Жолдауға қолдау: Қауіпсіздігімізді қамтамасыз ететін құжат

Жолдауға қолдау: Қауіпсіздігімізді қамтамасыз ететін құжат

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Елбасымыздың кезекті жолдауы да барша еліміздің көңілінен шығып, қызу талқылануда. Ендігі кезекте Мемлекет басшысы жолдаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты маңызды құжаттағы тапсырмаларды орындау жалпымызға ортақ жауапкершілік пен міндеттер жүктейді.

Қашанда ел тыныштығы мен қауіпсіздігіне алаңдап жүретін Президентіміз бұл жолдауында да ол тұрғыдағы мәселелерден айналып өтпеді. Қауіпсіздік ахуалы қуатты және әрекет ете алатын мемлекеттің өлшеміне айналып келе жатқанымызды да айрықша атады.

«Қазіргі заманда адамзат терроризмнің белең алуымен бетпе-бет келіп отыр. Бұл ретте деструктивті күштерді қаржыландыратындарға, шетелдік террористік ұйымдармен байланыс жасайтындарға қарсы күрес жүргізу ісі негізгі мәселе болып саналады. Діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керек. Қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыру керек. Бас бостандығынан айыру орындарында сотталғандарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру қызметтерінің мақсатты жұмысы ұйымдастырылуға тиіс. Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілікке тәрбиелеу үшін қосымша қадамдар жасау керек. Бұл іске мемлекеттік емес секторды және діни бірлестіктерді белсенді түрде тарту қажет. Осы шараның бәрі менің тапсырмам бойынша әзірленіп жатқан, 2017-2020 жылдарға арналған Діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет жөніндегі мемлекеттік бағдарламада ескерілуге тиіс,» – деді Елбасы өз жолдауында.

Иә, бүгінгі күннің негізгі мәселелерінің бірі – діни экстремизмнің алдын алу, оның салдарын жою болып отырғаны шындық. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, күллі адамзатты алаңдатып отырған жайт. Исламның атын жамылып, ел ішіне іріткі салып, қолына қару алып, бейкүнә жандарға оқ жаудырып жатқандар қоғам тыныштығын бұзуға ниетті теріс пиғылдылар. Оларға дәл уақыттында соққы беріп, жолын кесіп қана қоймай, себептерін анықтап, алдын алу бәрінен маңызды.

Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Мұсылман басқа бір мұсылманға тілімен де, қолымен де зиян келтірмейді,» – деген. Діннің осындай ең қарапайым қағидаларынан хабарсыз адам кім үшін, не үшін соғысып жүргенін білмейтін дәрежеге жетті. Ислам діні – бейбітшілік, амандық деген ұғымдарды білдіреді. Алла Тағаланың өзінің соңғы елшісін жіберудегі мақсаты қасиетті Құранның «Әнбия» сүресінің 107-аятында былайша баяндалады: «Біз сені әлемдерге тек рақым етіп қана жібердік», – деген.

Әлемде болып жатқан террорлық әрекеттер мен Исламның ешқандай байланысы жоқ. Ислам діні – жер бетінде бейбітшілік пен тыныштықты орнату үшін жіберілген соңғы дін. Ислам бейбітшілікті уағыздайтын дін болса, мұсылман баласы сол бейбітшілікті өзінің сөзімен, өзгелермен қарым-қатынасымен, қысқасы, әрбір іс-әрекетімен іс-жүзінде көрсетуші тұлға болмақ.

Алдағы уақытта Елбасы жолдауында көрсетілген негізгі мәселелер күн тәртібінен түспей, оның орындалуына, теріс ағымдармен күресуде аса мұқияттылық пен жауапкершілік танытуға бәріміз міндеттіміз. Жалпымыз жұдырық болып жұмылып, ел болып елеңдегенде ғана теріс ниеттілердің жолын бөгеп, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз. Елдегі тыныштық пен тұрақтылық сақталып, бейбіт тірлігіміз бастан таймасын!

Данияр ЖҰМАБАЕВ,

ҚМДБ-ның  облыс бойынша өкілі,

облыстық орталық «Һибатулла Тарази»

мешітінің бас имамы.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: