Рамазан – адамзатқа тура жолды нұсқаушы, жақсылық пен жамандықты үйретуші, Алланың адам баласына түсірген соңғы кітабы Құран кәрім түсірілген ай. Алла Тағала Құранда бұл жайлы:«Рамазан – адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілген ай. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал, кім науқас, яки сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла тағала сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкіршілік етулерің үшін санын толықтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар»,-деп әмір етеді (Бақара сүресі, 183-185 аяттар).
Ислам діні бес парызының бірі – Рамазан айында ораза тұту. Рамазан оразасын балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс, әрбір ер және әйел мұсылман баласына ұстау парыз.
Бұл жайлы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.): «Ислам бес аныққа негізделген: Алладан басқа тәңір жоқ және Мұхаммед Оның елшісі; намаз оқу; зекет беру; Алланың үйіне қажылық ету; рамазанда ораза тұту»,-деген (сахих Муслим, 1/45).
Ал, рамазан айы кезінде науқастанған кісіге ауруынан айыққан соң және жолға шыққан кісіге сапардан оралғаннан кейін оразасының өтеуін тұтып беру міндет. Алайда, жолаушы кісі қиналмаса сапарда жүріп те ораза ұстауына болады.
Алла Тағала Құран кәрімде: «Ей, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз болды. Әрине сақсынарсыңдар. Санаулы күндерде. Оразада сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде өтесін».
Ораза (арабша – саум) сөзінің тілдік мағынасы: бүтіндей тыйылу, өзін тию. Шариғи-терминдік мағынасы: ниет ете отырып, тамақ жеуден, сусын ішуден және жыныстық қатынасқа түсуден таң атқаннан күн батқанға дейін өзін тию. Сонымен қатар әйелдерге қатысты шарты бойы етеккір немесе босану қанынан таза болу.
Ал, қарттық жеңіп, мүлде ораза тұта алмайтын дәрежеге жеткен мұсылманға және денсаулығы тәулік бойы сусыз және тамақсыз жүруге мүмкіндік бермейтін кісіге фидя төлемін берумен міндетінен құтылады. Фидя – міскін мұсылманға күніне екі рет тамақ беру. Фидяны күнде беріп отырса да, яки бір мезгілде алпыс міскінге тамақ беріп құтылса да болады.
Бұл жөнінде Құранда: «...Және оразаға (кәрілігіне немесе денсаулығына байланысты) шамасы келмейтіндер бір міскіннің тамағын төлесін. Ал, кім ынтығып артық хайыр етсе, ол өзіне жақсы. Білсеңдер сендер үшін ораза ұстауларың тағы жақсы...»,-деп әмір етілген.
Оразаның тәнге және жанға берер пайдасы
Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) риуаят етеді: Алла Елшісі (с.а.у.): «Қайсыбір пенде Алла жолында (разылығы үшін) ораза тұтар болса Алла ол пенденің дидарын тозақтан жетпіс жыл қашықтыққа алыстатады»,-деген (Бухари, 2840; Муслим, 1153).
Саһл бин Сағд (р.а.) пайғамбарымыздан (с.а.у.): «Жәннаттың Раиян деп аталатын есігі бар. Қиямет күні одан ораза тұтқандар кіреді. Олардан басқа ешкім де ол есіктен кірмейді. Сол шақта: ораза тұтқандар қайда?,-деп жар салынады да ол есіктен ораза ұстағандар кіреді, олардан кейін ешкім кірмейді. Олар кіріп болған соң, есік жабылады, ол есіктен ешбір жан кейін кірмейді»,-деген хадис жеткізген (бірауыздан келісілген хадис).
Әбу Һурайра (р.а.) Алла Елшісі (с.а.у.): «Алла Тағала: Адам баласының оразадан басқа барлық амалы өзі үшін. Расында ораза Менің разылығым үшін, оның сауабын өзім беремін. Ораза – қалқан,-дейді. Сендердің бірің ораза тұтсаңдар жаман іс жасамаңдар, жаман сөз айтпаңдар. Егер біреу сөксе немесе қол көтерсе: Мен оразамын,-деп айтыңдар. Мұхаммедтің жаны билігінде болған Алланың атымен ант етемін, ораза тұтқан кісі аузының иісі Алла құзырында миск иісінен де жақсы (жұпар). Ораза тұтқанға екі қуаныш бар: бірі аузын ашқанда нәр татқаны үшін қуанады. Екіншісі Раббысымен қауышқанда ораза тұтқаны үшін қуанады»,-деген хадисін риуаят еткен (Бухари және Муслим).
Тағы бір риуаятта: «Менің разылығым үшін тағамын, сусынын және шәһуатін тәрік етеді. Ораза менің разылығым үшін, оның сауабын Мен беремін. Сауап он есе»,-деп айтылған.
Оразаның рухани пайдасы
Ораза адам баласын жұмсақтық пен мейірімділікке және бауырмалдылық пен сабырлыққа тәрбиелейтін ғибадат. Термизи кітабында: «Ораза – сабырлықтың жартысы» деп айтылса, Ибн Масуд (р.а.) «Сабырлық – иманның жартысы»,-деген хадис жеткізген. Ораза кісі мінезіне мін келтіретін барлық жаман әдеттен айықтыратын ғибадат.
Бұл жайлы қос имам Бухари және Муслим еңбектерінде: «Расында шайтан адам баласының қан тамырымен жүреді. Оның жолын аштықпен (оразамен) тарылтыңдар»,-деген хадис бар.
Ораза сауабы есепсіз құлшылық. Сонымен қатар ораза ұстаған кісі әдепсіз әрекет пен сөзден сақ болғаны абзал. Әбу Һурайра (р.а.) пайғамбарымыздан (с.а.у.) мынадай хадис-қудси жеткізеді: «Алла Тағала: Адам баласының барлық амалы өзі үшін. Ораза Менің разылығым үшін. Оразаның сауабын Мен беремін. Ораза (жамандықтан сақтайтын) қалқан. Егер ораза тұтар болсаңдар жаман сөз, жаман іс жасаушы болмаңдар. Ал, біреу сендерге тіл тигізсе немесе қол көтерсе: мен ораза тұтқан адаммын,-десін,-дейді» (имам Бухари мен имам Муслим).
Ораза тұтқанға мән беретін алты сүннет амал бар, олар: сәресіні кешіктіру, ауыз ашуды тездету және ауызды су немесе құрмамен ашу, күн шыққаннан кейін тіс тазалауды тоқтату, рамазан айында жомарттық таныту, құран үйрену және жаттау, мешітте иғтикафқа отыру.
Пайғамбар (с.а.у.) хадисінде: «Ораз тұтқан кісі үшін екі қуаныш бар: ауыз ашар уақытында және Раббысымен кездескен кезде. Ораза тұтқан кісі аузының иісі Алла құзырында қош иісті мисктен артық»,-делінген.
Сондай-ақ, ораза толыққанды болуы үшін мына әдептерді орындау қажет:
Бірінші: көзді шариғат тыйым салған нәрсеге салмау, мұны көз оразасы дейді. Бұл жайлы пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Тыйым етілген нәрсеге қарау шайтанның улы жебелерінің бірі. Кімде-кім мұндайға қараудан Алладан қорқып тиылатын болса, Алла оған жүрегіне шынайы иман береді»,-дейді (Хаким хадисі).
Екінші: тілді жаман сөзден, өсек пен ғайбаттан тию, мұны тіл оразасы дейді. Атақты табиғин Суфиян Саури: ғайбат оразаны бұзады,-десе, Мужаһид: екі жаман нәрсе оразаны бұзады: ғайбат пен өтірік сөз,-деген.
Үшінші: құлақты ғайбаттан, өсектен сақтау. Мұны құлақ оразасы дейді.
Төртінші: басқа да дене мүшелерді жаман іс-әрекеттен сақтау. Бұған қатысты пайғамбарымыздың (с.а.у.): «қаншама ораза тұтушылардың ұстаған оразасынан алары тек аш жүргені мен шөлдегені ғана»,-дейді (Әбу Һурайра риуаяты, Ибн Мажаһ еңбегінде көрсетілген). Яғни, кісі тамақ жемей, сусын ішпей жүргенімен жаман сөзден, жаман іс-әрекеттен өзін тыймаса оразаның пайдасы мен сауабынан мақұрым қалады.
Бесінші: кешкісін ауыз ашқанда тым тойып тамақ жемеу. Тәулік бойы нәр тартпаған кісі бірден тойып тамақтануы денсаулығына өте зиян. Күні бойы бос тұрған асқазан бара-бара жиырылып кішірейе түседі, сондықтан кешке ауызашарда орташа тамақ қабылдау асқазанға да және ас қорыту жүйесіне де пайдалы.
Оразаның медициналық пайдасы
Көпшілік адамда оразаның денсаулыққа кері әсері бар деген ой қалыптасқан. Ондай адамдар өз организміне жанармайсыз жүрмеймін машина іспетті қарайды. Олар тәулігіне үш мезгіл тамақтану өмірін сақтаудағы аса қажетті іс, сондай-ақ күндік тамақтың бірін жемеу денсаулыққа тіпті адам өміріне аса қауіпті деп сенеді. Бұл оразаның болмысын білмегендіктен және оның пайдасын түсінбегендіктен болар. Ендеше оразаның пайдасын ғылыми тұрғыдан түсіндіруге тырысып көрейік.
Алла Тағала оразаны бізге және бізден алдынғы барлық үмбеттерге де парыз еткендігін, сонымен қатар біз ораза тұту арқылы күнә мен қателіктен аман болуымыз үшін имани тақуалыққа жетуіміз және көптеген рухани және тәндік сырқат пен аурулардан сақтануымыз үшін парыз еткендігін баян етеді.
Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ораза – қалқан» яғни, сақтаушы және перде,-деген (Муслим және Ахмед риуаяты).
Медициналық зерттеулер барысында оразаның көптеген дерттерге пайдасы анықталған.
1. Ораза иммундық жүйені күшейтеді. Осылайша көптеген сырқаттардан сақтайды. Өйткені ораза лимфалық жасушалардың функционалдық көрсеткішін он есеге жақсартады. Сондай-ақ, иммундық түрге жауап беретін жасушалар санының артуынада себеп болады.
2. Семіздік және оның салдарынан сақтайды. Әдетте семіздікке ас қорыту жүйесіндегі ақау себеп болатыны мәлім. Кейде, қоршаған ортаның, жан күйзелісінің және қоғамдық қысымның да септігі тиеді. Аталған факторлар да семіздік дертіне шалдығуға себеп болады. Жан күйзелісі салдарынан ас қорыту нашарлай түседі. Семіздікті тудыратын бұл факторлардың барлығынан ораза арқылы қорғануға болады. Өйткені, ораза тұтушыны қоршайтын имани атмосфера жан тыныштығын және ақыл-ойдың тынығуын қамтамасыз етеді. Себебі, ораза уақытында кісі көп құлшылық және Алланың есімін айтып зікір жасап, құран оқиды. Сондай-ақ ашу мен шиеленістен өзін алыс ұстап, құштарлықтары мен қалауларын реттеп және денесі мен рухының барлық күш-жігерін пайдалы және оңды бағытқа салады.
3. Ораза бауырда тастардың жиналуынан сақтайды. Қан құрамында натрий реттегішін көтеріп кальций тұздарының кристаллдануына кедергі жасайды. Сонымен қатар қуық жолдарында зәр тұздарының отыруынан сақтайды.
4. Ораза денедегі жасушаларға тұрып қалатын қатерлі улағыш заттардан қорғайды. Мұндай улағыш заттар жыл бойы үздіксіз тамақтаудан, әсіресе консервленген және жартылай фабрикатты тағамдарды қолдану, дәрі-дәрмек ішу және ластанған ауа салдарынан жиналады.
5. Ораза жыныстық құштарлықты басып, реттейді. Әсіресе, жастардың жыныстық құштарлығын тізгіндейді. Осылайша денені физиологиялық және психологиялық күйзелістен және жаман жүрістен қорғайды. Міне, бұл пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде былайша баян етілген: «Ей, жастар шама-шарқыларың жетсе үйленіңдер. Үйлену көзді (күнәға қараудан) сақтайды және жыныстық мүшеге (күнә жасаудан) жақсы. Ал, кімнің шама-шарқы жетпесе ораза тұтсын. Ораза жыныстық қалауды басады».
Ал, ұзақ уақыт тағам мен сусынды орташа қолдана отырып, үйреншікті күш жұмсап отырып ораза тұту мүлдем тағам жемей, сусын ішпейтін, қарапайым ашығуға жақын екені анықталды. Алайда, ораза жастардың толқып тұрған құштарлығын басып, сонымен қатар ашығу салдарынан туындайтын ауруларды болдырмайтындығын қазіргі медицина растап отыр.
Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Адам баласының барлық амалына еселеп сауап беріледі. Сауап он еседен жеті жүзге дейін болмақ. Алла Тағала: тек оразаның сауабы ондай емес. Расында ораза Менің разылығым үшін, оның сауабын Өзім беремін. Ораза тұтушы құмарлығынан және ас-суынан Менің разылығым үшін тыйылады,-дейді.» (имам Муслим).
Алла Тағала разылығы үшін, өзінің мұсылмандық міндетін мойындап, құлшылық парызын өтеуге ниет еткен барлық мұсылман бауырларымызға рамазан айы оразасын аман-есен тұтып, Тәңірдің өзі уәде еткен сауабына ие болып, шаңырағы шаттыққа толуына, Бір Жаратқанның өзі жар болғай.
Руслан Қамбаров