Салман Фарси (р.а.) екі сахабамен біраз уақытын бірге өткізеді. Бір күні олар жолға шыққанда Салман (р.а.) ұйықтап қалады да, әлгі екеуінен қалып қояды. Салманды (р.а.) әрі-бері іздеп таппай, сапарларын жалғастырып, бір жерге келіп шатырларын құрады да демалуға кіріседі. Бір уақытта олардың бірі:
- Салман (р.а.) дайын асқа тік қасық. Ол дайын шатырға кіріп жатуды ғана жақсы біледі,- деп сыртынан сөз ете бастайды. Бұл кезде олардың артынан шаршап-шалдығып Салман (р.а.) да жеткен-ді. Сахабалар оны Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) айран сұрап келуге жібереді. Салман (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с. ) алдына барып:
- Уа, Алланың Елшісі (с.ғ.с. )! Мені достарым Сізден (с.ғ.с. ): «айран сұрап кел» деп жіберген еді, - дегенде Нәби (с.ғ.с.):
- Достарың айранды әлдеқашан ішіп қойды, - дейді. Салман кері (р.а.) оралып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с. ) айтқанын жеткізеді. Мұны естіген олар Алла Елшісінің (с.ғ.с. ) алдына барады да:
- Алланың атымен ант етеміз! Біз ол жерге жайғасқаннан бері ештеңе татып алғанымыз жоқ, - деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с. ):
- Сендер сөздерің арқылы Салманды (р.а.) (ғайбаттағандарың үшін) айран ретінде іштіңдер, - деді де, сөзін әрі қарай жалғастырып: «...Қайсы бірің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме?!» («Хужурат» сүресі, 12-аят ),- деп Құран аятын оқыды. Сонда әлгі екеуі:
- Уа, Алланың Елшісі(с.ғ.с. )! Біз үшін Алладан кешірім сұраңыз!, - дегенде Расулуллаһ (с.ғ.с.):
- Алдымен ғайбаттаған адамдарыңнан кешірім сұрап, өтініш жасаңдар, - деді (Ибн Кәсир «Тәпсір», ІҮ, 231).
Хазреті Әли (р.а.) :
«Шектен шыққан жаман сөзге қарсы ешқашан жауап беремін деуші болма!... Өйткені, ол сөзді айтқан адамда сол сияқты сөздердің одан да өткен сорақылары бар. Оған жауап беретін болсаң, сол сөздерінің бірін айтатын болады. Надандармен ешқашан сөз таластырма!.. Оның тілі улы болғандықтан, жүректі жаралайды»,-деп өсиет қалдырған.
Хазреті Мәулана білместер мен надандардың алып-қашты әңгімелерінен ештеңе өзгере қоймайтындығы жайлы былай деген:
«Иттің аузы тигенімен теңіз ластанбайды!..»
Хазреті Мәулана адамдар өздерінің бойындағы кемшіліктер мен міндерді бір шетке ысырып қойып, өзгелер жайлы не болса соны айтпау керектігін мына хикая арқылы тамаша түсіндіріп берген:
«Үндістандық төрт мұсылман бір мешітке кіреді. Олардың әрқайсысы ниет етіп, тәкбір айтады. Өздерінің қателіктері мен кемшіліктерін еске түсіре отырып, ерекше ықыласпен намаздарын бастайды. Рукуғқа барып, сәждеге жығылады. Осы кезде мешіттің азаншысы келеді. Намаз оқып тұрған олардың біреуі намазда тұрғанын ұмытып:
- Ей, азаншы! Азан шақырдың ба?, - деді.
Екінші үнді намаз оқып тұрса да:
- Тыныш бауырым, намазда сөйлеуге болмайды. Намазың бұзылды, - деді. Үшіншісі екіншісіне:
- Ағасы! Одан неге кемшілік іздеп тұрсың? Сен де сөйлеп тұрсың ғой, сен де өзіңе қарашы. Алдымен өзіңді жөндеп ал!
Төртіншісі сөзге араласып: «Аллаға шүкірлер болсын! Мен сендер сияқты құрдымға кетпедім, намазымды бұзбадым» - деді.
Осылайша төртеуінің де намазы бұзылды. Ананың-мынаның айыбын айтамын деп, өздерінің қалайша күнәга батқанын байқамай да қалды.
Өзінің айыбын көрген адам қандай бақытты. Кімде-кім өзгенің айыбын көрсе, оны өзі сатып алған болады. Өйткені, адамның нәпсісі мен тәні айып пен кемшіліктен тұратыны аян. Оның екінші бір бөлігі яғни, рухани жағы ғайып әлеміне тән. Олай болса, ең алдымен өзіңе жаның ашысын. Бар жақсылық пен жәрдемді өзіңе тілеп, Алладан көмек сұра.
Өз кемшіліктерін көру, өзін-өзі кінәлау сол айыптың емі әрі дәрісі (Өйткені өз кемшілігін білуден асқан кемелдік жоқ).
Бір мүміннен көрген айып сенде жоқ болса, өзіңе сенуден, сенім артудан сақтан! Сол кінәні сен де істеуің әрі сол айып халыққа сен арқылы тарауы да әбден мүмкін».
Ғайбат пен өсек-аяң адамның нәпсісін семіртеді. Олар өздері ғайбаттаған адамдарының күнәларын істемейміз деп ойлайды. Осылайша, өзін басқалардан жоғары санайды. Алайда, арадан көп уақыт өтпей-ақ сол күнәні өздері де жасағанын байқамай қалады. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Кімде-кім бір бауырын істеген күнәсына байланысты кінәласа, сол күнәні өзі істемей өлмейді»,- дейді (Тирмизи «Қиямет», 53/2505).
Адамдар ақирет күні барша амалдарына, аузынан шыққан әрбір сөзіне, істеген күнәсі мен істемеген ізгі амалдарының есебін береді. Осы ауыр азап күні келмей тұрып, әркім істегендерін есептеп-таразылауы керек. Өйткені: «Есепке тартылмай тұрып, өздеріңді есепке тартыңдар» (Тирмизи «Қиямет», 25/2459),- деген. Сол бір машақаты мен қайғысы мол күнді еске ала отырып, амал дәптеріміздің беттерін адамдардан кешірім сұрап, тазалап алғанымыз жөн. Алла тағалаға адамдардың барлығының бір тілде сөйлейтін сол күннің жағдайын былайша түсіндіреді:
«Адамдар үрейлі қиямет күнінде өздеріне аса қажет болса да, сауаптарын жалған дүниеде артынан өсек айтқан адамдарға береді. Егер, оған беретін сауабы қалмаса, сол адамның күнәларын мойнына алады».
Алла Елшісі (с.ғ.с. )өз хадисінде:
-- Мүфлистің кім екенін білесіңдер ме?, - деп сұрады бір күні сахабаларынан. Олар:
- Мүфлис ақшасы, мал-мүлкі жоқ адам ғой, - деп жауап бергенде Пайғамбарымыз (с.ғ.c.):
- Ол қиямет күні намаз, ораза және зекет сауаптарымен қатар, амал дәптерінде ананы мазақтады, мынаған жала жапты, біреудің мал-мүлкін жеп, екіншісін ұрып-соқты деп жазылып, өзгелердің күнәларын арқалап келген адам. Оның істеген жақсылықтарының сауабынан анаған мынаған өтеледі. Егер мойнындағы қарыздар бітпей тұрып, ғибадаттары мен істеген жақсылықтарының сауабы таусылса, олардың күнәларынан алады, тозаққа тасталады»,- деп жауап берді.
Осыған орай хазреті Хасан Басри былай деген:
«Егер өсек айтқың келіп қиналып бара жатсаң, ата-анаңды өсекте!.. Ең болмағанда ақиретте сауабың оларға берілсін. Немесе олардың күнәсін аласың!..».
«Мына дүниенің өсегі тозаң сияқты. Жан дүниеңнің айнасын жауып қалады. Сен ақыл-есіңді жина да, үндемей жүруді әдетке айналдыр»,- дейді ғұлама Мәулана.
Алланың мейіріміне бөленіп, ерекше қуанышқа кенелгісі келетіндердің ерекшелігі өздеріне қарсы істелген неше түрлі қастандықтарға кешіріммен қарауында. Өйткені, кешірім беру арқылы өзіміздің кешірілуімізге жол ашамыз.
Уа, Раббым! Көңіліміз бен тіліміз Алланың хикметі мен сырларының айнасы болсын. Ол жерден барша жаратылыс атаулыға мейірім-шапағат, кешірім, игілік пен жақсылық жайылсын!..
Бізді дүниенің нығметінен құралақан қалып, ақиретте жарлының күйін кешетін құлдарының қатарына қосылудан сақтай гөр!
Әмин...
Осман Нұри Топбаш