Әзірейіл (ғ.с.) періштенің міндеті - ажалы жеткен адам-ның жанын алу. Адам баласы бір періштенің күзетуімен бұл дүниеден келесі дүниеге аттанғандықтан, Құран мен хадистерде Әзірейіл (ғ.с.) періштеге «Мәләк-ул Мәут» (өлім періштесі) делінген. Құранда: «(Мұхаммед) Сендерге уәкіл етілген өлім періштесі жандарыңды алады. Сосын Раббыларыңа қайтасыңдар де» ("Сәжде" сүресі, 11-аят),- дейді.
Ардақты төрт періштенің бірі Әзірейіл (ғ.с.) өзге періштелер сияқты Алла тағаланың әмір-лерін орындайды. Алла тағала оған ажалы жеткен адамдардың жанын алу ісін жүктеген. Әзірейіл (ғ.с.) періштенің де көмекшілері бар. Олар да Алланың әмірлеріне бас иеді. Құранда бұған ишарат ретінде: «...Біреулеріңе өлім келген сәтте, періштелеріміз жанын алады әрі еш кемістік етпейді» ("Әнғам" сүресі, 61-аят),- дейді.
Өлім мен өмірді берген - Алла тағала. Олай болса, Әзірейіл (ғ.с.) мен өзге періштелер тек дәнекер ғана. Бір күні Әзірейіл (ғ.с.) періште Ұлы Жаратушыға: «Мен өз міндетімді орындап, пенделердің жанын алам, ал адамдар мені осыған бола жек көруде»,- деп мұңын төгіпті. Сонда Алла тағала: «Өз міндетіңді орындау үшін мен олардың ажал құшуына түрлі себеп жаратамын. Осылайша адамдар ажалды сенен емес, сол себептерден көретін болады» деп мәселенің мәнін ашып, айқындап береді (Әбу Нуайм, Хилиәтул Әулия, 5/51; Суюти, әд-Дуррул-Мансур, 6/543). Расында да, адам біреудің қайтыс болғанын естісе, дереу «неден қайтыс болыпты?» деп бірден себебін сұрап жатады.
Кейде адам баласы өзінің шектеулі ақылымен «Әлемнің түкпір-түкпірінде бір уақытта қайтыс болған мыңдаған адам-ның жанын алуға Әзірейіл (ғ.с.) періште бір уақытта қалай үлгереді?» деп күмәнға жол беріп жатады.
Періштелер нұрдан жара-тылғандықтан бір сәтте бірнеше жерде көріну мүмкіншілігіне ие. Олардың бір істі атқаруы екінші бір істі жүзеге асыруға әсте бөгет бола алмайды. Міне, сондықтан Әзірейіл (ғ.с.) періште дүниенің бір жеріндегі белгілі бір адамның жанын алған сәтте басқа жердегі екінші бір адамның жанын да оп-оңай ала алады.
Мұны тағы бір мысалмен айқындай түсейік. Мәселен, бір жерден радио толқындары арқылы мәлімет тараса, сол толқынды ұстайтын жиіліктегі барлық құралдар да әлгі мәліметті тарата бастайды. Ал, бір түймені басу арқылы орталықтан берілетін хабарды тоқтатса, сол толқынды ұстайтын жиіліктегі барлық радио құралдары да әп-сәтте өз қызметін тоқтатады. Дәл осы секілді Алла тарапынан берілген алапат күш иесі Әзірейіл (ғ.с.) періште де өлім жиілігіндегі бүкіл пенделердің жанын бір мезетте неге ала алмасын?!
Ойымызды және бір дә-лелдеу мақсатында Әзірейіл (ғ.с.) періштенің өлім алдындағы пендеге қорқынышты яки ұнамды кейіпте көрінуін қарапайым ғана айнаны мысал ете отырып түсіндіріп көрейік. Бөлмедегі жүз айнаның біреуі шағылысқан затты қара, екіншісі көк, үшіншісі ұзын әрі жіңіше, ал енді бірі толық, қысқа етіп көрсететін болса, бөлмеге кірген бір ғана адам жүз айнада жүз түрлі кейіпте көрінеді. Міне, сол сияқты Әзірейіл (ғ.с.) періште де рухын алатын кісінің иман, ғибадат, мінез-құлықтарының рухани айналарындағы жағдайына қарай әртүрлі бейнеде көрінеді. Күнәһар адамға үрейлі, ал тақуа адамға ұнамды кейіпте көрініп, рухын майдан қыл суырардай оп-оңай алуы мүмкін (Қайрат Жолдыбайұлы, Күдікпен күрес, А., 2006, 86-89).
Алла тағала қаласа кейбір құлдарының жанын дәнекерсіз тікелей өзі алады. Кейде Әзірейіл (ғ.с.), кейде көмекшілері алады. Құранда: «(Алланың әмірлерін алып) ұшқан және (оларды орындауға) сүңгігендерге (періштелерге) серт. (Алған әмірлерін) қуаныш және ынтамен әрекет еткендерге серт. (Илаһи әмірлерді орындау үшін көк мұхитында) жүз-гендей әрекет еткендерге серт» ("Назиғат" сүресі, 1-3-аяттар),- дейді. Бұл Алланың рұқсатымен әр адамға жеке-жеке жіберілетін Әзірейіл (ғ.с.) періштенің көмекшілері бар екендігін көрсетеді. Қалай болғанда да әрбір адам жан тапсырарда періштемен жеке қалмақ. Періштелер дүниеде жасаған амалына қарай жан тәсілім ететін адамға қайырымды немесе үрейлі бейнеде көрінеді (Ибн Кәсир, әл-Бидая уән-Нихая, Бейрут, 1988, І/42).
Егер де адам тіршілігінде ізгі амалдар жасап ғұмыр кешкен болса, өлерінде қиналмастан тез жан тапсырады. Ондай мүміндердің рухын періштелер гүл тәрізді аялап ұстап, көкке алып кетеді. Жоғарыдағы аятта: «(Алған әмірлерін) қуаныш және ынтамен әрекет еткендерге»,- делінген.
Ал, кәпірлерге жанын алуға келген періште тым үрейлі, қорқынышты кейіпте көрінеді. Оларға Әзірейіл (ғ.с.) періште өлгеннен кейінгі баратын жерлерінің сипатын сездіре келеді. Ондай адам аятта ай-тылғандай, шелекпен құдықтан су тартқандай қиналып, әрі баяу жан тапсырады. Кәпірлердің бұл соңғы хәлі Құранда былай суреттеледі: «Періштелер, сон-дай қарсы болғандардың бет-теріне, арқаларына, ұрып: «Күйдіретін азапты татыңдар!» - деп жандарын алғанын көрсең!» ("Әнфал" сүресі, 50-аят); «Сондай өздеріне зұлымдық еткендердің періш-телер жандарын аларда: «Еш-бір жамандық істемеп едік» деп сылтау айта бастайды» ("Нахыл" сүресі, 28-аят),- дейді. Яғни, сол кездегі қиындықты елестету мүмкін емес, өйткені ол сәт тым ауыр.
Жоғарыда айтылғандай, періштенің мүміндерге жақсы жағынан көрінуі нығмет болса, кәпірлерге жаман жағынан көрінуі олар үшін азаптың бір түрі болмақ.
Бірде Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар Әзірейіл (ғ.с.) періштеге кәпірлерге қандай бейнеде көрінетінін сұраған еді. Әзірейіл (ғ.с.): «Уа, Ибраһим! Сен, бұған шыдай алмайсың» деді. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар алған бетінен қайтпады. Әзірейіл (ғ.с.) періште: «Жарайды, онда мұнда қара»,- дегенде Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар басы көкке тиіп, құлақтары мен ауызынан от алаулап тұрған, бет-әлпеті қап-қара қорқынышты бейнені көргенде шыдай алмай талып қалады. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар есін жиғанда Әзірейіл (ғ.с.) әу бастағы өз бейнесіне қайта оралды. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар: «Ей өлім періштесі! Кәпір сенің бұл бейнеңді көрсе, басқа азап тартпаса да ол үшін бұл азап жеткілікті, енді мүміндерге көрінетін бейнеде көрінші»,- деп өтінді. Әзірейіл (ғ.с.) періште: «Жүзіңді ана жаққа бұр»,- деді. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар қарай салысымен көркем жүзді, жұпар иісті, жас жігітті көріп: «Бұл кім?»- деді еріксіз таңырқап, іле: «Егер мүмін үшін өлім алдында ешқандай да нығмет берілмесе де, мына сенің көркем жүзің ол үшін жеткілікті болғандай екен»,- деген еді (Ғазали, Иһиау улумид-дин, ІҮ/829).
Яғни, өлім аузында Әзірейіл (ғ.с.) және оның көмекшілері адам баласының ізгі амалдары мен жүрегінің тазалығына қарай көрінеді екен. Негізінде, Әзірейіл (ғ.с.) періштенің әрбір адамға әйтеуір бір көрінері хақ. Адам баласы қалай өмір сүрген болса, солай жан тапсырады. Ал қалай жан тапсырған болса, солай қайта тірілтіледі.
Қалмахан ЕРЖАН,
теология докторы.