Қордай ауданының дін қызметкерлері бекітілген төрт бағыт бойынша қарқынды жұмыс атқаруда. Қаракемер ауылының ата-аналарының өтініші бойынша, осы ауылдың жоғарғы сынып оқушыларымен аудандық «Қордай» мешітінің наиб имамы, дінтану магистрі Д.Жандосұлы кездесу өткізіп қайтты.
Д.Жандосұлы ата-бабаларымыздың ислам дінін еркін қабылдау себептерін тарихи дәлелдермен келтіріп, дініміздің құндылықтарын паш етті. «Тәрбие тал бесіктен басталады» деген сөзге ерекше мән беріп, дін мен дәстүр құндылықтарымен сусындап өскен халқымыздың дара тұлғалары жайлы мысал келтірді. Өскелең ұрпақтың тәрбиесіне тоқтала келе өзіне-өзі қол жұмсау жайлы т.б келеңсіз жайттар қозғалды. Д.Жандосұлы діни сауатсыздық сөз етіп, өкінішке орай жастардың өз ата-баба дінінің құндылықтарынан аз ақпараттандырылғанын қынжыла жеткізіп, қазіргі заманның негізгі проблемасы – жастардың жат ағымдарға байқаусыздан, көбінесе діни сауатсыздықтан кіретіні жөнінде айтып, мысалдар келтірді. Жат ағымдардан сақтану жолдарын жеткізіп, дәстүрлі ислам мен дисрутиктивті ағымдардың ара жігін айырып берді маман.
Имам оқушылар тарапынан дін төңірегіндегі әртүрлі мәселелерге қатысты келіп түскен сұрақтарға жауап беріп, уағыз-насихатын әр түрлі қызықты да, мағыналы өнегелермен өрбітті.
Аудандық «Қордай» мешітінің баспасөз қызметі