Рамазан - барша мұсылмандардың сағына күтетін қасиетті Құран кәрім аяттары түсе бастаған мүбәрәк ай. Бұл ай барша адамзат баласына рақметті ала келеді. Осы айда ораза тұту парыз етілді. Рамазан айының фазилаты жайында Құран аяттары мен пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде жан-жақты айтылған.
Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етіл-гендей тақуалыққа жету-лерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді», - делінсе, тағы бір аятта: «Сендердің араларыңда кімде-кім Рамазан айының туғанын көрсе, сол күні ораза ұстасын. Сырқат немесе жолаушыларға ораза айында ұстай алмаған күндерін басқа күндері ұстасын» («Бақара» сүресі, 183-185-аяттар),- делінген.
Рамазан - айлардың сұлтаны. Бұл айда барша мұсылман ораза тұтып, таң сәріден күн батқанша ішіп-жеуден, жыныстық жақындықтан, түрлі жаманшылық атаулыдан өзін пәк ұстап, күнә істерді тоқтатады. Ораза ұстаған адам Құдайға жақын бола-ды. Сабырлық, мейірімділік, қанағатшылдық сияқты қа-сиеттерге бой ұсынады.
Бұл айдың кереметтері жөнінде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кімде-кім ораза тұтса және Алла разылығы үшін шын ықыласпен мақтанбай тарауих намазын оқыса, Алла тағала оның тіршіліктегі күнәларын ке-шіреді және не тілеген болса, тілектері қайтарылмайды», - деген.
«ОРАЗА» СӨЗІНІҢ МАҒЫНАСЫ
Араб тілінде оразаны «әс-соум» деп атайды. «Ораза» сөзі тіл саласында «бір іс немесе сөзден тыйылу» деген ұғымды білдіреді.
«Ораза» сөзінің шариғи мағынасына келер болсақ, ол - құлшылық ниетімен таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден және жыныстық қатынастан тыйылу.
БҰЛ АЙДА МҰСЫЛМАН НЕНІ БІЛУІ КЕРЕК?
Оразаның негізгі шарттары:
а) Әуелі: «Ниет еттім қасиетті Рамазан айында ораза тұтуға, Алла тағала қабыл етсін, Әмин!» деп ниет ету;
ә) Таң сәресінен күн батқанша оразаны бұзатын нәрселерден сақтану.
РАМАЗАН АЙЫНЫҢ АЙРЫҚША БЕЛГІЛЕРІ
а) Рамазан айында тозақтың есігі жабылып, жәннаттың қақпалары ашылады;
ә) Бұл айда ораза ұстау - пенденің өткен күнәларының кешірілуіне себепші болады;
б) Алла тағала оразашының барлық ізгі ниеті мен тілегін қайтармайды.
ОРАЗАНЫҢ ПАЙДАСЫ:
а) Ораза ұстаушы Құдайшыл болады, яғни Алла тағаланы таниды;
ә) Өзін қиыншылықтарға төзуге және шыдамды болуға үйретеді;
б) Аш-жалаңаш жүрген бейшараның көрген күнін бірге тартады;
в) Өзіндегі шайтанның жолын тарылтады;
г) Оразаның денсаулыққа пайдасы мол.
ОРАЗАНЫ ҚАНДАЙ АМАЛДАР БҰЗАДЫ?
а) Күндіз ішіп-жеу, сусын қабылдау;
ә) Ауыз бекіткен кезде әйелімен жыныстық қатынаста болу;
б) Әйелдердегі ай сайын келетін етеккір; Бұл кезде ораза ұстау уақытша тоқтатылады.
в) Ғайбат сөз айту, біреуді балағаттау.
Ескерту: Білмей тамақ жеп қойған болса, ораза ашылып кетпейді, яғни оразасын одан әрі жалғастырып тұта беруге болады. Хадисте: «Кімде-кім ораза екенін білместен ішіп-жеп қойса, Алла оны тамақтандырған болады» делінген.
ӘЙЕЛ КІСІЛЕРГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ТӘРТІПТЕР
а) Әйел кісіге етеккірден тазарып болмай ораза тұтуына болмайды. Қаза күндерін Рамазан айы өткеннен соң өтейді;
ә) Аяғы ауыр немесе емізулі баласы бар әйел, егер өзіне немесе баласына зиян келер деп қорықса, аузын ашуға хақылы. Бірақ кейін мезгілін тауып ұстайды. Олар оразаның орнына аш адамды тойдырудан азат етілген.
ҚАДІР ТҮНІНІҢ ҚАСИЕТІ
Айлардың сұлтаны - Рамазан айы болса, түндердің сұлтаны - Қадір түні.
Араб тіліндегі «қадр» сөзі «мән-маңыз», «өлшем» деген мағыналарды білдіреді. Сонымен қатар, «құдырет» мағынасын да қамтиды. Жалпы, мұсылман әлемінде қасиетті кештер мен айтулы күндер жетерлік. Соның ішіндегі ең маңыздысы әрі бірегейі - қасиетті Рамазан айындағы Қадір кеші. Бұл түн - адамзаттың ақ пен қараны айыратын түні және де барлық жақсылық атаулының бастау қайнары, көзі болып саналатын мүбәрәк Құран кәрім аяттары түсе бастаған түн.
Қадір түні жөнінде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай деген: «Басқа уақыттарда әрбір жақсылықтың сауабы он есе болса, Ережеп айында жүзден асады. Шағбанда үш жүзден асып, Рамазанда мың есеге артады, жұма түндері мың еседен асып, Қадір түнінде отыз мыңға дейін жетеді» десе, келесі бір хадисінде: «Кім Қадір түнін сеніммен, артының қайырлы болатынына үміт артып өткізсе, оның бұрынғы барлық күнәсі кешіріледі» дейді.
Қадір түні Рамазан айының соңғы онкүндігінің бірінде өтеді. Ислам ғұламаларының пәтуасы бойынша, Қадір кеші Рамазан айының 26-нан 27-не қараған түні деп белгіленген. Биыл бұл уақыт қыркүйек айының 5-інен 6-сына қараған түніне дөп келіп тұр. Осы кеште барлық періштелер жер бетіне ізгі амалдар үшін жіберіледі. Бұл кеш - жасаған әрбір ізгі амалдар мен құлшылықтардың, қайырымды істердің сауабы мың еселеп жазылатын түн.
ҚҰРАН ОҚЫҒАННЫҢ САУАБЫ
Алла тағала: «Рамазан айында жер бетіне Құран түсірілген. Құран кәрім кітабы адамдарға дұрыс жолды көрсету және ақ пен қараны айыру үшін жіберілген. Осы айда Құран оқып, ораза ұстаса, оның сауабы қиямет күні тозақ отынан арашалап тұрады», - дейді. Хадисте: «Ораза мен Құран пендеге қиямет күні араша түседі. Ораза айтады: «Ей, Жаратқан. Мен оны күндіз ішіп-жеуден тыйып едім». Сонда Құран айтады: «Ия, Раббым. Мен оны түнде ұйқыдан қалдырып едім. Енді мен оны қорғаймын». Олардың арашасы қабылданады» де-лінген. Жалпы, Рамазан айында Құран, хадис кітаптарын оқып жүргеннің сауабы шексіз.
РАМАЗАН - МЫРЗАЛЫҚ ПЕН МЕЙІРБАН АЙЫ
Бір хадис-шәріпте: «Кімде-кім оразашыға қамқорлық етіп, ауыз аштырса, сол оразашы алғандай сауапты бұл да алады. Оның сауабынан еш нәрсе де кемімейді», - делінген. Бұл айда әр адам өзінің қал-жағдайына қарап тұрмысы төмен азаматтарға қол ұшын берсе, сауабы мол.
АУЫЗАШАР ЖӘНЕ СӘРЕСІН ІШУ МӘСЕЛЕСІ
«Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадистерінде: «Үш нәрсе пайғамбарлық әдетке жатады. Ол: ауыз ашуды кешіктірмеу, сәресіні кешіктіру және намазда оң қолды сол қолдың үстіне қою», «Алла тағала және оның періштелері сәресі ішкендерге игілік тілейді», «Сәресіні ішіңіздер! Өйткені сәресінде береке бар» дейді.
ОРАЗА ҰСТАУШЫНЫҢ ЕКІ ҚУАНЫШЫ БАР
Бірі - кешкісін ауыз ашарда, екіншісі - Жаратқан Алла тағаланың алдында тұрған сәтте. Алла тағала: «Адамзат не істесе де өзінікі, бірақ оразадан басқасы, ораза менікі. Мен оның есесін өзім беремін. Ол Мен үшін ішіп-жеуін, нәпсісін тыйды ғой» деген. Алла тағала қиямет күні ораза тұтқан адамды жәннаттың арнаулы қақпасына кіруге шақырады. Хадисте бұл туралы: «Жәннатта Раййан деп аталатын қақпа бар. Ол қақпадан қиямет күні ораза ұстағандар кіреді» делінген.
Құрметті мұсылман бауырлар! Алла тағала қасиетті Рамазан айындағы оразаларымызды қабыл етіп, барлық игі істерімізді сауапқа жазып, ел аман, жұртымыз тыныш болсын. Әмин!
Бейбіт қажы Мырзагелдиев,
дінтанушы, ҚМДБ-ның Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы.