Аллаға шүкір, рамазан айымен аман есендікте қауышып, Алланың берген денсаулығының арқасында ораза ұстап, кешкі екі-үш сағатты Алланың ғибадатына арнап, тарауих намазын оқуға мешіттерге келіп Құран хатымға қатысып жүрген жамағатымыз бар. Алла сауаптан жазсын. Қасиетті Құранда: «(Ей, Мұхаммед!) өзіңе уахи етілген кітаптан (яғни, Құраннан) оқы және (рүкіндерін толықтап) намаз өте! Намаз, расында, жиіркенішті істерден және жамандықтан тыяды. Алланы еске алу (басқа құлшылықтың бәрінен) - ұлы. Алла сендердің барлық істеріңді біліп тұрады» («Әнкабут» сүресі, 45-аят),- делінген. Осы аятта «намаз өте!» деген сөздің арабшасы «ақимус-солат» деп, «намаз» сөзі «соллу» яғни «намаз оқы» деген етістікпен емес, «солат-намаз» сөзі көмекші «ақим» етістігімен бірге жазылған. Мұның өзіндік себебі бар. «Ақимус-солат» сөзінің сөзбе сөз қазақшасы «намазды орнынан тұрғыз» дегенді білдіреді. «Ақим» етістігі мен парыз намаздан бұрын орындарынан тұру үшін айтылатын «иқамат» сөзінің түбірі, әрі мақсаты да бір. Сонда, арабтың сөзінде «намаз оқы» «соллу» мен «намазды орнынан тұрғыз» «ақимус-солат» деген сөздердің айырмашылығы бар. «Ақимус-солат» пен «иқамат» сөздерінің мағынасынан намаздың тек суретін ғана жасауға тұру деген емес, намазды рүкіндерін толықтап, барлық ішкі-сыртқы ережелеріне сай толық өтеу үшін орнынан тұру түсініледі. Демек, аятта Алла тағала пайғамбары Мұхаммед саллаллаһу аләйһи уәсалләмға «ақимус-солат» деп тектен-тек айтып тұрған жоқ. Мұның астарында, намазды тәртібіне сай, шын көңілден Алла ұлылығының шексіздігін мойындап, өзінің қауқарсыздығын ескеріп, аса бір кішіпейілділік танытып, намазды барлық ішкі-сыртқы ережелерін сақтай отырып атқару әмір етілгедігін аңғару керек. Иә, намаз ережесіне сай шынайылықпен орындалса, аятта айтылғандай «Намаз, расында, жиіркенішті істерден және жамандықтан тыяды». Міне, осылай бағаланудың арқасында біздерге кімнің оқыған намазы шынайы екенін ажыратып алу күрделі емес. Сондықтан, намаз иманымызға сын.
Шынайы мұсылманды екі жүздіден (мұнапықтан) айырып береді. Шынайы мұсылман намаз оқуды білмегендігі үшін ұялады. Дәрет алуды, намаз оқуды үйренуді бас міндеті санайды, намазын толық орындауға ұмтылады, арсыздықтан аулақ, жиіркенішті істерден қашық жүреді, жамандықтан жиренеді, күнәдан өзін тыяды. Ал, екіжүзді адам намазға селсоқ қарайды, арсыз, жаман істерден қайтпайды. Бұл оның оқыған намазы шынайы болмағанын білдіреді. Имам әт-Табараний (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Кімнің намазы арсыз, жаман істерден қайтармаса, онымен Алладан тек қашықтау ғана көбейеді»,- дейді. Намаз арқылы адам кәміл мұсылман болады. Өзінің отырысын, жүріс-тұрысын, адамдармен қарым-қатынасын, бәрін де Ислам тұрғысынан жасауға әдеттенеді. Ал, оны осындай көзқарасқа жетелейтін құрал - намаз. Намаз қабыл болу үшін, оның бір шартын Алла тағала былай баяндайды: «Мүминдер, расында, тілегіне жетті. Олар - намазда-рында именіп тұратындар» («Мүминун» сүресі, 1-2-аяттар). Именіп тұрудың арабшасы "хұшу". "Хұшу" қорқуды, әрі асықпай, сергек істеуді қамтитын сөз. Демек, мұсылман намазында именіп тұрса, яғни Алланың құзырында әрбір әрекетін, жанын, тәнін қорқыныш билесе және әрбір әрекетті асықпай, сергек атқарса, тілегіне жеткені. Аятта "тілегіне жетеді" деп емес, "тілегіне жетті" деп тоқ етері айтылған. Бұл аятта намаз именумен орындалып, намазда "хұшу" табылса, тілегіне жетуі уәде етілген. Демек, намаздың парыз, уәжіп және сүннеті болғаны сияқты, намазда ниет, ықылас және хұшу яғни именіп тұру да бар. Бірінші үшеуі тәннің яғни, намаздың сыртқы амалы болса, қалған үшеуі жүректің яғни, намаздың ішкі амалы. Сондықтанда, имам әл-Бұхарий пайғамбарымыз хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.): "Сақ бол! Әлбетте, денеде бір кесек ет бар. Егер ол түзу болса, күллі тәнің түзу болады. Егер ол бұзық болса, күллі тәнің бұзылады. Сақтан! Ол - жүрек»,- деді,- дейді. Тоқ етері, рамазан айын ғанибет біліп, тек тарауих намазын ғана емес, күнделікті бес уақыт намазды шынайы оқысақ, намаздан көп пайда табамыз. Өйткені, намазда мұсылман Алламен болады. Жоғарыдағы Қасиетті Құранның «Әнкабут» сүресі 45-аяттың келесі: «Алланы еске алу (басқа құлшылықтың бәрінен) - ұлы»,- деп айтылған сөйлемінен намаз ең ұлы ғибадат деген мағына шығады. Демек, намаз - Алланы еске алу. Намаз басқа құлшылықтың бәрінен артық. Намазда дене мүшелеріміз рукуғ бен сәжде жасайды. Ақылымыз Алланың аяттарының, тілеген тілегіміздің мәнін түсінумен ынтық болып, терең ойға батады. Тәнің, тілің, жаның яки барлық тұла бойың Аллаға жалбарынып, рахатқа кенеледі. Сондықтан да Алламен осындай байланыс орната алмаған адам, әсте, бақытты бола алмайды. «Әнкабут» сүресі, 45-аят: «Алла сендердің барлық істеріңді біліп тұрады»,- деумен аяқталды. Алла тағала намазды барлық ережесіне сай толық оқығанды да, намазда жіберілген кемшіліктерді де біледі. Алладан ешбір іс құпия боп қалмайды. Ендеше, намазды оқи алмауыңыз - мұсылман атыңыз үшін үлкен айып. Намаз - әрбіріміздің Жаратқанның алдындағы міндетіміз. Сондықтан, осы мешітке келушілер, біздің соңымызда тұрып намаз оқып жатқан жамағатымызға намаз оқуды үйрету - біздің ең бірінші міндетіміз деп білеміз. Кімде кім намаз оқуды ережелеріне сай үйренгісі келсе, мешітке келсін. Намазды сізге имамдардың өзі үйретеді. Әрбір өзін мұсылман санаған бауырларымызға айтарым, бүгінгі күнде намазды оқып үйренуге ешқандай кедергі жоқ, үйренбеуге ешқандай себеп, желеу жоқ. Адам баласы намазды екі себеппен оқымайтын көрінеді: бірі - такаппарлықтан, бірі - ғапылдықтан. Бұл екеуі рухани дерт саналады. Осы қасиетті рамазан айында ораза ұстап, тарауих намаздарына қатысып жүріп, осындай рухани дерттерден арылып, бес уақыт намазды оқып кетсеңіз құптарлық. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әрбір нәрсенің есігі бар.
Ораза - Аллаға құлшылық жасаудың есігі»,- деген. Демек, ғимараттың есігі сияқты ораза ғибадаттың есігі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім намазын толық орындаса, тұрғызса, ол дінін тұрғызыпты. Кім намазын оқымаса, дінін бұзыпты»,- дейді. Сондай ақ, Расулулла (с.ғ.с.): «Намаз - діннің тірегі»,- деген. Осы хадистерде дін биік ғимаратқа, намаз сол ғимараттардың тірегіне ұқсатылған. Ал иман сол ғимараттың іргетасы. Ораза - сол ғимараттың есігі. Жоғарыдағы аятта да намаз жамағат көтере алатындай биік діңгекке баланды. Расында, ислам діні шаңырағы биік, керегесі кең, босағасы берік бір киелі ғимарат тәрізді. Оның сәулетшісі Алла тағала. Ал, ғимараттың құрылысшылары - мұсылмандар. Әсем ғимараттарды тұрғызу, соғу, қолдану, сол ғимаратқа қоныстанушылардың бақытты ғұмыр кешулері адамдарға байланысты. Осы біздің елордамыз Астана да өзінің шұрайлы ғимараттарының арқасында әсем қалаға айналып, әлемге танылып отырған жоқ па?! Ғимараттары сүйкімсіз болса, қалайша мақтанышымызға айналар еді?! Сондықтан, дініміз ислам бұйырған намаз да адамның бойынан мұсылман екенін көрсететін ғимарат. Қалада ғимараттар бой көтере берсе, қала әсемдене бермек. Сол сияқты, қала тұрғындарының арасында намаз оқитын мұсылмандар көбейе берсе, жақсылығымыз артып, босағамыз берік, керегеміз кең, шаңырағымыз биік елге айналарымыз хақ. Лайым солай болсын. Инша Алла. Ұстап жүрген оразамыздың да адамға берері мол. Исламдағы ораза тәрбиелік маңызы зор ғибадат. Ораза - пенденің Аллаға деген сезімін оятатын, Алланың ризалығына бөлейтін, ораза пендені тамақ жемейтін, шөліркемейтін, жыныстық сезімдерге берілмейтін періште мәртебесіне көтеретін, тозаққа жетелейтін жаман қылықтарға қалқан болатын, жаманнан жирендіріп көркем мінез құлықтарға бейімдейтін және көп жақсылықтарға жеткізетін ғибадат. Оразаның сауабы басқа ғибадаттардың сауабынан артық. Ораза қалыптастыратын адам бойындағы ең жақсы қасиеттердің бірі - тақуалық. Оразаны парыз еткен аятта: «Ей, иман келтіргендер! Тақуалы болуларың үшін ораза парыз етілді»,- деп басталды. Ораза бізді діндар, тақуа болуымыз үшін парыз болған ғибадат. Тақуалық - жаманнан жирендіріп, жақсы, көркем мінездерге бейімдейтін, жақсылыққа жетелейтін қасиетті күш. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) тақуалық қайда деп сұрағанда, көкірегіне алақанын басқан екен. Сондағысы көкірегі ояу адамдарды тақуалы адамдар, дегені ғой. Ораза тақуалыққа апаратын жолдардың ең негізгісі. Ораза ұстаған адам тақуалыққа жету керек, яғни көркем мінезді болуы керек. Ал егер кім ораза ұстаса, бірақ тақуалық сезімі, көкірегі оянып, көркем мінезі пайда болмаса, ол адам оразаны шынайы, ықыласымен ұстамаған саналады. Оның оразасынан тек қиналғаны, аш жүргені ғана қалады. Осылай болып қалудан Алла сақтасын. Қасиетті рамазан айының ораза ғибадатын шынайы ықыласымызбен ұстауды Алла нәсіп етсін. Кейбір өзін мұсылман санап жүргендерге рамазан басталғанын, ораза ұстау парыз екенін, тарауих намазы жүріп жатқанын, жаратқан Аллаға құлшылығыңды, ғибадатыңды жаса, ақиреттік қамыңды ойла, деп айтсаң, «маған әлі ерте, алпыстан асқан соң ораза ұстаймын, намаз оқимын, уақытым әзірге болмай, дүние қамы жар бермей тұр»,- дейді. Алайда, Алла тағала кімнің қанша өмір сүретінін, ажалы қашан келетінін алдын ала айтып қоймайды. Ажал айтып келмейтіні жалпыға мәлім емес пе?! Сөйте тұра, адам баласы Алла тағалаға сәжде етіп, ақырет азығын жинауға асыға қоймайды. Бұл заманда адамның өмірі, жалпы алғанда, алпыс жастың о жағы мен бұ жағы. Ендеше, әрбіріміздің қанша жыл өміріміз қалғаны жалғыз Аллаға аян. Бұл жалған пәни өмірге адам баласы ақиқат пен жалғанды ажыратып, сауап пен күнәні жию үшін келеді. Қасиетті Құранда: «Алла тағала сендердің қайсыларың ең ізгі іс жасай алатындарыңды сынау үшін өлім мен өмірді жаратты» («Мүлк» сүресі, 2-аят),- делінген. Хазреті Омар (р.а.) бір күні мешітке бара жатып бір кішкентай баланың жүгірген күйі ересек кісілердің арасымен өтіп, мешітке асыққанын көріп қалады. Хазреті Омар (р.а.) жай ғана әлгі балаға жақындап: «Әй, балақай! Саған әлі намаз оқуға ерте ғой, саған намаз парыз бола қойған жоқ, сен әлі жассың. Мешітке үлкен кісілердей неге асығып барасың?»- деп сұрайды таңырқай. Сонда бала жұлып алғандай: «Әй, мұсылмандардың әміршісі! Кеше ғана ауламызда менімен жасты бір бала дүниеден өтті!»- деп ойлантарлық жауап қатады. Иә, баланың бұл әрекеті жас тұрмақ қатары сиреген қарияларға да ой саларлық үлкен өнеге. Хазреті Әлидің: «Адам баласы ұйқыда, өлгенде ғана оянады»,- деген сөзінің сыры осында жатқандай. Меніңше, атам қазақтың: «Болатын бала он бесінде баспын дейді, болмайтын бала отызында жаспын дейді» деген нақыл сөзі ұйқылы мен ояу, намаз оқитын мен намаз оқымайтын, ораза ұстайтын мен ораза ұстамайтын, Аллаға құлшылық ететін мен құлшылық етпейтін адам үшін айтылғандай. Ертеңгі ақыретін ойлаған бала он бесінде балиғат жасына толысымен ес жиып, Алла тағаланың әмірлеріне бас имек. Болмайтын бала отыз тұрмақ алпысқа келсе де, өзін әлі балиғатқа толмаған жастай намазға жығылуды, ораза ұстауды ерте санайды. Сондықтан да, қасиетті Құранның «Тәкәсүр» сүресінде: «Мал мен байлықтың буы сендерді қабірге кіргенге дейін көз бояп ал-дайды»,- дейді. Бәрін біле тұрса да, жастық пен байлықтың мастық буы мен дүние қамының таусылмас күйкі тіршілігі пендені сұм ажалдың қақпасына жіпсіз байлап, жар жағасында жүргізіп қояды. Иә, қу тіршілік көзімізді байлап, жалған дүниенің соңынан елітіп қойғаны жасырын емес.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис шәріпінің бірінде: «Бес нәрседен бұрын бес нәрсені ғанибет деп біл: өміріңді өліміңнен бұрын; деннің саулығын сырқаттанудан бұрын; бос уақытты қолың байланып қалудан бұрын; жастық дәуреніңді әлжуаз қария болудан бұрын; байлығыңды кембағал болуыңнан бұрын»,- дейді. Бұл айда әр мұсылманның пітір садақа беретіні баршаңызға мәлім. Ораза рамазан айының көркі болса, пітір садақасы да Рамазан айының берекесі саналатын ғибадат. Рамазанды ораза айы деп атағандай «пітір айы» деп те атаймыз. Пітір садақа биыл Астана, Алматы қалаларында 100 теңге деп бекітілді. Садақа берудің сауабы мол. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Садақа Раббыңның ашуын басады, беймезгіл өлімді қайтарады»,- деген. Әрбір мұсылманның пітір садақа беруі - уәжіп. Пітір садақаны мұсылмандар «жан садақасы» деп те атайды. Пітір садақа бидай немесе мейізден екі кілә, арпа мен құрмадан төрт кілә деп белгіленіп, соның құны беріледі. Бидайдан немесе мейізден немесе арпадан немесе құрмамен беремін деушілердің еркі өздерінде. Яғни, құрманың қорабы 150 теңге, төрт кіләсі 850 теңгені құрайды. Ал, арпаның төрт кіләсі 240 теңгеге жуық. Мейіздің кіләсі 300-700 теңге, олай болса екі кіләсі бірінші есеппен 600 тенге, екінші бағамен 1400 теңгеге тең. Сапалы бидайдың екі кіләсі 100 теңге. Сондықтан, қайбір көрсет-кіштің бағасымен пітір садақа бере-мін деушілердің еркі өзінде. Қасиетті Құранда: «Сүйген нәрселеріңді (Алла жолында) жұмсамайынша (садақа бермейінше), жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар. Не жұмсасаңдарда Алла оны сөзсіз біліп тұрады» («Имран» сүресі, 92-аят),- делінген. Негізінде, адам баласына өзінің табысын біреуге бере салу оңайға соқпайды. Алайда, пітір садақа арқылы ол өз нәпсі қалауына қарсы шығып, мұқтаждарға қарайласады. Қазақстан халқының орташа айлық жалақысы шамада 40000 теңгені құрайды екен. Сонда орташа жалақысынан 100 теңге пітір берсе, онда ол айлық жалақысының бір пайызына да жетпейді. Ал екі кілә мейіз бағасымен 600 немесе 1400 теңге пітір садақа берсе, орташа жалақы алатын адам жалақысынан шамада 4,2% берген болады Иә, мұны ойланбай көп дейміз. Бірақ, өзге дін христиандарда да осы пітір сияқты садақалары бар. Олар оны «десятник» деп атайды. Яғни, әрбір христиан өз жалақыснан он пайызын садақа есебінде береді екен. Сонда бүгінгі күнгі христиандардың орташа жалақы алатындары төрт мың теңгені шіркеулеріне пітір садақа ретінде беріп жүргенде, біз 100 теңгені көпсінуіміз ұят емес пе?! Рамазан баршамыздың жомарт болуымызды уағыздайтын ай. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі рамазанда басқа айларға қарағанда жомарт болатын еді делінген хадистерде. Осы орайда, «христиандар кітапшаларын әрбірі-міздің үйіміздің есігін қағып, тегін таратып жүр, неге мұсылмандар кітапшаларды тегін таратпайды» деп айтып жүреміз. Енді, есеп-қисап жасап көрейік, христиандар жылына пітір садақалары ретінде жалақыларынан он пайызын береді. Ал біз беретін 100 теңге жалақымыздың бір де пайызы болмайды. Осыдан салыстырып көре беріңіз. Айтсаң - көп айтқан боласың, айтпасаң - тағы болмайды. Қазақстан мұсылмандарының қос төл басылымы - «Ислам және өркениет» газеті мен «Иман» журналына жазылу басталды. Бағасы өзге басылымдардан жоғары емес. Бұл қос басылымға жазылу да садақа саналады. Асыл дінімізді насихаттап, тарататын, мемлекеттік тендерге қатыстырылмай, одан көмек алмайтын бұл екі таза діни басылым тек мұсылмандардың ғана қаржылай қолдауына мұқтаж. Бұл екеуіне қолдауымыз сол - әр отбасы жазылып алдырғаны, оны - өз көршісі мен жүрген ортасына үгіттеп таратқаны. Бұл газетке жазылу үшін шығарған теңгеңіз садақа, садақа болғанда да садақаның зоры.
Бала-шағаңыз оқып діни танымдылығын арттырады. Бұл - бүгінгі күннің талабы болып отыр. Кейбір мұсылман бауырларымыздың ұл-қыздары басқа дінге кіріп кетіп жатыр. Неге олай, өйткені үйде дініміз ислам туралы бала-шағамызға ләм-мим демейміз. Ислам туралы айтуға біліміміз де жоқ. Сондықтан, бұл екі басылымға жазылсаңыздар оны оқып, дініміз ислам жайлы білімдеріңіз артары хақ. Кейбіріміздің туыстарымыз мешітке келмейді, соларды мешітке тарту - міндетіміз. Оларды қолынан сүйреп, зорлап мешітке алып келу болмас. Оларға уағыз жүргізу керек. Уағыз айту - әрбіріміздің шамамыз келе бермейтін іс. Сондықтан, оларды да мұсылманшылыққа тарту үшін олардың орнына да жаныңыздан ақша шығарып осы газетке жазылыңыз. Сол газетті айына 3 рет алып, сол туысыңыздың үйіне апарып отырыңыз. Міне, осылай ету көркем түрде уағыз жүргізу боп саналады. Олар үшін газетке жазылғаныңыз, ол да садақа. Ал садақада менмендік болмау керек. Әйтпесе, сауабынан айырыласыз. Баршамызды Алла сауаптан кенде етпесін. Алла жасап жүрген ғибадаттарымызды қабыл еткей!
Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ