Рамазан - Құран айы.

Рамазан - Құран айы.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла тағала "Бақара" сүресінің 185 аятында:

"Рамазан - адамдарға тура жол нұсқаушы, бекем тұтынатын жолбасшы, ақ пен қараны айырушы ретінде Құран түсірген ай", - деген.

Бұл аят мұсылман өміріндегі екі маңызды мәселеге ишара. Біріншісі: Рамазан айы - Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) уаһи[1] келе бастаған ай және Құранның көп бөлігі рамазан айларында түсірілген.

Екіншісі: рамазан айы басталуымен әрбір балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс мұсылманға ораза ұстау парыз.

Ораза - адам баласының Жаратушысы Алла тағаланың оған берген сансыз нығметі мен жақсылықтары үшін жасалған шүкіршілік болып табылады.

Рамазан айында уаһидың түсе бастауының ескерілуі Құранның ұлылығын, Рамазан айының қасиеттілігін, Жаратушының талаптарына бойұсынып, Оған құлшылық етудің маңыздылығын жете түсінуге үндейді.

Әр жылдың Рамазан айында Жәбірәйл (ғ.с.) Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) қасиетті Құранды дұрыс, рет-ретімен жаттауын тексеретін. Рамазан айы осымен де ерекше.

Сонымен қатар жоғарыдағы аят, қасиетті Құран - адамдарға тура жолды нұсқаушы, жүрекке нұр беруші және иманды нығайтудың бірден бір құралы екенін көрсетуде. Жалпы Құранда айтылғанды ұғыну, амалдардың онда айтылған талаптарға сай болуы, адам баласының жаратылуы мақсатында, адам денесінің табиғи сұраныстары мен жан талаптарына қарсы келмейді.

Рамазан айында барлық мұсылмандарға ораза парыз болуының мәнісі - мұсылмандардың бойында ынтымақ сезімін тәрбиелеу, олардың ниет, талаптарын біріктіру, мансап және ұлтқа бөлінбестен бір уақытта бір құлшылықты орындау. Бұл өз кезегінде мұсылмандардың арасындағы өзара бірлік пен түсінушіліктің нығая түсуінің кепілі.

Мұсылман үмметінің қасиетті Рамазан айында бірауыздан күнәларының кешірілуіне ұмтылуы, Жаратушының талаптарына жауап беру, тыйғаннан тыйылу, жақсылық істеуге тырысу, Хақ тағаланың жарылқауына қол жеткізудің бірден бір себебі. Рамазан айы - имандылық пен Алла тағаланың жарылқау айы болып табылады. Осы себептен Рамазан айында шайтанның азғыруы әлсіреп, шынайы адал ниет пен адамгершілік қасиеттері жандана түседі. Себебі:

"Рамазан айы келісімен аспанның[2] есіктері ашылып,[3] тозақ есіктері жабылады. әрі шайтандарға кісен салынады[4]".

Рамазан - адалдық пен ықылас айы. Өйткені, шын жүрегінен иман келтірген адам оразасын Жаратушысына арнайды. Адамның иман келтірудегі адалдығы нәпсіқұмарлық пен бос әуестенушілік кеселіне ем болса, амалдағы адалдық екіжүзділікті жояды. Сондықтан да Жаратқан Ие айтады:

"Адам баласының барлық амалы өзі үшін. Тек ораза Мен үшін. Мен оразаның есесін беремін[5]".

Әбу Умама (р.а.) Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): "Ия, Расулуллаһ (с.ғ.с.)! Хақ тағаланың назарында мен үшін пайдалы істі айтсаңыз", - деп өтінгенде, Расулуллаһ (с.ғ.с.): "Ораза ұста. өйткені онымен тең келер іс жоқ", - деп жауап берген[6].

Демек, сауаптылықта, адам баласы өзін рухани тұрғыдан тазартуда, Жаратушысына жақындауда, денсаулықты сауықтыру мен нәпсіні жеңуде оразадан артық нәрсе жоқ!

Құран "адамдарға тура жол нұсқаушы, бекем тұтынатын жолбасшы... ретінде түсірілген" сөзі[7], ораза ұстаумен жүрек Алла тағаланың жалғыз және қасиетті Құран Жаратушының ақиқат сөзі екеніне болған нық сеніммен нұрланатынын көрсетуде. Өйткені, Құранда айтылғанды ұғыну арқылы адам баласы дүниенің жаратылу мәнісіне көз жеткізеді, ал бұл өз кезегінде пенденің Жаратушысының талаптарына мойынсұнуын жеңілдетеді. Осының негізінде адамдар арасында мейірімділік пен өзара сүйіспеншілік сезімдері туындайды. Алла тағаланың пендесіне назар аударып, оны Өз сүйіспеншілігіне бөлеудің бастапқы себебі осы. Өйткені, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір сөзінде:

"Алла тағала өзгелерге рахымды пенделерін Өз рахметіне бөлейді", - десе[8], екінші бір сөзінде:

"Ар-Рахман[9] өзгелерге рахымдылық еткен пенделерді рахметіне бөлейді. Жер бетіндегілерді рахымдылық етсеңдер, көктегі Алла тағала да сендерді қамқорлығына алады", - деген[10].

Ораза ұстайтын адамның өзімшілдік "Мен!" сезімін жеңіп, бар ниеті мен күш-жігерін адам болып жаратылудың ең басты міндеті, яғни Жаратушысына құлшылық ету мақсатына бағытталса, жаны мен тәнін тазартса және ел-жұртпен бірге ауыз бекітсе, көпшілікке қосылып бір уақытта сәждеге бас қойса - күнәлары кешіріліп, Жаратушы Иесінің жарылқауына қол жеткізгені.

Пайғамбарымыз ( с.ғ.с.) айтады:

"Адам баласының барлық амалының сауабы оннан жеті жүз есеге дейін артық беріледі. Алла тағала айтады: "Оразадан тыс. Өйткені ораза Мен үшін. Мен оразаның есесін беремін. Себебі ораза кезінде пенде Мен үшін шәһуаты[11] мен асынан тыйылады[12]"

Оразаның мақсаты - адам баласын рухани тұрғыдан жетілдіру дегеніміз - адам баласының бойында кішіпейілділік, сабырлылық пен адалдық қасиеттерін тәрбиелеуі.

Мұсылман бар құлшылығын жалғыз Алла тағаланың разылығы үшін орындайды. Ал құлшылығын жалғыз Алла тағаланың разылығы үшін орындау дегеніміз - жаны мен тәнін, бүкіл өмірі мен тіршілігін Алла тағалаға арнау. Осы жағдайда ғана адам баласы Жаратушысының кәміл разылығы мен қамқорлығына лайық бола алады.

Алла Елшісі (с. ғ.с.): "Ораза - тозақ отынан қалқан", - деген[13]. Расында да, өзін кемшіліктерден тазартқан және лағынеті шайтанның азғыруына ермеген, ниетін дұрыстап, жаман сөз айту мен сұрқия істерді істеуден сақтанған адам қалайша тозаққа барады? Сондықтан да Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адал ниет және сөз бен істің дұрыстығына назар аударып:

"Ораза ұстағандар мен түнде құлшылық ететіндердің ішінде оразасы бар болғаны аш жүру[14], ал түнгі құлшылығы сайып келгенде түнді көз ілмей өткізу болғандары бар", - деген[15].

Расулуллаһтың (с.ғ.с.) бұл хадисі ораза ұстайтын кісінің бейпіл сөзден тыйылуын және ниеті мен ісін шариғат талаптарына сәйкестендіруін талап етуде. Өйткені, ораза ұстаған адам - таң атқаннан кешке дейін тек тамақ ішуден ғана емес, бейпіл сөз бен жағымсыз істен тыйылуы да тиіс.

Шын ораза ұстайтын адам тілін өсек-аяң мен жаладан, қолын харамды ұстаудан және біреуге зиян тигізуден, аяғын бұзықтыққа барудан сақтайды. Біреу оны балағаттап, онымен жанжалдасса, ол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқанына сай әрекет етеді. Нәби ( с.ғ.с.) былай дейді:

"Сендерден ораза ұстаған адам жаман сөз айтпасын, дауласпасын. Біреу оны балағаттаса немесе онымен жанжалдасса, ол "Мен оразамын", - десін[16]".

Бұл хадис оразаның маңыздылығын нұсқайды. Өйткені, оразаның мәнісі - сөз және ісінде жағымсыз және айыпты нәрселерден тыйылу. Ал оразаның уақытында шын ықыласпен айыпты іс пен жағымсыз сөзден тыйылу - қасиетті Рамазан айының рухы болып табылады.

Ораза - дене, әдеп және жан тазалығы. Мұндағы:

1. Дене тазалығы - тәуліктің күндізгі мезгілінде тамақтанудан және ерлі-зайыптылар жыныстық қатынастан тыйылу;

2. Әдеп тазалығы - дене мүшелерімен күнә істеуден сақтану;

3. Жан тазалығы - жаман ой-ниеттен сақтану.

Өзіне осы үш мәселені қамтыған ораза, шариғат талаптарына сай ұсталған ораза болып есептеледі.

Кейбір адамдардың пікірінше ораза денені әлсіретіп, еңбек өнімділігін төмендетеді. Ақиқатына келсек, Исламға бұлайша кінә арту жөнсіз. Себебі, ораза жанның тазаруы мен рухтың жоғарылауына мүмкіндік тудырады. Ал мұның өзі адам баласына ораза ұстамағанмен салыстырғанда өнімді, әрі сапалы еңбек ететіндей рухани қуат дарытады. Бұл рухани қуат - санасуды қажет ететін өте үлкен күш.

Сонымен қатар «ораза бар болғаны ескіліктің дәстүрі, ол қазіргі заманның талаптарына сәйкес келмейді, оған қоса ораза түрлі кеселдердің пайда болуына немесе кеселдердің асқынуына алып келеді» деген де пікір бар. Алайда, қазіргі күннің медицинасы бұл пікірдің орынсыз екенін дәлелдеуде.

Оразаның денсаулық, сондай-ақ рухани, қоғам және тәрбие салалары үшін тигізер пайдасы мол екені дәлелденген. Өйткені, ораза әр жылдағы қателіктерді жөндеп, әлеуметтік дерттердің бетін қайтару мақсатында жекелік және қоғамдық деңгейде ойлану, қайта сараптау, қорытындылау мен өзара сынға жол ашады, қоғамның жылдам, дұрыс және саналы түрде дамуына қолайлы жағдай туғызады.

Ораза тек рухани тәрбие емес. Оразаның адам ағзаларына қажеттілігін ғылым дәлелдеуде.

Отыз күн оразада адам бойындағы жіңішке қан тамырлары (каппилярлары) жыл бойы жиналған шлактардан (қалдықтардан) тазарады. Бұл өз кезегінде қан айналымының қалпына келуіне ықпал етеді. Осының арқасында ми мен орталық жүйке жүйесі қажетті мөлшерде оттегімен қамтамасыз етіледі. Нәтижеде адамның ойлау қабілеті арта түседі.

Оразаның адам ағзасына оң ықпалының мысалы ретінде, бүкіл әлемге әйгілі боксшы Мұхаммед Әлидің ораза ұстау арқылы орталық жүйке жүйесінің бұзылуы науқасынан айығып кетуін келтірсе болады.

Қазіргі ақыл мен сананың дамыған кезеңінде адам бойындағы қуаттың 40-50 пайызы орта мөлшерде қабылдаған асты қорыту үшін жұмсалатыны анықталған. Ал орта мөлшерден артық қабылданған асты қорыту үшін адам бойындағы қуаттың 60-70 пайызы жұмсалады.

Санақ мәліметтеріне қарағанда, Еуропа мен Америкада семіздік науқасына ұшыраған адамдардың саны жылдан жылға ұлғаюда. Түрлі дәрі-дәрмек пен әдістерді қолданудың да нәтижелері айтарлықтай емес. Олардың пайдасы уақытша ғана. Өйткені, дәрі-дәрмекті қабылдауды тоқтатқаннан бастап-ақ семіру науқасы бұрынғыдан гөрі ұлғая түспесе, бәсеңдемейді. Әрі дәрі-дәрмектердің адамға тигізер зиянды жанама әсерін де ұмытпаған жөн.

Хақ тағала айтады:

"Сөз жоқ, Біз адамды ең әдемі бейнеде жараттық[17]".

Жаратылғандардың ең жоғары деңгейін иеленген адам дүниеге пәк және кемел бейнеде келеді. Алайда, адам бойындағы нәпсіқұмарлық оны күнәға итермелеп, жаратылу мақсатына қарсы әрекет етеді. Бұл айтылғанға тамақтану әдебін жатқызсақ та болады. Өйткені, көп жағдайда біз "тойып жеу" арқылы тән құмарлығына еріп кетеміз.

Жыл сайын ұсталатын ораза осы тәрізді тән құмарлығына қарсы күрес болып табылады. Өйткені, бір ай бойы тәуліктің күндізгі бөлігінде тамақтан тыйылудың нәтижесінде асқазанның көлемі кішірейеді. Оразаның үшінші немесе төртінші күнінде ауыз бекіткен адамның аз көлемде тамақ жей бастауы осының салдарынан. Ал бұл өз кезегінде қажеттен тыс тамақ жеуден тияды.

Сөз соңында айтатын нәрсе, ораза тек азаннан кешке дейін аш жүру емес, бәлкім ол Алла тағаладан берілген тән мен жанның, яғни аманаттың жауапкершілігін сезіну, адам өзін сабырлылыққа тәрбиелеу, айыпты және жаман істерден тыйылу. Бұл айтылғанға қатысты хадис шарифте: "Ораза ұстаушының әрекетін жоққа шығаратын бес нәрсе бар. Ол: өтірік айту, жала жабу, өсек сөз, жалған уәде және құмарлық", - делінген.

Ораза уақытындағы тәртіп пен қаталдық адам баласын өмір қиындықтарымен беттестіріп, оның бойында тән және жан талаптарын қадағалау қасиетін тәрбиелейді. Осы арқылы адам Жаратушысының талаптарына бойұсынады. Демек, адам баласы ораза арқылы өзін рухани тұрғыдан тәрбиелеп, адамгершілік негізінде жетілдіре түседі.

Оразаның қауымға деген оң ықпалы мол. Өйткені, ораза уақытында бүкіл мұсылман әлемі ауыз бекітіп, әрі олардың арасы бай мен кедей, басшы мен қызметші болып жіктелмейді. Сондықтан да қасиетті Рамазан айы - теңдік пен бірлік айы болып есептеледі. Қауым мүшелерінің арасында өзара сүйіспеншілік пен бауырластық, мейірімділік пен тұтастық сезімдерін пайда ететін оразадан басқа жол бар ма?

"Ораза" сөзінің мағынасы

Араб тілінде оразаны (әс-соум) деп атайды. "Ораза" сөзі тіл саласында "бір іс не болмаса сөзден тыйылу"[18] деген ұғымды білдіреді. Мәселен, өзін сөйлеуден немесе тамақтанудан тыйған адам жайында: "Ол - ораза"[19], - деп айтады. Бұл мәселеге мысал ретінде Хақ тағаланың мына сөзін келтірсе болады:

"Егер біреуді көріп, ол сенен балаң жайында сұраса:[20] "Мен Әр-Рахман[21] үшін ораза ұстауды[22] нәзір еттім.[23] Сондықтан да бүгін ешбір жанға сөйлемеймін", - де"[24].

"Ораза" сөзінің шарғи мағынасына келер болсақ, ол: құлшылық ниетімен таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден және жыныстық қатынастан тыйылу.[25]

Оразаның түрлері

Төрт мәзһаб ғалымдары оразаның түрлеріне қатысты түрлі пікір айтқан. Мәселен, шафиғи, малики және ханбали мазһабының ғалымдары ораза төрт түрге бөлінетіні жайында айтса,[26] ханафи мәзһабының ғалымдары оразаның түрін белгілі бір санмен шектемеген.[27] Әр мәзһаб ғалымдарының пікірі және дәлелімен таныстыру ұзақ әрі күрделі әңгіме. Осы себептен бұл еңбекте төл мәзһабымыз - Имам Әбу Ханифа мәзһабының үкімдерімен шектелсек жеткілікті деп ойлаймыз. Әрі оқырман тақырыпты жеңіл ұғыну мақсатында тек оразаның негізгі түрлерімен таныстыруды жөн көрдік. Ол: парыз, уәжіп, сүннәт, мәндуб және мәкрүһ оразалары.[28]

Парыз ораза

Парыз ораза екі түрге бөлінеді. Ол: уақыты[29] нақты белгіленген және уақыты нақты белгіленбеген ораза.[30]

Уақыты нақты белгіленген оразаға мәселен, Рамазан айының оразасы, ұсталуы белгілі бір уақытта ниет етілген нәзір[31] ораза жатады.[32] Бұл мәселеде мәзһабтар имамдарының арасында ихтиләф[33] жоқ.[34]

Уақыты нақты белгіленбеген ораза іштей үш түрге бөлінеді:[35]

1. Рамазанның қазасы;[36]

2. Мутлақ нәзір[37] оразасы;[38]

3. Кәффарат[39] оразасы.

Оразаның қазасын өтеу жолдары

Ораза қазасын кәффарат мәселесімен тығыз байланысты болу себебінен кәффарат, яғни шариғатқа қарсы амалдың өтемі жайында айтып өтсек дұрыс болады.

Шариғат саласында "кәффарат" сөзі негізінен "төлем", "өтем" мағыналарында пайдаланылады.[40] Сонымен қатар шариғатта зекетке берілетін мал-дүниенің түрі мен көлемі баян етілгендей, әрбір шариғатқа қайшы, дәлірек айтқанда қате не болмаса күнә істің кәффарат жолдары қарастырылған.

Ораза мәселесіне келер болсақ, оның кәффараты үш жолмен өтеледі. Ол:

1. Құлды азат ету. Бұл жағдайда құлдықтан азат етілетін адамның мұсылман болуы шарт емес.[41]

2. Құлды азат еткенге шамасы жетпесе екі ай үздіксіз ауыз бекітеді.[42] Ораза кәффаратын осы жолмен өтейтін адам алдымен қаза болған күндерін өтеп, кейін артынша екі ай ауыз бекітеді. Мәселен, бір күн қаза болса, алпыс бір күн, екі күн қаза болса, алпыс екі күн ораза ұстайды. Бұл мерзім айт және ташрик күндеріне[43] сәйкес келмеуі тиіс. Әйел адам кәффаратын өтеген жағдайда оразасын хайз күндерінде үзіп, кейін оны тазарған күннен жалғастырады. Сонымен қатар кәффаратын өтеп жатқан адам құлды азат еткенге шамасы келіп қалған жағдайда оразасын тоқтатып, құлды азат етеді. Бұл жағдайда оның құлды азат еткені алпыс күннің орнын басады.[44]

3. Әлсіздігі немесе ауруы себебінен алпыс күн бойы ауыз бекітуге шамасы жетпеген адам алпыс міскінді[45] тамақтандырады.[46] Тамақтың мөлшері ретінде таңертеңгі және кешкі астың мөлшерінде алынады. Мұндай жағдайда бір уақытта алпыс міскінді тамақтандыру шарт емес. Уақыт және санын бөліп-бөліп толықтырса да болады. Мысалы, бір жағдайы келгенде он міскінді, кейін тағы бір жағдайы келгенде жиырма міскінді т.с.с. Сонымен қатар бір адамға алпыс күн бойы алпыс адамға берілетін асты, не болмаса алпыс күн тамақтың ақшасын берсе болады.[47] Айналып келгенде кәффараттың алпысын толтырса болғаны.

Кәффаратқа берілетін астың мөлшеріне келер болсақ, біріншіден, ол міскін тоятындай мөлшерде болуы тиіс. Екіншіден: шариғат бойынша оның құны жарты са[48] бидайдың немесе бір са құрма, арпаның құнымен тең келу керек.[49]

Жоғарыда айтылған кәффарат тәртібі Имам Муслим Әбу һурайрадан (р.а.) риуаят еткен хадиске негізделеді. Әбу һурайра (р.а.) айтады.

Нәбиге (с.ғ.с.) бір адам келіп: "Ия, Расулуллаһ (с.ғ.с.)! Мен құрыдым", - дегенде, Расулуллаһ (с.ғ.с.): "Не істеп қойдың?", - деді.

- Рамазан айы бола тұрып күндіз әйеліммен жақындасып қойдым.

- Құлды азат ете аласың ба?

- Жоқ.

- Екі ай бойы үздіксіз ауыз бекіте аласың ба?

- Жоқ.

- Алпыс міскінді тамақтандыра аласың ба?

- Жоқ.

Осы сөзден кейін әлгі адам отырып Нәбиді (с.ғ.с.) күтті. Бір кезде Расулуллаһ (с.ғ.с.) бір ыдысқа салынған құрманы алып келіп: "Мынаны садақа етіп бер", - деген еді, әлгі адам: "Мәдинаның төңірегінде бізден аш отбасы жоқ", - деді. Сонда Нәби (с.ғ.с.) ) тістері көрінетіндей дәрежеде күлімсіреп: "Ондай болса бар да, отбасыңды тамақтандыр!", - деді"[50]

Қазамен бірге кәффарат міндетті болатын жағдайлар

Мына жағдайларда оразаның қазасымен бірге кәффаратын өтеу талап етіледі:

1. Түнде ораза ұстауға ниет еткеннен кейін тәуліктің ауыз бекітетін бөлігінде[51] ораза екенін біле тұра[52] жыныстық жақындықта болу.[53]

Ері жақындасуды қалап, әйелі оның талабына көнген жағдайда[54] екеуі де қазамен бірге кәффаратын өтейді.[55] Ері жақындасқанға мәжбүрлеген жағдайда[56] әйелі кәффаратсыз тек қазасын өтейді. Еріне қазамен бірге кәффараты міндетті болады.[57]Әйелі жақындасуды қалап, ерін соған көндірген жағдайда екеуі де қазамен бірге кәффаратын өтеуі тиіс.[58]

2. Тәуліктің ауыз бекітетін бөлігінде[59] ораза екенін біле тұра[60] ішіп-жеу.[61] Бұл ешбір үзірсіз, тек қарны ашқаны немесе шөлдегені себебінен ішіп-жеген адамға қатысты. Ал, үзірге Хақ тағаланың: "Сендерден біреу науқас немесе жолаушы болса, ораза ұстамаған күндерін басқа күндерде ұстайды", - дегеніне сай,[62] ауыз бекіткен адамның сапарға шығуы не болмаса науқастанып, дәрі ішуге мәжбүр болғаны жатады.[63]

Тәуліктің ауыз бекітетін бөлігінде дәрі ішуге мәжбүр болған адам тек сол күннің қазасын өтеп, оған кәффарат міндеттелмейді.[64]

Жол жүретін адам сапарға шыққаннан кейін ауыз ашса болады. Бұл жағдайда да ол тек сол күннің қазасын өтейді. Сапарға шықпастан бұрын ауыз ашқан жағдайда қазамен бірге кәффаратын өтеуі міндетті болады.[65]

Ораза кезінде темекі тарту мәселесіне келер болсақ, біреулер: "Ішіп-жемесең және әйеліңмен жақындаспасаң болды. Темекі тамаққа жатпайды", - дейді. Ал, ақиқатында шариғат бойынша ораза бола тұрып темекі тартқан адам қазамен бірге кәффаратын өтеуі тиіс.[66]

Қазамен бірге кәффарат міндетті болу шарттары

Жоғарыда қазамен бірге кәффарат міндетті болудың негізгі себептерін айттық. Ендігі кезекте бұл мәселенің шарттары әңгіме етіледі. Ол:

1. Ораза ұстаған адам балиғатқа жеткен[67] болу. Балиғатқа жетпеген балаға ол ораза ұстап тұрып, ішіп-жеген жағдайда қаза да, кәффарат та міндетті болмайды. Себебі жасы балиғатқа жетпеу себебінен оған ораза ұстау парыз емес.[68]

2. Ораза ұстауға түннен ниеттенген жағдайда. Оразаны таң атқаннан күн тал төбеге келгенге дейінгі аралықта ниеттеніп, кейін қасақана ішіп-жесе немесе жақындасса тек сол күннің қазасын өтейді. Кәффарат міндеттелмейді.[69]

3. Шариғатта ауыз ашқанға рұқсат етілетін үзірлі жағдайдан бұрын ауыз ашқан жағдайда.[70] Бұған мысал ретінде жоғарыда айтылған ораза кезінде жол жүретін адамның мәселесін келтірсе болады.

Тарауих намаздың үкімі

Рамазан айында жиырма рәкат тарауих намазы оқылады.[71]

"Тарауих" сөзінің мағынасына келер болсақ, ол "демалу" деген ұғымды білдіреді.[72]

Үкімі: ер және әйел кісі жиырма рәкат тарауих намазын оқуы - сүннет муәккәдә.[73] Ханафи, шафиғи және ханбали мәзһабы ғалымдарының арасында бұл мәселеде ихтиләф[74] жоқ. Тек малики мәзһабының ғалымдары тарауих намазын мустахабқа жатқызған.[75]

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) тарауих намазын сүннет болу мәселесіне қатысты: "Хақ тағала сендерге оразаны парыз, тарауих намазын сүннет етті. Шын иман және ықыласпен Рамазан оразасын ұстаған және тарауих намазын оқыған адам күнәдан анадан жаңа туған нәрестедей пәк болып тазарады", - деген.[76]

Тарауих намазын мешітте жамағатпен оқудың үкімі

Кез келген елді мекендердің тұрғындары тарауих намазын өздеріне қарасты мешітте жамағат болып оқуы - сүннет кифая.[77] Осы себептен бір мешітке қарасты жамағаттың бірі де тарауих намазын мешітте оқымаған жағдайда жамағаттың барлығы сүннетке қайшы әдепсіздік еткен болады.[78]

Жалғыз оқыған адам әдепсіздік етпегенімен, жамағаттың сауабынан құр қалады. Тарауих намазында біреуді ақы төлеп имам етіп сайлап алуға болмайды.

Тарауих намаздың уақыты

Тарауих намазының уақыты - құптан намазы мен таң атудың аралығында.[79] Осы себептен құптан намазынан бұрын оқылған тарауих тарауихқа жатпайды.[80] Тарауих намазын оқудың ең абзал мезгілі - түннің үшінші бөлігі кіруден бұрын.[81] Сонымен қатар тарауих намазын құптан намазы оқылғаннан кейін үтір уәжіп намазынан бұрын, не болмаса кейін оқу шариғатқа қайшы емес.[82] Осы себептен имам тарауих намазын оқып тұрған болса, мешітке кешігіп келген адам алдымен құптанның парызын оқып, кейін тарауих намазына тұрады. Бұл жағдайда құптан намазының сүннетін тарауих намазының отырыстары арасында оқыса болады. Оқымаса, соңынан үтірден бұрын оқып алады.[83]

Тарауих намазының мустахабтары

Тарауих намазының мустахабтары төмендегінше:

1. Әр екі немесе төрт рәкатта сәлем беру.[84]

2. Әр төрт рәкәтта сәлем бергеннен кейін, намаз "тарауих"[85] деп аталуына сай демалу.[86] Демалу уақытында түрлі зікір, дұға етсе, уағыз айтса, тіпті үндемей отырса да болады. Себебі, жаман сөз айтпай үндемей отырудың өзі - ғибадат.[87] Жалпы демалу барысында осы айтылған амалдың қайсысымен шұғылдану жамағаттың ықтиярындағы іс.[88]

3. Тарауих намазында Құранды бір рет хатым ету.[89] Бұл мәселеде имам жамағатты қашырып алмау мәселесін ескерген жөн. Жамағатта қарттар мен жас балалар болған жағдайда имам тарауих намазында қысқа сүрелерді оқығаны абзал.[90]

Негізінде Рамазан бойы тарауих намазын оқу барысында Құранды бір рет хатым ету, яғни бастан-аяқ оқып шығу - сүннет.[91] Мәселен, Құран хатымын Рамазанның бірінші түні бастап соңғы түнінде аяқтаса болады. Бұл мәселеде ғалымдардың арасында келіспеушілік жоқ.[92]

4. Тарауих намазын мешітте оқу.[93] Себебі, жамағатпен оқылатын намаздың абзалы - мешітте оқылған намаз.[94]

Тарауихты қаза ету мәселесі

Үзірлі жағдаймен оқылмаған тарауих намазының қазасы өтелмейді.[95] Жамағат жалқауланса тарауихты жекелей болса да оқу керек. Өткені тарауих намазы - сүннет муәккәдә, яғни уәжіпке жақын.[96]

Қадір түні

Дінімізде қасиетті саналған күндер бар. Мысалы, екі айт күндері, жұманың күндізі мен түні.

Рамазан айының күндізі және түні қасиетті. Ал, Рамазанның ішінде, әсіресе он күндігі ерекше қасиетке ие. Өйткені, бұл кештерде адам баласының бір жылдық тағдыры белгіленетін Қадір түні бар.

Құранда Қадір түні мың айдан абзал делінген.[97] Ал, мың ай сексен үш жыл төрт айға сәйкес келеді. Осы себептен Қадір түнін құлшылықпен өткізген дұрыс.

Сонымен қатар Расулуллаһ (с.ғ.с.) бір сөзінде: "Алла тағала қадір түнін тек менің үмметіме нәсіп етті. Бұдан ілгері оны ешбір үмметке нәсіп етпеген еді", - деген.[98]

Қадір түнінде Қыдыр атаны күтеміз деудің ешқандай діни негізі жоқ. Бұл аңыз. Мұсылман Қадір түнін біреуді күтіп емес, бәлкім аятта бұйырылғандай сауап үмітімен ғибадат етіп өткізгені дұрыс. Бұған қатысты Пайғамбарымыз(с.ғ.с.): "Қадір түнін иман және ықыласпен ғибадат етіп өткізгеннің бұрынғы жасаған күнәлары кешіріледі", - деген.[99]

Қадір түні Алла тағаланың разылығы үшін жасалған әрбір халал іс құлшылыққа жатады. Мысалы, ақирет үшін пайдалы ілім іздену, намаз, Құран оқу, зікір ету, т.б.

Сәресін ішу мәселесі

"Расулуллаһ (с.ғ.с.) айтады: "Алла тағала және оның періштелері сәресі ішкендерге игілік тілейді"[100].

Хадисті Ибн Омардан (р.а.) Имам Табарони, Имам Ахмад және Имам Ибн Хиббан риуаят етті.[101]

"Расулуллаһ (с.ғ.с.) : "Сәресіні ішіңіздер![102] Өйткені сәресіде береке бар"[103],- деген.

Хадисті Әнас ибн Маликтен (р.а.) Имам Бухари, Имам Муслим, Имам Тирмизи, Имам Насаи және Имам Ибн Мажәһ риуаят етті.[104]

"Алла Елшісі (с.ғ.с.) айтады: "Біз бен китабилер[105] оразаларындағы айырмашылық - сәресі ішу"[106].

Хадисті Амр ибн Әл-Астан (р.а.) Имам Муслим, Имам Ахмад, Имам Әбу Дауд, Имам Тирмизи, Имам Насаи және Имам Ибн Мажәһ риуаят етті.[107]

"Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Үш нәрсе пайғамбарлық әдетке[108] жатады. Ол: ауыз ашуды кешіктірмеу,[109] сәресіні кешіктіру және намазда оң қолды сол қолдың үстіне қою"[110].

Абдусамад Мақат

[1] Уаһи - хабар. Алла тағала пайғамбарлармен уаһи, періште, илһам (көңілге салу) арқылы сөйлеседі.

[2] Жәннаттың.

[3] Хадистің бірінде "мейірімділіктің есіктері" делінген.

[4] "Сахихүл-Бухари"

[5] "Сахиху Муслим"

[6] "Сунәнун-Насаи".

[7] "Бақара" сүресі, 185 аят.

[8] "Әл-Жәмиъус-Сағир".

[9] "Ар-Рахман" - Хақ тағаланың "қамқорлық Етуші" сипаты.

[10] "Муснадүл-Имами Ахмад".

[11] Яғни, нәпсі қалауынан. Мысалы тәуліктің күндізгі бөлігінде зайыбымен жақындасудан.

[12] "Сахиху Муслим".

[13] "Муснадүл-Имами Ахмад". Яғни, осы өмірде күнәдан қайтарады немесе аиыретте тозақ отынан сақтайды. ("Файдүл-Қадир, Шархүл-Жамиъис-Сағир")

[14] "Сунәну Ибн Мажәһ". Яғни, оразасын Алла тағала қабыл етпеген, әрі оразасы үшін сауап алмаған. ("Сунәну Ибн Мажәһ") Имам Ғазали: "Бұған қатысты: "Ол харам нәрсемен немесе өзгелерді ғайбаттау себебінен адам етін жеумен ауыз ашқан не болмаса дене мүшелерін күнәдан сақтамаған", - деп айтылған", - деген. Сонымен қатар мұның мағынасы: оразаның шарттарын орындамау себебінен оған сауап берілмейді. Ал оразаның шарттарына ықылас пен Хақ тағаланың әміріне бойсұну жатады. ("Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир").

[15] Бұл хадисте күні бойы ауыз бекітіп, кешке харам жолмен тапқанымен ауыз ашқан адамның жағдайы баян етілуде. Ораза ұстап қанша сауап тапқанымен, алайда харамды азық етудің күнәсі одан артып кететін қаншама жан бар. 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: