Дүбірлі оқиғаларға толы тарихқа үңілсек, адамзат қауымының бағыты мен бағдарына жол сызған, күллі ғаламды күрт өзгеріске түсірген маңызды оқиғаларды жиі көреміз. Солардың ең бастысы Ислам дінінің пайда болуы және оның әлемге таралуы. Ата дініміз тарих сахнасына көтерілер қарсаңында адамзат қараңғылық дәуірді бастан кешті. Зұлымдық атаулы етек жайып, ақ қараланып, қара бағаланып жатты. Жезөкшелік сынды адамгершілікке кереғар істер үйреншікті кәсіпке айналды. Адам қанын суша ағызу әдет болды. Осындай қараңғы бір қоғам жаңа діннің келуімен аз уақыт ішінде өркениет пен мәдениетке сара жол салды. Ислам төңкеріс жасады. Адамды (Құранда 25 жерде аталады) көркем бейнеде жаратып қана қоймай, оның әлсіздігі мен мұқтаждықтарын да толық білетін Алла тағала оны мына дүниеде қараусыз қалдырмады. Адамзаттың атасы хазіреті Адамнан (ғ.с.) бастап, ақыр заман үмбетіне дейін әр дәуірде жұрттың қажеттілігі мен сана деңгейіне қарай иләһи (құдайлық) хабарды сол қауым ішінен арнайы таңдалған пайғамбарлар арқылы жіберіп тұрды. Адамзат санасы бұрынғыдан гөрі дамып, толысқан кезде соңғы пайғамбар хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с) арқылы 23 жыл бойы уахи етіп Құранды түсірді. Жалпы жаратылыс, болмыс әлемі Ұлы Алланы танытатын үлкен кітап ретінде жоқтан бар етілсе, Құран – сол ғаламның тәржімасы. Пайғамбарларға берілген барлық уахи арқылы келген парақтар мен кітаптар да Ұлы Жаратушыны көркем сипаттарымен танытып, адамға мына дүниедегі міндетін түсіндіріп, ақ пен қараның ара-жігін айқындап, екі дүниенің бақытын сыйлау үшін жіберілген. Қасиетті Құран өзінің алдында келген иләһи кітаптардың соңғысы, әрі оларды толықтыру үшін адамзатқа жолданған. Ислам діні негіздерінің бірі де – осы көктен түсірілген төрт кітапқа иман ету. Сол себепті де Құранда: “Кімде-кім Аллаға және Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына және ақырет күніне иман етпесе, қатты адасады...” (“Ниса” сүресі, 136 аят) – делінген. Алла тағала түрлі мекендер мен уақыттарда сан алуан қауымдарға өзінің бұйрықтары мен тыйымдарын қамтыған, сол қауымның немесе қоғамның сана дәрежелері мен қажеттіліктеріне қарай керекті жауаптарды білдіретін, әрі жеке тұлғалық, әрі қоғамдық проблемаларының шешімдерін баяндайтын, өз араларында әділдікті орнататын парақтар мен кітаптар жіберген. Парақтардың нақты саны бізге беймәлім. Ал, Құран Кәрімде білдірілген жалпы кітаптың саны төртеу: Зәбур, Тәурат, Інжіл, Құран. Мұсылмандар олардың Алла тарапынан адам баласына тура жолды көрсету үшін жіберілгендігіне кәміл сенеді. Алайда алғашқы үш кітап заман өте келе адамдардың түрлі өзгертулері мен бұрмалауларына ұшырағандықтан, олармен біз амал етпейміз. Қасиетті Құран түскеннен кейін өзге кітаптар негізге алынбайды, әрі амал етілмейді. Құран – араб тілінде “көп оқылатын кітап” деген мағынаны білдіреді. Құран – Ұлы Жаратушының ақыретке дейін келіп-кетер барша адамзатқа тура жол көрсету үшін соңғы пайғамбар Мұхаммедке (с.ғ.с.) уахи арқылы түсірілген, оқылуының өзі ғибадат саналатын мәңгілік иләһи кітап. Ал ардақты Елші (с.ғ.с) сол кітаптың түсіндірушісі. Адаспауымызға жол көрсеткен нұрлы шырақ. Құран – өзіне дейінгі түскен барлық парақтар мен кітаптарды қамтыған. Құран – қоғамдық әрі әлемдік барлық проблемаларға шешім беретін, адамның санасы жете бермейтін көмескі әлемді суреттеп, беймәлім сырларды ашатын, екі дүниенің бақытын көрсетіп, ақ пен қараның ара-жігін ажыратып, тылсым ғаламның мән-мағынасын ашып, адамзатқа жүктелген төл міндетін түсіндіретін, өзіне сеніп, шырақ тұтқан жандарды рухани кемелдікке тәрбиелейтін Ұлы Жаратушы тарапынан жіберілген соңғы қасиетті кітап. Құран – адамзаттың тән азығы мен жан азығы, осы дүниелік ғұмыры мен ақыреттік мәңгілік өмірі. Құран – адам баласының жеке басы мен отбасы, экономика һәм басқару жүйесі үшін де қажет ақылшы. Құран – дүрбелеңі мен шырғалаңы мол материалды дүниеде кездесер түрлі бөгеттерден алып шығар сара жол. ЕЛШІ Қасиетті Құран пайғамбарымызға уахи жолымен келді дедік. Уахи – Алла тағаланың адамдарға білдіретін илаһи әмірі, жарлығы мен тыйым салуы және басқа да барлық хабарларын Жебірейіл (ғ.с.) періште арқылы яки бізге беймәлім жолмен тікелей пайғамбарларына жеткізуі. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) уахи алған алғашқы пайғамбар емес. Хазіреті Адамнан (ғ.с.) бастап күллі пайғамбарларға уахи келген. Бұлардың кейбірінің есімдері Құранда берілген. Мысалы: “Нұхқа және одан кейінгі пайғамбарларға уахи еткеніміздей саған да (Мұхаммед) уахи еттік. Ибраһимге, Исмайылға, Исхаққа, Яқубқа, Яқубтың ұрпақтарына, Исаға, Айуб, Юныс, Һарун және Сүлейманға да уахи еттік. Дәуітке Зәбурді бердік”. (“Ниса” сүресі, 163-аят) Пайғамбарымыз Хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) Құран уахи арқылы түскен. Ол жайлы Қасиетті кітапта: “Саған бұл Құранды уахи ету арқылы өзіңе тарихи әңгімелердің ең жақсысын баян етеміз”. (“Йусуф” сүресі, 3-аят) делінген. Уахидың да келуі бірнеше түрге бөлінеді. Құран Кәрім оның үш түрлі болатынынан хабар береді: “Алла бір адамға уахи жолымен ғана немесе перде артынан, не болмаса бір елші жіберіп өз рұқсатымен оған қалаған нәрсесін уахи етеді. Ол ұлы да хаким” (“Шура” сүресі, 51-аят). Осы аятқа байланысты уахиды үшке бөліп түсіндіруге болады: 1. “Алла бір адамға уахи жолымен” (“Саффат” сүресі, 103-аят) аятына қарай уахиды тікелей пайғамбардың жүрегіне салады. Мысалы, хазіреті Ибраһимге түсінде “балаңды құрбан шал!” деп уахи етті. Бірақ уахидың осы түрі арқылы Құраннан ешқандай сүре не аят түспеген. 2. “Перде сыртынан” пайғамбарына уахи етуі. Алла хазіреті Мұсаға (ғ.с.) Тұр тауында перде тысынан сөйлескен. Құранда: “Оған Тұр тауында оң жағынан дауыстап, сөйлесу үшін Өзімізге жақындаттық” (“Мәриям” сүресі, 52-аят) делінген. Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Мекке кезеңінде алдымен Ақса мешітіне, содан соң сол жерден Миғражға көтеріліп, Алла тағаламен сөйлесуді осы пердеден тыс уахиына жатады. 3. “Бір елші жіберіп өз рұқсатымен оған қалаған нәрсесін уахи етеді”. Алла тағала уахиды адамдарға жеткізу үшін бір періштені пайғамбарына елші етіп жібереді. Соңғы кітаптың негізгі уахи түрі осы. Құран көбіне Жебірейіл (ғ.с.) арқылы түскен. Сонымен қатар хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) “сүннет уахи” да келген. Бірақ Құран бұдан бөлек түскен. Яғни, Құран бейне бір жарлық секілді түссе, “сүннет уахи” оны қалай іске асыруды білдірген. Уахидың түсудегі әртүрлілігі сынды оның келу мәртебелері де болады. Уахидың келуі хақында Қасиетті Құранда нақты мағлұмат жоқ. Бірақ бұл мәселені хазіреті Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) сөздерінен байқай аламыз. Хазіреті пайғамбарымызға (с.ғ.с.) уахи мына төмендегідей мәртебелермен келген: 1. Уахидың алғашқы мәртебесі түсінде көрген ақиқат түстері. Ол алдын ала болатын жайттарды ұйықтап жатып көре бастаған. Бұл жайлы хазіреті Айша: “Алла Елшісінің көрген түстерінің бәрі таңғы шапақтай ап-анық келетін”, – дейді. 2. Жебірейілдің уахиды Алла Елшісінің ұйықтағанда емес, ояу кезінде жүрегіне салуы. 3. Жебірейіл (ғ.с.) періште жас жігіт түрінде Алла Елшісіне (с.ғ.с.) уахиды әкелуі. Кейде ол аса көркем, сымбатты Духия әл-Кәлби деген сахаба түрінде келген. Бұл уахидың ең жеңіл келген түрі. 4. Қоңырау үніне ұқсайтын түрде келген уахи. Бұл оның ең ауыр мәртебесі еді. Уахидың осы түрі ескерту мен қорқытуды қамтыған аяттарға тән. Мұндай кезде хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) уахи келіп біткенге дейін қатты дірілдеп, сөздің салмағынан қорыққан. Уахи аяқталғанда Құран сөздері жүрегінен орын алған. Бір хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.) уахидың ең ауыр түрін былайша баяндайды: “Кейде маған қоңырау үніне ұқсас үнмен келеді. Бұл маған ең ауыр тигені. Ол уахиды жеткізіп қайта кететін еді”. 5. Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Миғраж түнінде Алла тағаламен сөйлесуі түріндегі уахи. Алла Елшісі Миғражда бес уақыт намаз бен “Бақара” сүресінің ақырғы екі аятын Ұлы Жаратушыдан тікелей алған. 6. Жебірейілдің (ғ.с.) нағыз өз түрімен көрініп, илаһи жарлықты жеткізуі. Ол осылай екі рет көрінген. Біріншісі, пайғамбарлықтың басталған жылдары Хира үңгірінде елес бергені. Ол алғашқы уахидың келіп, тоқтап қалған кезі еді. Алла Елшісі Хира үңгірінде жүргенде, кенеттен көктен жаңғырған дауыс естіген. Аспанға қарағанда Жебірейілдің көк пен жердің арасында тақта отырғанын көрген. Мұншалық аспан мен жер арасындағы орасан зор келбетін көрген ол шыдай алмай талып қалған. Кейіннен оны екінші рет Миғраж кешінде көрген. Бұл уақытта хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) жүрегін бұрынғыдай қорқыныш билемеген. Міне, осылайша Алла Елшісіне (с.ғ.с) алғашқы аяттар уахи етіліп, адамзатқа жол нұсқаушы, ақ пен қараны ажыратушы қасиетті Құран түсе бастады. Құранның нәзіл болуы туралы хазіреті Айша анамыз (р.ғ.) былай баяндайды: “Алла Елшісіне алғашқы келген уахи ұйқыда көрген “ақиқат түстерімен” басталған. Кейіннен ол елден бөлек оңаша қалуды қалады. Осыдан кейін Хира үңгіріне барып, Алла тағалаға құлшылық қылатын. Азық алу үшін ғана үйге келіп, көп кідірмей қайта кететін. Ақырында Алла Елшісі Хира үңгірінде болған сол күндердің бірінде уахи келді. Оған періште келіп “Оқы!”,– деді. Ол: “Мен оқи алмаймын”,– деп жауап қайырды. Алла Елшісінің өзі былай дейді: “Сол уақытта періште мені қапсыра құшақтап алып, тынысым тарылғанға дейін қысты. Содан мені қоя берді де: “Оқы!”,– деді. Мен: “Оқи алмаймын”,– деп жауап бердім. Ол мені қайта құшақтап: “Оқы”, – деді. Мен қайта: “Оқи алмаймын”, – дедім. Ол үшінші рет қысып тұрып қоя беріп: “Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Қаламмен үйреткен Ол Раббың аса ардақты. Ол адамзатқа білмеген нәрсесін үйреткен” (“Алақ” сүресі, 1-5-аяттар) аятын оқыды”. Алла Елшісі (с.ғ.с) осы аятты қабылдағаннан кейін тұлабойы дірілдеп үйіне келді де, әйелі Хадишаға (р.ғ): “Жамылғы әкеліп үстімді жап”, – деді. Оның қорқуы басылғанға дейін үстін жауып қойды. Кейіннен ол тұрып, зайыбына болған жайды баян етіп: “Өзімнен қорқамын”,– деді. Сол уақытта Хадиша: “Алла тағаламен ант етейін! Раббың сені ешқашан ұятқа қалдырмайды. Өйткені сен туыстарға қарасып, әлсіздерге болысып, жарлыға жәрдем еткен һәм қонақтарды күтіп, хақ жолында халыққа көмектескен адамсың”,– деп дем берді. Алғаш уахи келгенде хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) қырық жаста еді. (б.э.610 ж). Бұл Рамазан айының Қадір түні болатын. “Бақара” сүресіндегі: “Рамазан айы адам баласына тура жол және ақиқат пен жалғанды айыратын Құран түсірілген ай” (185) аятында оның Рамазан айы екенін анық баян еткен. “Қадір” сүресінің: “Расында, Құранды Қадір түні түсірдік” (“Қадір” сүресі, 1-аят) аятында да оның Рамазан айының Қадір түнінде түскенін анық білеміз. Ол күннің дүйсенбі екендігі бірауыздан мақұлданған. Бірақ Рамазан айындағы Қадір түнінің қай түні болғандығы беймәлім. Ғалымдар арасында бұл Рамазан айының 27-і деген көзқарас басым. Қасиетті Құран барша адам баласына түсіп, Оны терең түсініп, өмірімізге басшылыққа алуға шақырады. Жалпы Құран Кәрім туралы қаншама кітаптар жазылды, жазылып та жатыр. Әрине, Жаратушының сөзін тікелей әрі толық түсінуге қарапайым жандардың шамасы жетпейтін болғандықтан Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) сөзін жетекшілікке алып жазылған тәпсірлер (түсіндірме) жарыққа шыққан. Құран мен оның терең сырлы аяттарына түсініктеме берілген аудармалары да әлемнің көптеген тілдеріне жарияланды және оларға деген сұраныс та арта түсуде. ТАҚЫРЫП Құран Кәрімде қамтылған мәселелерді төмендегідей топтап түсіндіруге болады. 1. Әл-Улуһия. Тәухид мәселесі, яғни Алланың бірлігі мен барлығы және Оның құдыреті туралы баяндар. 2. Ан-Нубууа (44 жерде бар – әрі қарай ж.б.). Пайғамбарлық жайлы және жалпы пайғамбарлар өмірлерінен өнеге бере отырып, олардың негізгі міндеттерін білдірген баяндар. 3. Әл-Адала (Әділдік, туралық, түзу – 27 ж.б.) уә-л-ғибада (ғибадат, құлшылық – 373 ж.б.). Ислам дінінің негізгі ұстанымдары болып табылатын әділдік және ғибадаттар хақында. Қоғамдық өмір сүру заңдылығы, сауда-саттық, азаматтық құқық пен жазалау, т.б. мәселелер осы бөлімдегі адалат тақырыбы аясына кіреді. 4. Әл-Ахира. Ақырет күні жайлы, барша жан иелерінің бір жерге жиналып, әділдікпен есеп беретін күнгі жағдаяттар. Өлімнен кейінгі өмір туралы ашық баяндар.(143 ж.б.). Қасиетті Құранда “Адам баласы” туралы 80-ге жуық аятта, Алланың сипаттары жайында 192 аятта, әлемге байланысты 116-дан астам аяттарда, ғибадат туралы 107-ге жуық аяттарда ғылым-ақыл, ой жүгірту, ғибрат туралы аяттар 189-дан астам жерде келеді. Дін, иман және жақсы-жаман жайлы аяттар 123- тен астам жерде баяндалған. Тәртіп хақында 80-нен астам аятта, Құран туралы 150-ден астам аятта айтылған. Мінез-құлық жайында 300 жерде сөз етілген болса, иман тармағының бірі болған өлім және өлімнен кейінгі ахуал жөнінде 100-ден астам жерде баяндалған. Сонымен қатар, үй-іші тәртібі туралы 90-нан астам аятта баяндалып, экономикалық өмір 60-тан астам аятта айтылған. Меккелік сүрелерден байқағанымыздай, алғашқы аяттар – Аллаға иман ету тұрғысында түсіріліп, халықты түрлі пұттарға табыну ұғымынан тазартып, бір ғана сенім келтіруді мақсат етті. Адамның ақылы Ұлы Жаратушыны толық танып, біле алмайды. Өйткені пайым мүмкіндігі шектеулі, ал Ол – шексіз. Деcек те, Оны Құранда әрі хадистерде айтылған сипаттары арқылы танып, білуге міндеттіміз. Құрандағы пайғамбарлық тақырыбына келер болсақ, Алла тағала: “Кімде-кім Аллаға және Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына және ақырет күніне иман етпесе, қатты адасады...” (“Ниса” сүресі, 136-аят) – дейді. Жер бетін нұрландырып, адамзатқа тура жол нұсқап, ақиқат пердесін ашып, екі дүние бақытын көрсету үшін Ұлы Жаратушы тарапынан жіберілген жалпы пайғамбарлардың толық әрі нақты саны бір Аллаға ғана мәлім. Құранда тек 25 пайғамбардың (ғ.с.) ғана есімі аталған. Олар: Адам , Идрис (2 ж.а), Нұх (43 ж.а), Һуд, Салих (8 ж.а), Лут (17 ж.а), Ибраһим (24 ж.а), Исмаил (12 ж.а), Исхақ (4 ж.а), Яқуб (43 ж.а), Юсуф (27 ж.а), Шуғайыб (12 ж.а), Мұса, Һарун (20 ж.а), Дәуіт (16 ж.а), Сүлеймен (17 ж.а), Айуб (4 ж.а), Зулькифл, Юнус (4 ж.а), Ілияс (2 ж.а), Әл-Йасағ (2 жерде аталады), Закария (7 ж.а), Яхия (5 ж.а), Иса (136 ж.а), Мұхаммед (4 ж.а), Ал Зүлқарнайын (3 ж.а), Ғұзайыр (1 ж.а), Лұқман (1 ж.а). пайғамбар яки үлкен әулие екендігі жайлы ғұламалар арасында түрлі пікірлер бар. Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) дейінгі барлық пайғамбарлар арнайы бір қауымға белгілі бір уақыт үшін ғана келсе, Мұхаммед (с.ғ.с.) қияметке дейінгі барлық адамзатқа ақырғы пайғамбар етіп жіберілуімен ерекшеленеді. Ол (с.ғ.с.) өзіне дейінгі барлық пайғамбарлардың ерекшеліктері мен мәртебелеріне ие болса, Оның (с.ғ.с.) таратқан ислам діні — алдыңғы барлық діндердің мән-мазмұнын қамтиды. Құран өткен пайғамбарлар мен қауымдарды мысал ете отырып, Қасиетті Кітап түскен уақыттағы адамдарға және бүгінгі халықтарға ескерту-өнеге беріп келеді. Мысалы Мұса пайғамбар өмір сүрген уақыт адуынды перғауынның Мысырды билеп тұрған тұсы еді. Перғауын өзін бәрінен үстем көргені соншалық, биік ғимараттар тұрғызып, Исраил ұрпақтарын қатты қинаған. Ұлы Жаратушыға иман етуге шақырған Мұса пайғамбарды мойындамаған. “Мысырдың құдайы менмін”, – деп жариялап, Жалғыз Жаратушыға шақырған Мұсаны Мысырдан қууға тырысады. Перғауын оны өлтірмек болып қуып, Ніл дариясынан өткізбей ұстауға тырысады. Алайда иман еткен қауымымен қашып келе жатқан Мұсаны Алла тағала залымдардың қолына бермей, оған қолындағы аса таяғымен теңізді ұруға бұйырады. Құранда бұл оқиға былай көрсетіледі: “Таяғыңмен теңіз бетін ұр!” – деп Мұсаға (ғ.с.) уахи еттік. Сонда (теңіз) қақ бөлініп, екі жағы асқар таудай болып тұра қалды”. (“Шуғара” сүресі, 63-аят). Осылайша Мұса мен қасындағылардың бәрі теңізден өтіп кетеді. Ал, тізгінін тежемей, Аллаға қарсы келіп, өркөкіректенген перғауын мен оның әскері суға батып, ойран болған. “Мұсаны (ғ.с.), онымен бірге болған адамдардың бәрін құтқардық. Басқаларын (перғауын тобы) суға батырдық”. Әрине, осында ғибрат бар еді, бірақ олардың көбі бұған сенбеді”. (“Шуғара” сүресі, 65-67-аяттар). Осы сүрелерде Исламды қабыл етпеген перғауынның ақырында теңізге батуға таянғанда амалсыз тілмен иман еткені айтылған. Алайда жаны алқымға келгенде иман еткен пенденің иманы қабыл болмайды. Сонда да болса, ешбір пенденің тозаңдай амалын құр жібермейтін Алла тағала перғауынның денесін сақтайды. Аятта: “Исраил ұрпақтарын теңізден өткіздік. Сонда перғауын мен әскерлері жауыздық пен дұшпандық бойларын кернеп, соңынан қуды. Ақыр соңында ол теңізге батар сәтте: “Исраил ұрпақтары иман келтірген Құдайдан басқа құдай жоқтығына иман келтірдім. Мен де мойынсұнушылардан болдым”, – деді. “Енді ғана сендің бе? Расында, сен де бұрын қарсылық еткендердің бірі едің...” “Сенен кейінгілерге үлгі болу үшін денеңді (жансыз түрде) құтқарамыз (сақтаймыз). Негізінде көптеген адамдар аяттарымыздан мүлде хабарсыз”. (“Йунус” сүресі, 90-92-аяттар) делінген. Осы аятта болашаққа қатысты мұғжизалық хабар бар. Ұлы Жаратушы тілмен болса да, иман еткен амалы үшін перғауынның суға батқан денесін шірітпей, келер ұрпаққа ой салып, күпірліктің аяғы немен тынарын білдіру үшін сақтайды. Перғауындардың негізгі мақсаты ұзақ жасау, сол себептен де олар денелерін мумиялап сақтаған. Ал суға батқан перғауынның денесі мумияланбағандықтан шіруі керек еді, бірақ Алла тағала оның денесін тілмен иман еткені үшін де арманын іске асырып, бұл дүниелік қалауын берген. Яғни, оны шірітпей сақтап қалған. Осылайша оның денесі біздің күнімізге жетіп, ғалымдар Қызыл теңіз жағалауынан мумияланбаған, сәжде еткен бойы өлген адамның денесін тауып алған. Бұл – сол перғауынның денесі. Өйткені, оқымыстылар оның сол ғасырда өмір сүрген адам екендігін анықтаған. Қазір ол Британия мұражайында тұр. Алла тағала оның денесін бүгінгі таңда өзін құдай санап тәкаппарланғандардың ақыры немен біткенін ғибрат етіп көрсету үшін сақтаған. Бұдан басқа да Құранда болашаққа қатысты көптеген хабарлар бар. Уақыты келген хабарлардың бәрі де айдай анық шыққан. Бұл жөнінде Құраннан мынадай аятты еске сала кетейік: “Біз аяттарымызды сыртқы әлемде және өз іштеріңде көрсетеміз. Сол уақытта Құранның ақиқат екендігі айқындалады”. (“Фұссилат” сүресі, 53-аят). Бұл аятта Алла тағаланың барлығы мен бірлігіне тиісті аяттар мен Құранның ақиқатын көрсететін дәлелдердің бірінен соң бірі айқындалатыны анық айтылған. Айтпақ ойымыздың дәлеліндей жаратылыстану ғылымдары, қазіргі физика, химия, медицина салалары өз тілдерімен Құранның ақиқаттығын паш етуде. Құрандағы ғибадат пен әділдік мәселесі. Иә, ислам діні баршамызға белгілі бес тірекке құрылған. Алғашқысы әрі негізгі ұстыны – иман (ол жайлы 336 жерде айтылады), құлшылықтың ең негізгі бөлігі. Өйткені Аллаға иланып, сенген құл өзінің басты міндетін түсініп, Оған құлшылық жасайды. Ол құлшылық намаз (43 ж.б.), ораза (13 ж.б.), зекет (32 ж.б.) және қажылық (11 ж.б) міндетін атқарумен болады. Соңғы екеуін Жаратушы Иеміз тек шамасы жеткендерден талап етсе, алғашқысы мен намазды барлық ақыл-есі бүтін құлдарына орындауды бұйырады. Оразаны жылына бір рет келетін рамазан айында ұстау парыз болды. Аталған ғибадаттар рухани және тәнімізді сауықтырып, біздерге пайдалы болуымен қатар, қоғамдық жүйені де қамтиды. Алғашқы үшеуі – өзіміз үшін пайдалы болса, зекет – байлар мен кедейлер арасындағы байланысты жақсартып, қоғамдық тепе-теңдік орнауына ықпал жасайды. Ал қасиетті Қағбаға зиярат етіп, қажылық міндетін атқару Алланың бірлігін яғни, тәухид сенімін шыңдап, барша адам баласының бауырмалдығын арттыра түседі. Құранда айтылған тақырыптың төртіншісі ақыретке байланысты. Ол да Қасиетті кітаптағы өзекті мәселе. Өлгеннен кейін қайта тірілу, мәңгілік өмірдің бары – исламда, тіпті, жалпы барлық әлемдік дәстүрлі діндерде негізгі сенімдердің бірі. Мәңгілік өмірге құштар боп, шексіз өмірді аңсап-армандап зыр жүгірген адам баласының тулаған жүрегі мен мазасызданған көкірегі, өлгеннен кейін қайта тірілу сенімі арқылы ғана жай тауып, санасын шырмаған күрделі сауалдардың жауабына сол кезде ғана қол жеткізеді. Ұлы Жаратушының адам баласының екі дүние бақыты үшін түсірген ақырғы кітабы – Құран Кәрімнің өлгеннен кейін қайта тірілу тақырыбын жалпы кітаптың шамамен үштен бірінде сөз етуі – бұл сенімнің қаншалықты маңызды екенін білдіреді. Ақыреттің болатыны күмәнсіз хақ. Ақырет – сөздікте “бір нәрсенің соңы, ақыры, кейіннен болған нәрсе” деген мағыналарды қамтиды. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы, жаратылыстағы жалпы жүйенің Ұлы Жаратушының бұйрығымен күл-талқан болғаннан кейін басталатын жаңа мәңгілік өмірге қатысты айтылады. Бұл күн қиямет-қайымнан соң басталуына байланысты “қиямет күні” деп те аталады. Құранда ақырет күніне: мұсылмандардың Алламен жүздесетін күні болуына орай “жүздесу күні”; адамдар және барлық жаратылыс бір жерге шоғырланып, жиналатындығы үшін “жиналу күні” (“Тағабун” сүресі, 9-аят); қайта тірілгеннен кейін адамдардың бәрі қабірден қайта шығатындығы үшін “шығу күні” (“Мүминин” сүресі, 15-аят); мына дүниеде Алла тағалаға иман етіп, бұйрықтары мен тыйымдарына құлақ салмағандардың алданып қалғандықтарына қарай “алдану күні” (“Тағабун” сүресі, 9-аят); және кәпірлердің бұл дүниеде істеген істерінің босқа кеткенін көрген кезде өкініп, сандарын ұрып мына дүниеге қайта қайтып, иман етіп, жақсы амал жасағысы келгенімен бұл армандарының орындалмайтындығы үшін “қасірет күні, өкініш күні” (“Марям” сүресі, 40-аят.); дүниеде істелінген ізгі немесе жаман істердің қарымының, есебінің берілетін күні болғандығы үшін “есеп күні” (“Фатиха” сүресі, 4-аят); мына өткінші жалған дүниеден кейін болатын мәңгі шынайы өмір болуына байланысты “шынайы өмір” (“Анкабут” сүресі, 64-аят) деп те аталды. Исрафил періштенің сырнайды екінші рет үрлеуінен кейін барлық адамдар қайта тіріліп Ұлы Алла тағала алдында есепке тартылады. Сосын дүниедегі иман және іс-әрекеттеріне қарай жұмаққа (ол туралы - 143 ж.б.), яки тозаққа (ол туралы 77 ж.б.) барады. Міне, Құранда қамтылған негізгі мәселелерді қысқаша түсіндіргенде осындай сипат алады. Ақырет күнінің Құранда маңызды орын алуын төмендегіше де түсіндіруге болады. Өлімнен кейін қайта тірілуге толық иланған кез келген адамның қоғамдағы сенімді тұлғаға айналары сөзсіз. Себебі оның сенімі бойынша, Ұлы Жаратушысы оның істеген әрбір ісін көріп тұр. Бұған қоса адамның барлық қимыл-әрекеттерін екі иығындағы періштелер жазып, есепке алуда. “Зилзала” сүресінде айтылғандай: “Кімде-кім тозаңдай жақсылық істесе, жақсылығының қарымын алады. Ал кімде-кім тозаңдай жаманшылық істесе, оның жазасын тартады.” (“Зилзала” сүресі, 7-8-аяттар) Істеген әрбір ісінің, басқан әрбір қадамының, сөйлеген әрбір сөзінің ертең о дүниеде есебін беретінін ойлап, жүрегімен бек сенген адам жаманшылық атаулыдан, жалпы күнәдан алыс жүреді. Өйткені иманды адам істеген қиянаттарының жазасынан бұл дүниеде құтылғанымен, о дүниеде құтылмайтынын ойлап, күнәларының есеп күні алдынан “қайдасың” деп жағасынан алып, масқара ететініне кәміл сенеді. Ақыретке кәміл сенген адам ешқашан өлімнен қорықпайды. Өлім – ол үшін жоқ болып, шіріген сүйекке айналып, мәңгілікке көз жұму емес, керісінше, екінші бір мәңгілік өмірге көшу, жалған дүниеден бақилыққа – негізгі дүниеге қоныс аудару. Ал ақыретке сенбеген адам үшін өлуден қорқынышты еш нәрсе жоқ. Өйткені олар үшін өлім – жоқ болып, тіршілік бетінен мәңгілікке өшу деген сөз. Үмітсіздік, сенімсіздік сияқты қараңғы ой-пікірден жарық нұрға, үміт толы өмірге алып шығатын жалғыз күш, дара медет – ақыретке, қайта тірілуге деген берік сенім ғана. Сонымен қатар өлімнен кейінгі өмірге сену адамды қара басының ғана қамын ойлау сияқты өзімшілдік, дүниеқоңыздық сияқты қылықтардан сақтайды. Басқа адамдарға жақсылық жасап, ақиреттік жемісін күтеді. Мұндай жақсылық жасауды өмірлерінің түп мақсаты еткен адал жандардан құралған қоғам – жер бетіндегі ең бақытты қоғам. Сонымен бірге залымдардың зұлымдығына ұшыраған, ақысы кеткен пенделер үшін де ақыретке сенімнің пайдасы зор. Өйткені бұл дүниеде ала алмаған ақысын қияметте әділ Жаратушының алдында қайтарып алмақ.
ЖАЗУ
Енді осы қасиетті кітаптың бізге қалай жеткені және қалай жазылып, қалай сақталғаны жайына да қысқаша тоқталайық. Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың әріп танымағаны белгілі. Сондықтан да Алланың Елшісі болып, уахи келгенде оны қасындағы сахабаларының оқу-жазу білетіндері жазып отырған. Уахи хатшылары Алла Елшісінің (с.ғ.с.) қасында болған. Құранның алғаш түскеннен бастап жазыла басталғаны айдан-анық. Өйткені, Құран пұтқа табынушылардың қарсылықтарын былай баяндайды: “Олар “Құран бұрынғылардың аңыздары. Оны жазып алып, ертелі-кеш оқиды” дейді”. (“Фұрқан” сүресі, 5-аят). Һижраттан бұрын VІІІ ғасырда хазіреті Омардың мұсылман болу тұсында уахидың жазылғаны байқалады. Өйткені, ол қарындасының үйінен “Таһа” мен “Такуир” сүрелері жазылған парақтарды тауып алған. Хазіреті Османның мына сөздері де осыны қуаттайды: “Алла Елшісі (с.ғ.с.) уахи келген кезде хатшыларының бірін шақырып алып: “Мына аяттарды пәлен аяттарды қамтыған сүреге қой” дейтін”.
Хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с.) уахи келіп тоқтаған замат хатшыларын шақырған. Хатшылар жазып біткенде, жазғандарын дауыстап оқуларын талап еткен. Егер жазушы кейбір жерде қателессе, дереу дұрыстаған.
Зәйд ибн Сәбит бұл жайлы былай дейді: “Алла Елшісі (с.ғ.с.) келген уахиды маған жаздыратын. Егер бір жерде қателік яки нұқсандық болса, дереу түзеттіретін. Ақырында іс аяқталғанда, жаңа келген уахиды адамдарға жеткізетін едім”.
Уахи жазушыларының саны шамамен 40-қа жетеді. Бұлардың атақтылары Әбу Бәкір, Омар ибн әл-Хаттаб, Осман ибн Аффан, Әли ибн Әбу Тәліп, Абдуллаһ ибн Сад, Зәйд ибн Сәбит, Зубәйір ибн Аууам, Убәй ибн Каб, Халид ибн Сайд, Әббән ибн Сайд, Муғауия ибн Әбу Суфиян, Ханзала ибн ар-Рабиғ, Муайқыб ибн Әбу Фатима, Абдуллаһ ибн Аркам, Шуранбил ибн Хасан, Абдуллаһ ибн Рауаха.
Ибн Хажар Асқалани (1372-1449) Құранды алғаш рет Меккеде хатқа түсірген Абдуллаһ ибн Сад ибн Әби Сарх деген сахаба екендігіне куәлік етеді. Мәдинеде алғаш рет уахи жазушы Убәй ибн Каб болған. Убәйден кейін үнемі Зәйд ибн Сәбит жазған.
Негізгі деректер бойынша алғашқы Құран аяттары иленген теріге, құрма ағаштарының жапырақтары, ақ тастарға жазылған. Сонымен қатар ол иленбеген теріге, түйе, қой сияқты жануарлардың жауырын сүйектері, мата сияқты жазылу мүмкіндігі бар заттарға да таңбаланған.
Сондай-ақ, Құранды сақтау үшін жазуға қарағанда, жаттау әлдеқайда қолайлы тәсіл еді. Сахабалар әрі намазда, әрі жеке қалғанда Құранды үнемі қайталап отырған. Құранның бөлек-бөлек түсуінің бір хикметі де оның оңай жатталуына жағдай жасалуы еді. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жаңа түскен аяттарды алдымен ерлерге, содан кейін әйелдерге оқып беретін. Сахабалар барлық өмірін Құранмен өткізіп, уахи шаңырағында тәлім-тәрбие алған. Олардың тақуалық өмірлерінен бастап, Алла жолындағы күрестерге, қоғамдық қарым-қатынас және Пайғамбарымызға қалай сөйлеу керектігіне, тамақ ішу әдептілігіне тіпті сыбырлап сөйлескендері мен іштей ойлағандарына дейін білдіріп, тәрбиелеп отырған.
Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әр жылы Рамазан айында Құранның сол уақытқа дейінгі түскен бөлімін Жебірейілмен (ғ.с.) бірге бір-бірлеріне оқып, яғни, Құранды тек қана бір жақты емес, бір-біріне қайталап тапсырып тұратын . Ибн Аббас: “Алла Елшісі жақсылық жасауда адамдардың ең жомарты еді. Әсіресе оның көңілінің дархан кезеңі Рамазан айы болатын. Өйткені, Жебірейіл Рамазан айының әр түні Алла Елшісіне келіп, одан Құран тыңдап, тексеретін...” десе, Әбу Һурайра “Жебірейілдің (ғ.с.) Рамазанда әр жылы Алла Елшісіне Құранды бір рет оқығанын, ал қайтыс болар жылы екі рет оқығанын” айтады.
Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз сол күнге дейін түскен аяттардан тұратын Құранды бастан-аяқ оқығанда, сахабалар да қолдарындағы Құранның түпнұсқаларын алып келіп, қателіктері болса, түзетіп отырған. Бұл жерде айта кетер бір мәселе, Жебірейіл (ғ.с.) Алла Елшісін (с.ғ.с.) тыңдаудағы мақсат – оның қателіктерін, яки ұмытқандарын түзету емес, біріншіден, Құранның сақталу жолын мұсылмандарға үйретіп, оның Алла үшін қаншалықты маңызды екенін білдіргендігі. Екінші, мәселе сол жылға дейінгі аят пен сүрелердің қалай бір-бірінің жалғасын тауып орналасқанын тағы бір анықтау. Үшінші, сахабалардың жазған, яки жаттағандарын түзетіп, бірлікке шақыру һәм Құранның кейіннен бір кітап болып жиналуына жағдай жасау-ды.
Қазір Рамазан айында мешіттерде қарилардың Құранды хатым етуі де Пайғамбарымыздан қалған сүннет. Құранды осылайша бастан-аяқ жатқа білмейтін яки араб тілінде оқи алмайтын халыққа бастан аяқ тыңдату қияметке дейін жалғаспақ.
Енді Құранның бір мұсқаф етіп жазылуына келер болсақ, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) уақытында көптеген хатшылардың қолдарында Алла Елшісі арқылы түзетілген түпнұсқалар болған. Уахи келіп біткен кезде Ол түскен аяттардың яки сүрелерді Құранның қай жеріне қою керектігін нұсқайтын. Яғни, басынан соңына дейін аят пен сүрелер белгілі бір жүйемен орналасқан. Бірақ барлығы біртұтас етіліп, “Мұсхаф”, яғни кітап етілмеген еді. Олай болуының себебі де бар-ды. Өйткені хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз өмірінің ақырына дейін уахи келуі мүмкін болғандықтан, ол тірі күнінде Құран толық бітті деп, бір кітап етіп жинақтай алмайтын еді.
Сондықтан да, ол өмірден өтер кезі жақындаған уақытта ғана уахи тоқталғаны айқындалып, Құран алғашқы халифа хазіреті Әбу Бәкір кезінде бір кітап етілді. Құранның оның кезінде жиналып бір кітап етілуінде де бірнеше себептер болған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тірі кезінде Құран жазылған парақтар бар болғанмен олар ресми емес еді, өйткені ол кезде Алла Елшісінің (с.ғ.с) өзі бар-ды. Сондықтан да Ол Құран мәтінінің сенімді кепілі-тін. Бірақ кейіннен келген халифаның мұндай ерекшелігі болмағандықтан, жазылған парақтарды екі мұқаба арасына жинап, бір кітап ету қажеттілігі туды. Сондай-ақ, Құранның кейбір түпнұсқаларында кішігірім қателіктер де болуы мүмкін-ді. Осындай бірқатар себептерге байланысты дәл қазір жинап алмаса, сахабалардың кейбірінде ғана болған қысқа түпнұсқалар, олар бұл өмірден өткенде жоғалып кетуі мүмкін-ді. Сондықтан да мәтіндердің бәрін жинап, бір кітап етуі қажет болды. Әрі ол кітапты сахабалар қолдарындағы түпнұсқалар мен жаттаған Құран арқылы растап, әрі кейбір адамдардың жеке қателіктерін дұрыстап, нәтижеде үмбеттің бәрі бірауыздан қабыл еткен “Имам мұсхаф” (Негізгі кітап) түзбек болды.
Тағы бір себеп – Ямама соғысында көптеген сахабалар шейіт болды. Осы бүлікті ұйымдастырған жалған пайғамбар “Мусайламәту-л-каззаб” лақабымен аты шыққан Мусайлама деген еді. Ол хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз өмірінің ақырына таман өзін пайғамбар жариялап, Құранға еліктеп сөз ұйқастырып, көптеген адамдарды әскер қатарына тартты. Һижраның он екінші жылында мұсылмандармен соғысты. Оған Құранды жатқа білетін көптеген сахабалар да қатысты. Онда қарилардан жетпіс кісі шейіт болды. Осынау жағдай хазіреті Омарды ойландырды. Дереу халифа Әбу Бәкірге барып: “Құранның жоғалып кетуі қаупі бар. Тез арада түпнұсқаларды жинап, бір кітап ету керек”, деген ұсыныс жасады. Алайда халифа ұсынысты алғашқыда қабыл ете алмай терең ойға қалды. Өйткені, хазіреті Пайғамбардың (с.ғ.с.) жасамаған ісін жасау оған өте ауыр тиген. Оның бұлай екі ойлы болуы: егер Құран бір кітап етілсе, көбейтілсе адамдар оны жаттауға немқұрайды болып кетпей ме деген күдік еді. Ақырында, ол Зәйд ибн Сәбитті шақырып, Құранды жинауға ұсыныс жасады. Ол осы мәселені былай баяндайды: “Ямама соғысынан кейін мені Әбу Бәкір шақырып алды. Омар жанында еді. Халифа маған: “Омар Ямама күні көптеген қари сахабалардың шейіт болғанын, бұлай бола берсе, қарилар қалмай, Құранның кейбір бөлігі жоғалып кетуі мүмкін екенін айтып, Құранды бір кітап етуді ұсынды. Мен “Аллаһ Елшісінің жасамаған ісін қалай жасамақпын?” дедім. Ақырында, Алла тағала осыны көкейге қондырып, оның пікірін мақұлдадым. “Сен жас әрі ой-өрісі кең адамсың. Сені елдің бәрі жақсы таниды. Сен Алла Елшісінің уахиын жазған адамсың. Ал қазір кідірме. Тез Құранды жина”, – деді. Мен “Алла Елшісінің жасамаған ісін қалай жасамақпын?”, – дедім. Халифа: “Алла атымен ант етейін, бұл ісің жақсылық”, – деді. Бірақ Алла атымен ант етейін, бір тауды маған тасы деп бұйырса, бұл істен әлдеқайда жеңіл болар еді. Әбу Бәкір де мені көндіруге тырысып, сөзін жалғастыра берді. Ақыры, Алла тағала ол екеуінің жүрегіне салғандай, ол істі менің де көкейіме қондырды. Бұдан кейін құрма жапырақтары мен жеңіл ақ тастарға жазылған Құран нұсқаларын қарилардан жинай бастадым”, – дейді.
Осылайша қасиетті Құран жинақталып, Осман ибн Аффанның (р.ғ.) халифалығы тұсында “Имам Мұсхаф”-тан төрт дана “Мұсхаф” көшірілді. Біреуі – Мәдинеде қалды. Қалған үшеуі – Шам, Куфа, Басраға жіберілді. Кейбір хабарларда осы кітаптардың жетеу болғандығы айтылады. Сонда қалғандары Мекке, Йемен және Бахрейнге жіберілген деседі.
Адамзатқа ақ пен қараны ажыратып, туралық пен шыншылдықты ту етіп берген қасиетті Құран біздің заманымызға осылайша жетіп, түскеніне он төрт ғасыр өтсе де, ешбір әрпі өзгерместен, бұрмаланбастан сақталуда. Оның негізгі түсірушісі Ұлы Жаратушы Құранды ақырзаманға дейін Өзі қорғайтындығын білдірген. Қасиетті Кітапта ол жайлы: “Расында, Құранды Біз түсірдік, әлбетте, оны Біз сөзсіз сақтаймыз”, – делінген. (“Хижр” сүресі, 159-аят).
ҚҰНДЫЛЫҚ
Өткен тарих көшіне көз салсақ, әу баста мәңгілік шырақтай жарқ етіп, артынша ғасыр қойнауының тереңіне батқан қаншама идеяларды көреміз. Өйткені, фәни пенденің ой-пікірлері де фәни болмақ. Алайда, Құран мұндай фәниліктен мүлдем таза. Керісінше, заман қартайған сайын ол жаңарып, жасаруда. Оның бұдан он төрт ғасыр бұрын қойған ұстанымдары әлі күнге дейін құнын жоғалтқан емес. Қасиетті Құранның: “Жетімдердің мал-мүліктерін беріңдер. Жаманды жақсымен алмастырмаңдар. Олардың мал-мүліктерін өз мал-мүліктеріңе қосып жемеңдер. Ол сөзсіз үлкен қылмыс” (“Ниса” сүресі, 2-аят), “Негізінен Алла сендерге аманаттарды өз лайықты орнына тапсыруларыңды және адамдар арасында билік еткенде әділдікпен үкім берулеріңді әмір етеді” (“Ниса” сүресі, 58-аят) деген аяттардағы жетімдердің ақысын жемеу, аманат пен міндеттердің лайықтыларға берілу, әр нәрсеге әділдікпен үкім берілу ұстанымы, “Негізінде Алла әділеттілік пен игілік-жақсылықты және ағайын-туысқа қарасып, жәрдем етуді әмір етуде. Және де арсыздыққа, жамандық жасауға һәм азғындыққа тыйым салуда. Сөздерінде тұрар, ойланар деп Ол сендерге насихат беруде” (“Нахыл” сүресі, 90-аят), “Аллаһтың қол астына алынған елден Елшісіне берілген олжалары Аллаға, Елшісіне, жақындарына, жетімдерге, кедейлерге және жолда қалғандарға тиесілі нәрсе. Олар байлар арасында айналған мал-мүлік болмауы керек” (“Хашыр” сүресі, 7-аят) аяттарында байлық пен мал-мүліктің тек қана байлардың қолында болмау ұстанымы, “Кімде-кім кісі өлтірмеген яки жер бетінде лаңкестік жасамаған жазықсыз біреуді өлтірсе, ол адам барлық адамзатты өлтіргенмен бірдей” (“Маида” сүресі, 32-аят) аяттарындағы ұстанымдар мәңгілік жасайтын мызғымас қағидалар. Бұлар заманның барлық ағымына бірдей қажетті тірек-негіздер. Сол сияқты да жеке тұлға, отбасы, қоғамды ашкөз ететін өсімқорлық, құмарлық ойындары, ішімдік пен зинақорлық, жалғандық, жала, ысырапшылдыққа тыйым салынуы, адамды “толық адам” шыңына жеткізу, бұл дүниенің өзінде жәннатқа ұқсас рахат өмір сүру үшін намаз, ораза, зекет, қажылық, т.б. ғибадаттар, сонымен қатар ең жақсы, ең көркем мінез қағидалары, Ұлы Жаратушыға деген сүйіспеншілікке ынталандыру, жеке тұлға, отбасы, қоғамның бақыттылығы үшін қойылған идеал өлшем Жаратушы Жаппар Иенің сөзі екендігіне бұлтартпас дәлел, айнымас айғақ.
Құран Алла тағаланың сөзі болғандықтан онда ешбір қарама-қайшылық, ешқандай кемшілік, қателік жоқ. Адам баласы пенде болғандықтан қателіктерге бой алдырмай тұрмайды. Кемеңгер де болса, кейінгіге өшпес мұра етіп қалдырған туындыларынан келер ұрпақтар оның қателігін яки кемістіктерін тауып, толықтырып жатпақ. Ешбір адам баласы өз ақыл-ойымен ақиқаттың шыңына шығып, соңғы нүкте қоя алмаған, оған тарих куә. Тек, Құран ғана әу бастан-ақ ақиқатпен басталып, ақырғы аят ақиқатпен аяқталған. Оны түскен ғасыры да, қазірге дейінгі ғасырлар да, осы шақта да ешбірі сынап, қарама-қайшы пікір таба алмаған.
Құран тақырыптары өзге кітаптардағыдай жеке-жеке емес, бір-бірімен қиюласып кеткен. Мысалы, бір сүре яки ұзақ бір аяттың ішінде қаншама тақырыптар баяндалған. Осылай баяндалу түрі адам баласы жазса, қарама-қайшылыққа әкеп соғар еді. Ал Құрандағы бір сүредегі әр түрлі тақырыптар өзара тығыз ұштасып, астасып келіп тұтастықты құраған.
Әрі көптеген сүрелердегі тақырыптар бір мезгілде бір тұтас болып түспеген. Әр уақыттарда мысалы бір аят Меккеде, келесі бір аят қаншама жылдан кейін Мәдинеде түскен. Әрі әртүрлі сұрақтар мен әртүрлі адамдарға қатысты нәзіл болған. Осы жағдай сүрені қарама-қайшылыққа соқтырудың орнына ажырамас тұтастыққа жеткізген. Демек, әртүрлі тақырыптар мен әр түрлі сұраққа жауаптардың әртүрлі уақыттарда түсіп, бір-бірімен тығыз байланысып, біртұтас болуы Құранның адам сөзі еместігіне дәлел.
Құранда Хақ тағала: “Расында, Құран Аллаһтан өзгенің сөзі болғанда, одан көптеген қайшылықтар табар еді” (“Ниса” сүресі, 82-аят), – дейді.
ҒЫЛЫМ
Құран Кәрімнің енді-енді кейінгі ғасырларда ғана ашылып жатқан көптеген ғылыми жетістіктерді осыдан он төрт ғасыр бұрын яғни, микроскоптан, телескоптан мақұрым қараңғы бір ғасырда қорытынды түрде дөп басып айтып кетуі көптеген батыс-шығыс ғалымдарын таңғалдырып, Исламға бас идірген. Бұл Құранның авторы Мұхаммед (с.ғ.с.) емес, Алла тарапынан жіберілгендігін айқын білдіреді.
Өсімдіктердегі аналық-аталық ұрықтарының ғылыми тұрғыдан соңғы ғасырларда ғана зерттеліп айқындалғаны мәлім. Ал, Құран мұны он төрт ғасыр бұрын былай деп көрсеткен: “Жерден өніп-өсетін барлық өсімдіктерді және өздеріңді және сендердің т.б. білмейтін нәрселеріңді жұп-жұп қып жаратқан Алла қандай пәк” (“Ясин” сүресі, 36-аят).
Сондай-ақ, зерттеушілердің теңіздердің ерекше қасиетіне байланысты соңғы ғасырда ашқан жаңалықтарының бірі Құранның “Рахман” сүресінде былайша баяндалады: “Алла тағала екі теңізді ағызды, олар бір-бірімен қабысады, бірақ араларында перде болғандықтан бір бірімен араласпайды”. (“Рахман” сүресі, 19-20-аят).
Иә, бір-бірімен қосылып жатса да сулары араласпайтын теңіздердің жоғарғы аятта айтылған ерекшелігі жақында ғана мұхит зерттеушілері тарапынан Жерорта теңізі мен Атлант мұхитының тоғысқан жерінен табылды. Ғасырлар бойы бір-бірімен түйісіп тұрған теңіз суларының тығыздықтарының әртүрлі болуы – екі теңіздің суларын бір-біріне араластырмай ортада көрінбейтін бір қабырға бардай боп тұрады.
Жердің айналу бағыты жайлы Құранда: “Тауларды көріп, оларды тапжылмай тұр деп ойлап қаласың. Ал олар болса, бұлттардың көшуі тәріздес жылжуда”. (“Нәміл” сүресі, 88-аят).
Алла тағаланың адамдардың ақиқат аясында өмір сүрулері үшін шырақ етіп түсірген қасиетті Құранның бұл аятында Жердің тек айналуы ғана емес, сонымен қатар оның айналу бағыты да таңғаларлық білгірлікпен айтылып кеткен. Қазіргі заман ғылымының қол жеткізген жаңалықтарының бірі – 3500-4000 м биіктіктегі негізгі бұлт жиындарының қозғалыс бағыты әрқашан батыстан шығысқа қарай жылжитыны. Ауа райын болжау үшін көбінесе батыстағы жағдайға назар аударылуының себебі де содан.
Ал, бұлт жиындарының батыстан шығысқа қарай қозғалуының негізгі себебі – Жердің айналу бағыты. Өйткені жер батыстан шығысқа қарай айналатыны белгілі. Кейіннен белгілі болған бұл ғылыми ақиқат бірнеше ғасыр бұрын қасиетті Құранда айтылып қойылғаны керемет.
Құранның тағы бір баға жетпес мұғжизаға толы аяты ана құрсағындағы сәбидің өсу кезеңдеріне тоқтала келе, алдымен сүйектер бітіп, кейін сол сүйектерді бұлшық еттер қаптайтыны туралы былайша сыр шертеді:
“Расында, біз адамды нағыз (сүзілген) балшықтан жараттық. Сосын оны шәуеттің бір тамшысы күйінде мықты жерге орналастырдық. Сосын ол тамшыны алақаға (жабысқақ ұрықтанған клеткаға), сосын оны мудғаға (бір тістем ет көрінісіндегі жаратылысқа), сосын мудғаны сүйектерге айналдырдық, сосын сүйектерді етпен қаптадық, сосын оны басқа бір жаратылыс жасадық. Алла – ең керемет Жаратушы”. (“Муминин” сүресі, 14-аят).
Ана құрсағындағы сәбидің өсіп-жетілуін зерттейтін эмбриология ғылымы көпке дейін сүйектер мен бұлшық еттер бірге құралады деген қате тұжырымда болып келді. Тек технологияның дамуы нәтижесінде ақиқат айғақтарына қол жеткізіліп отыр.
Шынымен-ақ, физика ғылымы, су асты зерттеулері, тығыздық өлшемі сияқты нәрселер, адамның үш ұйықтаса түсіне кірмейтін дәуірде Құранның бұл ғылыми ақиқатты дөп басып баяндауы, Құран мәңгілік құндылықтарға бай, Ұлы Жаратушының сөзі екенін көрсетеді.
Осындай көптеген Құран аяттарының кереметіне таңғалып, оның Иләһи кітап екендігін мойындаған атақты батыс-шығыс ғалымдарының айтқан сөздерінің ойланғанға ғибраты мол. Мысалға: C. Харт: “Құран Алла тарапынан Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) уахи арқылы жіберілген”, Жан Поуль Роул: “Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ең үлкен мұғжизасы – періште арқылы жіберілген Құран Кәрім”, Виктор Имбердес: “Құран бүтін заң негіздеріне қайнар көзі бола алатындай бай кітап...” десе, доктор М. Букайле Құранның көптеген ғылыми жетістіктердің негізін қамтығандығын толық зерттеп және ондағы басқа да ақиқаттарға тәнті болып, мұсылман болғандығын, M. Родвел “Құранды оқыған сайын таңғалатындығын...” айтқан. Ал Гете: “Бұл кітап (Құран) мәңгілік қуат-күштің қайнар көзі болып қала бермек...”, десе капитан Кусто: “Қазіргі ғылымды он төрт ғасыр артқа тастаған Құранға ант етейін, ол – Алланың хақ сөзі” депті, Абай атамыз: “Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас”, – деп Құранның хақ екендігін айтқан.
Құран адамзаттың екі дүниелік бақыты үшін түскенін білсе де, көре алмай, Құранды пенде кітабы етіп көрсетіп, оны жоққа шығаруға тырысқан Құран дұшпандары қанша жанталасқанмен, оның мәңгілік жарығын өшіре алмасы анық. Құранда: “Олар Алланың нұрын ауыздарымен үрлеп өшіруге тырысады. Алайда Алла кәпірлер қаламаса да нұрын толықтырады” (“Саф” сүресі, 8-аят), дейді.
Сондықтан да Құран жайлы сын айтып, сөз таластырмақ болғандар мәңгілік сөнбес нұрдан мақұрым қалмақ. Ал Қасиетті Кітаптың хақтығына қалтқысыз сеніп: “Раббымыз, біз “Раббыларыңа иман етіңдер” деп шақырған (Пайғамбар, Құран) шақырушыны естіп, дереу иман еттік” (“Әли Имран” сүресі, 193-аят) дегендер сол бір нұрдың бақытына бөленіп, “Раббымыз, бізге пайғамбарларыңа уәде еткендеріңді бер, һәм бізді қиямет күні қорлама. Күдіксіз Сен берген уәдең мен сөзіңнен айнымайсың” (“Әли Имран” сүресі, 194-аят) деп дұға етіп, ақыретте Ұлы Жаратушының уәдесі бойынша Оның таусылмас қазынасы мен сарқылмас сый-сияпатына қол жеткізеді.
Иә, Құран – жеті қабат ғаламды жоқтан жаратқан Жалғыз Жаратушы Алла тағаланың мән-мағынасы шексіз мәңгілік кітабы.
ҚАСИЕТ
Әрбір мұсылман Құранды өзі ғана оқып үйреніп қоймай, оны бала-шағасына да үйретуге міндетті. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадис-шарифте: “Сіздердің ең жақсыларыңыз Құранды үйреніп, оны басқаларға үйреткендеріңіз” – деген.
Құрансыз өмірдің бос өмір екендігін әрбір мұсылман жақсы түсінуі керек. Құран оқылмаған үйде, жерде, елде береке, тыныштық болмайтынын еске сақтау ләзім. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл туралы хадис шарифте былай дейді: “Үйлеріңізде Құран Кәрімді көп оқыңыздар. Себебі Құран оқылмаған үйде жақсылық, береке аз болады. Ондай үй-іші әрдайым қиыншылықта болады”. Яғни ондай үйде тыныштық болмайды.
Дүниедегі еш нәрсе адам баласын Құрансыз бақытты ете алмайды. Отбасында тыныштық, татулықты тек Құран ғана бере алады. Әсіресе қазіргі заманда болып жатқан әлеуметтік құбылыстарға зер салсақ, отбасы мүшелері арасындағы түрлі араздасулар, келіспеушіліктер, ұрыс-керістердің көпшілігі дін жолын ұстанбайтын, Құран оқылмайтын үйлерде, отбасыларда болады. Құран оқылған үйге Алла тағаланың шексіз мейірім, рахымы жауады.
Бұрын өткен ата-бабаларымыз заманында ажырасулар, ерлі-зайыптылар арасында ұрыс-керіс, әке мен бала арасында талас-тартыс өте аз ұшырасқан. Себебі олар Құран жолымен өмір сүрген, Құранды үйреніп, бала-шағаларына үйретіп отырған. Әрбір мұсылман Құранды өзі оқи білген. Сондықтан отбасында береке, жақсылық, бір-біріне деген ізет, құрмет сақталған.
Құран оқу азайған соң теріс қылықтар, күнә істер, қылмыстар көбейіп қоғамда тынышсыздық басталады. Бүгінгі таңда Құран оқылатын үй мен Құран оқылмайтын үйді береке, тыныштық жөнінен салыстырсақ, әлбетте Құран оқылған үйде береке, тыныштық Құран оқылмайтын үйге қарағанда жиірек екендігін байқаймыз.
Хазреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с): “Бір үйде Құран оқылса, аспаннан періштелер енеді. Шайтандар қашады. Үй-ішіне жақсылық, тыныштық енеді, жақсылық көп, жамандық аз болады. Бір үйде Құран оқылмаса, ол жерге шайтандар келеді, періштелер кірмейді, үй-ішіне тынышсыздық келеді, жақсылық азайып, жамандық көбейеді”, – деген.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с): “Құран қарайған жүректерге нұр береді” деп те ескерткен.
Құран адамды рухани қиыншылықтардан, көңіл тарылуынан сақтайды. Құран өзіне ұмтылған жандар үшін – үміт көзі. Құран мұсылмандарға үмітке толы өмір береді.
Пайғамбарымыз бір хадис-шарифінде: “Құран оқу – көңілдің шипасы”, — дейді.
Иә, Құран қай жерде болса да — дертке дауа. Себебі Алла тағала Құран Кәрімнің “Юнус” сүресінің 57-аятында: “Әй, адамдар! Тәңірлеріңнен сендерге насихат болған, жүректегі дертіңе дауа болған мұсылмандарға тура жол және жарылқау болған кітап (Құран) келді”, — дейді.
Құран – рухани ауруларға да қарсы шипа көзі. Дәрі-дәрмекпен емделмейтін аурулар Құранмен шипа табады.
Мұсылман жаны қысылып көңілсіз күйге ұшырағанда дереу дәрет алып Құран оқығаны жөн. Көңілсіздіктің жалғыз шарасы – Құран оқу, оқыған Құранды тыңдау.
Құран дауа ретінде түскен. Алла тағала: “Біз Құранда шипа болатын аяттарды түсірдік”, – деген.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с): “Кім Құраннан шипа таппаса, оған басқа ем жоқ”, – деген.
Құран Кәрімде шипалық қасиеттері бар бірнеше аяттар бар. “Жүніс” сүресінің 57-ші, “Тәубе” сүресінің 14-ші, “Нахл” сүресінің 69-шы, “Исра” сүресінің 82-ші, “Шуара” сүресінің 80-ші, “Фуссилат” сүресінің 44-аяттары Құранның шипалық көзі. Мысалы “Әл-Исра” сүресінің 82-аятында: “Мүміндерге рақымы, шипасы бар Құранды түсіреміз. Залымдардың шеккен зияны арта түседі”, – делінген.
Яғни Құранда баяндалған үкімдер – теріс ақида (сенім), жалған көзқарас және жаман мінез-құлық сияқты құбылыстарға бірден-бір шипа көзі. Оның ішіндегі Алла тағаланың әмірін орындағандар үшін Құран – рахым, мейірім көзі. Сондықтан Құран әрі шипа, әрі Жаратушы Иеміздің пенделеріне жіберген рахымы.
Ибн Масғуд (р.а.): “Құран шапағат етеді, иесі үшін жұмыс істейді. Сондықтан кімде-кім Құранды жолбасшы етсе, ол оны жәннатқа жетелейді. Кімде-кім Құран жолын ұстамаса, бұл жағдай оны дозаққа сүйрейді”, – деген.
Бұл сөздің мағынасы: Құран өзін оқып, үкімдеріне амал жасаған кісіге Алла тағаланың алдында шапағатшы болады. Құран өзін оқымаған, үкімдеріне амал етпеген адамға да қарсы куә болады. Құранның бұл куәлігін Алла тағала қабыл етеді дегенді білдіреді. Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: “Хақиқатында Құран Алла тағаланың пенделеріне берген сый-сияпаты, олай болса, ей, мұсылмандар, қолдарыңыздан келгенше Алла тағаланың сыйлығын үйреніңдер. Құран Алла тағаланың мықты бір жібі.
Құран – жарық та айқын нұр, адамдарға һәм шипа, һәм тура жол көрсетуші. Құран – өзін ұстанғандар үшін құтқарушы. Ол қанша көп оқылса да ескірмейді. Оны көп зерделеп, үкімдерін орындау қажет. Құран сөзінен тысқары шықпау ләзім. Себебі Алла тағала Құран оқылғанда оқылған әрбір әрпіне он сауап береді. Бұл ретте мына нәрсені есте ұстау керек. Әлиф, ләм, мим үшеуі – бір әріп, үшеуіне – он сауап жазылады деген сөз емес. Керісінше, әлиф – бір әріп, оған – он сауап, ләм – бір әріп, бұған да — он сауап, мим бір әріп, оған да – он сауап беріледі”, – дейді.
Абдуллаһ ибн Масғұд риуаят еткен хадис-шарифте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): “Алла кітабынан бір әріп оқығанға бір жақсылық бар, ол он есе жақсылық болып жазылады. (Яғни, бір әрпіне он сауап беріледі.) Мен әлиф, ләм, мим – бір әріп демеймін. Әлиф – бір әріп, ләм – бір әріп, мим – бір әріп деп айтамын”, –деген. Яғни әлиф, ләм, мимді оқыған кісіге – отыз сауап жазылады. Сондықтан біз – мұсылмандар Құран оқудың қасиетін жақсы түсіне білуге тиіспіз. Бір әріп үшін сонша сауап берілетін болса, Құран Кәрімді толық оқып шыққан кісіге қанша сауап жазылатынын ойлап көрейікші! Ендеше келіңіз, Қасиетті Кітапты оқып, мол сауапқа ие болайық.
Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ