреттің бар екендігіне бұлыңғыр болса да сенім болғанын жоққа шығара алмаймыз. Әлгі пұттар сол Құдіретке жақындаудың бір дәнекері деп саналған сыңайлы. Кейбір арабтар ол Құдіретті қасиетті Қағбаның иесі деп ұқты. Сондықтан, өз пұттарын сол қасиетті қара тастың үстіне немесе маңына орнатуға тырысты. Ислам діні келгенге дейін, Қағба маңында пұттардың 360 түрі болды деген дерек кездеседі. Мұның өзі араб дүниесінің Исламға дейінгі рухани өмірінің қай деңгейде болғандығын көрсететін біраз шындықтың өзегін аршыса керек.
Арабтар әдебиетке жақын халық болғандықтан, өз пұттарына арнап өлең-қиссалар жазумен де айналысты. Олардың сол дәуірдегі әдебиеттерінің негізгі тақырыбы осы желіге құрылды десек, ақиқатты айналып өткендік болмас. Көп құдайға сеніп келген араб дүниесінің тарих сахнасындағы бұрынғы бет-бейнесі осындай күйде еді.
Ал бүкіл ғаламдардың жалғыз Иесі, Ұлы Алла тағалаға бойұсынуға шақырған Ислам діні келгенде, арабтар арасындағы осындай мифтік ой-түсініктер біртіндеп сейіліп, нағыз ақиқаттың нұр сәулесі біліне бастады. Адамдардың дүниеге, бүкіл жаратылыстарға деген көзқарасы өзгерді. Өлең-дастандардың тақырыптары да жалғанды жырлаудан арылып, өзге арнаға ойысуға бет алды. Ал Алланың аяттары оқылғанда, азуын айға білеген майталман ақындардың өзі сөзін тоқтатып, ғажайып иләһи сөздердің тұңғиық сырларына таңғалып, таңдай қағудан өзге шара таппады. Ақындар Құранның аяттары адамзаттың сөзінен әлдеқайда биік тұрғанын толық мойындады.
Исламға дейінгі кезеңде діни түсінігі ежелгі христиандыққа жақын кейбір отырықшы елдер де болды. Бұл Жаратушы жалғыз Құдай мен ақырет күніне сенуге шақыратын ханифтік сенімнен туындаса керек.
Ислам діні йаһудилер мен христиандардың түсініктеріндегі мифологиялық келеңсіздіктерді де тәртіпке келтіріп түзете бастады. Тек көзге көрінетін нақтылыққа ғана сүйенген қасіретті көзқарас Исламның келуімен рухани-ғайыптық ұлағатты сенімнің тұнығына қарай ығысты. Ұлы Алла тағалаға деген сенім біртіндеп адамгершілік қасиеттермен де толықты.
Ислам діні «тайпалық пұттар мен жалған құдайларға сенуден» бас тартып, аса Құдіретті, бәрін көруші, бәрін естуші, ерекше Рахымды, Жаратушы, есеп-қисап күнінің Иесі Жалғыз Аллаға құлшылық етуге шақырды. Араб түбегінің тұрғындары Ислам келмей тұрып, табиғаттың сұрапыл күштерінің алдында бас иіп келсе, енді Ислам дінінің билігі жүрген кемел кезеңде тағдырға иман келтіріп, екі дүниенің терезесін тең ұстауға көшті. Мұның сыры Исламның игілігінде жатқандығы хақ.
Ислам қоғамдық қатынастарға ықпал етіп, жалпақ жұрттың әлеуметтік мәселелерін де оп-оңай шеше бастады. Мысалы, әлеуметтік дағдарыс пен қым-қиғаш ішкі қайшылықтарға ұшырап, халықтың іштей ыдырай бастауы араб тайпаларының басына төнген қасірет бұлты іспеттес еді. Тек араб емес, мұндай діни-рухани қараңғылық бұлты жер бетіндегі бүкіл адамзат атаулының басына үйіріліп тұрған болатын.
Көшпелі тайпалардың ұжымдық мүлкі болған жайылымдар мен құдықтар үстем тап өкілдерінің иелігіне өтіп кеткен. Ал тұрмысы нашар, әлсіз бәдәуилер бұрынғыдан да сіңірі шығып кедейлене түскен. Өсімқорлық кеңінен етек алып, құлдық көбейген. Басы бос, азат бәдәуиді өз тайпасы қорғап, араша түсе алмайтындай жағдайға да жетті. Тайпасынан безіп, шөлге барып қарақшыларға қосылғандардың саны да күн санап артты. Ал бір-бірімен шабысып-қырқысып жатқан араб ру-тайпаларының бір тудың астына бірігуі халықтың көсегесін көгертіп, мерейін асырды. Ислам діні адамдарды жаңа құқықтық қарым-қатынасқа шақырып, жаңа сенімнің кеңінен жайылуына жағдай тудырды.
Жаңа дін келуінен он жыл өтпей жатып арабтардың ұлан-асыр территорияны бағындырған даңқы жан-жаққа жайыла бастады. Ал хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың қауымы ақиқат дінді жаю жолындағы күрестің маңызын жан-тәнімен қабылдап, оны табиғи мінездеріне айналдырып алды.
Араб елінің билік жүргізуші табы ежелгі өркениеттің орталықтары болып саналған Сирия, Месопотамия, Мысыр сынды өнімі мол елдерді жаулап алып, мол олжа мен қазынаға кенелуге бұрыннан-ақ құлықты еді. Алайда бытырап, алтыбақан алауыз боп жатқан араб тайпаларының бұл ойды жүзеге асыруға шамалары келмейтіні айдан анық-ты. Ал Ислам бір дінге біріккен мұсылмандардың рухын асқақтатып, Жаратушы Иемізді әлемге паш етудің қаншалықты маңызды екендігін Құран Кәрімнің айқын аяттарымен бекітіп берді: «Сендер кітап иелерінен Аллаға, ақырет күніне сенбегендер, Алла мен оның елшісі арам еткен нәрселерді арам деп білмегендер, хақ дінді (Ислам дінін) дін етіп ұстамағандар сендерге кішірейіп, бойсұнып, өз қолымен салық (жизя) төлегенге дейін соғысыңдар» («Тәубе» сүресі, 29-аят).
Сөйтіп, Ислам діні Азия мен Африка халықтарының арасында, Еуропаның бір бөлігінде, жалпы Үндістаннан Испанияға дейінгі ұлан-ғайыр далада кеңінен жайылды. Үш құрлықтың тұрғындарынан құралған көптеген халықтар бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай бірігіп, рухани-саяси күшке айналды. Сол кезде әлемді дүр сілкіндіріп тұрған екі алып империя Иран мен Византия да мұсылмандардың ығына жығылды.
Арадағы небір ауыр қақтығыстар нәтижесінде Иран толығымен мұсылмандарға бағынып, Ислам дінін қабылдады да, Византия Азия құрлығындағы иелігінен толықтай айырылды.
Қасиетті Құран Кәрімдегі: «Түп-түгел Алланың арқанынан (діннен) жабыса ұстаңдар, ажырамаңдар (бөлінбеңдер). Әрі өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені, бір-біріңе дұшпан едіңдер, Алла жүректеріңнің арасын жарастырды. Оның нығметімен туысқа айналдыңдар» («Әли Имран» сүресі, 103-аят) деген аят өмірден көрініс тапты.
Ал Алланың соңғы елшісі, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сол кезде Араб елінің экономикалық және діни орталығы саналған Мекке қаласында дүниеге келді. Бұл қаланың тұрғындары егіншілікпен де, қол өнерімен де, бау-бақша өсірумен де айналыспайтын. Олар солтүстік жағынан Сирия, Ирак, Мысыр қалаларынан, ал оңтүстігінен Үндістан, Қытай, Шығыс Африка елдерінен келетін үлкен-үлкен сауда керуендерінің күтімімен айналысатын. Халықтың дені негізінен осы іспен шұғылданатын. Меккедегі ең беделді, әрі бай саналатын Құрайыш тайпасы сауда экспедицияларын ұйымдастырып басқаратын. Сондай-ақ, өсімқорлық та бұл тайпаның кәсібі болды. Өйткені, Хиджаздың көшпелі тайпалары көбіне-көп қарыз астында езіліп, одан құтылу үшін өсіммен ақша алатын. Құрайыш тайпасы Араб түбегіндегі өзге тайпалардың бірі ғана болғанмен, ол экономикалық жағдайы жағынан өзгелерден көш ілгерітін.
Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осы Құрайыш тайпасының Хашим руынан шықты. Әкесі шағын дәулетті Абдулла деген кісі еді. Ол өмірден ерте озып, содан соң алты жасында анасы Әминадан да айырылып, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жетім қалады. Сөйтіп, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көкесі Әбу Тәлібтің қамқорлығына өтті. Оның қолында жүріп, қой да бағады. Ер жете келе сауда керуендеріне қосылып, оларға атқосшылық та жасайды.
Құран Кәрімде Алла тағала Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымызды бүкіл ғаламдарға рахым нұры, әрі ақиқат дінді жеткізуші етіп жібергені жайлы: «Әй адамдар! Мен сендердің барлығыңа Алланың жіберген елшісімін. Жер мен көктің патшалығы Алланікі. Одан өзге ешбір Құдай жоқ. Ол тірілтеді де өлтіреді. Сондықтан Аллаға және Алланың сөздеріне сенетін, оның оқу-жазуды білмейтін Пайғамбар елшісіне иман келтіріңдер. Тура жол табуларың үшін оған ілесіңдер!», – дейді («Ағраф» сүресі, 158-аят).
Бұған дейінгі сан мыңдаған Пайғамбарлардың арасында бір қауымға ғана емес, бүкіл адамзат пен жындарға жіберілген ақырзаман Пайғамбары хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) алар орны ерекше. Алла тағала: “Сені бүкіл әлемге рахмет етіп қана жібердік”, – деп оған (с.ғ.с.) өзгеше ілтипат танытты. Сондықтан Алланың соңғы елшісі (с.ғ.с.) қасиетті Құран Кәрімді барша адамзат баласына түсіндіріп, насихаттады. Өмірінің соңына дейін осы міндетті қалтқысыз атқарды. Құран болса, жер бетіне өзінен бұрын түскен қасиетті кітаптар мен парақтардың (сухуф) мазмұнын толықтай қамтыды. Оларда берілген діни үкімдерді бекіте келді.
Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз адамдарға ұлы Алла тағаланың құдіретіне сүйене отырып, небір ғажайып мұғжизаларды көрсетті. Бірде дініміздің ақиқаттығына көзін жеткізгісі келген бір кісінің сұрауы бойынша, Алланың қалауымен, аспандағы айды қақ бөлгені жайлы дерек бар. Ағаштың оған салауат айтатынына сенімін нақтылағысы келіп, сұрақ қойған кісіге: «Ағаштың өзі айтсын» деуі мұң екен, үлкен бір ағаш тамырымен қопарылып, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) жақындап келіп, иіліп сала берді. Алла елшісінің кейбір жан-жануардың да тілін білгенін дәлелдейтін тарихи оқиғалар болған. Бірақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұлардың ешбірін өзіне таңған емес, бәрі де ұлы Құдірет иесі Алла тағаланың бұйрығымен жүзеге асып жатқандығын айтып отыратын. Өзі тек Алланың әмірін жеткізуші екенін білдіретін.
Араб жұрты Алланың ақиқат дінін түсінген сайын бұрынғы сенімдерінен бет бұрып, лек-легімен Ислам дініне кіріп жатты. Ал Меккені билеуші табына бұл, әрине, ұнамады. Олар адамдардың Исламға осылайша үдере ауытқуын өз діндерінен безушілік деп ұқты. Қолдарынан келгенше бұған тосқауыл болуға тырысып бақты. Алайда мұсылмандықты қабылдаушылар саны бір кісіге де азаймады. Қайта күн өткен сайын олар көбейе берді. Меккенің үстем тап өкілдері бұл істің материалдық жағдаймен байланысы болар деп, Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарға мол дүние, сұлу жар, биік мансап ұсынып та көрді. Алайда, ардақты елші (с.ғ.с.): «Бір қолыма Айды, екінші қолыма Күнді берсеңдер де, Алланың дінін түсіндіруден бас тартпаймын», – деп өз ұстанымын айқын білдірді. Енді дін дұшпандары Мұхаммед Пайғамбарды тек өлтіріп қана құтылуға болар деп, бірнеше мәртебе оның мүбәрак жанын о дүниелік етуге әрекет етіп көрді. Оны өлтірген кісіге көп дүние беретінін айтып жар салып та байқады. Алайда, олардың ешқайсысы нәтиже берген жоқ.
Ұлы Алла тағала өзінің сүйікті құлын қашан да аман сақтап, оған қарсы шыққандарды, әмәнда құрдымға батырды. Бірақ, меккелік ақ сүйектер зымиян пиғылдарын еш бәсеңдетпеді. Алланың елшісіне зұлымдық жасауды үдете берді. Ақыры, Алла елшісінің (с.ғ.с.) қасына он шақты сахабасын ертіп алып, Меккеден Мединеге қоныс аударуына тура келді. Біздің жыл санауымыз бойынша 622 жылы жүзеге асқан осы көш мұсылманша жыл санаудың (һижра – қоныс аудару) басы саналады.
Медине қаласында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үгіт-насихаттары кеңінен тарқады. Жаңа дін жайлы ілім-білімді Аус, Хазрадж секілді отырықшы ру-тайпалар толықтай құптады. Осы жерде құрылған шағын ғана қауым келешекте үлкен Ислам империясының алғашқы ядросы саналады. Исламды қабылдаған мединелік ансарлар енді Араб түбегіндегі бәдәуи тұрғындар арасына мұсылмандықты тарата бастады. Ру-тайпалар бірінен соң бірі хақ дінді қабылдай берді. Сөйтіп, 630 жылы Арабияның көп бөлігі Алланы жалғыз, Мұхаммедті (с.ғ.с.) оның құлы және елшісі деп мұсылмандықты қабыл еткен еді. Содан соң, арадағы бірқатар қақтығыстардан кейін Мекке тұрғындары да Аллаға бойұсына бастады. Ал Алланың сүйікті құлы Мұхаммедке (с.ғ.с.) елдің басқарушы көсемі ретінде бағынды. Жүрегі жайсаң, мейірім жаршысы Мұхаммед (с.ғ.с.) меккеліктердің бұрынғы зорлық-зомбылық, қастандықтарының бәрін кешірді. Осылайша бүгінде әлем жұртшылығы жиылып қажылық парыздарын өтейтін қасиетті қала Мекке мұсылман әлемінің орталығына айналды. Қасиетті Қағбадағы жалған құдайлар мен пұттар бірі қалмай қиратылды.
Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) Араб еліндегі тозығы жеткен дәстүрлермен көп күресуіне тура келді. Өйткені, халықтың әбден еті үйренген сенімінен бірден қайта қоюы қиын еді. Осыны ескерген Алланың елшісі жамағатқа үнемі адамзат тарихынан, Ибраһим, Һуд, Салих, Шуайб (алейһим сәләм) секілді Пайғамбарлардың өмірінен үлгі-өнеге келтіріп отырды.
Әрине, дініміз алғаш қалыптаса бастаған жылдары жаңадан мұсылман болған бәдәуилер үшін Исламға жат әдет-дағдыларымен бірден қош айтысу оңай болған жоқ. Біреудің жаманшылығына кешіріммен қарау, үш күннен артық кек сақтамау деген қағидаларды алғашында жүрегіне сыйыстыра алмағандар да ұшырасып жатты. Алайда, Алланы жалғыз Үкімдар, Мұхаммед (с.ғ.с.) оның елшісі деп толық иман келтіргендер арақ-шарап ішу, құмар ойнау, зинақорлықпен айналысу секілді нәпсінің арбауларының қаншалықты зиян екендігін саналы түрде ұғынып, олардан бас тартты. Ал Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) асыл дініміздің құнды қазыналарын тәптіштеп үйретуден жалықпады. Ол Алланың елшісі ретіндегі міндеттерін толық, тіпті асыра орындады. Алла тағаладан Жәбрейіл (а.с.) арқылы түсіп отырған қасиетті Құран аяттарын ең қарапайым адам үшін де ұғынықты болатындай етіп түсіндіріп отырды. Ардақты Расулдың (с.ғ.с.) сөйлеу мәнерінің өзі өзгеге ұқсамайтындай ерекше болғанын да білуіміз керек. Айша анамыз: «Алла елшісінің анық және айқын сөйлейтіні сонша, тыңдаған адамдар оны толық түсінетін», деп еске алғаны бар. Осылайша Құран Кәрімдегі ақиқат шындықтар Пайғамбарымыздың мүбәрак аузынан нұр болып құйыла беретін. Алла елшісінің жарқын жүзіне қарап: «Мынадай ғажап дидардың иесінен жалған сөз шығуы мүмкін емес» деп мұсылмандықты қабылдағандар да болды. Оның өнегелі өміріне қарап отырып, таң қалушылар да топ-тобымен Исламды қабылдап жатты. Хақ діндегі таңғажайып қағидаларды естіп білгенде, талай адам көздеріне жас алып Аллаға мойынсұнып жатты. Қыз балаға, анаға, жалпы әйел затына жасалатын құрметке риза болған көптеген нәзік жандылар асыл дінімізге көптеп бет бұрды.
Ислам дінінің пайда болуы Құран Кәрімнің түсуімен тікелей байланысты. Жалпы араб халқы ежелден сөз өнеріне бай халық. Ақындары суырып салып өлең шығаруға келгенде алдына жан салмайтын. Міне, осындай сөздің қадірін білетін халықтың арасына қасиетті Құран кітабымыз түсті. Демек, мұның өзінде бір сыр бар. Халықтың бұған дейін тыңдап жүрген өлеңдерінің мазмұнында Алла, дін, ақырет, иман жайлы айтылмады. Олардың бәрі көбінше көркем сөзге құрылатын. Кенет мұсылмандар келіп, Алла тағаланың қасиетті кәләм шәріптерін оқып бергенде, естіген жұрт ерекше таң қалып: «Бұл адамның сөздері емес» дегеннен өзге ештеңе де айта алмай, тұрған орындарына қадалып, бейжай күйге ұшырады. Құран кітаптың ұшқыр қиялдан немесе шалқар шабыттан туатын сөз еместігіне естіген адам бірден иланды.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі бір хадисінде Құран Кәрімді былайша сипаттап бергені белгілі:
«Алланың кітабы сондай бір кітап – онда сендерге дейінгі уақиғалар, сендерден кейінгі хабарлар және араларыңда жасалатын үкімдер бар. Ол ешбір әзілі жоқ төреші кітап, оны менсінбей тастап қойғандарды Алла құрдымға батырады, ал одан басқадан туралық іздегендерді адастырады. Өйткені, ол – Алланың мықты жібі және хикметке толы сөзі, әрі ол – тура жол. Онымен жүргендер адаспайды, оны арқау еткен тілдер шатаспайды. Ғалымдар оны қанша оқыса да, әсте тоймайды, көп оқылғаннан ол ескірмейді, ішіндегі ғажайыптары сарқылмайды. Жындар оны естігенде, «Шындығында, біз аса ғажап Құран естідік» деп таңданыстарын жасыра алмады. Кім оған сүйеніп сөйлесе, туралық айтады, онымен үкім етсе, әділ болады, оны ұстанып өмір сүрсе, мол сауапқа кенеледі, оған шақырған тура жол табады».
Құран Кәрім – мұсылман баласының тура жолдан таймай, табан жолын дұрыс тауып жүруіне арналған басшы кітап. Алла тағала Құран мазмұнына барша ғаламның қыр-сыры мен бүкіл ғылым атаулының негіздерін сыйғызды. Бейнелеп айтқанда, Құран – он сегіз мың ғаламның адамзат тіліне аударылған түсіндірмесі. Тарих, әлеуметтану, қоғамтану секілді қоғамдық ғылымдар да, математика, физика, химия, биология сынды жаратылыстану ілімдері де әу баста осы Алладан түскен иләһи кітаптан негіз алатынын қазір көптеген әйгілі ғалымдар мойындады. Мойындап қана қойған жоқ, Жаратушы Иеміздің шексіз іліміне таң қалып, шын ықыласпен мұсылмандықты қабылдады. Құран Кәрімде үкімдер, шариғат талаптары, мысалдар, өнегелер, аспан әлемінің жүйесі тағы басқалар жөнінде дәлелдеуді қажет етпейтін, бұлтартпас айқын мағлұматтар бар.
Алайда, өкінішке қарай, осы ақиқатты мойындағысы келмей, Құранды адамзат қолынан шыққан жай бір қатардағы кітап ретінде қараушылық болды. Кеңес өкіметінің салқыны да бұған әсер етпей қоймады.
Ал Ислам әлемінің бұл кітапты оқу да, жаттау да, тыңдау да құлшылық екендігін терең сезінген замандар болды. Адамдар Құранның қадірін жақсы түсініп, онымен байланысы күшейген ғасырларда елдің де әл-ауқаты жақсаратынын тарих дәлелдеп үлгерді. Мәселен, Омар ибн Абдул Азиздың кезінде халықтың тұрмысы өрлегенін көреміз. Олай болса, Алланың разылығын көздеп, қасиетті Құранды көбірек оқуға тырысқанымыз жөн.
Құран Кәрімнің 114 сүреден тұратыны мәлім. Олар «Фатиха» сүресінен басталып, «Нас» сүресімен тәмамдалады. Ондағы ең ұзын сүре «Бақара» сүресі болса, ең қысқа сүре «Кәусар» сүресі. Құран сүрелерінің әрқайсысы батпан-батпан салмақ көтеріп тұрғаны анық. Мәселен, бір ғана «Фатиха» сүресі небәрі жеті аяттан тұрғанымен, ол бүкіл Құранның мазмұнын қамтып тұратынын мұсылман ғұламалары дәлелдеген. Оның әрбір сөзінің толық мәнін ашу үшін ғалымдар том-том кітаптар жазуда. Айталық, адам баласы Алла тағаланың жер бетіндегі халифасы екендігін білдірген аятты қанша ұзақ түсіндірсек те болады. Дүниедегі өзге жаратылыстардың барлығы адамға қызмет ететінін білдірген бұл аят діни тұрғыдан да, тарихи тұрғыдан да, дүниетаным пәлсапасы тұрғысынан да ашыла береді. Адамның жаратылуы мен ғаламның жаратылуы да өз алдына бөлек қозғалуы тиіс ауқымы кең тақырып.
Адамзаттың қазіргі биігінен көз салсақ, тарих көшінің бет алысын түзеп, әлемге ұлы өзгеріс енгізген ірі құбылыстарға куә боламыз. Соның Ислам діні екені сөзсіз. Бақытқа бастаймыз деп-бірі де, бірегейі де ұрандатқан күллі идеологиялардың тоқырауға ұшырауы жаңа ізденістерге жол ашып, жыл өткен сайын Ислам дінінің әлемді баурап бара жатқаны баршамызға аян. Бүгінгідей жаһандану ғасырында мәдени-рухани фактор ретінде Ислам дінінің маңызы неліктен еселеп артуда? Ол адамзатқа не берді? Дамуға қандай үлес қосты? Құндылықтары не?
Алғашқы бұйрығы «Оқы!» деп келген Ислам діні ең әуелі адамзатты білімге, оқуға үндеді. Құранға үңілумен қатар мына алып ғалам кітабын да қоса зерделеуге шақырып, Ұлы Шебердің құдіретіне саналы түрде бас идірді. Қасиетті Құрандағы «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» («Зүмәр» сүресі, 9-аят); «Бұлардың ішіндегі ғылымға бойлағандарға зор сый береміз» («Ниса» сүресі, 162-аят); «Сондай-ақ, құлдарынан (ең алдымен) ғалымдар Алладан қорқады» («Фатыр» сүресі, 28-аят); «Раббым, білімімді арттыра гөр!» («Таһа» сүресі, 11-аят) деген аяттарды, Пайғамбарлардың мирасқорлары» (Әбу Дауыд),-сондай-ақ, «Ғалымдар «Тал бесіктен көр бесікке дейін білім іздеңдер» (Әл-Ажлуни), «Білім мұсылман әйелге де, ерге де парыз» (Ибн Мажә. Мұқаддима. 17),-іздеу Алла жолында» (Муслим, Зикр. 38) деген-«Ілім үйренуге шыққан адам секілді хадистерді көкейге түйген мұсылмандар ілім үйренуге талпынып, сауаттылықты барынша жаюға тырысқан. Пайғамбарымыз он мұсылманға оқу-жазу үйреткен тұтқындарды босатып, суффа сахабаларын мешітке жинап, тек қана іліммен шұғылдануға жұмылдырған. Алғашқы ілім ошағы әл-Мәсжидул Нәбәуимен басталған.
830 жылы халифа әл-Мәмун тұрғызған Бағдаттағы әйгілі Бәйтул-хикма осының бірі. Бәйтул-хикма аударма орталығы,-(оқу-ағарту үйі) кітапхана, сондай-ақ алғашқы жоғары оқу орны рөлін де атқарған. Тіпті Бәйтул-хикмаға қарасты арнайы обсерватория да салынған. Бұл кезеңде тараған обсерваториялар бір жағы астрономия пәнін үйрететін мектеп қызметін де атқарған.
Бағдатта уәзір Низамул Мүлк тұрғызған «Низамия» медресесі сол кезеңнің ең озық, ең ірі оқу орны міндетін атқарған. Андалусиялық әмәуилер мен Бәни Ахмар мемлекетінде де оқу-ағарту жұмыстарына қатты көңіл бөлінген.
Аббасилер кезеңінде де білім басты назарда тұрған. Халифа Харұн Рашид Анкараны өзіне қаратқан кезде, сондай-ақ халифа әл-Мәмун Византия императоры Мишель ІІІ-ті жеңгенде, екі халифа да төлем ретінде ақша емес, көне жазбаларды талап еткені ой саларлық.
Әсіресе, Әмәуилер кезеңінде Иран, Үнді, Сирия, грек тілдерінен көптеген еңбектер арабшаға аударылған. Ежелгі грек тілінен Аристотель мен Гелен, Птолемей, Пифагор, Евклид, Гиппократ, Платон, Архимедтің өлмес-өшпес шығармалары, парсы және санскрит тілдерінен де терең ой, парасатқа шақыратын талай асыл дүниелер араб тіліне аударылды. Оларға түсіндірмелер жасалды. Аударма жұмыстары Аббасилар кезеңінде тіпті үдеген. Аударудың арқасында көне мәдениеттермен кеңінен танысқан мұсылман ғалымдары бұл мәліметтерді өз білімдерімен байытып, жетілдіре түскен. Ислам әлемінде ғылыми жұмыстар мәселесінде Андалуссия әмәуилері озып шыққан. Бағдат пен Кордовадан бастап, Ислам әлемінің қалаларында кітапханалар мен медреселер көптеп бой көтерген. VIII-ХІІ ғасырларда ғылымның дамуы тұрғысынан мұсылмандарға жетер ешкім болмаған. Еуропадағы мәдениеттің қалыптасуына, ренессанс пен реформалық қозғалыстарға Ислам мәдениеті зор үлес қосқан.
Мұсылмандар тәпсір, қирағат, фиқһ, кәлам, хадис секілді ислами білімдерді дамытқан. Тәпсірде Тәбари, Замахшари, Ибнул Араби, Фаһруддин Рази, Ибнул Касир сынды ғалымдар көзге түссе, фиқһта Әбу Ханифа, Имам Малик, Имам Шафиғи, Ибн Ханбал секілді білімге ерекше терең бойлаған ғалымдар шыққан. Кәлам саласында Имам әл-Ғазали, Ибнул Арабилер өз қолтаңбасын қалдырса, хадис саласында Имам Бұхари, Имам Тирмизи, Имам Муслим, Малик ибн Әнас сынды білгірлер алдына жан салмаған.
Мұсылмандар ислами ілімдермен қатар медицина, математика, астрономия, химия, философия, тарих, география секілді жаратылыс пәндерін де дамытқан. Әсіресе халифа Харұн Рашид пен Мәмун кезеңдерінде мұсылмандар білімде ешкімге ат оздырмаған. Әр салада әлем мойындаған озық ғұламалар Әбу Бәкір әр-Рази, Ибн Сина,-жетілген. Айталық, медицинада Жәбир ибн- әл-Хорезми, Ибн Жәмшид, әл-Бируни, химияда -математикада Әбу Насыр әл-Фараби, Әл-Кинди;-Хайян, әл-Мақсиди; пәлсапада әл-Масуди, ат-Табари,- әл-Баттани, Али Кушшы, тарихта -астрономияда Ибн Батута, Ибн Хаукал т.б.-Ибн Халдун, географияда
Ислам діні ғалымдарға ерекше құрмет қалыптастырған. Мұсылман үмбеті қай ғасырда да ғалымдарды құрметтеп, әр сөзін алтынға балаған. Ұстазға шәкірттері екінші әке ретінде қараған. Өмірде алған ілімінің берекетін көру үшін ұстазының ақ батасын, ризалығын алуға құлшынған. Хазірет Әли (р.а.) «Кім маған бір әріп үйретсе соның өмір бойы қызметшісі болуға бармын» десе, имам ағзам Әбу Ханифа «Арамызда жеті көше болғанына қарамастан ұстазым Хаммадтың үй жағына әдепсіздік болмасын деп ешқашан аяғымды созып жатып көрген емеспін. Қанша жылдан бері әр намаздарымнан кейін ата-анаммен қоса ұстазымды да қайырлы дұғама қосып келемін» деп ұстазға, ғалымға қаншалықты құрметпен қарау керектігін білдірген. Шәкірт ұстазды ғана емес, ұстаздың жақындары мен бала-шағасына да құрмет көрсеткен.
Тарихқа үңілсек, батыстықтардан бұрын көптеген ғылыми жаңалықтарды мұсылман ғалымдардың ашқанына куә боламыз. Айталық, алғаш күн сағатын ойлап тапқан Жабир ибн Әфлаһ (орта ғасырда), атом бомбасы жайлы алғаш түсінік берген Жабир ибн Хайян (721-805), автоматтық жүйені алғаш ойлап тапқан Жәзари 1136-1206), зоологиялық энциклопедия кітабын жазған Мұхаммед ибн Муса (1349-1405), тригонометрияға тангенс, котангенс, синус және косинус заңдылықтарын қосқан Әбул Уәфа (940-998), алгебра кітабын жазған әл-Хорезми (780-850), агрономия саласында тұңғыш еңбек жазған Ибн Аууам (ХІІ ғ.), алғашқы қағаз фабрикасын құрған Ибн Фазыл (739-805), ішек, құрт микробын тапқан Камбур Уасим (?-1761), Жер шарының диаметрін алғаш өлшеген Мұхаммед ибн Мұса, алгебрадағы «Бином» формуласын тапқан Омар Хайям (?-1123), қазіргі дүниежүзі картасына өте жақын кейіпте дүниежүзі картасын сызған Пири Рейс (1465-1554), алғаш ұшақ жасаған Ибн Фирнас (?-888), тұңғыш рет компасты ойлап тапқан (Кабажаки ХІІІ ғ.), тарих ғылымын алғаш жүйелеген Ибн Халдун (1332-1406), химия саласында Кантитаф тәсілін ашқан Әбул-Қасым әл-Каши (?-1436), 1000 жыл бұрын майда тамырларды тауып, алғаш рет рак ауруына операция жасаған Әли ибн Аббас (?-994) секілді жүздеген ғалымдар мұсылмандар еді (Жолдыбайұлы Қ. «Күдікпен күрес»).
Алғашқы түскен әмірлердің бірі «Киіміңді таза ұста!» («Мүддәссир» сүресі, 4-5-аяттар) болғандықтан, мұсылмандар тазалыққа қатты көңіл бөлді. Күн сайын бес намаздың алдында кемі бес рет дәрет алып, аяқ, қол, бет, жүз, құлақ, мұрын, ауызға дейін шайып отырады. Аптасына бір рет жұма күндері ғұсыл алуды сауапты іс деп ұғады. Пайғамбарымыз «Алла тағала жомарт – жомарт құлдарын жақсы көреді, Алла тағала өте пәк – таза құлдарын жақсы көреді. Ендеше, аулаларыңызды таза ұстаңыздар» (Тирмизи. «Әдәб», 41.) дегендіктен мұсылмандар өзі тұратын үй мен аула тазалығына да көңіл бөлген. Хадисте «Алла тағала қарғыстайтын екі нәрседен сақ болыңыздар: ел жүретін жерлер мен көлеңке жерлерге дәрет сындырып ластамау» (Мүслим, «Таһарат», 68.) делінгендіктен, мұсылмандар қоғамдық орындардың тазалығын да қадағалаған. Құранда «Біз нәсіп еткен таза рызықтан жеңдер» («Ағраф» сүресі, 160-аят) делінгендіктен, мұсылмандар жеген асының адал болуына көңіл бөлген. Харам жолмен пайда табудан жерініп, харам нәрсені ауызға алудан сақтанған. Мұсылман елдеріне саяхаттаған батыстықтар көшедегі бұрқыраған сабын иісіне, мұсылмандардың тазалығына таң қалған. Мұсылмандар үшін сүндетке отыру мен қан алдырып тұру әдепкі іс болған. Бұның профилактикалық әрі гигиеналық тұрғыдан пайдалы екендігін батыс енді ғана ұғып жатқаны шындық. ХІХ ғасырға дейін батыстағы патша сарайларының өзінде монша болмаған кезде, Ибн Сина, Рази, Абдулқаһир және Сахир ибн Насруллаһ сынды мұсылман ғалымдар сабынды ойлап табу өз алдына, моншаның адам тазалығына қаншалықты пайдалы екендігін зерттеп те үлгерген.
Х ғасырдың орталарында Кордова қаласының өзінде елу шақты емхана болған. Харұн Рашид дәуірінің өзінде Бағдаттағы емханалар үлгі тұтарлық деңгейге жеткен. Адуд әд-Дәула сұлтан Бағдатта жаңа емхана салдырмақшы болғанда, орын таңдау ісін медицина ілімінің білгірі Әр-Разиге табыстайды. Ол бір жас шамасындағы бірнеше қой сойғызып, әрбірінің мүшелерін Бағдаттың әр түрлі жерлеріне ілгізген. Сөйтіп, бір тәулік бойына тұрған еттің қайсысы ең аз бұзылғанына қарап, сол таза орынға Адуди емханасын салдырған.
Бағдаттағы осы Адуди емханасы, негізгі ғимаратқа кейіннен түрлі клиникалардың қосылуымен тұрғызылған Шамдағы Нури ауруханасы, Каирдегі Мансури ауруханалары Ислам әлеміндегі ең әйгілі медицина орталықтары болған («Мүслүман илим өнжулери», Хейет, Ыстамбұл, 2005, 98 б.).
Емханаларда науқас адамдар бай, кедей деп бөлінбей, ақысыз қаралған. Жатын орын, аспен қамтамасыз етілу тегін болу өз алдына, емханадан шығарда киім мен бір айлық күнкөріске жететін қаражат да берілетін еді. Бұған қоса, дәрігер, ассистент, медбике, науқас күтуші секілді басқа да қызметкерлердің жалақысы қайырымдылық қордан төленетін.
Андалуссияның ең әйгілі дәрігерлерінің бірі, Еуропада операциялар жасаудағы жетістіктерімен аты шыққан Абул Қасис деген атпен танымал Әбул Қасым әз-Заһрәуи (936-1013). Әлемге әйгілі кітабы – «әт-Тасриф ли мән ажизә анитталиф» атты 30 бөлімнен тұратын медицина энциклопедиясы. Ол хирургия саласына да көп үлес қосқан. Әз-Заһрәуидің кітабының хирургияға байланысты бөлімі Герхард тарапынан латын тіліне аударылып, ХVІІІ ғасырға дейін бірнеше рет басылып, Еуропада медицина факультеттерінде негізгі кітаптардың арасында оқытылған.
Жараларды күйдіру, тірі жануарларға операциялар жасау, ішек тігістері, аяқта гангрена болған жерді кесудің тәсілдері, құрттаған тістерді сындырмай жұлу үшін ішін қорғасынмен толтыру, шыққан және сынған жерлерді емдеуге байланысты маңызды жаңалықтары бар. Гинекология саласында өз ғасырының ең атақты хирургі болған. Ол «әт-Тасриф» кітабында Watcher позициясын түсіндірген. Бұған қоса, операциялар жасау барысында 200-ге жуық құрал қолданып, олардың көбісін өзі жасап, суреттерін салғандықтан дәрігерлердің қолдануы үшін жеңілдіктер жасаған.
Ислам діні сыртқы тазалықпен қатар, ішкі рухани тазалыққа да шақырғандықтан мұсылмандар жүрек тазалығына да қатты көңіл бөлген. Сол себепті өтірік, өсек, біреуді біреумен шағыстыру, балағат сөз, күндеу, қызғаныш секілді нашар қылықтардан бойды аулақ ұстаған. Әрдайым өзіне берілген несібені қанағат тұтып, ешкімнің ала жібін аттамауға тырысқан. Батыстықтар армандаған утопия мұсылмандарда іс жүзінде орнағаны шындық.
«Ештеңеден сұралмайтын шейіттердің өзі ақыретте кісі ақысынан сұралады» (Мүслим) деп ескертілгендіктен, мұсылмандардың түсінігінде кісі ақысын жеу үлкен күнә саналған. Хазірет Омардың мемлекет ісін мемлекеттің майшамын, жеке ісін жеке майшамын жағып қарағаны осының айғағы. Хадисте: «Біреуді жұмысқа жалдасаңыздар, маңдайының тері құрғамай тұрып еңбекақысын беруге міндеттісіздер» (Хайсами, «Мәжмау зәуаид», 4/97.) деу арқылы мұсылмандардың ешкімнің ақысын жемеуіне қатты мән берген.
Құранда «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен тең болады» («Маида» сүресі, 32-аят) делінгендіктен, мұсылмандар бейбіт өмірді, тату-тәтті тірлікті жақтаған. Сол кездегі көршілес еврей, христиан халықтарымен жақсы келісімде, өзара ымыраластықта өмір сүрген. Алғашқы ата заң, яки адам құқықтарының декларациясы іспетті «Медине келісімінің» 2, 25-баптары йаһудилерге дін еркіндігін тану мәселесін қамтыған. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Сендерге кітап иелерін, яғни христиан мен йаһудилерді аманат етемін», – деп кітап иелерін жәбірлемеуге (Суюти, Әл-Жамиус-Сағир, ІІ, 473) шақырған.
Кітап иелерінен (христиандар мен йаһудилер) қыз алуға болатыны, бүкіл Пайғамбарларға құрметпен қарауға шақыруының өзі де Исламның басқа дін өкілдеріне қаншалықты ілтипатпен қарағанына дәлел. Халифалар дәуірінде де мұсылмандарды паналаған өзге дін өкілдеріне ешқандай қысым жасалмаған, қайта олардың құқы әркез қорғалып отырған. Осының әсерімен мұсылмандардың әділеттігі мен діни төзімділігі ерекше бағаланып, (йаһудилердің Абдуллаһ ибн Сәләм атты ғалымы секілді) өзге дін өкілдерінің көптеп Исламды қабылдағаны белгілі.
Ислам қоғамында христиандарға және олардың шіркеулеріне құрметпен қаралды. Шіркеудегі түрлі мүсінді тастарға, мозаикаларға, суреттерге, арнайы мерекелерде тағатын айқыштарына, қабірлері мен жаназаларына ІІІ ғасырда-құрмет көрсетілді. Мәселен, Синай тауындағы Синай шіркеуі салынған ғимарат. Ол христиан тарихында алғашқы шіркеулердің қатарында болғандықтан, мұсылмандардың қолына өткенде мешітке айналдырылмаған. Тек қана мұсылмандардың нышаны ретінде бір бөлмесі ғана намаз оқуға әзірленген. Ыстамбұлдағы Аясофия мешіті де осының айғағы. Әлі күнге дейін христиандардың шіркеуі ретінде тарихи естелік болып сақталған. Бұндай үлгілер Ислам әлемінде жиі кездескен. Айталық, Дамаск мешітін кеңейту үшін халифа әл-Уәлид ибн Абд әл-Мәлик бұздырған Яхонна шіркеуін кейіннен халифа Омар ибн Абдулазиз қайта қалпына келтірткен (Бұл да сонда).
Мұсылман билігіне қарасты төленетін салықтың өзі шамасы келетін ер кісілерден алынып, әйелдерден, балалардан, поптар мен мүмкіндігі жоқ науқас, соқыр, кедейлер мен құлдардан алынбағандығын христиан зерттеушілері зор құрметпен жазған (Арнольд С.Әд-Даутул илал Ислам.).
Құранда: «Намаз оқылғаннан кейін жер бетіне тараңдар, Алланың мол рахметін іздеңдер. (Ақыретте азаптан) құтылуды үміт етіп, Алланы көп зікір етіңдер» («Жұма» сүресі, 10-аят.), хадистерде «Ризықтың онда саудада» (Мүнәуи, Фәйзул-қадир. 3/244.) делінгендіктен-тоғызы – мұсылмандар сауда-саттықты барынша дамытқан. Алайда мұсылмандар сауданың адал болуына көңіл бөлген. Хадистерде «Шын сөзді сенімді саудагер (қиямет күні) Пайғамбарлармен, сыддықтармен және шейіттермен тіріледі», «Кім тауардың кемістігін айтпай сатса, Алланың азабына ұшырайды, періштелер үнемі оған қарғыс айтады» («әт-Таж», 2/196) делінгендіктен, сатқан затының кемістігі болса алушыға жасырмай айтатын болған. Ислам бойынша сатушы қалайда тауарын өткізу үшін өтірік ант ішпеуі керек. Басқаның алушысына өз тауарын өткізуге тырыспауы керек, алушы өз дүкенінің есігіне келгенге дейін оны өзіне шақырмауы тиіс. Бұл сауда этикасына жатқан. Хадисте «Алла сатуда жеңілдікті және жұмсақтықты, сатып алуда жеңілдік пен сыпайы мінез көрсеткенді, қарыз қайтаруда оңай әрі сыпайылықты жақсы көреді» (әт-Тәрғиб уәт-Тархиб, 3/354) делінгендіктен, мұсылмандар саудада да бір-бірін сыйлап тұратын адамгершілік мінезден ажырамаған. Пайғамбарымыз көзі тірісінде Исламда саудаға енгізген ережелерін бақылап, базар ішіне шығып тұрған. Сондай оқиғаның бірінде, қаптағы бидайының бетіне жақсысын салып, астына жаманын салғанын байқап, астыңғы бидайдың неліктен дымқыл екенін сұраған. Сатушы жаңбырдан дымқыл тартып қалғанын айтқанда «Оны ел көретін жағына неге қоймайсың. Бізді алдаушы бізден емес» деген сөгіс естіген («Ат-Таж»).
Құранда «Күмәнсіз, мұсылмандар бір-бірімен бауыр» («Хужурат» сүресі, 10-аят.), «Олар мүміндерге өте мейірбан» («Маида» сүресі, 54-аят.), хадистерде «Нәпсімді құдіретінде ұстаған Аллаға ант етейін, сіздер иманға келмейінше жұмаққа кіре алмайсыздар. Бір-бірлеріңізді жақсы көрмейінше иманға келе алмайсыздар. Сіздерге бір-біріңізді жақсы көруге септігі тиетін нәрсе айтайын ба? Араларыңызда сәлемдесуді жайыңыздар!» (Муслим, Сахих. 93), «Мұсылмандар бір-бірін мықтап ұстап тұрған қабырға тәрізді» (Муслим, «Сахих».), «Мүминдер бір-бірін жақсы көруде, жан ашуда, бір-біріне мейірімділік танытуда, бір мүшесі ауырғанда басқа мүшелері қосыла сыздайтын дене тәрізді» (Муслим, «Сахих»), «Уа, Алланың мұсылманның бауыры. Оған-құлдары! Бауыр болыңыздар! Мұсылман әрқашан қол ұшын береді. Өзінен төмен көрмейді. Тақуалық деген осында. Адамға мұсылман бауырын қор санауы күнә ретінде жеткілікті» (Муслим, «Сахих») дегендіктен, мұсылмандар бір-бірін бауыр санап, жақсы көрген, құрметтеген. Араларында татулықты нығайтып, бір-бірінің кем-кетігін толықтырып, қинала қалса қол ұшын беруге асыққан. Осы орайда Әнсар мен Мұһажирлердің бауырластығы тарихта алтын әріптермен жазылғаны анық.
Ибн Омардың айтуынша, сахабалар өзара қой сойып, басты біреуіне ұсынады. Ол «Пәленшенің қарны менен де аш, басты соған беріңдер» дейді. Ол кісі де дәл осылай деп басты басқаға ұсынады. Осылайша жеті кісіден өтіп барып бас алғашқы кісінің өзіне келеді. Өйткені, отырғандардың ең қарын ашы сол еді» (И. Ғазали. «Ихиа-улум ад-дин», ІІ т. 434 б.).
Мединеге келген мұһажир Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) пен әнсарлық Саад ибн Рәби екеуін Пайғамбарымыз бауыр деп жариялағанда, Саад Абдуррахманға: «Бауырым, мединеліктер ішіндегі ең дәулеттісі менмін. Ендігі жерде байлығымның тең жартысы өзіңдікі. Екі үйім болса, біреуі сенікі. Бау-бақшам да сондай. Қаласаң, екі жарымның да бірін саған некелейін. Өзің таңда» дейді. Сонда Абдуррахман ибн Ауфтың оған: «Алла ниетіңді қабыл алып, байлығыңа берекесін берсін. Сен маған базардың қайда екенін көрсетсең болды, сол жеткілікті» дегені Исламда бауырластықтың қаншалықты шынайы болғандығын дәлелдейді.
тақуалықта ілгері-«Алланың алдында ең ардақты, үстемдерің болғандар» («Хужурат» сүресі, 13) деген аят, сондай-ақ хадистерде «Адамдардың барлығы тарақтың тістеріндей бір-бірімен тең» (Әбу Шуджа ад Дайлами, 1986, т. 4. 300.), «Ақтың қарадан, арабтың араб еместен тақуалықта» (Ахмад ибн Ханбал, «Мүснәд»,-артықшылығы жоқ. Артықшылық №22391) деген Ислам діні құлдарға да жанашырлықпен қарағаны, оларды да бауыр санағаны мәлім. Хадистерде оларды шамасы келмейтін істерге жұмсамау, ондай жағдайда көмектесу, оларға өз ішкеніңнен ішкізіп, өз кигеніңнен кигізу (Сахих Бухари), «құлым» деп емес, қайта өзіңе жақын тартып «ұлым, қызым» деп атау керектігі айтылғаны мәлім. Тұтқындарды өзара мұсылмандардың үйлеріне бөліп бергенде, олар тамақтың дәмдісін өздері ішпей, солардың алдына қойған. Таңырқап себебін сұраған тұтқын «Пайғамбарымыз бізге тұтқындарға жақсы қараңдар» деп бұйырған деген жауап естіген.
Ислам діні қоғамда жауапкершілік деген ұғымның маңызын ұқтырды. Хадисте: «Патша мемлекетке жауапты. Отағасы отбасына жауапты. Малшы малына жауапты. Әйелі отағасының мүлкіне жауапты. Әркім қарамағындағыларға жауапты» (Бұхари, Жұма, 11.) делінгендіктен, әр мұсылман өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарады. Әбу Бәкір (р.а.) халифа тағайындалғанда, халықтың алдына шығып «Мен лайық болмасам да осы міндетке тағайындалдым. Егер мен әділдікпен басқара алсам, онда соңымнан еріңіздер, ал егер турашылдықтан ажырасам мені түзетіңіздер» дегені, сондай-ақ жауапкершіліктің зіл батпан ауырлығын сезіп: «Уаллаһи, осыншалықты жауапкершілік жүктелген адам болып жаратылғаннан гөрі түйе жейтін жантақ болсамшы?!» деп әрдайым терең күйзелісте жүргені белгілі. Ал ел басқарған кезінде халифа Омардың (р.а.) «Егер Ефрат өзенінің жағасында бір түйе жоғалса немесе өздігінен суға батып өлсе, Алла оның маған-да есебін менен сұрай ма деп қорқам», «Ең жақсы адам кемшіліктерімді айтқан адам» деген мазмұны терең сөздер айтқаны мәлім. Бұл Исламда жауапкершіліктің қаншалықты жоғары болғанына дәлел.
Ислам діні сондай-ақ, түрлі азғындықтарды ауыздықтап, қоғамда ізгіліктің үстемдік құруын қамтамасыз еткен. Исламға дейінгі араб қоғамының «қараңғылық дәуір» деп аталғаны тарихтан белгілі. Небәрі 23 жыл ішінде араққұмарлық, нәпсіқұмарлық, зинақорлық, әділетсіздік, қатігездік, қыз баланы тірідей топыраққа көму секілді көптеген қоғамдық аналардың табанының астында»-індеттерді түп тамырымен жойды. «Жәннат (Нәсаи, Жиһад, 6.) дейтіндей ананың, қыз баланың құрметі өсті. «Ұят – иманнан» (Бұхари, «Иман») делініп, ибалылық пен ұяттылық артты. «Көршісі аш кезде өзі тоқ жатқан адам бізден емес» (Хаким, ІІ, 15) делініп, мұсылмандардың бір-біріне деген жанашырлығы молайды. «Өзеннен дәрет алсаң да, суды ысырап етуге болмайды» (Ибн Әби Шайба (713) Әбу Дарда) деген сыны биік, сыры терең ұстанымдар жолға қойылды. Бұл Ислам дінінің халықты жақсылыққа тәрбиелеудегі баға жетпес еңбегін көрсетеді. Зина жасағысы келетінін ашық айтқан жас жігітке Пайғамбарымыздың «Сен сондай істі анаңа, қарындасыңа, әпкеңе біреудің жасағанын қалар ма едің?! Демек, басқалар да өз жақындарына қаламайды» деп түсіндіруі Ислам тәрбиесінің тағылымдық әрі психологиялық астары қаншалықты терең болғанын аңдатады (Имам Ахмад, Мүснад, 5/256-257.).
Ислам діні қоғамдық қатынастарды реттей отырып, адамзаттың дамуына жол ашты. Осы тұрғыдан мұсылмандар тарихта баға жетпес мәдениет мен өркениеттің негізін қалағанын да айтпай кетуге болмас. Өйткені, Ислам мәдениеті мен өркениеті белгілі бір деңгейде батыс әлеміне де әсер етті. Крест жорықтары арқылы Еуропа Ислам мәдениетімен танысты.
Орта ғасырда саяси билік әскери аристократияның, ал діни билік шіркеудің қолында болғандықтан, батыста мемлекет жүйесі толыққанды түрде қалыптаспаған еді. Еуропа шығыстан мемлекеттік құрылымның қандай болатынын көрді, крест жорықтары нәтижесінде орталықтандырылған мемлекеттік басқару жүйесін орнатуға мүмкіндік берді (Исмайыл Хабиб, Аврупа едебияты ве биз.1/396).
Мұсылмандар кітап басу, жер өңдеу технологиясы мен жерді қолдан суару, жел диірмені, компас, шыны өндіру, мата шығару, бау-бақшалар өсіру, цифрді табу, қалалар салу, ақша мен чек шығару, сауда жүйесін құру және тағы басқа да қоғамдық салалардың дамуына ерекше үлес қосты. Батыстықтар тіпті киінуді де мұсылмандардан үйренгені жасырын емес. Көйлек деген мағынаны білдіретін «chemise» деген сөз арабтың «қамис» деген сөзінен алынды.
Аббасилар уақытында түрлі аймақтарда фабрикалар құрылды. Еуропалықтар қағазды Шамда көргендіктен, оның атын «карта дамасана» деп атады.
Еуропаға таңдай қақтырған Андалуссия мәдениетінің өзі неге тұрарлық. Милади 711 жылы мұсылман қолбасшысы Тариқ Ибн Зияд 7000 әскерімен 90 000 Родрик әскерін талқандап, Солтүстік Африканы азат етті. Мұсылмандар бұл аймақта сегіз ғасыр билік жүргізді. Бұл дәуірде Андалуссиядағы Ислам мәдениеті күллі әлемге таңдай қақтырды.
Еуропаға ғылыми әрі философиялық ұғымдар Сицилия мен Андалуссия арқылы тарады. Сицилия ұзақ уақыт бойы мұсылмандардың билігіне қарағандықтан Еуропамен, әсіресе Италиямен тығыз мәдени байланыста еді.
1085 жылы Толедо мұсылмандардан тартып алынып, Папа І Бернард епископ болғанда, маңайына араб тілінің аудармашы мамандары жиналды. Бұл христиан Еуропаның мұсылман ғылымын пайдалануы үшін жасалды.
Ислам мәдениетіне үлкен қызығушылықпен қараған герман императоры Фридрик ІІ 1240 жылы ғаламның мәңгіліктігі, рухтың болмысы, дін мен ғылымның қарым-қатынастары секілді, т.б. философиялық мәселелерді мұсылман ғалымдардан сұрайтын болған. Фридрик медреселерге шәкірттер жіберіп, мұсылман ғалымдарының еңбектерін аудартады, әрі медреседегі оқу жүйесін негізге алып университтер ашады.
Еуропа Ислам мәдениетін синтездей отырып, ғылымда, өнерде үлкен табыстарға қол жеткізді. ХІІ ғасырдағы арабша аудармалардың ықпалы өте зор болды. Мисе Либиридің айтқанындай, «ХV ғасырға дейін арабтардың кітаптарынан пайдаланбаған және оларды аудармаған еуропалық ғалым некен-саяқ болатын. Олардың қатарында Р. Бэкон, Леонардо, А. Магнустар да бар».
Еуропаның түбіндегі Андалуссия мәдениеттің бай орталығы еді. Х ғасырдың басында-ақ Кордовада бір каталогының өзі 44 томға баратын алты жүз мың қолжазба еңбектерге толы кітапханалар болған. Мұндай бай білім қазынасы батыс ғалымдарын да, шіркеу мамандарын да Андалуссияға барып білім алуға асықтырды.
Х ғасырда Ислам мәдениеті Гималайдан Пиринейге, Қара теңізден Адана бұғазына дейін созылып жатқан бүкіл мұсылман әлеміне тарады. Сирия мен Ирак жерлері Ислам мәдениетінің ірі орталықтары еді.
Бұл кезеңде жасалған еңбектердің ауқымы орасан. Әдебиеттің дамығаны сонша, ғылым мен өнерге де ықпал еткен. Ислам дінінің кең жағрапияға таралуының арқасында, сондай-ақ Құранның тілі, құлшылықтардың да сол тілде жасалуының ықпалымен сөздік қоры бай араб тілі ортақ тілге айналды. Әмәуи халифасы Абд әл-Мәлік кезеңінде араб тілі мемлекеттің ресми тілі ретінде қабылданды. Уақыт өте келе араб тілі ғылым мен әдебиеттің тілі ретінде қалыптасты. Ұлты араб емес мұсылмандар да өз еңбектерін араб тілінде жаза бастады. Араб тілін білу зиялылықтың белгісі саналды. Кордова, Севилла мен Толедодағы атақты араб жоғары мектептері көптеген батыс ұлттарының білім ізденушілерін өзіне тартты.
Француз жоғарғы поптарының бірі Сильвестер ІІ Х ғасырдың ең озық ойлы христиан тұлғаларының бірі еді. Өйткені, Толедода жоғары білімін тәмамдады. Сол жердегі үш жыл ішінде мұсылман ғалымдардан математика, астрономия, география мен басқа да ғылымдарды игерген.
Испанияның жақын болуы, екі мемлекет арасындағы барыс-келістің жеңілдігі себепті Францияға Ислам мәдениеті анағұрлым тез ықпал еткен. Арабтардың оңтүстік Францияның бір бөлігі мен Испанияның солтүстігінде орналасқан Пириней тауларына жарты ғасырдан астам билік жүргізген кездерінде көптеген өндіріс салалары, шаруашылық тәсілдері, кең қолданыстағы әрі барлығы арабтар ойлап тапқан жабдықтар, су құбырлары оңтүстік Францияға енген.
Испанияға аяқ басқан мұсылмандардың ой-пікір, технология, ілім салаларында жоғары болуы, христиандарға діни еркіндік беруі, ашқан мектептеріне қабылдаған оқушыларды діни сеніміне қарай алаламауы, өз кезегінде бірқатар испандықтың Ислам дінін қабылдауына түрткі болған.
Сицилияны екі ғасырдай билеген уақытта мұсылмандар христиандарға кең құқықтар берген. Аралда біртұтас әкімшілік-басқару жүйесін орнатқан. Кейіннен христиандардың қолына өткен аралда христиан патшалар мұсылмандарға тиіспеген. Сарайларда шығыс модасына сай киімдер киіліп, сарай іші шығыс тәсіліне қарай безендірілген. Уәзірлері, қорғаушылары, аспаздары мұсылмандардан таңдалған.
Батыс Еуропаға ықпал еткен араб-ислам мәдениетімен қоса, Шығыс Еуропа көбіне түркі Ислам мәдениетінің де ықпалын көрді. Шығыс христиандары (ортодокстар мен кейбір ағымдар) католик ағымының билігінен гөрі адамға еркіндік беретін мұсылмандардың билігін жақтады. Исламның Византия қара қылды қақ жарған әділдігі-жерінде тез тарауының тағы бір себебі болған.
Исламда сурет салу мен мүсін жасауға тыйым салынғандықтан, мұсылмандар өнердің басқа түрлерін жетілдірген. Айталық, мұсылман каллиграфиясы – бейнелеу өнерінің жоғары жетістігі ретінде қабылданып, көркем сурет жанрында ерекше орын алды. Ол аяттарды әсемдеп жазуды дамыта келе, кейіннен сәулет өнеріне де сіңді. Ескерткіш, ғимараттардың қабырғаларын мағыналы өлең жолдарымен, хадистермен сәндеген бұл жазулар шығыс сәулет өнерінің өзіндік ерекшелігіне айналды.
Араб каллиграфиясы орнаментке жанаса отырып, ерекше әсер беруімен ерекшеленді. Каллиграфия өнері аса көркемділігі, яғни эстетикалылығы үшін өте жоғары бағаланды.
Сәулетшілер сарайлар мен мешіттердің қабырғаларын араб жазуымен, стильге келтірілген гүлдер мен геометриялық өрнектермен көмкеріп отырды. Бұл басқа мәдениеттерге ұқсамайтын сол заманның озық үлгілерін тудырды. Мысалы, Тәж Махал, Ыстамбұлдағы Көгілдір мешіт, Омар мешіті, әл-Әзһар мешіті, Ибни Тулун мешіті, Самарқанд, Исфаһан мешіттері, Гренададағы Альгамра сарайы, Кордова сарайлары мен мешіттері.
Каллиграфияның сан алуан түрлерімен көмкерілген ислам елдерінің өнерінде көптеген тенд грек, рим-енциялар біріктірілді. Бұл мәдениеттерінің дәстүрлері, бұл кешегі бәдәуилер мәдениеті мен Иран мәдениеті, Ирак, Сирия, Мысыр, Ауғанстан, Орта Азия мемлекеттерінің нақыштары. Мешіт, мұнараларымен алыстан көз тартатын әдемі қалалар, сарайлар өз стилдерімен ерекшеленді. Жолаушылардың сапар жолында дамылдауына оңтайлы соғылған керуен сарайлар әдемі ою өрнекпен нақышталды. Мешіттердің ішкі жағына кілем секілді етіп, әдемі мозаикалар салынды. Осы күнге дейін сақталған қала сыртындағы дәулетті кісілер тұратын елді мекендер тек бекем қабырғаларымен ғана емес, әдемі жазбаларымен, әшекейлілігімен тамсандырған керуен сарайларды қалыптастырды. Әдемі ғимараттармен қатар су көздері салынып, неше түрлі су бұрқақтары әлемді тамсандырды.
1260-1277 жылдары батыр бабамыз Заһир ад-Дин Бейбарыстың билігі тұсында Мысырдың экономикасы мен мәдениеті көркейіп, мешіт, медреселер, көпірлер, керуен сарайлар көптеп салынды. Ол өзіне дейін басымдық көрсетіп келген сүнниттік ағымның Шафиғи мектебіне ғана емес, төрт мазһабқа да тең құқық берді. Бейбарыс Ислам діні мен мәдениетіне, ғылымына көп көңіл бөлді. Бірқатар жұртпен дипломатиялық қатынас орнатты.
Жалпы алғанда, Ислам дінінің келуімен ислам әлеміне ортақ бірегей мәдениет, өнер, өркениет қалыптасты. Ислам өркениеті аясында араб, парсы, түркі тілді ойшылдар мен ғалымдар адамзат мәдениетінде өшпес із қалдырды. Оған мұсылман шығысындағы Мауараннаһр яғни Орта Азиялық, сонымен қатар қазақ елінің 30-дан астам Фарабилері, 40-қа жуық Таразилері, сандаған Сайрамилер, Сығнақилер, Жендилер, Кердерилер, Мұхаммед Хайдар Дулати, Жалайырилер және т.б. атақты ғұламалары да зор үлес қосты.
адамзат ойлап тапқан ешбір жүйемен салыстыруға келмейтін жан-жақты толысқан иләһи жүйе!-Қорыта келгенде, Ислам діні
әлемдік өркениеттердің ең озығы!-Ислам діні
Мәдениеттердің ең кемелі!
Гуманизм мен бейбітшілікті жақтайтын татулық діні!
Өнерді қолдаған, ақыл-ойды кемеліне келтірген, ғылымды дамытқан ұлы дін!
әрісі Пайғамбарымыздың, берісі Әбу Насыр әл-Фараби,-Ислам діні Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани, Сұлтан аз-Захир Бейбарыс, Хафиз ад-Дин Кердери, М.Х. Дулати, Хасан Әли Жалайыри секілді ата-бабаларымыздың, бәрінен бұрын ұлы Алла тағаланың асыл аманаты, ертеңгі нұрлы болашағымыздың үміті, баянды бақытымыздың кепілі.
Бүгінгі ұрпаққа дейін келіп жеткен осы қасиетті аманатты көздің қазіргі әрбір-қарашығындай қорғау, рухани құндылықтарымызды дәріптеу исі мұсылман баласының қасиетті борышы. Бұл борыш біздің қоғамда жүрегі Алла деп соққан, «мұсылман үмбеті» деген атқа лайық азаматтар қатары көбейген сайын өз деңгейінде атқарыла берері сөзсіз.
Ислам Қазақ мемлекеттілігінің сан ғасырлар бойы жүрер жолы, таянышы, сүйеніші, қорғаны, берік иманы болды. Қазір де солай, болашақта да солай болады.
Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ