Биыл да Жаратушының нәсіп етуімен, аман-есендікте қасиетті Рамазан айымен қауышқалы отырмыз. Келе жатқан мүбәрак аймен баршаңызды құттық-тай отырып, елімізге аман-дық, жерімізге тыныштық, шаңырақтарыңызға Жарат-қанның жақсылықтары да-рысын, деп тілеймін.
Рамазан - араб сөзі, түбірі «рамзау» - «өте ыстық» деген мағынаны білдіреді. Ғұламалар мұны: «Рамазан айында ораза ұстаған пенденің бойына біткен кішігірім күнә-кемшіліктері күйіп кетеді»,- деп түсіндіреді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) ораза туралы өз хадистерінің бірінде: «Кім Рамазан оразасын иман және сауап үмітімен ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі»,- дейді. Сондықтан, Рамазан айы күнәлар кешірілетін ай деп айтуымызға негіз бар.
Рамазан - ерекше ай. Бұл айда жасалған ғибадат, құлшылықтарға Алла тағала еселеп сауаптар жазады. Хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадис-шәріпінде: «Рамазан айында бір жақсы іс жасаған адамға Алла тағала басқа айларда парыз істі орындағанның сауабын береді. Ал парызды орындағанға басқа айларда жетпіс парыздың сауабын жазады»,- дейді. Демек, бұл айда жай садақа жасаған кісі басқа айда зекет бергендей сауап алады, ал бес парыздың бірі - зекетті осы айда өтесе, жетпіс рет зекет жасағанның сауабын алады. Сондай-ақ, нәпіл, тарауих намазға жығыл-са, басқа айда парыз намаз оқығанның сауабындай сауап-қа кенеледі, ал парыз намазын оқыса, басқа айда жетпіс парыз намазын оқығанмен тең сауап жазылады. Сол себепті, бұл айды әдеттегіден де имандылыққа барынша ден қойып, маңызды өткізген жөн. Исі мұсылман рамазан айында ораза ұстайды, ауыз аштырады, тігінен-тік тұрып тарауих және Құран хатымға қатысады, пітір-садақаларын береді, тақуа болады, рухани байи түседі.
Ораза - бес парыздың үшіншісі. Ораза - қасиетті Құранның аятымен бекітілген ғибадат.
Қасиетті Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Тақуалықтан үміттерің болса, өзде-ріңнен бұрыңғыларға ораза ұстау парыз етілгені сияқты, сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Санаулы күндер. Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде өтесін. Ал ораза ұстауға шамасы келмейтіндер бір міскіннің пидиясын берсін. Сонда кім өз қалауымен қайырлы іс жасаса, ол өзіне жақсы. Біле білсеңдер, ораза ұстағандарың өздерің үшін жақ-сы»,- делінген. Осы аяттан ораза ұстау жаңа бір ғибадат емес, керісінше, ораза ұстау барлық діндерде бұрыннан бар ғибадат екенін бағамдаймыз. Дінтанушы ғалымдардың айтуына қарағанда, барлық діндерде, тіпті, иләһи емес діндерде де ораза ғибадаты бар екен. Бірақ, ораза ғибадатын орындау оларда әртүрлі.
Мысалы, көне мысырлық балгерлер жылына жетi күннен жетi аптаға дейiн ораза ұстапты. Қытайлықтар жай күндерде бастарына бiр iс түскенде өздерiн ораза ұстауға мәжбүрлейтiн. Кейбiр қытайлықтар мен тибеттiктер жиырма төрт сағат ораза ұстаған екен. Гректер болса, әйелдерiн көбірек ораза ұс-тауға мәжбүрлепті. Юнондық тайпалар соғыс бастамас бұрын бiрнеше күн қатарынан ораза ұстайтын болыпты. Римдіктер мен италияндықтар жау шабуылға шыққанда оларға қарсы шайқаста жеңiске жету үшiн ораза ұстайтын болған.
Кейбір діндерде үш мезгіл тамақтың бір мезгілін жемеуді ораза ғибадаты деп санаса, қайсыбір діндерде түске дейін аш жүруді ораза дейді, кейбір діндер тамақтың ешқандай түрін жемей, бірақ су ішіп жүруді ораза деп түсінеді, кейбір діндер астың кейбірін жемей ораза ұстайды. Мысалы, христиандарда жануарлардың етін, құстардың жұмыртқаларын қырық күн жемей жүруді ораза дейді. Бүгінгі күнгі христиандардың бір қазанда сорпасы қайнамайтын секталары өте көп, сондықтан ораза ұстау әрқайсысында әртүрлі болуы да мүмкін. Ал, исламдағы ораза - иләһи мағынаны қамтитын, нағыз ғибадат.
Ораза деп айтып отырған сөзіміз жоғарыдағы аяттағы «сиям» деген сөзден аударылды. Мағынасы «өзін тыю» деген сөз. Шариғатта «таң атқаннан күн көзі толық батқанға дейін ниетпен оразаны бұзатын немесе ашып жіберетін нәрселерден өзін тыюға» айтылады. Оразаны бұзатын нәрселер дегенге тоқталатын болсақ, жеуді, ішуді, жыныстық сезімге берілуді және басқа да оразаны бұзатын әрекеттерді түсінеміз. Мысалы, дәрі ішу, клизма жасату, укол салу, құлағына дәрі тамызу - оразаны бұзады.
Исламда ораза ғибадаты діннің тірегі саналады. Рамазан айына аман-есендікпен жеткен, дені басы сау, балиғат жасындағы өзін мұсылман санаған адамға ораза ұстамау - үлкен күнә. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Рамазан айында парыз болған оразаны ұста-маған адам, бір күн әдейі өмір бойы ораза ұстап өтсе де, сол ұстамаған күнінің орнын толтыра алмайды»,- дейді. Сондықтан, Алланың әмірін өз уақытында орындау - үлкен сауаптарға кенелтеді.
Ораза ұстаудың өзіндік ұстанымдары бары рас. Сондықтан, Алла тағала сырқат және сапарға шыққан адамға көрген қиындықтарының үстіне ауырлық болмасын деп жеңілдік береді: «Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде өтесін». Яғни, сырқат ауруынан айыққан соң, жолаушы сапардан қайтқаннан кейін, қанша күн ұстамаған болса, сонша күн рамазаннан басқа айда қаза ораза ұстайды. Шариғат ғалымдары сырқат адамдардың қатарына етеккірі келген әйелді, жүкті әйелді және қолында емізулі нәрестесі бар әйелдерді де қосады. Етеккірі келген әйел рамазанда қанша күн ораза ұстамаған болса, рамазаннан басқа айда сонша күн қаза ораза ұстайды. Жүкті әйел босанып, емізулі баласын емшектен шығарғаннан кейін қаза ораза ұстайды.
Аяттағы: «Ал ораза ұстауға шамасы келмейтіндер бір міскіннің пидиясын берсін»,- дегеннен ұзақ ғұмыр кешіп, ораза ұстауға шамасы келмейтін кәрі кісілерді түсінеміз. Олар рамазан айында ұстамаған әрбір оразасының орнына бір міскін бейшараның қарны тоятындай тамақ беріп отырады. Мұны шариғат тілінде «пидия» дейді. Ғұламалар ауруынан айықпайтын сырқат адамдарды да жасы ұлғайып, әлжуаз тартқан қарттар тобына қосады. Олардың ораза қазасын ұс-тауға шамалары жоқ. Өйткені, жазылып кетуінен үміт жоқ. Сондықтан, оразаның орнына пидия береді.
«Кім өз қалауымен қайырлы іс қылса, ол өзіне жақсы»,- делінген аятта. Кім өз ынтасымен көп сауап аламын деп бір міскінге ғана емес, екі-үш адамға немесе арзан емес орташа немесе бір кісіні болса да аса бағалы дәмді тағамдармен тамақтандырса, өзі үшін жақсы. «Біле білсең-дер, ораза ұстағандарың - өздерің үшін жақсы»,- дейді. Демек, басқа ғибадаттар сияқты ораза да әуелі ауыз бекіткен пенделеріне жақ-сылық келтіреді.
Ораза ғибадаты пенденің Аллаға деген сезімін оятады, ораза - адамның тақуалығын күшейтеді, ораза - адамды Жаратқанға жақындатады, ораза - Алланың ризалығына бөлейді, ораза - мол сауапқа кенелтеді, ораза - жәннат есігін ашады, ораза - тозаққа қалқан болады. Және біз білетін- білмейтін жақсылықтарға жеткізеді. Сондықтан, ораза ұстаған адамнан Аллаға жақын адамның табылуы екіталай. Өйткені, ораза ұстаған адам тек Алла үшін, Оның ризалығына жету үшін таңнан күн батқанға дейін аш жүреді, шөліркейді және жыныстық сезімдерге берілмейді. Алла тағала хадис құдсида: «Адамзаттың барлық амалы өзі үшін, адамзат әрбір жақсылығы үшін оннан жеті жүз сауапқа дейін, тіпті одан да көп сауап алады. Ал ұстаған оразасы Мен үшін, оның сауабын Өзім ғана білем, әмірін Өзім берем. Өйткені, ол Менің ризалығым үшін таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден және және жыныстық қатынастан бас тартты»,- дейді. Басқа ғибадаттарға қарағанда, оразаның сауабы тым көп болғандықтан, санмен шектелмейді, сол үшін Алла тағала оразаның сауабын Өзім берем, яғни сауабының көптігі маған ғана аян, дейді. Шын мәнінде, оразадан басқа ғибадаттарда ғибадат жасаушының амалдары оның еркінен тыс аз-кем көрініс беріп қалуы байқалады. Мәселен, намаз оқыса, оны басқалар көреді, «намаз оқиды», деген ой туады. Зекет берсе, жоқ дегенде, оны садақа алған адам біледі, оған алғысын жасырмайды. Қажылық жасаса, ол да байқалады. Қажылық та көпшілікпен атқарылатын амал. Тіпті, бүгінгі күнде қажыға барғандар атына «пәленше қажы» деп қосып ататтыруды әдетке айналдырған. Ал, ораза ұстаған адам ешкім көрмейтін сәресі уақытында тұрып ауызын бекітеді. Күні бойы басқалардан айырмашылығы білінбей жүреді, тек Алладан қорыққаннан, тек Алланың ризалығы үшін, оразасын ешкім жоқ жерге кіріп алып ашып жібермей, ниетпен соңына жеткізеді. Сондықтан да, Алла: «Оразаны пендем Мен үшін ұстайды»,- дейді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадис-шәріпiнде: «Жәннатта бiр есiк бар. Оның аты - Райан. Қиямет күнiнде ол есiктен тек ораза ұстағандар ғана кiредi. «Ораза ұстағандар кірсін»,- дегенде, олар орындарынан тұрып осы есiктен кiргiзiледi. Соңынан есiк жабылады. Олардан кейiн ол есiктен ешкiм кiргiзiлмейдi»,- деген. Пайғамбарымыз хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.): «Үш адамның дұғасын Алла тағала кері қайтармайды. Яғни, үш кісінің тілегі Алла құзырында қабыл болады. Ата-ананың перзенті үшін жасаған тілегі, дұғасы. Ораза ұстаған адамның тілегі. Жолаушының тілегі»,- дейді.
Демек, Жаратқан Тәңіріміз Алла тағала үшін ораза аса мәртебелі ғибадат. Сондықтан, Алла тағала ораза ұстаушының тілеген тілегін береді. Ораза ұстаушыға берілетін сауаптардай сауап-тар басқа ғибадаттарда жоқ. Оразаның сауабы басқа ғибадаттардың сауабынан ар-тық. Оразаның ораза ұстаған адамға берері де мол. Ораза адам бойындағы ең жақсы қасиеттерді қалыптастырады. Сондай қасиеттердің бірі - тақуалық.
Жоғарыда келтірілген аятта: «Ей, иман келтіргендер! Тақуалықтан үміттерің болса»,- деп айтылған. Ал, сонда «тақуалық» деген не? Тақуалық деп - жаманнан жиренуді, жақсы, көркем мінездерге бейімделуді айтады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Иман - жалаңаш, тақуалық - иманның киімі",- деген. Демек, тақуалығың болмаса, имандымын деп айтудан ұял дегені. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Тақуалық қайда?»- деп сұрағанда, көкірегіне алақанын басқан екен. Алла тағала: «Жәннатқа тақуалы жандар кіреді»,- деп қасиетті Құранның бірнеше аятында баяндайды. Сондай-ақ, қа-сиетті Құранның «Бақара» сүресінің ең алғашқы ая-тында: «Бұл Құран тақуалы жандарды ғана тура жолға бастайтын кітап»,- дейді. Демек, тақуалық - адам бойындағы ең жақсы қасиет.Егер, аяттағы «тақуалықтан үміттерің болса»,- деп айтылуына мән берсек, онда оразаның мұсылманды та-қуалы етуі үшін парыз болғаны ақиқат. Ораза - тақуалыққа апаратын жолдардың ең не-гізгісі. Ораза ұстаған адам тақуалыққа бет бұруы керек. Ал егер кім ораза ұстаса, бірақ көкірегінде тақуалық сезім пайда болмаса, яғни, жаманнан жиренетін, көркем мінездерге өзін бейімдейтін сезімі пайда болмаса, ол адам оразаны шынайы ықыласымен ұстамаған саналады. Оның оразасынан тек қиналғаны ғана қалады. Осылай болып қалудан Алла сақтасын! Келе жатқан рамазан айында ораза ғибадатын шынай ықыласымызбен ұстауды Алла нәсіп етсін. Жаратқан баршамызға өзі жар болғай!
Қасиетті Құранда: «Рамазан - адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстайтын болсын» («Бақара» сүресі, 185-аят),- делінген.
Рамазан - айлардың сұлтаны. Ол - он екі айдың ішіндегі ең абзалы, ең қадірлісі. Өйткені, бұл мүбәрак айда Алланың күллі адамзатқа жіберген соңғы кітабы - Құран Кәрім түсірілді. Құран адамдар үшiн жолбасшы, тура жолды түсiндiрiп, ақ пен қараны, сауап пен күнәні, ақиқат пен жалғанды, жақсы мен жаманды айырушы, жаман қылықтардан сақтандырушы қасиеттi кітап. Рамазан - қасиетті Құран айы. Мұсылмандар осы айда қасиетті Құранды көбірек оқиды. Рамазан айында Құранды бір хатым жасау - Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Сондықтан, Рамазан айында мешіттерде тарауих намазы оқылып, онда Құран хатым түсіріледі.
Ислам әлеміндегі дерлік барлық мешіттерде, еліміздегі қалалық, ауылдық мешіттерде рамазан айының кештерінде тарауих намазы оқылады. Тарауих намазында қасиетті Құранды толығымен жатқа айтатын хафиз қари ер кісі жамағаттың алдына шығып, имамдыққа өтеді. Қариға ұйыған жамағат тік тұрып, қаридың қирағатпен оқыған аяттарына құлақ салып, зер қойып тыңдайды. Рамазан бойы әр күні тарауих намазы жиырма рәкәттан оқылады. Қасиетті Мекке мен Мәдина қалаларындағы екі қасиетті мешітінде де тарауих жиырма рәкәттан оқылады. Ислам әлеміндегі дерлік барлық мешітте де неше ғасырлардан бері тарауих намазы жиырма рәкәттан оқылып келеді. Тарауих намазы рәкәттарының саны туралы шариғат кітаптарында басқа да риуаяттар болға-нымен, амалда осы жиырма рәкәты басымдау. Тарауихта Құран хатымды әр күні бір парадан оқу - ең құпталған түрі. Құран отыз парадан, яғни 30 бөлімнен тұрады. Рамазан айы да отыз немесе жиырма тоғыз күндік. Құранның бір парасы жиырма беттен тұрады. Рамазандағы тарауих намазы жиырма рәкәттан. Демек, Құран мен Рамазан бір-біріне сәйкес. Олай болса, тарауихтың бір рәкәты Құранның бір бетін оқуға тура келіп тұр.
Тарауих намазы - мүбәрак Рамазан айының ең көзге көрінген маңызды ғибадаттарының бірі. Пайғам-барымыз (с.ғ.с.): «Кім рамазан айында тарауих намазын иманмен, ықыласпен оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі»,- деген.
Тарауих намазы Рамазан айы бойы құптан намазынан кейін үтір намазынан бұрын немесе кейін оқылады. Тарауих намазы жиырма рәкәттан тұрады, екі рәкәттан он рет ниет жасап оқиды. Тарауих намазын мешітте жамағатпен оқу абзал. Бірақ, үйде немесе басқа жерде жалғыз оқыса да болады. Пайғамбарымыз хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) бұл намазды кейде мешітте жамағатпен оқыған мұсылмандарды тарауих намазын оқуға үндеген, бірақ бұйырмаған. Сол үшін тарауих намазы шариғатта парыз немесе уәжіп емес, сүннәт мүәккада саналады.
Жоғарыда қасиетті Құранның соңғы аятында: «Рамазан айын көрген мұсылмандар бірден ораза ұстайды»,- делінді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Айды көріп, ораза ұстаңдар және Айды көріп, оразаны ашыңдар, ал аспан бұлтты болып, ай көрінбесе шағбан айын отыз күн етіп толтырыңдар»,- деген. Демек, шағбан айының жиырма тоғызы күні яғни, ертең кешкісін рамазан айының шығуын көру әрбір мұсылманға - уәжіп. Аспан бұлтты болса, шағбан айы отыз күн.
Әр жылғы ораза алдыңғысынан он, он бір күн бұрын ұсталады. Мысалы, өткен жылғыдан биылғы ораза он, он бір күнге жылжып отыр. Мұсылманша жыл санау осылайша отыз үш жыл дегенде бір жылға айырмашылығы артады. Содан мұсылмандар, бір кісі дүние салып жатса, оған айтізбесімен жыл санап, марқұмның жасын шығарып, мұсылманша жас береді. Бұл - өте орынды. Қайтыс болған адамның мұсылманша жасын есептетіп, жаназа шығару - шариғатта теріс емес. Қайта, мұсылманның жасын мұсылман күнтізбесімен біле білу құптарлық іс. Алла тағала айтізбесіне жататын Рамазан айын ораза ұстау үшін таңдағанының себебі және хикметі - қыс, жаз, көктем, күз мезгілдерінде, яғни, ұзын-қысқа уақыттарда да, ыстық-суық күндерде де пенделерін ораза ғибдатымен сынап көру болса керек.
Рамазан айы баршамызға қайырлы болсын. Рамазан айына лайық ғибадаттар жасайық. Алла береке, бірлік берсін. Рамазан құтты, Алла баршамызға жар болсын!
Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ