Тәубеге асық

Тәубеге асық

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мейрімді және рахымды Алланың атыменен бастаймын. Әлемдердің   жаратушысы Алла Тағалаға мақтау айтамыз. Одан жәрдем сұраймыз, істеген күнәләріміздің  кешіруін сұранамыз. Нәпсіміздің және амалдарымыздың жамандығынан корғауын тілейміз. Аллам, шығыс пенен батыстай алыс қылғандай, бізбенен харамның арасын алыс қыл. Және  әділеттілік үстінде өмір сүрүді нәсіп қыл. Аллам, бізге тұраны тұра көрсетіп, тұра жолыңда алып жүр. Қатені қате көрсетіп, адасудан өзің сақта. Аллам, әр-бірімізді пайдасыз білімнен сақта. Өзіңнен қорықпаған  жүректен сақта. Қабыл қылынбаған дуғадан сақта. Өзіңе көтерілмеген  амалдан сақта.

Куәлік берем Алла жалғыз, оның еш қандай серігі жоқ. Ол барлық нерсеге күші жетуші, Құдіретті. Ол, Алла адамзатты жоқтан бар қылған және оны жоқ қылып қайтадан тірілтуге құдіретті. Ол, Алла пенденің қателік істеуші екенін біледі және істеген  қателер үшін қылынған таубелерді қабыл кылады. Ол, Алла Таубелерді қабыл қылушы және Кешірімді. Куәлік берем Мұхаммад (оған Алланың сәлем-салауаты болсын) Алланың елшісі және құлы. Ол, Пайғамбар адамдарға бұл дүниені уақытша екеніндігін ескертіп, әділетті болуға  күнәләрдан  таза болып баруға шақырған. Өз үмбетіне  үлгі болу үшін, бір күнде жүзден көбірек тәуба қылып, кешірім тілеген ұлы Пайғамбарыбыз Мұхаммедке, оның әулетіне және сахабаларына Алланың  сәлем-салауаты болсын.

Құрметті мұсылман бауырларым!Пайғамбарыбыз Мұхаммед (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын): «Барлык адам балалары қателік істеуші, қателерді кетірушілердің ең жақсысы тәуба қылушылар» – деп айтқан. Келіңдер әр-біріміз өзімізге бір қарап қояйық. Балиғат жасына жеткен күннен бері қайсымыз канша күнә жасадық екен? Егер сол істелінген күнәдан бергі күнәларімізді камераға түсіріп сақтап қоюуға мүмкін болғанда, қазір бір неше күн көрүге тура келген ұзын киноға айналатын еді. Бірақ, біз жасаған күнәмізді ұмытып қалғандығымыздан, қазір ешқандай күнәсі жоқ адамдай болып жүреміз. Егерде біздің жасаған күнәләрымыздан сасық жыт исі шығып тұрушы болғанда, біз бір жерге жиналғанда отыры алмай қалатын едік. Бірақ, біздің күнәләрымыздан жыты-исі шықпайды, біз тап-таза адамдай болып жүре береміз. Ия, күнәләрымыз көп. Ертең, Алла Тағаланың алдында тонналаған күнәларды көтеріп барсақ ахуалымыз не болады? Осы, Алланың алдында ат көтергісіз күнәні мойнымызға көтеріп, жәрдем беруші атамыз, колдау көрсөтуші қызметіміз, таянып алған байлығымыз жоқ, Не істеріңді білмей қалтырап-дірілдеп тұрушы күнді елестетіп көрдіңдер ме? Сол, ата баласынан, ана қызынан қашқан, бойында барлар бойындағысын тастап қойған, көздер шақсыйып, жүректер қалтырап, балтырлар дірілдеген күнде, күнә батпағына  белшемізден батып, Алланың ай астында тұрған ахуалымызды  бір елестетіп көрші.

Құрметті мұсылман бауырларым! Уақытында білместікпен жасап қойған, немесе біліп тұрып, шайтанның азғыруы менен қылып койған күнәлардан құтылу жолы барма? Әлбетте, бар! Алла Тағала өзінің шексіз мейірімділігі менен пендесінің қылған күнәләрын кешіру үшін тәуба есіктерін ашып қойған. Алла Тағала шексіз білімді зат. Ол, пенделерінің әрбір минут сайын күнә жасап тұратынын жақсы біледі. Сондықтан өз пендесіне, анасының баласына болған мейірімінен де артық мейірімділік пенен олардың қылған тәубелерін қабыл қылады. Алла Тағала пенденің түн ішінде жасаған күнәсін кешіру үшін күндіз күтіп тұрады. Ал күндізгі жасаған күнәсін кешіру үшін, түнгісін күтіп тұрады. Алланың кешірімі шексіз. Алла Тағала: «Ей менің, өзіне-өзі зиян қылып жатқан пенделерім. Алланың мейірімінен үмітсіз болмаңдар. Алла барлық күнәләрды кешіреді» – деп айтқан. Шындығында Алла Тағала кешірімді. Бірақ, Алла күнәларды кешіру үшін  тәуба қылуды ұмытпауымыз міндет. Шынайы ықласпенен барлақ шарттарын атқарып тәуба қылсақ, Алла Тағала оны қабыл қылады. Пайғамбарымыз (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын): бір хадисінде былай деген: «Сендерден бұрынғы қоғамда, бір адам тоқсан тоғыз адамды өлтіреді. Одан, бұл күнәндан құтылудың қандай жолы бар екенін білу үшін, білімді адамды іздеп шығады. Оған, әрдайым құдайға сыйынып жүрген бір адамды көрсетеді. Ол, сыйынушыдан: –Тоқсан тоғыз адамды өлтіргені кісінің тәубасы қабыл бола ма? – деп сұрайды. – Жоқ, тәубасы қабыл болмайды – дейді сыйынушы. Сол мезетте жүзінші қылып оны да өлтіреді. Қайтадан білімді адамды іздей бастайды. Оған білімді адамды көрсетеді. Одан: –Жүз адамды өлтірген адамның тәубасы қабыл бола ма?– деп сұрайды. –Ия, Алла менен тәубаның арасын кім тосалады? Бірақ, сен өз жеріңе бармағың. Ол жерде жаман адамдар жасайды. Сен мына жерге барғың, бұл жерде Аллаға сыйына тұрған адамдар жасайды – дейді білімді адам. Әлгі, білімді адам айтқан жақсы адамдар жасаушы жерге жөнеледі. Бірақ, ол жерге жетпестен, жарым жолда қаза болып қалады. Сонда, оған азап періштесі менен рахмат періштесі таласа бастайды. –Бұл тәуба қылып, Аллаға жүзденіп баратқан – дейді рахмат періштесі. –Бұл еш қандай жақсылық кылған емес – дейді азап періштесі. Сол мезгілде, Алла Тағала оларға адам суретінде періштені жіберіп. Періште келіп, оларға: – Ол тұрған жерді белгілеңдер, қайсы адамдар жасаған жерге жақын болса, солардан болсын – деп үкім шығарады. Жерді  белгілегенде, Алланың қалауы менен жақсы адамдар жасаған жерге бір қарыш жақын болып шығады да, оны рахмат періштелері алып кетеді».

Құрметті мұсылман бауырларым! Егерде, тәуба шариғата көрсетілгендей атқарылса, күнә қаншалық көп болса, АллаТағала оны кешіреді. Ең бірінші кезекте, тәуба деген не екенін біліп алуымыз керек. Тәуба – бұл Аллаға жақпаған жаман (күнә) істі тоқтатып, Аллаға жаққан (сауап) істі атқара бастау болып есептеледі. Тәубаның ең негізгісі – кәпірлікті тастап, имандылыққа қайту.

 Басқаша айтқанда, Исламға сенбей, дінсіз жасап жүрген адам, дінді танып, ақиқат діні болған Ислам дінін қабыл алса, ең дәрежесі биік тәуба осы болады. Пайғамбарыбыз: (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын) бір хадисінде былай деген: – «Ислам, өзінің бұрынғы күнәләрін жуып кетіреді» –деген. Одан кейінгі дәрежедегі тәуба, үлкен күнәларға тәуба қылу. Ислам дінінде, жасаған ғибадаттар арқылы кешірілмей тұрған, тәуба қылу арқылығана кешіріле тұрған үлкен күнәләр бар. Осы бір күнәларды тастап, Аллаға қайту, ең жақсы тәуба болып есептеледі. Одан кейінгі тәуба, кіші күнәларға тәуба қылу.

Тәубаның қабыл болуы үшін үш шарты бар:

1. Күнә ісін істеуді тоқтату. Мысалы: Арақ ішіп  жүрген бір адам. Арақ ішу күнә екенін білді. Білген соң арақ ішуді дереу тоқтатуы міндетті.

2. Күнә ісін  істеп жургеніне өкіну. Мысалы: Жаңағы арақ ішіп журген адам, арақ ішіп жүрген күндеріне  өкінуі керек.

3. Сол күнә істерін қайтадан жасамауға уәде беріп, берген уәдесінде тұруы керек. 

Егерде сол күнә ісі, Алла менен өзінің ортасында ғана емес, басқа бір пендеге тиісілі болса, онда бұл шарттардан тысқары тағыда бір шарт қосылады. Яғни, сол адамнан тағы кешірім сұрап, оны разы қылу керек. Осындай тәуба тәубалар қабыл қылына тұрған уақытта болуға тиіс. Тәуба қабыл болушы уақыт, адамның кеңірдегіне ҒАРҒАРА (өлім) келіп қалғанша және қиямет басталып кеткенше болады. Пайғамбарыбыз: (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын) бір хадисінде былай деген: «Шындығында Алла Тағала пенденің тәубасын, өлім кеңірдегіне келгенге шейін және Қиямет басталғанға шейін қабыл қылады» – деген. Одан әлібетте, тәуба Алланың разылығы үшін болуға тиіс.

Ас-қазан ауырып арақты тастау, палициядан-милициядан қорқып ұрлықты тоқтату, ақшасы жоқ зина қылмай қалу т.б. тәуба қылу болып есептелмейді. Тәуба бір ғана Алланы разы қылып, күнәләрдан тазалану үшін болуы тиіс.

Құрметті мұсылман бауырларым! Ислам діні Алла Тағала өзі разы болған дін. Дінімізде бір амалды жасау менен бір ғана пайдаға жетіспейсің. Керісінше бір амалды жасау менен қаншама пайда табасың. Осыған бір мысал келтірсек, «Үйіңе кіргенде, Ассалааму алайкум уа рахматул-Лаахи уа баракатух деп сәлем айтып кірсе, үйде береке болады» – деп айтқан Пайғамбарыбыз: (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын). Сол уақытта, бұл сәлемдегі үш сөз үшін отыз сауапқа ие боласың.  Әрі, Пайғамбарыбыз: (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын)  сүннетін атқарған боласың. Тәубаны өзіміздің істеген күнәләрімыздан құтылу үшін атқарамыз, бірақ сол себепті Алла Тағала бізге көптеген жақсылықтарды береді. Біз тәуба қылуменен Алланың және Пайғамбарымыздың: (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын) бұйрығын орындаған боламыз. Өйткені, Алла Тағала Кұранда: «Уа, имандылар! Аллаға шындап тәуба жасаңдар» – деп бұйырған. Сол сияқты, Пайғамбарымыз (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын)  да: – «Уа  адамдар! Аллаға  тәуба жасаңдар және одан кешірім сұраңдар. Аллаға қасам ішіп айтамын, мен бір күнде жүзден көбірек тәуба қыламын» – деп айтқан. Шындығында тәуба кылу менен Алланың және Оның елшісінің бұйрығын орындаған боламыз. Ал енді  Алланың және  Оның елшісінің  бұйрығын орындау өте сауапты әрі зарыл амал болуы қандай. Тәуба қылушыларды Алла Тағала жақсы көреді. Алла Тағала Құранда: «Шындығында, Алла Тағала тәуба қылушыларды және тазаланушыларды жақсы көреді» – деп айтқан. Алла Тағалаға жақсы көріну, Алланың сүйікті пендесі болуу, мұсылман үшін өте қажет нәрсе. Әр біріміздің мақсатымыз, Алланың сүйікті құлы болу емес пе? Сол сияқты пенде тәуба қылу менен Алла Тағаланы қуандырады. Бір хадисте, Пайғамбарымыз (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын): «Шөл далада бір адам түйесін қолынан жіберіп алады. Оның суы да азығыда түйесімен бірге кетеді. Өмірден үміті үзілген, әлгі адам, бір ағаштың көлеңкесіне отыра кетеді. Қоқыстан, оның түйесі  қайтып келеді. Ол түйесінің ноқтасынан ұстап алып, қатты қуанғандықтан: О, Аллам сен менің кұлымсың, мен сенің қожайыныңмын деп айтып жібереді. Шындығында ол қатты қуанғандықтан адасып кетті. Ал енді пендесінің тәубасына, әлгі адамнанда көбірек қуанады» – деп айтқан. Сондай-ақ, тәуба қылушылар, ақыретте үлкен игілікке жетеді. Алла Тағала: «Уа, имандылар! Барлықтарың Аллаға ғана тәуба жасаңдар. Бәлкім (азаптан) құтыларсыңдар» – деп айтқан. Ал неге Пайғамбарымыз (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын): «Күнәдән тәуба қылушы, күнәсі  жоқ адам сияқты болады» – деген?

Құрметті мұсылман бауырларым! Бұл жалған дүниедегі күнәлардан кұтылып, шынайы өмір сүріп таза бару барлығымыздың тілегіміз. Сондықтан кей-бір кішкене  күнәларды жойып жоқ қылушы амалдарды айта кетейік. Алла  Тағла, кей бір амалдардың себебі менен кішкентай күнәларды кешіреді.

Мысалы: 1. Дәрет алу. Пайғамбарымыз (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын): «Кімде-кім жақсылап дәрет алса, оның тырнактарының түбіне шейінгі күнәләрі шығып кетеді» – деп айтқан.

 2. Бес уақыт намазды оқу. Пайғамбарымыз (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын): «Есік алдында ағып жатқан өзенге бір күнде бес жолы жуынған адамның денесінде кір қалама»? – деп сұрады сахабаларынан. – Жоқ – деп жауап берді олар.– «Сол сияқты бес уақыт намаз менен Алла Тағала пенденің күнәсын кетіреді» – деді Пайғамбарымыз (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын).

3. Жұма намазын оқу. Пайғамбарымыз (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын): «Жұма намазын оқыған адамның өткен жұмадан бергі күнәләрі кешіріледі, егер үлкен күнәләрдан алыс болса» – деп айтқан.

4. Мешітке көп бару. Пайғамбарымыз (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын): «Кімде-кім үйінен жақсы дәрет алып, парыз намазын оқу үшін мешітке жөнелсе, бір қадамына күнәсі кешіріліп, бір қадамына дәрежесі көтеріледі» – деген.

5. Тарауих намазын оқу. Пайғамбарымыз (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын): «Кімде-кім, Рамазан айында сенім және сауап үміт қылу менен (намазға) тұрса, оның өткен күнәләрі кешіріледі» – деп айтқан.

6. Қадыр түнін күту. Пайғамбарымыз (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын): Кімде-кім, Қадір түнін сенім және сауап үміт қылу менен тұрса, оның өткен күнәләрі кешіріледі – деп айтқан.

7. Қажылық амалын атқару. Пайғамбарымыз (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын): «Кімде-кім, қажылық амалын атқаруда бұзық және күнә істерін қылмаса, үйіне анасынан жаңадан туылғандай болып қайтады» – деп айтқан.

8. Белгілі сөздерменен Алланы зікір қылу. Пайғамбарымыз (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын): «Кімде-кім, бір күнде жүз жолы: «Субхаанал-Лаахи уабихамдика» деп айтса, теңіздің көбігіндей көп қателері болса да өшіріледі» – деп айтқан.

9. Садақа беру. Пайғамбарымыз (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын): «Су отты өшірген сияқты, садақа күнәні өшіреді» – деп  айтқан.

Құрметті мұсылман бауырларым!Мұсылман адам үшін, күнәдан құтылу, күнәдан тазалану өте қуанышты іс. Бүгін біз, үйленсек қандай қуанамыз. Балалы болсақ қандай қуанамыз. Ал енді шындығында қуана тұрған іс бұл тәуба қылып, күнәдан таза болу. Пайғамбарымыз (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын) Табук соғысына  аттанған кезде, көптеген мұнафықтар (екі жүзділер) жихадқа шықпастан қалып қалды. Өйткені, бұл соғыс Күн қатты  ысып тұрған және құрмалар пісіп, теріп алуға даяр болған уақыт еді. Сол сексенен астам мұнафықтардың қатарында, Каьб ибни Малик жәна ондан басқа екі сахаба да жихадқа шықпай қалды. Шындығында Каьбтын бұл соғыстан қалуына еш қандай себебі жоқ еді. Оның міне тұрған көлігіде, жей тұрған азығыда бар еді. Пайғамбарымыз (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын) оның сахабалары Табук соғысынан қайтып келген соң, соғысқа бармай қалған мұнафықтар бірінің артына бірі кіріп ақталып, әр қандай сылтауларын айтты. Каьб және оның екі жолдасы Пайғамбарымызға(Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын) алдына барып, ешқандай себепсіз соғысқа бармай қойғандарын айтты. Пайғамбарымыз (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын) олардың рас айтқандарын білді да,  бұларға  үкімді Алла Тағала шығарады деп қойды. Сол күннен бастап Пайғамбарымыз (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын) олармен сөйлеспей қойды. Олардың сәлеміне  жауап бердіме не бермедіме, онысы да білінбейтін еді. Әрі, сахабаларға да, оларға сөйлеуге тиым салып қойды. Каьб өзінің жақын туғандарына сәлем айтса, олар да жауап бермейтін еді. Сол уақытта олардың өмірі қараңғы түнекке айналды. Олар кемшіліктері үшін Аллаға тәуба қылып күні-түні жалынып-жалбарынды. Каьб қайратты жас адам болғандықтан, мешітке және базарларға барып жүрді. Әлгі екі жолдасы үйлерінен шыға алмай қалды. Олардың көз жастарынан беттеріне із пайда болды. Олар қаншалық қиналғанымен, Пайғамбарымыз (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын) оларға ешқандай сөз айтқан жоқ. Сөйтіп, арада елу күн өтті. Бұл елу күн олар үшін елу жылдан да ұзағырақ болды. Бір күні таң-намазының уақытында, Алла Тағала: «Соғыстан қалған үшеуінің да тәубалары қабыл болды. Оларға кең жер әбден тар болып кетті. Олардың жүректері қысылып кеткен еді. Алладан басқа ешкімнің сақтап қалушының жоқ екенін білді. Сондықтанда Алла олардың тәубаларын қабыл қылды. Шындығында, Алла тәубаларды қабыл қылушы, Мейрімді» – деген аятты түсірді. Пайғамбарымыз (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын) бұл аятты өте қуаныш пенен оқып берді. Оны ұққан  сахабалар, куанышы қойнына сыймай, Каьбқа сүйінші сұрауға шашылып жөнелді. Бірі шұрқап жөнелсе, келесісі атына мініп шауып жөнелді. Бұл уақытта Каьб үйдің сыртында тұрған. Алыстан келе жатқан сахаба оған: Ей, Каьб! Сүйінші хабар келді. Алла тағала сендердің тәубаларыңды қабыл қылды – деп айқайлады. Қуанышы қойнына батпаған Каьб, үстіндегі көйлегін шешіп, сүйіншілеген адамға бере салып, мешітті көздөй жүгірді. Мешітке келіп, сәлем бергенде Пайғамбарымыз (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын)  бастаған барлық сахабалар, сәлеміне жауап берді. Пайғамбарымыз (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын)  жылмайған жылы жүзі менен тосып алды. Каьб, Пайғамбарымызға (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын) қарап:– Уа, Алланың елшісі, бұл сенің сөзіе әлде Алланың сөзіме – деп сұрады. – «Бұл Алланың сөзі» – деп жауап берді  Пайғамбарымыз (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын). Сол кезде  Каьб, дереу сәждеге жығылып Аллаға  мақтау  айтты. Бұл уақытқа шейін қайғыдан көз жасы тыйылмаған болса, бұл жолы қуаныштан көзжасы ағып жатты. Олардың тәубалары қабыл болғанына, олардан да артықша қуанған Пайғамбарымыз (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын): «Уа, Каьб. Бұл күн сен анаңнан туылғаннан бері ең бақытты күнің болды» – деді.

 Шындығында Каьб көптеген бақытты күндерді басынан өткізген. Бірақ, Пайғамбарымыз (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын) оның өміріндегі ең бақытты күн, тәубасы қабыл қылынған күн болды деп айтты. Демек, қазіргі кезде біз ең бақытты күнім деп есептеп жүрген, машина ұтып алған күніміз, жоғарғы қызметке көтерілген күніміз, бизнестен жақсы кіріс түскен күніміз ж.б. бақытты күн емес екен. Пенденің ең бақытты күні, оның жасаған күнәлері  кешіріліп, қылған тәубалары қабыл болған күн екен.

Құрметті мұсылман бауырларым!Келіңдер бүгіннен бастап, әрбір күнәміз  үшін Аллаға тәуба қылайық. Жай тәуба қылдым деп ауыз бенен айтып қоймастан, Каьб сияқты, оның жолдастары сияқты, көз жасымызды көлдетіп, шын ықласымызбенен тәуба қылайық. Өткен және келешек күнәлары кешірілген, күнәдән шығыс пенен батыстай алыс болған, ұлы Пайғамбарымыз (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын) бір күнде жүз жолы, кейде оданда көп тәуба қылатын еді.  Пайғамбардың (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын) сүннетіне, Пайғамбардың (Оған Алламның сәлемі-салауаты болсын)  шапағатына мұқтаж болған үмбеттері қатары бізде тәуба қылайық. Алланың  шексіз мейіріміменен ашылып қойылған тәуба есіктері жабылып қалғанға шейін тәуба қылуға асығайық. Алла берген өмір кемесі тоқтап, Алланың алдына баратын күн келгенге шейін тәуба қылып қалайық. Алла тағалам, өзіңе алақан жайып, тізе бүктік. Біздің жасаған күнәлерімізді кешіргің. Алла тағалам, өз мейіріміңнен үміт қылып, өзіңе тәуба қыламыз. Біздің тәубаларымызды қабыл қылғың. Алла тағалам, тәуба есіктеріңді жапқанға дейін, біздің тәубаларымызды қабыл қылғың. Алла тағалам, қарияларымызғы иман жастарымызға жақсы әдеп-ахлақ бергің. Бүгін осы жерде қандай шоғылған болсақ, қиямет күнінде ұлы пейішіңде де  барлығымызды шоғылтқың.

Ерлан БӨЛЕГЕНОВ

«Бегалы ата» мешітінің имамы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: