Сабыр сөзінің мағынасы – әлдебір жағдайларға тап болғанда «тепе-теңдікті бұзбау, орта жолды ұстану, сынақтарға төтеп беру, қиыншылықтарға шыдау, уайым-қайғы мен тауқыметтерге душар болғанда оларды жеңіп шығу, ақыл мен діннің шеңберінде тұрақты түрде ұстай алу» деген мағыналарға саяды.
Ал, шыдамдылық дегеніміз – басымызға түскен әр түрлі сынақтарға төзу, ұстамды болу, қайраттылық пен қайсарлық таныту деген сөз.
Сабырлылық көркем мінез-құлықтың негізгі бөлігі, иманның жартысы, сонымен қатар, бақыт пен қуаныштың асыл кілті болып саналмақ. Ол – пендені жәннат нығметтеріне кенелтетін ұлық ерекшелік. Сабыр – ұнамайтын әрі жаныңды ауыртатын оқиғалар кезінде тепе-теңдікті ұстау арқылы тыныштыққа кенелу, Жаратқанға бас ию деген сөз.
Әнбиелер мен әулиелер (Пайғамбарлар мен уәли пенделер) сабырлылық жағынан да өнеге боларлық теңдессіз мысалдар көрсетіп, Алланың жәрдеміне қол жеткізген. Сондықтан да, сабырлылық тұрғысынан олардан үлгі-өнеге алуымыз керек.
Сабырдың дүниелік жағы қиыншылық, ал ақыреттік жағы өте жарқын. Сабыр ете отырып, қиналған пенделер мәңгілік әлем болып саналатын жұмақ пен Алланың ризалығына қауышатын болады.
Әрдайым, әрбір істе Алланың бұйрықтары мен тыйымдарындағы нығмет, хикмет (мән-жай) және иләһи сауаптар жайында ойлану – сабыр етуді жеңілтеді.
Сабырдың алғашқы шарты – қандай да бір қайғылы жағдайға ұшыраған уақытта, тура сол алғашқы кезде сабырлы болу. Дәл уақытында танытпаған сабырдың айтарлықтай сауабы да болмайды.
Сабыр бүкіл жақсылық қасиеттерді қамтығаны үшін оның дініміздегі маңызы зор. Құран Кәрімнің жетпістен астам жерінде сабыр жайлы сөз етілген. Қасиетті аяттарда Расулуллаһқа (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) және ол арқылы бүткіл үмбетке сабырлылық былайша бұйырылған:
«Ей, иман келтіргендер! Сабырменен және намаз оқу арқылы Алладан жәрдем тілеңдер!..» (Бақара сүресі, 153-аят).
«Ей, иман келтіргендер! Сабыр етіңдер, тұрақтылық танытыңдар, дайын әрі мұқият болыңдар; Алладан қорқыңдар, сонда табысқа жетесіңдер» (Әли Имран сүресі, 200-аят).
Осы аяттың тәпсірінде Елмалылы Мухаммад Хамди Языр мынадай бір түсінік берген:
«Алланың көркем есімдерінің бірі әс-Сабур екені белгілі. Кімде сабыр болса, онда Алланың құдіретінен бір көрініс бар деген сөз. Ал егер де, осындай сабырлы адамдар бір жерге жиналып, жамағат болса, қайткен күнде де Алланың жәрдеміне қол жеткізетіні хақ. Алла үнемі олардың жақыны әрі досы болмақ».[i][1]
Үлкен сауаптар әрдайым үлкен сабырдың, қиыншылық пен сынақтарға төтеп берудің арқасында беріледі. Тағы бір аятта:
«Сабыр етушілерге сауаптары есепсіз беріледі» делінген (Зүмәр сүресі, 10-аят).
Расулуллаһ (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) сабырдың түрлері мен ерекшеліктерін айғақтайтын хадисінде былай деген:
«Сабыр үш түрлі болады: қиыншылықтар кезіндегі сабыр, құлшылық етудегі сабыр және де күнә іс істемеудегі сабыр…» (Суюти ІІ, 42; Дәйләми ІІ, 416).
Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) Алла Тағаланың былай дегенін жеткізген:
«Дүниеде жақсы көрген бір досын алып қойғанымда (сабырлылық танытып), сауабын Алладан күтетін мүмин пендемнің құзырымдағы ақысы – жәннат болмақ» (Бұхари, Риқақ 6).
«Пендемнің екі көзін соқыр қылу арқылы сынағанымда сабыр ететін болса, көздеріне қайтарым ретінде жәннатты беремін» (Бұхари, Мәрда 7; Тирмизи, Зүһд 58).
Сабыр – дініміздің ең маңызды қағидаларының бірі. Ал сабыр ету сынағы – өте ауыр сынақтардың бірі болып саналады. Осыдан болар Хазірет Әбу Бәкір (радиАллаһу анһу): «Мен үшін күнделікті тыныш өмірімде шүкір етуім – сынаққа душар болып сабыр етуімнен гөрі әлдеқайда жақсы» деген.
ӨНЕГЕЛІ КӨРІНІСТЕР
Алла Елшісінің өмірі соңына дейін керемет сабырлылыққа мысал боларлық оқиғаларға толы. Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) жастық шағынан бастап, дүние салғанына дейін көптеген қиыншылықтарға тап болған, әр түрлі қайғыларды басынан өткерген. Әлі дүниеге келмей тұрып әкесін, алты жасында анасын, сегіз жасында атасын, пайғамбарлығының оныншы жылында өзін қорғаштап жүретін көкесі Әбу Талибті, содан үш күн өте дінді тарату жолындағы ең жақсы көретін әйелі Бибі Хадишаны (радиАллаһу анһа), Ухуд соғысында шейіттердің мырзасы болған Хазірет Хамзаны (радиАллаһу анһу) өзінің жеті баласының алтауын және де көптеген немерелерін бір-бірден Аллаға табыстады. Иә, олардың кейбіреулері жас шағында, ал кейбіреулері біраз есейген шағында қайтыс болды. Сонымен қатар, қатты жақсы көретін сахабаларының көбісін өз қолымен қабірге қойды. Көптеген қиыншылықтарға, балағат сөздерге, жала жабушыларға, аштық пен жоқшылыққа тап болды. Соғыстарда жараланды, азапты дерттерге де душар болды. Алайда, бұл айтқандарымыздың ешқайсысы да оның беріктігін, тепе-теңдігі мен тұрақтылығын жоя алған жоқ. Ол үнемі өзінің сабырлылығымен өзгеге үлгі-өнеге бола білді.
Ойланарлық жайт: Қанша адам перзенттерінің алтауын өз қолымен жерлеген екен? Қанша адамның құшағында кіші балалары мен немерелері демі қысылып қиналып барып, рухын тапсырған екен? Көкесінің денесі бөлшек-бөлшек болып, бауыры шайналған адам бар ма екен? Яғни, Расулуллаһ (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) сияқты түрлі қиыншылық пен азаптың ең ауырларына тап болған, әрі осы қиыншылықтардың барлығында да сабырлылық пен төзімділік танытқан жан бар ма екен сірә?!
***
Расулуллаһ (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) Ислам келмей тұрғанда, қажылық кездерінде ұйымдастырылатын көрмелерде Исламды уағыздайтын, сол үшін де көптеген қиыншылықтар мен тауқыметтерге тап болатын. Барлығына да сабырлылық танытып, мүлде арызданбайтын еді. Бір жолы көптеген тайпаларды шақырғанындай Амир бин Саса ұлдарын да Исламға шақырады. Олар Пайғамбарымызды тыңдап, біраз сұрақтар қойды. Бірақ, мұсылман болған жоқ. Алланың Елшісі (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) ол жерден тұрып, түйесіне мінген кезде іштерінен Бәйһара деген мүшрік кісі кенеттен түйені түртіп жіберді. Түйе секіріп тұрып кеткенде Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) жерге құлап түседі. Алланың Елшісіне жасалынған бұл арамдық әрекетті көрген Дуба бинті Амир есімді мұсылман әйел:
«Уа, Амир отбасы! Көз алдарыңызда Алланың Елшісіне жасалынған бұл тірлікті, азапты көріп тұрып, іштеріңізде менің құрметіме оны қорғаштайтындар жоқ па?» деді. Мұны естігендердің ішінен немере ағалары болып келетін үш кісі дереу орындарынан тұрып, сорлы Бәйһараға қарай жүре бастады. Ал Алланың Елшісі (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) өте кеңпейілділік танытып, олар үшін былайша дұға етті:
«Аллаым! Осыларға Өзіңнің берекеңнен нәсіп ет!»
Осы дұғаның берекетімен Алла Тағала ол жігіттерге иман нығметін беріп, соңында шейіттік мәртебесіне де қол жеткізген болатын (Ибн Хажар, «әл-Исаба» ІV, 353).
***
Алла Елшісінің (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) Исламды тарату жолында тап болған әрі шыдамдылық танытқан қиыншылықтары жайында Тарық бин Абдуллаһ әл-Мұхариби былай деп жеткізеді:
«Расулуллаһпен (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) Зүл Мәжаз көрмесінде кездескен едім. Ол:
– Қатты дауыстап: «Уа, адамдар! Ла иләһә иллАлла деп айтыңдар да, құтылыңдар!» деп жатқан еді. Бір кісі болса қолындағы таспен оның артынан жүріп:
– Уа, халайық! Оған мүлде сенбеңіздер, оған бас имеңіздер. Өйткені, ол «өтірікші» деп айқайлап жатты. Лақтырып жатқан тастарымен Пайғамбарымыздың тобықтарын қанатып жіберген еді. Мен ол жердегілерден:
– Бұл кісі кім? - деп сұрадым.
– Бұл Абдулмутталиб ұлдарынан шыққан бір жігіт, - десті.
– Ал артында жүріп, тас атып жатқан кім? - деп сұрағанымда, олар:
– Немере ағасы Әбу Ләһәб қой, - деп жауап қатты.[ii][2]
***
Алланың Елшісінің (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) сабырлылыққа үндейтін көптеген мысалдардың тағы біреуін Мүдрик әл-Әзди былайша баяндайды:
«Мен әкеммен бірге (надандық кезде) қажылық жасап жатқан едік. Минаға келіп тұрақтағанымызда бір жамағатты көрдім. Әкемнен:
– Бұл жамағат не үшін жиналған? - деп сұрадым. Әкем:
– Өз қауымының дінін тәрк еткен мына бір жігіт үшін жиналыпты, - деді. Көрсеткен жағына қарап, Расулуллаһты (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) көрдім. Ол (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм):
«Уа, адамдар! Ла иләһә иллАлла деп айтыңдар да, құтылыңдар!» деп жатқан еді.
Ал адамдардың кейбіреулері оған түкіріп жатса, кейбіреулері балағаттап жатыр, енді біреулері оған топырақ та шашып жатты. Түске дейін осылай жалғаса берді…
Бір уақытта жағасы сәл ашылып қалған бір қыз қолындағы ыдыстағы суымен және кішкене бет орамалмен Расулуллаһтың қасына келді. Ол жылап жатқан еді. Алланың Елшісі (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) ыдысты алып, судан ішті, кейін беті-қолын жуды. Артынан басын көтеріп:
«Қызым! Жағаңды орамалыңмен жауып ал. Әкеме тұзақ қойылып өлтіріледі-ау немесе бір қорлыққа тап болады-ау деп уайымдама» деді.
Біз ол қыздың кім екенін сұрадық. Ол жердегілер: «Қызы – Зәйнәб» десті (Хайсәми VІ, 21).
***
Әнәс бин Маликтен (радиАллаһу анһу) жеткен риуаят бойынша Расулуллаһ (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) жолда кетіп бара жатып, баласының қабірі үстінде айқайлап жылап жатқан бір әйелді кездестірді. Оған:
– Алладан қорқып, сабыр етіңіз, - деп насихат айтты.
Ал әлгі әйел:
– Кет ары. Өйткені, менің басыма келген бәлекет саған келмеген, - деді.
Ол әйел насихат айтқан кісінің Пайғамбар (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) екенін білмей қалды. Оған «Ол адам Алланың Елшісі еді ғой» деген кезде дереу Расулуллаһтың үйіне қарай жүгірді. Тіке Пайғамбарымыздың (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) құзырына келіп:
– Уа, Алланың Елшісі! Сізді танымай қалыппын, кешіріңізші, - деді.
Расулуллаһ (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм):
«Нағыз сабыр – тура бәлекет келген уақытта көрсетілгені» дей отырып, әлгі әйелге уағыз-насихаттар айтты (Бұхари, Жәнайз, 32).
***
Абдуллаһ ибн Масғуд (радиАллаһу анһу) былай дейді:
Алла Елшісінің (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) құзырына бардым. Ол қатты дірілдеп жатқан болатын.
– Уа, Алланың Елшісі! Шынында да қатты дірілдеп жатырсыз ғой, - дедім.
– Иә, сіздерден екі адам тартатындай азапты тартудамын, - деді.
– Бұл, бәлкім сіздің екі есе сауап алуыңыз үшін шығар, - дедім.
– Иә, солай. Алла кез келген бір мұсылманның аяғына батқан тікен немесе басына келген одан да үлкен қиыншылықтар арқылы оның күнәларын кешіреді. Ол мұсылманның күнәлары ағаштың жапырақтары сияқты төгілетін болады, - деді (Бұхари, Мәрда 3, 13, 16; Мүслим, Бирр 45).
***
Расулуллаһ (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) Жәбірейіл аләйһис-сәләмнан сұрады:
– Жақып Пайғамбардың баласы Жүсіпке деген сағынышы, одан айрылған кездегі сезімі қандай дәрежеде еді?
Бұған Жәбірейіл аләйһис-сәләм:
– Перзентін жоғалтқан жетпіс ананың сезіміндей! - деп жауап берді.
– Олай болса, мұның сауабы қандай? - деп сұрағанда Жәбірейіл аләйһис-сәләм:
– Жүз шейіттің сауабындай! Өйткені, ол – Алла Тағала жайында мүлде жаман ойға барған жоқ, - деп жауап қатты (Табәри, ХІІІ, 61; Суюти, әд-Дүррүл Мансур ІV, 570; Юсуф, 86).
Міне бұл – сабрун жәмил (көркем сабырлылық) болатын…
***
Сабырдың сыйы міндетті түрде жәннат екендігін айғақтайтын мына бір оқиға неткен ғибратқа толы десеңізші:
Абдуллаһ ибн Аббас (радиАллаһу анһума) бір күні Әта бин Әби Рабаһқа:
– Саған жәннатқа кіретін бір әйелді көрсетейін бе? - деді. Ол:
– Иә, көрсетші, - деді. Сонда Абдуллаһ ибн Аббас былай деді:
– Анау қара әйел бар ғой, міне сол әйел бір күні Пайғамбарымыздың (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) құзырына келді де:
– Менің қояншық сияқты ауруым бар, сол кезде үсті-басым ашылып қалады да, өзім білмей қаламын. Алладан менің жазылып кетуімді сұрап, дұға етесіз бе? - деді.
Сонда Алланың Елшісі (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм):
– Егер сабыр етемін десең, саған жәннат бар. Ал бірақ қаласаң, жазылуың үшін дұға етейін, - деді.
Мұны естіген әйел:
– Ауруыма сабыр етемін. Тек, ауруым ұстап қалғанда үсті-басым ашылып қалмас үшін дұға етіңізші, - деді. Алланың Елшісі (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) ол үшін дұға етті (Бұхари, Мәрда, 6; Мүслим, Бирр, 54).
Міне, бұл – басқа келген сынақтар мен дерттерге сабыр етудің Алла Тағала құзырындағы мәртебесінің жоғары екендігіне айқын дәлел.
***
Әбу Саид (радиАллаһу анһу) былай дейді:
«Бір топ кедейлеу мұхажирлермен бірге отырған едім. Олардың кейбіреулерінде денесін толығымен жабатындай киімдері болмағандықтан, қасындағы адамның киімімен жамылуға тырысып жатыр еді. Сол уақытта бір адам бізге Құран оқып отырған болатын. Сөйтіп, Алланың Елшісі шыға келді. Расулуллаһ (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) бізге жақындады. Құран оқып отырған адам да Құран оқуды тоқтатты. Кейін Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) бізге сәлем беріп:
– Не істеп отырсыздар? - деп сұрады. Біз:
– Уа, Алланың Елшісі! Ол біздің ұстазымыз, бізге Құран үйретіп жатыр. Біз болсақ, Алла Тағаланың кітабын тыңдап отырмыз, - дедік.
Сонда Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм):
«Үмбетімнің арасында олармен бірге сабыр етуім бұйырылған кісілерді жаратқан Аллаға шүкір» - деді.[iii][3]
Содан кейін Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) өзін бізбен бірдей ұстап, арамызға келіп отырды. Қолымен ишарат етіп:
– Былайша шеңбер жасаңдар, - деді.
Біз дереу айналасында шеңбер сияқты болып, жүзімізді оған қаратып отырдық. Содан кейін Расулуллаһ (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) бізге мынадай сүйінші хабар жеткізді:
«Уа, кедей мұхажирлер! Сүйінші! Қиямет күнінде сіздерге арналған бір нұр болады. Сондай-ақ, сіздер жәннатқа бай адамдарға қарағанда жарты күн бұрын кіретін боласыздар. Бұл жарты күн (дүниедегі есеппен алғанда) бес жүз жылдай уақыт» - деді (Әбу Дәуіт, Ілім, 13/3666).
Міне, сабырлылық танытатын кедей адамдарға берілетін сый!
***
Фәдалә бин Убайд (радиАллаһу анһу) әңгімелеп берген мына бір оқиға Алланың Елшісінің (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) нағыз шәкірттері болған сахабалардың көптеген қиыншылықтар мен жоқшылыққа қалайша сабыр етіп, шыдамдылық танытқандығына керемет мысал бола алады:
Алланың Елшісі (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабаларына намаз оқытып жатқанда олардың кейбіреулері қарындарының аш болғандығы соншалық тік тұра алмай, құлап қалатын. Олар көбінесе Асхабы Суффа еді. Шөлден келген бәдәуилер болса: «Бұлар жындылар» дейтін. Алланың Елшісі (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) намазды бітірген соң, аштықтан талып қалған әлгі кісілердің қасына келіп, оларды жұбататын, әрі оларға:
«Алла Тағаланың өз құзырында сіздерге не нәрселер әзірлеп қойғанын білсеңіздер ғой, бұдан да кедей, бұдан да мұқтаж болып өмір сүруді армандайтын едіңдер» дейтін (Тирмизи, Зүһд, 39/2368).
***
Әбу Һұрайра (радиАллаһу анһу) былай деген болатын:
«Мен Суффа сахабаларынан жетпіс кісіні көрдім. Ешқайсысының үстінде денесін толық жабатындай киімі жоқ еді. Көбісінде тек белден төмен қарай жабатын «изар» немесе белден жоғарысын жабатын «ридалары» ғана бар. Киімдерін мойындарына байлайтын. Бұлардың кейбір бөліктері балтырларының жартысына жетсе, кейбіреулерінікі тобығына дейін жететін. Сөйтіп, әурет жерлері ашылып қалмасын деп, киімдерін қолдарымен жинап отыратын» (Бұхари, Салат, 58).
Көріп отырғанымыздай, ұлы сахабалар аштық, жоқшылық, соғыс, қиыншылық сияқты көптеген азаптарға сабырлылықпен төзімділік таныта отырып, Ислам дінінің бүгінгі таңға дейін жетуіне үлкен септігін тигізген. Біз де олардың жолын ұстанып, осы қасиетті аманатты келешек ұрпақтарға аман-есен жеткізуіміз қажет.
***
Абдурраһман бин Ауф (радиАллаһу анһу) айтады:
«Ислам діні нәпсіге ұнамайтын, қиын болып көрінетін істерді бұйырған. Алайда, біз жақсылықтардың ең жақсысын осы нәпсіге ұнамайтын қиын істерден таптық. Мәселен, Расулуллаһпен (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) бірге Меккеден шығып, хижрет жасадық. Нәпсімізге ауыр келген осы хижретіміздің арқасында бізге үстемдік пен жеңіс нәсіп етті, яғни жеңіске апарар жолдар ашылды. Сондай-ақ, Алла Тағала Құран Кәрімде:
«(Олардың бұл халі) мүминдердің бір бөлігі еш қаламаса да, Раббың сені өз үйіңнен хақ үшін шығарған (кездегі халдері) сияқты. Ақиқат айқындалғаннан кейін де, көздерімен көре тұра өлімге сүйреліп жатқандай (жиһад жайында) сенімен тартысып жатқан еді» деп айтылғандай, Алланың Елішісімен (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) бірге Бәдірге шыққан едік. Алла Тағала бұл жерде де біздерге жеңіс пен үстемдік нәсіп етті.
Басқаша айтқанда, біз зор жетістіктерге тек осындай нәпсімізге ауыр келетін бұйрықтарды орындау арқылы қол жеткіздік (Хайсами VІІ, 26-27).
***
Мұхаммед Иқбалға қатысты болған мына бір сөздер де қиындықтарға шыдап, сабырлылық танытудың маңыздылығын көрсететіндей:
«Бір киік екінші бір киікке шағымданып жатқан еді:
«Бұдан кейін Қағбада, Мешіт әл-Харамда өмір сүремін. Сол жерде жатамын, сол жерден шөп жеймін. Өйткені, бұл араларда аңшылар тұзақ құрып тастапты, күндіз-түні біздің артымыздан аңдып жүр. Жетер, бұдан кейін аңшылардың тұзағынан толығымен құтылғым келеді. Жанымның біраз болса да жай табуын қалаймын!..»
Бұл сөздерді естіген екінші киік оған былай депті:
«Ей, ақылды досым! Егер өмір сүруді қаласаң, онда қауіп-қатер ішінде өмір сүр. Өзіңді үнемі қайрақ тасқа ұрып, шыңдап, өткірлеп жүр. Сөйтіп, қылыштан да өткір өмір сүруге тырыс. Шынында да, қауіп-қатерлер біздегі күш-құдіреттің қай деңгейде екенін көрсетіп береді. Дене немесе жаратылыстың не нәрселерге шамасы келетінін дәл осы нәрсе нақты түрде айғақтап беретінін ұмытпа!».
***
Қорыта келе, сабыр – адам баласының бойындағы өте қымбат қазына. Бәлекеттер мен қиыншылықтарға ең мықты қалқан болатын да – осы сабыр! Сондай-ақ, сабыр дегеніміз – Алла Тағала разы болатын әрі зор сауаптар беретін ерекше сипат. Алла Елшісінің сөзімен айтқанда: «Сабыр бұл – жарық нұр!» (Мүслим, Таһарат, 1).
Демек, ақыр аяғында адам баласының дүние және ақыретін нұрға бөлейтіні рас.
[i][1]Қараңыз: Елмалылы М. Хамди Языр, «Хақ діні Құран тілі» Истанбул 1971, І, 546.
[ii][2] Дәрақұтни, Сүнән, Бейрут 1986, ІІІ, 44-45.
[iii][3] Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) бұл сөзімен Құран аятындағы: «Таңертең және кешкісін Раббыларына Оның разылығын қалап, дұға етушілермен бірге жан-жүрегіңмен сабыр ет. Дүниелік өмірдің сәндерін қалап, көздеріңді олардан бұрма. Жүрегін Бізді еске алудан қапы қалып қойған, жаман армандарының артына түскен әрі үнемі шектен шығатын адамға да мойынсұнба!» - деген сөздерді мақсат тұтқан еді (Кәһф сүресі, 28-аят). Бұл жерде Алла Тағала Пайғамбарымызға (с.а.у.) Исламға алғашқы кірген кедейлермен және бейшаралармен бірге бастарына келетін қиыншылықтарға төтеп беруін, сондай-ақ ол кісілерге өте нәзік қарым-қатынас жасауын бұйыруда.