Аллаға берілген ізгі қарыз

Аллаға берілген ізгі қарыз

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бізге аманат ретінде берілген бұл тән, жан және дүние-мүлік қолымызда мәңгілік тұрмайды. Әлбетте, бір күні бәрімен қоштасамыз, барлық нәрсе нағыз мүлік иесі болған Аллаға қалады, яғни соған қайтады. Сондықтан бір рет берілген ғұмырымызда осы аманаттарды Алла жолында өз орнымен тапсыруымыз керек, сонда ғана мәңгілік сыйға қол жеткіземіз.

Бұл әлем құдірет қолымен құрылған, мыңдаған нақыштармен безенген ортақ, фәни бір мекен. Сынақ әлемі болған осы дүниеде өткізетін күндер шынайылық, нәзік бір рух, терең бір түсінікпен ойлауды талап етеді. Өйткені, біздер үшін негізгі шынайы нығметтер бақи мекенге, яғни соңы жоқ өмірге алып баратын ізгіліктер ғана. Құлдарының осындай мәңгілік ізгіліктермен құзырына келуін қалаған Алла Тағала, өзінің қасындағы ұлы сыйды және ризашылығы жолында жасалған салих амалдарға берген бағасын Құран Кәрімде жиі-жиі баяндайды.

Алла Тағала әсіресе сый мен қайырымдылық, жомарттық пен қайыр сияқты жоғары қасиеттердің көрінісі болып табылатын садақа мен қайыр хақында үнемі кеңес береді. Осы орайда жағдайы бар әл-ауқатты адамдарға зекет, ұшыр мен құрбан сияқты малмен жасалатын ғибадаттарды кесімді түрде әмір етеді. Бұл мәжбүрлік көмектесулермен қатар, адамгершілік пен иман тебіренісіне байланысты ізгі істер де бар, осылардың бірі – ізгі қарыз.

Алла Тағала ризашылығы үшін берілетін әрбір садақа мен

жасалатын әрбір қайырды өзіне берілген ізгі қарыз ретінде қабылдап, мұның ақы-сын еселеп өтейтіндігін уәде етеді. Аятта былай делінеді:

«Кім Аллаға жақсы борыш (қарыз) береді? Алла, мұны ол үшін еселеп арттырады. Оған ең жоғары және абыройлы сауап бар». (Хадид сүресі 11-аят)

Сондықтан садақаларымыздың, мұқтаж адамды қуантуы сияқты бір күні мезгілсіз алдымыздан шығатын өлімнің қамын ойлап, бұл мәселеде одан да жақсы қажыр танытуымыз керек.

Бұл дүниеде қиыншылық пен рахат Алланың тағдырымен байланысты екендігін білуіміз керек. Шынайы мүминдер Алла оларға нығмет берген сайын тәкәппарланып, көкірек керетін әлде Алланың берген нығметін оның ризашылығы үшін жұмсамайтын ғапыл болмайды. Олар ізгі қарызды екі мағынасымен де түсініп, өмірінде қолданады. Яғни:

1. Әрі мұқтаж құлдарға борыш береді,

2. Әрі қайыр жасау арқылы Аллаға қарыз береді…

Иә, ізгі қарыздың мағынасы да Құран Кәрімде айтылғанындай, Аллаға борыш беру деген сөз. Бұл мұқтаждарға қайыр беру арқылы және Алла жолында қажыр көрсететін кісілер мен іс-шараларға қолдау көрсету түрінде болады. Алла Тағала бұл амалды: өсіру, мадақтау және сыйын арттыру бабында, «өзіне берілген бір борыш» түрінде баяндайды. Яғни қайырдың өзін Алла Тағала құлдарынан қарыз ретінде сұрауда. Аят кәримада былай делінеді:

«…Намазды оқыңдар, зекет беріңдер, Аллаға көңіл ризашылығымен борыш (ізгі қарыз) беріңдер. Өздерің үшін алдын ала (дүниеде жүргенде) қандай ізгілік әзірлесеңдер, Алла алдынан онан да қайырлы, онан да зор сыйлық түрінде табасыңдар. Алладан кешірім сұраңдар, шүбәсіз, Алла тым кешірімді, ерекше мейірімді». (Мүзәммил сүресі 20-аят)

Алла Тағала ризашылығы жолында жұмсалған құлдың қайырын ізгі қарыз ретінде қабылдап, адам баласына ерекше бір сый беруде. Әрине, таза ниетпен және бұл дүниеде ешқандай жеке өз пайдасын күтпей, көзбояушылық пен атақ, даңқ ниетінсіз берілу шартымен… Сол үшін берілгеннен кейін рахмет күтпеу керек және тек қана Алла ризашылығы үшін жүмсалуы керек. Хазіреті Әли мен Хазіреті Фатиманың (радиАллаһу анһумә) бір қайырына байланысты Құран Кәрімде айтылған:

«Өздері мұқтаж бола тұра, тамақтарын пақырға, жетімге не тұтқынға береді және оларға: «Мұны сендерге Алла ризашылығы үшін береміз, сендерден ақы мен рахмет күтпейміз. Біз Раббымыздың қаһарлы, бәлелі бір күнінен қорқамыз» - дейді. Алла та оларды сол күннің жамандығынан қорғайды. Жүздерін жарық қылып, көңілдеріне қуаныш ұялатады». (Инсан сүресі 8-11 аяттар) деген аяттағы қағидаға бағыну керек.

Бұл аятта қайырға байланысты мынадай мәселелерге тоқталады:

1. Мүмин бауырын өзінен де лайық (артық) көру, исар;

2. Фәни, алдамшы дүние мақсаттары үшін емес, Алла ризашылығы үшін қайыр беру;

3. Қияметтің қорқынышынан қайыр арқылы қорғану;

4. Ықыласпен жасалған қайырдың Хақ Тағала алдында қабыл болатындығы және иесінің жүзін жарқын ететіндігі;

5. Мүминдердің осы сияқты салих амалдарды іске асыруын қалауы.

Міне, Аллаға осылайша берілген борышқа Алла Тағала оны еселеп, ақысын береді. Және бір аятта Хақ Тағала осылайша берілген ізгі қарыздың абзалдығын былайша баяндайды:

«…Егер намазды дұп-дүрыс оқып, зекет беріп, пайғамбарларыма сеніп, оларды қуаттасаңдар және Аллаға жақсы борыш берсеңдер, ант етемін, сендердің күнәларыңды жауып, сендерді астынан өзендер аққан жәннәтқа кіргіземін…». (Мәйдә сүресі 12-аят)

Ибн Мәсғудтың (р.а.) риуаяты бойынша Әбу Дәһда әл-Әнсари Аллаға жақсы борыш беру хақындағы аят түскен кезде Расулуллаһтан:

«Уа, РасулАлла! Алла бізден борыш сұрай ма?» - деп сұрады. Расулуллаһ (с.а.у.): «Иә, Уа, Әба Дәһда, Алла борыш сұрайды!» - деп жауап берді.

Сонда Әбу Дәһда (р.а.), Хазіреті Пайғамбардан (с.а.у.) қолын созуын сұрап, оның қолын алып:

«Мен бағымды Аллаға (ізгі қарыз) борыш етіп бердім!» - деді.

Ибн Мәсғуд (р.а.) Әбу Дәһданың бағында 600 құрма ағашы болғандығын және оның бақшасының ішіндегі үйінде отбасымен бірге отыратындығын айтады. Осы қайырдан, яғни Аллаға борыш беру сөзінен кейін Әбу Дәһда үйіне келіп, әйеліне:

«Ей, Дәһданың анасы! Бұл бақша мен үйді босатамыз. Өйткені, мен бұл бақты Аллаға борышқа бердім…» - дейді.

Әйелі оған:

«Әй, Әбә Дәһда! Өте пайдалы бір сауда жасаған екенсің!» - деп жауап береді.

Содан кейін заттары мен балаларын алып, бақшадағы үйді босатады. (Табари, Тәфсир II, 803; Хаким, Мустәдрәк II, 24)

Міне, осы ой мен парасаттылық дәуірлеп тұрған әр дәуірде мүминдер қоғамы үнемі шаттық пен бақыттылық ішінде өмір сүрген әрі дүниелері мен ақыреттерін қорғаған. Мына бір оқиға да осы ақиқаттың көз шағылыстырар бір көрінісі:

Елие Кедоурие жазған, Османлының соңғы кезінде Англияның Таяу Шығыс саясатына байланысты кітабының бір қосымшасында айтылғанына қарағанда, ХІХ ғасырдың аяқ шенінде Шығыс Анатолияда қатты құрғақшылық пайда болған еді. Ағылшындар құрғақшылықты пайдаланып, сол жерде Османлыға қарсы наразылық тудыруды көздеп, сол жерге бір жансыз жібереді. Жансыздың жасаған зерттеуінің нәтижесінде байқаған шындық өте ғибратты еді. Есепте (рапорт) былай делінеді;

«Бұл жерде құрғақшылық бар, бірақ аштық жоқ! Барлық адам бір-біріне қамқор болып, көмектесуде. Сол себепті құрғақшылық аштыққа айналмайды. Сондықтан осындай күшті қоғамдық қүрылыс ішінде құрғақшылықты пайдаланып, наразылық тудыру мүмкін емес».

Шүбәсіз, бұл жоғары деңгей, мұқтаждық пен пақырлықтың шегіне жеткен сәттерінде және қиын кездерде қайырдың мәніне назар аударған аяттардың мағынасын түсініп, өмір сүре білудің дүнияуи сыйы мен берекесі. Алла Тағала бұл турасында босаңдық пен ғапылдық көрсетілмеуі үшін біз құлдарына былай ескерту жасайды:

«Сендерге не болған, Алла жолында қайыр (садақа) жасамайсыңдар? Алайда, көктер мен жердің мирасы Аллатікі. Іштеріңнен, жеңістен бұрын қайыр бергендер және соғысқандар (басқаларымен) бір емес. Міне, олар дәрежесі жағынан кейіннен қайыр бергендер мен соғысқандардан да жоғары. Сонымен бірге Алла әр біреуіне ең жақсысын уәде еткен. Алла істегендеріңнен хабардар». (Хадид сүресі 10-аят)

Яғни Алла Тағала, әсіресе, Ислам мен мұсылмандардың ауыр кездерінде құлдарынан жанқиярлық істер талап етеді. Құлдардың бұл жанқиярлықтарын Құранның сөзімен айтқанда «ізгі қарыз» деп атаған.

Бізге аманат ретінде берілген мына тән, жан мен дүние-мүлік қолымызда мәңгілік тұрмайтындығын ұмытпауымыз керек. Әлбетте, бір күні бәрімен бірден қоштасамыз және барлық нәрсе, мүліктің нағыз иесі – Аллаға қалады, яғни соған қайтады. Сондықтан қазірден бастап, яғни тірі кезімізде осы аманаттарды Алла жолына тапсыруымыз керек, сонда ғана мәңгілік сыйға қол жеткізе аламыз. Біз тапсырмасақ та, олардың нағыз иесі Алла Тағала, дүниемен қоштасқан сәтімізде бізден онсыз да барлық нәрсені қайтарып алады. Бірақ, арасында үлкен айырмашылық болады. Бірінші түрде, яғни қайырға жұмсаған жағдайда Алла Тағала жер мен көктің қазынасы – ұлы затына тән болса да, мұны өзіне берілген бір борыш түрінде қабылдап, ақысын еселеп қайтарады. Екінші түрде, яғни қайырға жұмсамаған жағдайда, қолымызға ештеңе түспейді, бірақ сол малдың жауапкершілігін көтерген боламыз. Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) өмірін қайырдан аулақ өткізгендерге былай ескертеді:

«Адам баласы «Малым, малым…» - дейді… Ей, Адам баласы! Жеп тауысқан, киіп ескірткен және садақа ретінде беріп, сауап алу үшін алдын ала жібергеніңнен басқа малың бар ма еді?!». (Муслим, Зүһд 3-4; Тирмизи, Зүһд 34)

Хазіреті Мәуләнә да Мәснәуиінде қандай жақсы айтады:

«Өлім періштесі ғапыл бір байдың құлағын созып, (яғни жанын алып), оны өмір түсінен оятқанда шындығында иесі болмаған бір мал үшін байдың тірі жүргенде жоғалтып алу қорқынышын тартқанына өзінің де күлкісі келеді».

Хазіреті Айшадан (р.а.) риуаят етілгені бойынша Расулуллаһтың (с.а.у.) отбасы бір қой сойған еді. Көптеген адамдарға қайыр берген соң Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) қой етінен қанша қалғанын сүрайды:

Хазіреті Айша (р.а.):

«Тек қана бір жауырыны қалды», - деп жауап бергенде, Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.):

«Жауырын сүйегінен басқасының бәрі біздікі болды десеңші!» - деді. (Тирмизи, Сифатул-Қияма 35)

Расында, адамның негізгі жемісі – қайыр жасау арқылы мәңгілік өмір үшін жинағандары.

Дүние-малынан бір пәлекет түрінде шығып, көңілдің тепе-теңдігін бұзатын фәни және нәпсіқұмарлық байланыстардан алыста болу, тек қана жомарттық пен қайырымдылықтың фәйізімен мүмкін болады.

Алла Тағала адам баласының дүниемен қоштасу сәтінде қасіретке қалатын ғибадаттардың арасында садақаны арнайы атап, оны орындамағандардың өлім өткелінде қандай халде болатындығын былай баяндайды:

«Қайсы біріңе өлім келіп: Раббым! «Ажалымды аз болса да кешеуілдетсең, садақа беріп, жақсы адам болсам!» - деп, айтуларыңнан бұрын, өздеріңе берілген рызықтарымыздан садақа беріңдер». (Мунафиқун сүресі 10-аят)

Сондықтан сараңдық пен дүниеге деген сүйіспеншілігіміз себепті қайырдан аулақ қалып, бір күні барлық байлығымызды артымыздағыларға тастаған кезде солардың ауыр есебі мен азабын арқалаған ақыреттің бишаралары болған күйге түсіп жүрмейік…

Өйткені, малдың қай жерден табылып, қайда жұмсалғандығы мәселесі ақыреттегі үлкен есептің алғашқы сұрағының бірі. Сондай-ақ, Алла Расулі (с.а.у.) былай дейді:

«Ешбір құл киямет күнінде өмірін қай жерде өткізгендігінен, білімімен қандай іс істегендігінен, малын қайдан тауып, қайда жұмсағандығынан және денесін қай жерде қолданғандығынан сұралмайынша, тұрған жерінен қозғала алмайды». (Тирмизи, Қиямет 1)

Осы ақиқаттардың барлығын ең тамаша түрде түсінген аталарымыздың қайыр беру туралы көрсеткен жоғары санаттағы қажыры мен іс-әрекеттері тарихқа абыройлы «қор мәдениетін» сыйлаған. Олар бейне бір қайыр жарысына түсіп, бұл жарыста әр түрлі жаратылысқа және әр түрлі қажеттілікке жауап бере алатын мекемелер, қорлар құрған. Осымен бірге ары мен ұяты себепті ешкімнен ештеңе сұрамайтындардың көңілдерін қалдырмауға әрі оларды сұрауға мәжбүр етпеу үшін Ыстамбұлдың кейбір аудандарында қойған садақа тастары жақсы танылған.

Осы садақа тастарынан Үскідар ауданы Доганжылар көшесінің бойындағы жол қиылысында неке сарайының алдындағы жол жиегіндегі шамамен бір метр биіктігінде және отыз сантиметр қалыңдығындағы тарихи ескерткіштен басқалары қазір орнында жоқ.

Негізінде, олар бір кездері қандай үлкен бір қызметке және қайыр жарысына куә болды. Шамасы мен уақыты болғандар: «оң қолдың бергенін сол қол көрмейтіндей түрде» қайыр жасау үшін түн қараңғылығында садақаларын осы тастың үстіндегі шұңқырға салатын. Сосын сол аумақтың адал пақырлары қажетінше сол жерден алатын, артығына тиіспейтін. Әсіресе мұқтаж болса да қайыр сұраудан именгендер түн ортасында тастың қасына ақша алуға келетін, қажетінше алатын. XVII ғасырдың Ыстамбұлын түсіндірген бір француз үстінде ақшасы бар бір тасты тура бір апта бақылағандығын, бірақ сол жерден ақша алуға келген ешкімді көрмегендігін жазады. Деректерде, Ыстамбұлда төрт жерде садақа тасы бар болған. Үскідарда Гүлфәм Хатун мешітінің ауласында және Үскідарда Доғанжылар-да, Каражахметте және Кожамұстафа пашада…

Атақты аталардың мұндай қызметті не үшін жасағандығы мәлім… Бірақ, әрбір қоғамда және әрбір дәуірде кедейлер мен пақырлар үнемі орын алады. Сондықтан аят кәримада айтылған:

«Байдың малында пақырдың хақы бар». (Зарият сүресі 19-аят; Мағариж сүресі 24-25 аяттар) деген қағиданы көңіліміздің дәстүрі етіп, «садақа тастарынан қорларға» созылған қайыр жарысын жалғастырсақ, арлы мұқтаждардың намысын қорғаймыз. Кешегі кейде беру, кейде алу үшін садақа тастарына созылған қолдардағы шынайылық пен ықыласты сақтауымыз керек… Көңіліміз бір садақа тасына айналуы керек. Мұқтаж адам бізге бір ана құшағының жылылығын сезініп жақындай алуы керек. Біз де қолымыз ашық және жомарт болып, «Рәззақ» болған Раббымыздың бір құлы ретінде шүкіршілік сәждесіне баруымыз керек. Дүниелік және ақыреттік қағидамыз:

«Адамдардың ең қайырлысы – адамдарға ең пайдалысы» (Суюти, әл-Жамиус-Сағир II, деген хадиспен;

«Айт: Раббым, қалаған құлдарының риздығын молықтырады, (қалаған құлдарының рызығын) тапшы қылады. (Алла жолында) берген напақаларыңның есесін Алла толтырады. Ол рызық берушілердің ең жақсысы» (Сәбә сүресі 39-аят) осы аяттар орындалу керек.

Қысқасы, қайыр түрінде болсын, ізгі қарыз түрінде болсын, жасалған ізгі ғибадаттар мен іс-қимылдар негізінде Алла Тағаланың бізге сыйлаған нығметтерінің арқасында жасалады. Яғни Алла Тағала бізге берген нығметтері арқылы жасаған қайыр мен жақсылықты бізден өзіне борыш (қарыз) ретінде қабылдауда. Бір қарағанда бұл көрініс Алла Тағаланың бізге берген нығметтері, оның үстіне нығметтермен толықтыруы.

Шындығында, сансыз нығметтерді берген – Алла, оларды алып, пайдаланатын – құлдар. Бұл бойынша негізгі қарыздар болған тарап – адам, алашақ болған – Алла Тағала.

Хазіреті Мәуләнә былай дейді:

«Көк пен жердегілер барлық нәрсені Содан сұрайды. Өйткені барлық жаратылыс Оған қарыздар».

Осы орайда әсіресе адам баласы өзіне берілген жаратылыстың ең абыройлысы болу сипаты, одан кейін Ислам мен иман нығметіне ие болу Хазіреті Пайғамбарға (с.а.у.) үмбет болуы сыйына қол жеткізу және сансыз жақсылықтар мен сый-сияпат үшін Алла Тағалаға борышты. Сонымен қатар әрбір көңіл жаратылыстың себебі мен мәңгіліктің жолында бірден-бір тура жол бағдаршысы болған Хазіреті Пайғамбарға (с.а.у.) қарыздар. Оның адамзатқа сыйлаған сыртқы және ішкі ғибадаты, қарым-қатынас, кәміл іс-қимыл мен ізгіліктерін жұлдыз сияқты көңілдерге жеткізген сахабаларға және барлық ислам ұлыларына қарыздар. Әке-шешеге қарыздар, отбасына қарыздар.

Бұл қарыздар Алланың және Хазіреті Пайғамбардың (с.а.у.) ахлағын бойына сіңіру арқылы жанды Құран түрінде өмір сүру және Сүннет аясында ашылған бір гүл ретінде қауышу әлеміне қадам басумен өтеледі. Сонымен қатар, Аллаға шүкіршілік ету де әрбір құлдың мойнындағы борышы.

Алла Тағаланың осыншама шексіз нығмет, сый-сияпатына қарсы көңіл, егер Оның ризашылығынан тыс, яғни нәпсілік пен фәни түзақтарда быт-шыт болса, адам абыройы мен намысынан айырыла бастайтындығын білген жөн. Осылайша иләһи қағидалардан тыс өмір сүріп, өткінші сұлулықтарды көз алдында үлкейткендер, үнемі төменге, пақырлыққа тап болады. Бір қарағанда бойындағы «ахсәни тақуим» (ең тамаша жаратылыс) сырын ұмытып, өздерінен көп төменде, одан да пақыр, одан да мұқтаж әрі әлсіз жаратылыстардан қарыз сұрайтын бишара кейіпке түседі. Нәтижесінде, парқына бара алмаған негізгі қүндылықтарын жойып алады. Мұндай адамдардың халіне қатты таңданған Хазіреті Мәуләнә (құддисә сирруһ) былай дейді:

«Бұл қандай таң қаларлық жайт? Күн, бір зәррәдан қарыз сұрар ма? Шолпан жұлдызы кішкентай бір кеседен шарап сұрай ма?»

«Сен не екені белгісіз, бір рухсың, қасиеттері толық мағынада білінбейтін бір жансың. Шекті болған құндылықтар мен сипаттар әлеміне қамалғансың. Сен бір күнсің, бір түйінге байланып қалыпсың; саған нендей өкініш!..»

Бұл жолдарда Хазіреті Мәуләнә адамды бір рухани күнге ұқсатады. Әлем де сол күннің сәулесімен жарқыраған, шағылысқан зәррәлар сияқты. Сондықтан адамның Алладан фәйіз алуды ойламай, дүниеде фәни құмарлықтардың соңында жүруі, қуаныш іздеуі, бір қарағанда күннің зәррәдан қарыз сұрағанын елестетеді. Күн қалайша зәррәға мұқтаж болады?

Адам рухы да, Алла Тағаланың Құран тілімен айтқанда «Құдіретімнен бір сыр үрледім» (Сад сүресі 72-аят; Хижр сүресі 29-аят) деген Раб тарапынан үрленген нұр. Бірақ, адамдардың көпшілігі рухтың ұлылығын, мәнін түсінбей, оның ақиқатынан бейхабар өмір сүреді. Олар өздеріне берілген ғазиз және қасиетті нығметті, сол иләһи аманатты материалдық және фәни құмарлықтарға пида етіп, тек қана тән құмарлығымен өмір сүруге ынтық. Ызаның, құмарлықтың, атақтың, тәни құмарлықтардың иіріміне түскен. Нәпсісі қоректің, ермектің құмары болған. Бейне бір руханият күні, иләһи заңға бас иіп, «уқдә-и зәнб» (күнә жібіне) байланған, сәуле шаша алмайтын халге келгендей. Бұл жағдайда әрбір құл:

Өз дәрежесін білуі керек! Алланың берген шексіз нығметтерінен, әсіресе «ахсәни тақуим» сырынан хабардар болуы керек! Өткінші және ешқашан қанағат таппайтын құмарлықтарға тұтқын болмауы керек! Қуанышты нәпсінің құмарлықтарынан фәни сүйіспеншіліктерден іздемеу керек! Барлық нәрсені өзінен, өз көңілінен іздеуі керек!

Қысқасы, дүниеден күшпен шығарылмай тұрып, Раббымыздың көмегімен иман қауіпсіздігі және қабілетімізді ақырет сапарына шығуға дайындалуымыз керек…

Уа, Раббым! Ұлы затыңа берілген борыш ретінде құлдарыңнан сұраған қайыр ғибадаты және ізгі қарыз қасиеті турасында көңілімізге Сенің шексіз жомарттық дарияңнан нәсіп бер! Мойнымыздағы материалдық, рухани, барлық жауапкершіліктер мен борыштарды орындауды бәрімізге нәсіп ет! Бізге жетімдердің, мұқтаждардың және ғаріптердің үнсіз айқайын еститін құлақ және сезетін көңіл бер!

Әмин!

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: