Рамазанның ұлылығы неде?

Рамазанның ұлылығы неде?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мейірімді және рахымды Алланың көркем есімдеріменен бастаймын. Алла Тағалаға мақтау айтамыз, одан жәрдем сұраймыз және күнәләріміз үшін кешірім сұраймыз. Куәлік берем  Ол, Алла жалғыз, Оның ешқандай серігі жоқ. Ол, Алла  бір айдан екінші айды  фазілетті қылып жаратқан. Ол, Алла ұлық Рамазан айында ораза ұстауды парз қылған және сол айда кереметті Құранды түсірген. Рамазанда ораза ұстаған  адамдарға шексіз сауаптарды уәде қылып:  «Адамзаттың барлық амалы өзі үшін, ал ұстаған оразасы Мен үшін, оның сауабын Өзім ғана беремін. Өйткені, ол Менің ризалығым үшін таң атқаннан күн батқанға дейін тағамнан, сусыннан  және жыныстық қатынастан бас тартты» деп айтқан.

Күәлік берем  Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алланың құлы және ақырғы елшісі. Пайғамбарыбыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұлы Рамазан айынан қандай тәрбие алу керектігін бізге үйреткен және бұл айды тұра пайдалануға шақырған. Рамазан сабақтарын оқытушы ұлық муғалім Мұхаммед пайғамбарымызға, оның үй-ішіне және сахабаларына Алланың сәлемі және салауаты болсын.

        Міне қайтадан есігімізді қағып мәртебесі жоғары Рамазан айы кіріп келді. Мәртебесі жоғары Рамазан басталардан алдын, бұл ай тұралы қысқаша түсінік берейік. Не үшін Рамазанды мәртебесі жоғары деп санаймыз? Рамазан айында қандай ғибадаттарды атқарып, қандай істерден тыйылу керек? Алла тағала бір мекенді екінші бір мекеннен немесе бір айды екінші бір айдан әшейіннен-әшейін мәртебесін жоғары қылып қойған емес. Мысалы, Мекке шахары мәртебесі жоғары шахар. Оның мәртебесі жоғары болуының себебі, барлық мусылмандардың қыбыласы болған Қағба сол жерде. Рамазанның мәртебесі жоғары болуының себебі, бұл айда қадыр кеші  бар. Ал енді қадыр кешінің мәртебесі жоғары болуының себебі, бұл кеште Құран түсірілген. Демек, құрметті мұсылман бауырым. Рамазан айы Құран түсірілген ай. Құран түсірілген айда Құранда тыйу салынған күнәләрді тастап, атқаруға бұйырылған амалдарды атқаруға үйрену керек. Шағбан айының аяғында Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына қарап:

– «Уа, адамдар! Сендерге мәртебесі жоғары ай жақындап келе жатыр. Алла Тағала бұл айда ораза ұстауды парыз, түнгісін  намаз оқуды  нәпіл (тәрәпі намазы) қылды. Кімде-кім Рамазан айында нәпіл ғибадатты атқарса, парыз ғибадатты атқарғандай сауап беріледі. Ал енді кім парыз ғибадатты атқарса, басқа  айлардағы жетпіс парызды атқарғандай сауап алады. Кімде-кім адамдардың аузын аштырып құрсағын тойғысса, тозақтан жетпіс жылдық аралықта алыс болады» – деп айтқанда, сахабалардың кей біреуі: – Уа, Алланың елшісі, ауызашар жасауға  бәріміздің мүмкіншілігіміз келмейді ғой – деп сұрады. – «Кімде-кім бір жутым су не бір құрма менен ауыз аштырса, тозақтан жетпіс жылдық аралықта алыс болады» –деп жауап берді. Мына сол есепсіз сауаптар берілуші Рамазан айында Алла  Тағала басқа айларда адал болған үш істі атқарудан тыйым салды: тамақтанудан, сусын ішуден және әйел менен еркектің жақындасуынан. Әрбір ақылды адам Алла Тағаланың адал істерден тыйғанын көріп, Рамазан оразасының не үшін парыз болғандығын түсіне алады. Рамазан бізді адал істерден тыю менен бірге, арам істерді толық тастауға тәрбиелейді. Әлбетте, Рамазанның бұл тәрбиесін Аллаға шындап ықлас қылған, оразаны не үшін ұстап жатқандығын білген адамдар ғана мәртебесін түсіне алады. Алла Тағала Құранда: «Әй иман келтіргендер! Сендерден бұрынғы елдерге парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине, тақуа болуларың үшін» – деп айтқан.(Бакара. 183-аят.)

 Осы аятта Алла Тағала жәй ғана оразаның парыз болғандығын айтпастан, өте мағыналы болған үш нәрсені айтқан. Аяттың басында Алла Тағала иман келтіргендерге қайрылып жатады. Демек, оразаны имандылар ғана ұстай алады. Ал енді иманның мекені қайда? Әлбетте, иманның мекені жүректе. Аяттың жалғасында, ораза ұстау парыз қылынды деп айтылған. Шындығында ораза ұстаған адамды сыртқы келбетінен білуге болмайды және оның қандай ниетпенен ұстағанын да білу мүмкін емес. Яғни, оразаның мекені де жүректе екен. Аяттың ақырында ораза ұстаудың негізгі себебі тақуа болу екендігі айтылады. Тақуалық деген не? Тақуалық – Аллаға шын ниетпен сеніп, Ол бұйырған істі атқару және тыйым салған істен тыйылу. Ендеше, тақуалықтың мекені де жүректе.

Мұсылман бауырым!

Жоғарыдағы аяттан түсінікті болғандай Рамазан жүректі тазалайтын ай. Жүректі неден тазалаймыз? Әлбетте, жүректеріміздің мекенін жайланып алған күнәлардан тазалаймыз. Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:

– «Ораза ұстап, бірақ  өтірік сөйлеуден, алаяқтық қылудан өзін тыйа алмаған адам аш жүргеннен басқа еш нәрсеге жете алмайды» – деген. Азаннан кешке дейін тамақтанбай, сусын ішпей жүріп, бірақ күнә істерден өзін тыймаса, ұстаған оразадан қандай пайда? Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екінші бір хадисінде сахабаларына қайрылып:

 Ораза ұстап  бірақ күнәдан өзін сақтай алмаған адам Алланың алдына барғанда құр қол қалуы мүмкін. Әлбетте, бұл жеңіл нәрсе емес. Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  бір жолы мінбарға аяғын қойып жатып «амин» деді, екінші текпешегіне аяғын  қойғанда тағы «амин» деді, үшінші текпешекке аяғын қойғанда да «амин» деді. Мінбарға шығып құтбасын аяқтаған соң, сахабалар сұрады:

– Уа, Алланың елшісі. Мінбарға шығып баратып әдеттен тысқары үш жолы амин деп айттың, себебін түсіндіріп берсеңіз – деп сұрады.

– «Мінбарға аяғымды қойған мезгілде, Жәбірейіл маған: – Ораза ұстап бірақ күнәні тастамаған адам бақытсыз болсын – деп айтты. Мен оған «амин» дедім. Екінші аяғымды қойған мезгілде, Жәбірейіл: – Ата-анасын не ол екеуінің біреуі қолында қартайғанда оларды разы қылып бейішке кіре алмаған адам бақытсыз болсын – деп айтты. Мен оған «амин» дедім. Үшінші текпешекке аяғымды қойғанда, Жәбірәйіл: – Сенің атыңды естіп, бірақ салауат айтпаған адам бақытсыз болсын – деп айтты. Мен оған да «амин» дедім» – деп түсіндіріп берді. Олай болса, құрметті бауырлар, келіңіз ұлық Рамазанда тек асқазан менен ғана ораза ұстамай, жүрегіміз, тіліміз, көзіміз, қысқасы барлық ағза мүшелерімізбенен ораза ұстайық. Ораза – бұл тосушы перде, тіршілігімізде кунәдан тосады. Ақыретте тозақтан тосады.

 Рамазан деген сөз араб тілінде бес таңбадан тұрады.

Ра таңбасы- рахмат,

мим таңбасы – (мағфират) кешірім,

алиф таңбасы – (амаанун минан-наари) тозақтан аман болу,

дзод таңбасы – (зомаанунилал жаанати) пейішке кепілдік,

нун таңбасы – (нуурун фил) жаннати пейіштегі нұр.

 Аллам әр бірімізді  өз рахымыңа алып, күнәләрімізді кешір. Тозақ отынан аман қылып, пейішіңе кіргіз. Ұлық Рамазан айын дұрыс пайдалануды бәрімізге  нәсіп қыл. Аллам біліп-білмей жасаған күнәләрімізді кешіріп, иманды адамдар менен бірге болуды нәсіп ет.

Ерлан БӨЛЕГЕНОВ,

«Бегалы ата» мешітінің имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: