Бұрында қазақ халқы «Ассаламуалайкум» сөзінен кейін, «мал-жан аман ба?» деп жағдай сұрасатын. Табиғатпен тел өсіп, төрт түліктің күйіне қарап отырған соң осылай жай сұрасқан шығар... Алайда, қазір, мүлдем бөлек. Мал да жан да әдіре қалған. Әуелден, тіпті «ассаламу алайкум» сөзінен бұрын, айтары «кредиттен құтылдың ба?» деп бірі-біріне жаны ашып жатады. Бұл күнде банкка не басқа біреуге процент қарызға кірмеген қазақ қалмаған шығар. Кіргені ауырлығын сезініп, кірмегені кіргендердің ауыртпалығын бірге көтерісіп жүрген жайы да бар.
Қойшы, әңгіменің төркіні бұл емес, қарыздың қиыншылығы, кредиттен келетін қасіреттер. Көз алдаған жалт-жұлт еткен жарнамалар, кредитті бейне бір тегін беріліп жатқан дүниедей көрсетеді. Кепілдемесіз несие, құжатсыз несие, өсімі аз несие, ипотекаға «сыйланған» жайлы үй, қарызға берілген көлік немесе тұрмыстық бұйымдар т.б жалаң жарнамалар еліктірмей қоймайды. Есің кетіп, қалай өз еркімен қарызға қойып кеткеніңді білмей қаласың. Соңында өз ақылынның қайда қалғанын білмей, опық жеп, бар тапқан таянғаныңды кредитке төлеп жүресің. Бұл біз көз жұмып қараған өмірдің шындығы.
Біреулер кредитте тұрған не бар екен, қайта ол сенің өміріңді жеңілдетпей ме деуі мүмкін. Кәсіп көзін ашуына немесе үйлі-жайлы болуыңа т.б қажеттілігіңді өтеуіңе берілген зор мүмкіншілік қой деп, дегбір таппай ақтап жатуы да мүмкін. Алайда ол бүгінде жай ғана жел сөз. Жүз кісінің біріне ғана мүмкін қатты ауыртпалық түсірмес. Бірақ басым бөлігі кредиттің қасіретін сезінеді. Оған өз өмірімізден көптеп мысалдар келтіруге болады.
Кейбір кісілер бұл елдің экономикасын қозғайтын күш деп түсінер. Алайда ол бүгінде керісінше реакция беріп жатқанына көзіміз куәгер. Әр тиынына дейін есеппен тауып, мөлшермен жұмсайтын Европа елі сол өсімнің кесірінен жаппай қарызға батып, есінен айрылып отыр емес пе?
Несиені алып, тірлік жасап жүрген кісілердің өзі сыртқа жүнін қомпайтып көрсеткенмен, тапқан табысының жартысын қарызына беріп, әйтеуір тіршілік жасап жүрмін деп өзін-өзі алдап жүр. Бір кәсіпкер бауырымыз несие алып, басына бір баспана алып қоймақшы болған екен. Банктен әжептеуір сомада несие алып, үйді алды да, өзіне ай сайын 70000 теңге төлеп тұру алғашында түк емес болып көрінген. Сауда-саттығы бар, қосымша жалақы жұмыстары бар, еш қиналмай-ақ жаба саламын деп жоспарлаған да. Ақиқатында бәрі басқаша болып шыға келді. Қолын арамға тыққаннан соң ба, табысының берекесі ұшты. Ай сайын табыс күнделікті төгіліп түсіп тұрса да қайда кеткені белгісіз. Не өмірлік қажетін өтей алмай, не несиесін уақтылы төлей алмай әбден састы. Несиені төлеу уақыты сәл кешіксе болды, банктер құдай берді деп пенияны қосады да жібереді.
Былай қарағанда еш нәрсе болып көрінген несие үш жылдың ішінде сау-тамтығын қалдырмады. Сосын ол кісі өз отбасымен ақылдаса отыра, көлігін, бағалы заттарын сатып, жетпегенін саудаға деп ұстап отырған қорынан қосып, кредитін жапты. Бір қызығы, оның банкка төлегені сол алғашқы алған сомасына тең болды. Үш жыл бойы төлеген ақшасы оның өсімі ғана екен. Былайша айтқанда, ол өзгеге тегін табысын беріп, құл болғаннан кем болмаған екен. Ақшасын қойшы, оған кеткен жүйкені айтсаңшы. Қалай уақтылы төлеймін деп уайымдады. Қанша ұйқысыз түндері күлкісіз күндері өтті. Соның кесірінен жүйкесі тозып, денсаулығы да сыр берді. Ал денсаулық сатылмайды, сатып алынбайды...
Несие аламын деп, осылайша әр ісін есеппен істейтін, шама-шарқы жеткен кісінің өзі шығынға батты. Ал ол кісінің орнына есепсіз не шамасына қарамай несиеге алған кісіні қойып көріңіз.
Оның қасіретін елестетудің өзі қиын. Өмірде жиырма-отыз жылға ипотекаға үй алып, кейін жұмысынан босап, не қайтыс болып кетіп, барынан айырылып қалғандар қаншама. Немесе су жаңа шетел көлігін алып, оны соғып алып, мойын еті борша, арқа еті арша болып төлеп жүргендер қаншама. Күйеуі әйеліне сен ал деп айтқансың деп, ал әйелі күйеуіне сен дүние таппайсың деп жанжалдасып, ажырасып жатқан отбасылар қаншама. Қарыздың күйігіне шыдай алмай, өзін өртеп өлтірген немесе биіктен құлаған, асылып өлген сормаңдайлар қаншама.
Мұның үстіне қазақтың ысырапқоршылығын қосыңыз. Несие алып тірліктің көзін ашса бір жөн ғой. Миллиондап өсімге қарыз алып, жүйесіз той-томалақтар жасап, бір-бірімен бәйгеге түседі. Сағат сайын еселеп өсетін қарызы тіпті естен де шығып кетеді. Ақыры соңында үсті-үстіне үстеме қосылған несиесі тынысын тарылтады. Сасқанынан біреуін жабу үшін басқа жерден өсімге несие алып, қарыздың үстіне қарыз жамайды. Түптің түбінде жалақыдан мыс-мыс ақша ұстаса да, тақыр кедейдің күйін кешеді. Өйткені бұл жерде біз байқай бермейтін қағида бар.
Ол Алланың заңдылығы. Алла шариғатта сауда-саттықты адал қылып, бейнетсіз біреудің үстінен күн көруді, яғни ақша үстінен ақша жасауды біздің тілмен айтқанда өсімді арам қылды. Алла тек қана оны арам деген жоқ, өсімге қарсы ұрыс жариялап, оны жояуды өзі міндетіне алды. Сол үшін де бүкіл жаратылысты уысынан ұстаған Алла өсімге қолы тигеннің берекесін ұшырып, тынышын алады. Қазірде өсім беріп, не өсім алып ісі оңған кісіні жер бетін жеті шарласаң да таппайтынымыз да сондықтан шығар...
Сондай-ақ, қорқатынымыз бұл қарыздың жауапкершілігі. Адам қайтыс болса, жаназада қарызы бар ма деп сұралады. Егер қарызы болса, ол өтелмесе не басқа бір туысын мойнына алмаса, жаназа шығарылмайтыны шариғатта мәлім. Ал қанша кісі бүгінде жаназасы шығып жатыр. Қаншасының кезінде жүйесіз жиған кредиті бар. Оның қарыздарын туыстары өтей ме? Өтесе қашан төлеп бітіреді? Олар төлеп біткенше, есеп-сұрағы алынбай, көрінде қол аяғы кісендеулі күйде жататындығын біле ме екен?
Біз бүгінде өлімді аз ойлайтындықтан шығар, қарыздан қорықпайтын болғанбыз. Ақырын ойланбастан қарызға белшеден бата береміз. Ал қарыз туралы Алланың Елшісі (с.а.у.) не дейді, оны қаперімізге алғымыз да келмейді.
Себепсіз қарызға бата беруі ол - өз басын қауіпке тіккенмен бірдей. Айша анамыздан жеткен бір хадисте Алланың Елшісі (с.а.у.): «Я, Раббым, күпірлікке түсуден және қарызға кіруден саған сыйынамын» деп көп дұға қыла беретін деп айтылады. Мұны естіген бір кісі тұрып: «Сіз неге Алладан қарызға кіруден көп пана сұрай бересіз?», - деп сұраған екен. Алланың Елшісі (с.а.у.): «Ақиқатында қарызы бар кісі сөйлесе алдайды, уәде берсе орындамайды», - деп жауап берген екен. (Хадисті имам Бухари риуаят етті).
Яғни, қарыз болу күнәға есік ашады. Тіпті күпірлікке де бастайды. Ол кісінің ахиреті үшін өте қатерлі. Сол үшін де мұсылман баласы қарызға қатты мұқтаждық болмаса жоламағаны абзал. Бір кісі Алланың Елшісіне (с.а.у.) келіп: «Егер мен Алланың жолында құрбан болсам, менім күнәмнің бәрі кешіріле ме?», - деп сұрады. Алланың Елшісі (с.а.у.): «Әлбетте, егер сен сабыр қылып, кейін шегінбестен, Алладан сауап күтіп, Алла жолында жаныңды берсең, кешіріледі» - деді. Біраз уақыттан соң, Алланың Елшісі (с.а.у.) ол кісіден сұрағын қайталауды сұрады. Ол сұрағын қайта айтты. Алланың Елшісі (с.ау.): «Қарызыңнан басқасы кешіріледі. Бұл сөзді Жебірейл (а.с.) қазір маған жеткізді», - деп жауап берді. (Хадисті имам Муслим жеткізді).
Ең құрметке ие болған шейіттің өзі қарыз үшін жауап беріп жатса, қалған күнәсі көп пенделердің ахиреттегі ахуалы ойлаудың өзі қиын.
Бір күні Алланың Елшісінің (с.а.у.) алдына бір кісінің мәйітін жаназасын оқу үшін алып келді. Ол жүзін көкке көтеріп, сосын түсірді де, қолын маңдайына қойып: «Кемшіліксіз, пәк Алла сенің бұл заңын қандай қатты!», - деді. Сахабалар бұл сөзден қатты шошып кетті. Оларды үрей мен үнсіздік биледі. Ертесіне сахабалар: «Я, Алланың Елшісі (с.а.у.)! Кеше сіз айтқан Алланың заңы ол қандай заң?» - деп сұрады. Алланың Елшісі (с.а.у.): «Ол қарыз туралы Алланың үкімі. Жаным қолында болған Алланың атымен ант етемін. Егер бір кісі Алла жолында өлтірілсе, сосын қайта тіріліп, қайта өлтірілсе, сосын қайта тіріліп, қайта өлтірілсе де, оның мойнында қарызы болса, ол жаннатқа кірмейді. Қарызы төленіп бітпейінше», - деп жауап берді. (Хадист Имам Насай риуаят етеді).
Қиналып қарызданғанның әңгімесі бөлек. Одан құтылуға асығып, әлі жеткенше әрекет жасап жүргендердің де әңгімесі бөлек. Керісінше оларға Алланың дүниесінде де ахиретінде де жәрдемі бар. Алла олардан қарыздарынан құтқарып, мейіріміне алады. Бұл мақаланың мақсаты қарыз алуды сөгу емес, қарызды алудағы және оны өтеудегі біздің жауапсыздығымыз.
Қазіргі күні біз әр жерден қарыз алуға құштармыз. Төлемей қашып жүргендеріміз қаншама. Алланың Елшісі (с.а.у.) қарызы бар, төлеуден қашқан кісілер туралы өте ауыр сөздер айтқан. Олардың әрбір күнін бір зұлымдыққа теңеген (Имам Табарани риуаят етеді). Қиямет күні Алланың алдында ұрының дәрежесінде тіріледі деп те айтқан (Ибн Мажа риуаят етеді). Қарызын төлеуден қашып жүргендердің Алла дүниеде, ахиретте де құрдымға жібереді деп те қорқытқан. Сол үшін де Хазреті Лұқман Хаким: «Мойныма қарыз жүгін арқалап езілгенше тас арқалағанды таңдаймын» деген деседі.
Ал бүгінде қазақтың қаншасы себеппен де, себепсіз де қарызға белшесінен батты. Дүние мәселесін ысырып қоя салғанмен, ахиреттегі аянышты жағдайы ойласаң зәрең қалмайды. Біз қайда бара жатырмыз. Қадірлі жамағат ойланайық!
Алмас Кенжемолдаев,
Жуалы ауданының бас имамы.