Рамазан шариф және ораза

Рамазан шариф және ораза

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ораза айы пендеге сансыз иләһи сыйлықтар әкелетін мүбарак ай. Адамзат шексіз игіліктердің қадірін еске түсіре отырып, мына пәни алдамшы ләззаттардан бет бұрып, мәңгілік ләззаттарға жетуге тырысады.

Әрине оразаның ең маңызды ерекшелігі және оның негізгі мақсаты құлшылық ете отырып бойындағы нәпсімен күресу, оны бақылау астына алу.

Ораза – адам өмірінде күрестен тұратын «сабырлылық, еріктік, өзімшілдік т.б.» секілді жаман пиғылдардан ұзақ тұру. Сондай-ақ ол мінез-құлқымызды кәмілдікке жеткізеді және осы құлшылықтың арқасында ішіп-жеуден, шаһуатқа қызығып қараудан және т.б. бітпейтін қиял-армандарға шомылудан гөрі адамның абырой-қасиетін қорғайтын қалқан болады.

Ораза ұстаған қанағатшыл болған күйде сабырлылық танытып, жақсы мінез-құлыққа тәрбиеленіп, аштықты сезіне отырып қолындағы игіліктердің қадірін еске түсіреді. Мал-дүниесі жоқ кісілердің ахуалы туралы ойланып, оларға деген мейірімділігі оянып, көзқарасы өзгеріп жүрек көздерімен сезінетін күйге жетеді. Әрі Раббысына шүкіршілік білдіреді. Сондай-ақ ораза қоғамдағы келеңсіз кек сақтаушылық пен қызғаншақтықты жоюға күшті ықпалын тигізеді. Сондықтан ораза тек осы үмметке ғана емес, бұрынғы үмметтерге де парыз етілген ғибадат болды. Бұл жайында Алла Тағала Құранда былай деген:

«Ей, иман келтіргендер, ораза сендерден бұрынғыларға парыз болғаны сияқты сендерге де парыз етілді. Бәлкім сақтанарсыңдар». (Бақара сүресі 183-аят)

Исламда парыз етілген ғибадаттарды, түрлі рухани ауруларға дәрі деп түсіну керек. Нәпсі бұл дүниенің әшекейлік көріністеріне алданып, ойын-сауықтың соңында жүру сияқты ауруларға апарып соқтырады. Ал мұсылмандардың Мекке дәуірінде мұндай ауруларға шалдығу ықтималы жоқ еді. Олар һижреттен кейін кәпірлердің зұлымдығынан құтылды. Ислам діні кең етек алып, экономикалық жағдай да бірте-бірте түзеле бастады. Сонда рухани ауруларға шалдықпау үшін диета сақтау керек еді. Сондықтан ораза ұстаудың уақыты келген-ді немесе келуге таяған еді. Ақыры һижреттің екінші жылында ораза мұсылмандарға парыз етілді.

Расында ораза дене ағзалары мен рухани ауруға дәрі ретінде «санаулы күндер» - деп парыз етілген. Өйткені кісі бір дәріні үнемі ішіп жүретін болса, денесі оған үйреніп кетеді де, дәрінің пайдасы шамалы болады. Сол сияқты рухани тұрғыдан дәрі секілді рөл атқаратын оразаның жағдайы да осындай. Егер ораза ұстауда орта жол ұсталмаса оның заттық һәм рухани өмірге деген пайдасы кәміл дәрежеде болмайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.):

«Мен бұдан кейінгі өмірімді үнемі ораза ұстап жүрумен өткіземін!» - деген сахабасына ескерту жасаған.

Сонымен қатар бір айда ұсталуы күллі мұсылмандардың бір уақытта осы діни міндеттерін атқарулары, Исламның бірлік пен ынтымаққа берген маңыздылығын көрсетеді. Сонымен санаулы күндерден тұратын ораза, пәни санаулы күндерден тұратын өмірімізге сыпайылық береді.

Қасиетті Рамазан айының барлық маусымдарды айналып шығуы да өзгеше хикметті баяндайды. Бір жылдағы маусымдарда болатын ыстық-суық, салқын және жылы күндермен ұзын-қысқа барлық күндерге қатарымен келетін ораза белгілі бір мерзім ішінде жылды бастан аяғына дейін берекеттендіріп тұрады. Бұл ораза ұстағандарды қиыншылықтарға және жеңілдіктерге төзе білуге үйретеді, оларға әр түрлі рухани ләззаттар береді.

Құран Кәрімде ораза Рамазан айымен шектеле отырып, адамзатқа өте керемет тәсілмен әмір етілген. Алдымен былай бұйырған:

«Ей, Иман келтіргендер! Ораза сендерге парыз етілді». (Бақара сүресі 183-аят)

Бұдан кейін мұның тек қана бізге емес бізден бұрынғыларға да бұйырылып парыз етілгенін баяндау ретінде:

«Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей…» деп айтылған, бұдан кейін де ораза үшін белгілі уақыт болғаны білдірілген. (Бақара сүресі 183-аят)

«(Парыз болған ораза) санаулы күндерде». (Бақара сүресі 184-аят)

Осы бұйрықтан кейін Рамазан айының ерекшелігі мен артықшылығы және ораза туралы адамзаттың табиғатына қарай берілген жеңілдіктер баяндалған:

«Рамазан айы адамдарға жол көрсетуші және тураны теріс болғаннан айырудың айқын дәлелдері ретінде Құран түсірілген ай. Ондай болса сендерден Рамазан айына жеткендер сол айда ораза тұтсын. Кімде-кім сол кезде ауру немесе жолаушы болса басқа күндерде (тұта алмаған күндерінің) қазасын орындасын (мойнындағы борышты өтесін). Алла сендер үшін жеңілдік қалайды, қиындық (ауырлық) қаламайды. Бұлардың барлығы санаулы күндерді тамамдауларың және сендерге тура жолды көрсеткен Алланы ұлық қылып Оған шүкір етулерің үшін». (Бақара сүресі 185-аят)

Осы аяттың соңғы жағында оразадан пайда болатын жағдай баяндалған. Яғни ораза, құлдың Алланы ұлық етіп Оған кәміл түрде шүкіршілік етуін қамтамасыз ететін иләһи дәнекер мәртебесінде тұр. Сондықтан ораза барлық салих амалдарға күшті ықпал ететін ғибадат деп айтуға болады. Шақиқ Бәлһи айтқандай:

«Ғибадатты лайықты түрде орындай білу өнер. Сол өнер табылатын жер һалует (адамдарға және дүниелік істерге көп араласпай өмір сүру. Осы жағдай ылғи да болмай кейбір уақыттарда іске асу керек), ал дәнекер аштықта болу (диета)».

Аштықта болу – жаңа медицина ғылымында диета деп айтылып жүр және ол денсаулықтың ең басты шарты. Бізге жеткен деректер бойынша нәпсі жаратылғанда түрлі қиындықтарға, азапқа душар болғанымен Алла Тағалаға: «Сен сенсің, мен менмін…» деп надандығын көрсеткен. Бірақ нәпсі қашан аш қалса сонда ғана Алла Тағала алдындағы әлсіздігін мойындайды. Сондықтан ерікті тәрбиелеу мәселесінде аштыққа шыдау сияқты әсерлі жағдай жоқ. Ал ерік табиғи және нәпсілік болған бейімделулерге қарсы шығудың негізгі шарты болып табылады.

Хазіреті Мәуләнә (қуддисә сирруһу) былай деген: «Адамзаттың негізгі азығы Алланың нұры. Оған көп мөлшерде (денелік) тамақ беру дұрыс емес. Адамның негізгі азығы иләһи махаббат және ақыл болып табылады».

Адамзат негізгі рухани азығын ұмытып денелік азықтың соңына түсіп кеткендігінен бұзылады. Өзі тойғанымен көзі тоймайды да қанағаттың не екенін білмейді. Әуесқойлығынан беті сарғайып, аяқтары тітіреп, жүрегі жанталасып соққан күйде болады. Дүниелік өмірдің азығы мен мәңгілік ақыреттің азығын ажырата алмай қалады.

Алла шейіттер үшін: «Ризық-тандырылды» деген. Сондай бір азық үшін не ауыз не дене керек емес. Хазіреті Лұқман ұлын үгіттер кезінде:

«Асқазан толғанда ойың ұйықтап қалады, хикмет үндемей қалады және мүшелерің ғибадат жасай алмай қалады» - деген.

Айша (р.а.) анамыз:

Мәләкут әлемінің есігін ашуға тырысыңдар - дегенде, одан:

- Қайтіп? - деп сұралады.

Мүминдердің анасы былай деп жауап береді:

- Аштықпен және сусыздықпен!

Дәрегерлерден:

Емнің ең шипасы қайсы?

Даналардан:

Ғибадатқа қоздырып шабыт беретін жағдай қайсысы?

Зәһидтерден:

Аллаға берілуде күшейтетін ең жақсы нәрсе қандай?

Білім үйреніп соны жаттау үшін артықшылығы болған нәрсе қандай?

Ел басшыларынан да:

Ең ләззатты және күшті азық қайсысы? - деп сұралғанда, барлығы:

- Аз ішіп-жеу - деп жауап берген.

Өйткені аз жеп-ішуде әсіресе аш жүргенде және ораза ұстағанда мынадай он жақсы ерекше қасиет бар:

1. Аштық халінде көңіл тыныштығы мен зейін күштілігі мықты болады. Ал тоқтықта ақымақтық пен ұмытшақтық пайда болады.

2. Аштық халінде жүрек жұқалығы, яғни сезімталдық пайда болады. Сонымен қатар дұға мен ғибадаттардан ләззат алынады. Тоқтық халінде жүрек қатаяды да ғибадаттан ләззат алу мүмкіндігі болмайды.

3. Аштық халінде қарапайымдылық пен мінез-құлық жұмсақтығы көбейеді, ал тоқтықта тәкаппарлық, мақтаншақтық және ашу басым болады.

4. Аштық халінде кедейлер мен аш жүргендердің қамын ойлайды, ал тоқтық халінде оларды ойламайды да ұмытып кетеді.

5. Аштық халінде нәпсілік армандарға деген әуесқойлық басылады, ал тоқтықта керісінше жағдай іске асады.

6. Аштық халінде дене зерек және тірі болады, ал тоқтық халінде ұйқы мен ғапылдық пайда болады.

7. Аштық халінде ғибадат пен құлшылықты жалғастыру оңай, ал тоқтық халінде жалқаулық пен осалдық пайда болады.

8. Аштық халінде денсаулық жақсы болады, ал тоқтықта дене әлсірейді де ауырып қалады.

9. Аштық халінде денеде жеңілдік пен рахаттық болады, ал тоқтықта ауырлық басым.

10. Аштық халінде садақа беру сияқты қайырымдылық пен нәфақа беру сияқты сезім күшейеді. Бұл құлды қиямет қайымның үрейлі ыстығында салқын көлеңкеде болуға жеткізеді. Ал тоқтық халінде сараңдық немесе ысырапшылдық пайда болады да бұл құлды зиянға ұшыратады. Яғни, тоқтық нәпсілік армандарды және оларға бейімделуді қоздырып отырады, ал аштықта болу ойлану, сезіну жүйкелерімізді күшейтеді. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) оразаның пайдаларын баян ету мақсатында былай деген:

«Ораза ұстаңдар (заттай және рухани) денсаулықтарың жақсы болады!».

Хақ Тағаланың азиз пайғамбарларын тәрбиелеп оларды уахигедайындау тәсілінде оразаға орынберіп заттай һәм рухани денсаулыққа аштықтың арқасында жетілетіндіктің ишараты болып табылады. Сондықтан пайғамбарлар, пайғамбарлыққа жетуді оразамен бастаған. Осы бағытта:

Хазіреті Мұса (а.с.) өзіне Таурат түсердің алдында күні-түнімен қырық күн аш және сусыз қалған.

Хазіреті Иса (а.с.) Інжіл түсердің алдында күні-түнімен қырық күн аш және сусыз қалған.

Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) өзіне Құран түспей тұрып Мекке қаласының маңындағы Хира үңгірінде толық бір ай жалғыз қалып күндерін түрлі ғибадаттармен өткізген. Ақыры Жәбірейіл періште арқылы көңіліне уахи келе бастаған.

Осы шындықтар оразаныңнегізгі мақсаты мен пайдасының рухани болғанын көрсетеді. Сондықтан ораза бір ғибадат болғандықтан тек сол мақсатпен ғана орындалуы тиіс. Ораза тек қана сырттай болған пайдалары үшін ұсталса, ол ғибадат болудан шығады. Яғни оразаларымыз диета сақтап арықтау мақсатында болмау керек. Мұндай оймен ұсталған оразаларымызбен Алла ризашылығына қол жеткізе алмаймыз. Сол сияқты намаз да дене-мүшедегі пайда үшін оқылса немесе ғапылдық күйде қатайған жүрекпен оқылса, мұндай намаздар пайдасын тигізбейді.

Ғибадаттар тек қана Алла Тағаланың ризалығына жету мақсатымен орындалуы тиіс. Бұған жету үшін көңіл деңгейінің көтеріліп шикіліктен құтылып, кәмілдікке жетуі қажет.

Рамазан айында Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) үгіттерінде орын тепкен бірнеше жағдайға назар аудару қажет:

а) Кәлима Шәһәдатты көп айту;

ә) Истиғфар жасап, зікір ету;

б) Жәннатқа жете алу үшін көбірек салих амал істеу;

в) Тозақтан құтылу үшін харам мен мәкрүһ істерден сақ болу;

г) Мүмкіндігі болса көбірек қайырымдылық істер жасап, көңілі құлазып қайғыда жүрген адамдардың қайыр дұғасын алу;

ғ) Ораза ұстаған кісілерге ауыз аштыру және т.б.

Рамазан – мүмин пенделерді кәмілдікке жеткізе алатын иләһи рахмет айы. Ораза болған кезде ауызға бір нәрсе кірмеуіне мұқият болғандай ауыздан шығатын сөзге де байқау керек. Өсек айтудан және біреуді ренжітуден сақ болып оразаның сауабын азайтпау керек.

Алла Расулі (с.а.у.) былай дейді:

«Ораза ұстаған кісіге жарас-пайтын істермен зиян көрмесе сол кісіге қалқан болады».

«Ораза ұстаған кісі оған қайтіп зиян келтіреді?» - деп сұралғанда Ол:

«Өтірік айтумен және ғайбат сөзбен…» - деп жауап берген. Өйткені өтірік пен ғайбат айт-қандар ораза ұстағанымен өтірік, ғайбат сөз айтулары себепті адам етін жеп ауыз ашқандай болып саналады. Яғни, ғайбат жасап және өтірік айтып ұстаған оразаларына зиян келтіргендер, оразаның не-гізгі пайдасы болған керемет ерекшеліктерден толығымен мақрұм қалады.

Сондықтан дүниелік мұратта-рымен (мақтан үшін) ғапылдықпен кірленген оразалар мен намаздар туралы Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) былай деген:

«Талай ораза ұстағандар бар, бірақ оларға оразасынан аш қалудан басқа нәрсе қалмайды! Түндерді намазбен өткізген талай адам бар, бірақ оларға намаздарынан ұйқысыз қалудан басқа нәрсе қалмайды».

Намаз әсіресе, түнде оқылатын тарауих және тәһәжжүд намаздары көңілдің тыныштығын қамтамасыз етуі керек. Осы мүбарак айда намаздарға ерекше назар аудара отырып, Құран Кәрімді хушумен (мағынасын түсінген сезімде) оқып, зікір айтып рухымызды оятып, сонымен қатар зекет, садақаберумен де ұждан, көңіл тыныш-тығына жетуіміз керек. Құран Кәрім Рамазан айында дүние аспанына түсірілгендіктен осы мүбәрак айда Құранның тәрбиесіне кіріп ғибадаттарды да осы бағытта бағалауымыз қажет.

Құран Кәрім негізінде жүрекпен оқылады. Көздің міндеті жүрекке көзілдірік болу ғана.

Рамазан Ораза мен Құран арасында нәзік бір байланыс пен терең жақындық бар. Өмір мен өлім туралы үгіттерді Құран Кәрімнен басқа қандай нәрседен тыңдауға болады?

Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.):

«Ораза мен Құран қиямет күні құлға шапағат етеді».

«Ораза сабырдың жартысы» - деген.

Оразаның сауабы Алла алдында ғана белгілі. Құдси хадисте былай делінген:

«Адам баласының әр амалы өзіне қарасты. Ал ораза ондай емес! Өйткені ол мен үшін. (Өйткені мен жемеймін, ішпеймін және бүкіл адамдық сипаттардан пәкпін.) Сондықтан оразаның сауабын ерекше түрде көп қылып мен беремін».

Аятта былай айтылған:

«… Ораза ұстаған еркектер мен ораза ұстаған әйелдер махрам (харам) жерлерін қорғаған (ойнастық жасамаған) еркектер мен махрам жерлерін қорғаған әйелдер, Алланы көп зікір еткен еркектер мен Алланы көп зікір еткен әйелдер бар ғой! Алла Тағала оларға үлкен сыйлық дайындады». (Ахзаб сүресі 35-аят)

Расулуллаһ (с.а.у.) осы сыйлық бойынша былай деген:

«Ораза ұстаған кісі үшін қуанатын екі рахат бар:

1.Ауыз ашқанда (Хақ Тағаланың нығметтеріне қауышқаны үшін) қуанады

2.Раббысына қауышқанда да оразасының берекетімен жеткен ұлы дәрежесін көргенде қуанады».

Рамазан айында тарауих намазы, сәресі және сәресі уақытында көңілдердің ояу болуы да өте маңызды. Алла Расулі (с.а.у.) былай деген:

«Алла (жәллә жәләлуһу) сендерге Рамазан Шариф оразасын парыз еткен. Мен де соның қиямын, яғни рамазан түндерінде тарауих оқуды сендерге сүннет деп бекітемін. Егер бір кісі шынайы иманымен және сауабына жету мұратымен Рамазан Шарифте оразасын ұстап, тарауих намазын оқитын болса шешесінен туған күндегідей күнәсіз болады».

Әрине, ораза мен намаздың қабылдануы үшін көңіл деңгейінің биік болуы, яғни «Хушу» шарт. Намаздар жылдам оқылып жеген тамақты сіңіретін гимнастика емес, ораза да жай аш қалу тәліміндей болмауы керек. Сондықтан намаз үлкен құлшылық, ал ораза құлды мұқият болып ықыласты болуға бағыттайтын ғибадат.

Ауыз ашар қарын аш болғандықтан көбінесе уақытында орындалады, ал сәресі тәтті ұйқыны бұзу болғандықтан немқұрайлылық көрсетілуі мүмкін. Сондықтан бір кесе сумен де болса сәресіде ояу болудың маңыздылығына ерекшелікпен назар аударған жөн. Алла Расулі (с.а.у.) былай деген:

«Сәресіде жеңіздер, өйткені сәресіде берекет бар».

Алла оразаларымызды қабыл етсін!

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: