Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде былай дейді:
«Үлкен күнәлардан сақтанып жүрген адам үшін бес уақыт намаз, екі жұма және екі Рамазан, сол аралықта істеген күнәларына кәффарат болады» (Муслим, Таһарат, 5).
Бұл хадис біздерге Рамазан айын хақиқи бағасына лайық түрде қадірлеп, пайдамызға асырумен қатар, Рамазаннан кейінгі күндерде өмірімізді жаңадан жоспарлауымызды насихат етуде. Өйткені, бұл Рамазан айын өз қадіріне жете бағалайтын болсақ, сонда ғана өткен барлық күнәларымызға кәффарат болып, бізді рухани кірден арылтады. Құдды бір су жаңа көлікке мінгендей боламыз. Ұлы Раббымыз бізге: «Қанеки, бәрін басынан баста!» деп тұрғандай. Олай болса бұл ай, өмірімізді басынан бастауға деген үлкен мүмкіншілік. Рамазанды жай ғана шығарып салып қоя бермей, онымен бірге келесі жылғы Рамазанға қарай аттануымыз керек. Келесі жылдың Рамазанына Алла жеткізсе, биылғы Рамазанмен сол кезде барып қош айтысуымыз керек.
Өмірімізді қайта қолға алып, ақ қағаздан бастау, бұл өзі қалай болар екен?! Қаласаңыз бірге осы мәселеге ой жүгіртіп, толғанып көрелік.
Ең әуелі өзімізді есепке тартқанымыз сөзсіз бізге өте пайдалы болары анық. Олай болса мына сұрақтар арқылы өзімізден емтихан алайық: «Мен кіммін? Қай жақтан келдім? Енді қай жаққа барамын?». Бұл сауалдардың жауаптары мына бітпес күйбең-тіршіліктердің арасында батып бара жатқан өзімізді табуға көмектеседі. Бұдан кейін өз-өзімізге «Мен қандай адаммын?» деген сұрақты қойып көрелік. Бұл сұраққа әуелгі сұрақтарға байланыстырып жауап беріп шықсақ өзімізді есепке тартып көрген боламыз. Егер осы сұрақ-жауаптарды мүбәрак Рамазан айынан кейін жасасақ бұл тіптен мәндірек болып шығады. Өйткені бір ай бойы нәпсімізбен қанды жекпе-жек өткіздік. Оның кейбір еркеліктерінің бетін қайтарып, асаулығын бастық. Нәпсімізді тазартып, рухымызға қуат жинадық. Рухани күйімізді бір сатыға көтергендей болдық. Осылайша тәрбиеленіп, сезімталдығы артып, жіңішкерген жүрегімізбен әлгі сұрақтарға жауап іздеу бізді негізгі мақсатымызға жақындата түседі.
Мен кіммін? Ең әуелі мен адаммын. Өзге жан-жануардан ерекшеленіп, керемет сипаттарға ие етіп жаратылған адаммын, ақыл иесімін. Бұл жағдай менен өзге жан-жануарларда жоқ, адам баласына ғана тән борышты орындауымды талап етеді, яғни Жаратқанға құл болу атты қасиетті борышты өтеуім керек дегенге саяды. Өйткені Раббым мені ермек үшін жаратқан жоқ, бұған ешкімнің де дауы болмас. Бұл туралы Құран Кәрімде анық-айқын айтылған: «Мен жындар мен адамзатты Маған құл болулары үшін ғана жараттым» (Зәрият сүресі, 56-аят).
Қай жақтан келдім? Алла Тағала Адам (а.с.) атамызды топырақтан жаратты. Әрі оған жұбай етіп Хауа анамызды жаратты. Сол екі адамнан адамзат ұрпағы тарап, көбейді. Мұның бәрі, әрине белгілі бір мақсатпен болған дүние. Адамзат баласын сынау мақсатымен. «Адам баласы өзін емін-еркін жіберіледі деп ойлай ма? Ол аққан бір мәни тамшысы емес пе еді? Сосын ұйыған қан кесегіне айналды. Сосын Алла оны жаратып, сурет берді. Одан еркек, әйел түрінде екі жыныс жаратты. Бұларды істеген Алланың өлілерді тірілтуге күші жетпей ме?» (Қиямет сүресі, 36-40 аяттар).
Қай жаққа барамын? Бұл сауалдың жауабы осыншама нығметтің есебі сұралатын жерге баратын жеріміз жайында, яғни ақырет жайында ойлану болмақ. Оның да жауабын Құраннан табамыз: «Ей, адамдар мен жындар қауымы! Сендерді де есепке тартатын боламыз» (Рахман сүресі, 31-аят).
Мен қандай адаммын? Иә, мен сүйікті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Кімде-кім шын көңілмен иланып иманменен, сауабын Алладан ғана күтіп, Рамазан оразасын тұтатын болса, оның өткен және келешектегі күнәлары кешіріледі» (Бұхари, Иман, 28) деген хадисіне сай түрде ораза тұттым, мүмкіншілік болған кездері тарауих намаздарын оқуға тырысып бақтым. Ешкімге жаман сөз айтпай, ғайбат-өсектен тілімді қорғадым. Харам нәрселерге қараудан көзімді, жаман сөздер тыңдаудан құлағымды тазаладым. Пақырларға қол ұшын созып, мол-мол садақа бердім. Рамазан айында түсе бастаған ұлық кітабымыз Құран Кәрімді көбірек оқуға тырыстым. Мың айдан да қайырлы Қадыр түнін күтіп, оны құлшылықпен өткізуге тырыстым. Раббым иншАлла өз мейірімімен және кеңшілігімен менің күнәларымды кешірер деп үміттенемін. Енді өмірімді ақ қағаздан бастағандай қайта бастауға әзірмін.
Бұл дүниедегі жалғыз байлығымыз өміріміз, зулап өтіп барады. Кеше ғана жүгіріп ойнаған бала сияқты едік, уақыт қандай жылдам десеңізші! Ендігі қалған өміріміз де көзді ашып жұмғандай-ақ лезде өте шығады. Сосын барлық адамдар үшін осы дүниедегі өлім атты жалғыз шүбәсіз шындық келіп біздерді осы дүниеден тартып алып, ақыретке алып кетеді. Сол жерде осы дүниеде істеген әр ісіміздің есебін беретін боламыз. Сонда осы дүниедегі тіршілігіміз қаншалықты ізгі амалдарға толы өткен болса, соншалықты оңай болмақ. Ал қаншалықты жағымсыз амалдарға толы болса есеп беруіміз соншалықты қиын болады. Есеп бергеннен соң бізді жәннат яки тозақ күтіп тұрады.
Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде былай дейді: «Ешбір пенде қиямет күнінде өмірін қайда өткізгендігінің, ілімімен қандай амалдар істегендігінің, мал-мүлкін қалай тауып, қайда жұмсағандығының, денесін қалай пайдаланғандығының есебін бермей орнынан тырп етпейді» (Тирмизи, қиямет, 1).
Бұл өмір біздерге Алла Тағаланың аманаты, оған қиянат жасау дүниедегі ең үлкен опасыздық болады. Өмірімізді Алланың әмірлері мен тыйымдарына сай түрде жоспарлайтын болсақ аманатты сақтаған жандардың қатарына кіреміз.
Сондықтан да Хазірет Омардың мына сөздерін Рамазаннан кейінгі күндерімізде өмірімізге енгізіп, жаңа бір өмір нарығын бастауымыз керек: «Есепке тартылмай тұрып өздеріңді есепке тартыңдар. Ұлы күнге дайындық жасаңдар. Ақыреттегі есеп, дүниеде өз нәпсісін есепке тартып жүргендерге ғана оңай болмақ».
Жаратқан Иеміз Хақ Тағаланың ұлылығы сондай біздің опасыздығымызға, көргенсіздігімізге қарамай кез келген сәтте бізді кешіруге дайын. Сол себепті мақаламыздың басында келтірілген хадис-шәріпте Пайғамбарымыз бір жылдық тазаруға Рамазан айын, апталық тазаруға жұма намазын, тіпті күнделікті бес мезгіл тазартып отыруға бес уақыт намазды атап өтеді. Игісі, сол басымыздан өткен нәрселерден дәріс алып, ескі күнәларымызға оралмасақ болғаны.
Иә, Рамазан айы арқылы бойымызға сіңірген рухани тәрбиені аталмыш мүбәрак айдан кейін де жалғастыралық. Денсаулығымыз жараса дүйсенбі және бейсенбі күндердегі оразаларды да тұтуға, нәпіл намаздар оқуға, пақырларға, панасыздарға қарайласуға, басымызға түскен қиыншылықтарға сабырлылық танытуға, бір-бірімізге кешірімді болуға күш салайық.
Мына жалғанда қанша ғұмыр сүрер болсақ дүние өмірі үшін де соншалықты, ал ақыретте қаншалықты өмір сүрер болсақ ақырет үшін де соншалықты уақытымызды бөлуге тырысайық. Ақырет үшін әрбір сауапты істер істеудің сәтін қолдан шығарып алмайық! Өйткені, мұндай мүмкіншіліктер бізге екінші рет қайтадан берілмейді.
Ұлы Раббымыз бізді дүние өмірін ақырет қамымен өткізетін, салих құлдарының қатарына жазғай! Барлық жаманшылықтан сақтағай!