Исламдағы әйелдің орны мен рөлі туралы терең зерттелген шығармалармен көпшілік жете таныс болмағандықтан, Ислам мәдениетінде әйел адамның құқығы тым шектеулі деген түсінік қалыптасқан. Мұндай түсініктің орын алуына қазіргі батыс елдерінің исламды жаппай қаралау үрдісінің тигізген әсері де орасан. Жалпы, Ислам дінінде әйелзатына үлкен мәртебе берілген.
Исламға дейінгі кезеңде арабтарда әйелдің құқығы тым төмен еді. Әсіресе, арабтар қыз балаларды тірідей жерге көметін. Өлтіруге қимағандары қыздарын ұлдарша киіндіріп, жұрттан жасырып ұстаған. Бұлайша әйел мәртебесін тым төмендету себебі, қыздар өскенде жезөкшелік жасап, «абыройымызға дақ түсіреді» деп ойлайтын. Шынында да исламға дейінгі жабайы араб қоғамында жезөкшелік ерекше асқынып тұрды. Кейбір арабтар ұлдарын текті ету үшін әйелдерін өз қолымен ақсүйек адамның төсегіне апарып жатқызатын. Жезөкше әйелдер жүкті болып қалған жағдайда, Кайф деген сәуегей келіп, еркектердің біріне мына баланың әкесі сенсің деп, оны зинадан туған балаға әке ететін. Арабтардың «шиғар» деген некесі бойынша, қыздары бар арабтар бір-біріне қыздарын қалыңмалсыз беріп үйленетін. «Бәдел» деген неке бойынша, арабтар әйелдерін бір-біріне беріп айырбас жасайтын. Күйеуі өлген жесірді туыстарының бірі зорлықпен өзіне әйел ететін. Исламнан бұрынғы арабтардың азғынданғаны соншалықты, тіпті олар өгей шешелеріне де үйлене беретін.
Ал, ислам дінінің келуімен әйелге деген зорлық атаулы күшін жойып, олар ерекше жоғары мәртебеге қол жеткізді. Енді исламның әйелзаты үшін әкелген кейбір ізгіліктеріне тоқталсақ.
Ислам мемлекеті қалыптаспай тұрып-ақ, Мекке кезеңінде Құран кәрім әйел мен еркек теңдігін былайша паш етті: «Шын мәнінде Мен сендерден еркек, әйел амал істеушілердің амалын зая етпеймін. Сендер бір-біріңненсіңдер» («әл-Имран» сүресі, 195-аят). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да әйел мен еркектің теңдігі хақында: «Әйелдеріңіздің сіздерде, сіздердің әйелдеріңізде хақыларыңыз бар»,- деген болатын.
Сондай-ақ, арабтардың қыздарын тірідей жерге көмуін Құран былайша сынға алды: «Егер олардың біреуі қызбен сүйіншіленсе (әйелінің қыз тапқанын естісе), оны ашу қысып, беті қарая бастайды.Өзіне берілген жаман хабардың салдарынан, елден жасырынады. Оны қорлыққа шыдап ұстау немесе топыраққа көміп тастау керек пе? Олар нендей жаман үкім береді» («Нахл» сүресі, 58-59 аяттар). Ата дініміз осылайша, арабтардағы азғындық әрекетке тыйым салды.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әйелзатына ерекше көңіл бөлу керектігі туралы хадистері өте көп. Солардың кейбіріне тоқталар болсақ: «Мұсылмандардың ең жақсысы, әйеліне дұрыс қарағаны», «Әйелдерге жақсы мінезде болыңыздар», - деп өсиет етті.
Жалпы, ислам әйелді өз апа-қарындасындай құрметтеуге шақырады. Бұл туралы Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) былай деген-ді: «Әйелдерге ер кісілер өзінің апа-қарындастарындай мәміледе болуы керек. Еркекті адам ететін әйел».
Әйел дегенде ана еске түседі. Ал, Құранда әкеге құрмет көрсетуді анадан бөле- жара қарастырмайды: «Сендерге Аллаһ тек өзіне ғана бойсұнуды бұйырды, ата-аналарыңа жақсылық жасауды өсиет етті. Олардың біреуі немесе екеуі бірдей қартайып (қалжырап) қалса «үһ» деуші болмаңдар, зекіп ұрыспаңдар. Екеуіне де ізетті болыңдар. Екеуіне де зор мейіріммен, кішіпейілмен бас иіңдер. «Аллаһым, олар мені бала кезімде қалай мәпелеп өсірсе, Сен де оларға сондай рахымдылық ете гөр!» - деп айт» («Исра» сүресі, 23-24 аяттар).
Ислам отбасылық қарым-қатынасты бірізділікке түсіріп, әйел мен ердің, ата-ана мен балалардың құқықтар мен міндеттерін нақты анықтап берді. Отбасы - адамның өз бақытын тауып, ұрпақтың жалғасуы, әрі ислам діні бойынша күнә деп саналатын жаман әрекеттерден қорғайтын бірден-бір қорған. Ислам діні бойынша отбасы түрі - патриархаттық негізде қалыптасты. Алайда, бұл қараңғылық дәуірдегі ер адамның отбасыдағы үстемдігінен өзгеше еді. Бірақ, отбасын басқаруда отағасы белгілі құқықтарға ие болды. Мысалы, әке өз баласын сатуға мен өлтіруге шешім қабылдауына құқығы болмады. Осыған байланысты қараңғылық дәуірде орын алған жас сәбиді өлтіру әдетіне тыйым салынды. Сондай-ақ, мұсылман құқығында әйел күйеуінің алдында кейбір мәселелер бойынша тәуелсіз болды. Алайда, еркектің қоғамдағы атқарар жұмысы ауыр болғандықтан, әйелден кейбір мәселелерде үстемдікке ие-тін. Бұл жайында Құран былай дейді:
«Еркек - әйелге билік жүргізеді. Себебі, Аллаһ оларды бір-бірінен артық етіп жаратқан және ерлер әйелдер үшін мал-мүліктерін сарп етеді. Жақсы әйел еріне бойсұнады, ерлері жоқ кезде бір Аллаһты пана тұтып, өздерінің абыройын сақтайды. Ал егер олардан жаман қылық көрсеңдер үгіт-насихат айтып, ескертіңдер, оған көнбесе төсекте бірге жатпаңдар. Онда да болмаса (соңғы шара ретінде) ұрыңдар. Егер бағынса, басқа жол іздеп оларды жәбірлемеңдер. Аллаһ сендерден ұлы, әрі үстем. Ерлі-зайыпты екеудің ынтымағы жараспай бара жатқанынан қауіптенсеңдер, онда ер жағынан бір әділ адамды, әйел жағынан бір әділ адамды жұмсаңдар. Аллаһ оларды татуластырар болса, онда араларының жарасып кетуіне дәнекер болыңдар. Аллаһ шынында да бәрін біліп, барлығынан хабардар болып тұрады» («Ниса» сүресі, 34-35 аяттар).
Құранның бұл үкімдерінің басты мұраты - отбасының татулығын сақтап, әйел мен ердің арасында келіспеушілік туындаған жағдайда, оны шешу үшін ортаға татуластырушыларды салып, отбасының айрылысуын тоқтатуды көздеген-ді. Ислам діні патриархаттық отбасыны белгілі бір өлшемде ғана қолдады. Өйткені, отбасылық қатынаста ер адамның әйелдің көңіліне дұрыс қарау, азық-түлікпен қамтамасыз ету, киіндіру секілді міндеттері және әйелдің тәуелсіз жеке көзқарасының болуы, мұсылман құқығында әйел мен еркектің белгілі бір деңгейде теңдігі болғандығын көрсетеді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жігіт пен бойжеткенді кәмелетке толғаннан кейін мүмкіндігінше тез үйленуге уағыздады: «Неке -менің сүннетім. Кімде-кім менің сүннетіммен амал етпесе, бізден емес. Үйленіңдер, себебі мен қиямет күнінде басқа үмметтердің қасында сендердің көптігіңмен мақтанамын. Кімнің үйленуге шамасы жетсе, үйленсін»,- деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) негізін салған мұсылман құқы бойынша үйлену парыз, уәжіп, сүннет, харам, мәкруһ, мубах болып алтыға бөлінеді.
1. Үйленбеген жағдайда жыныстық қатынасқа баратыны анық болған адамға үйлену парыз. Бірақ ер кісі әйелінің материалдық (ішіп-жемі, киімі, тұрғын үй, ауырған жағдайда дәрі-дәрмек қаражаты) жағдайы және мәһр ақысымен қамтамасыз етуі тиіс.
2. Үйленбеген жағдайда жыныстық қатынас жасау қаупі бар адамға үйлену -уәжіп. Мұндай жағдайдағы еркекке қойылатын шарт әйелдің мәһр және материалдық жағдайын қамтамасыз етуі тиіс.
3. Үйленгеннен кейін жұбайына жәбір көрсетуі анық, белгілі болған адамға үйлену - харам (тиым салынады).
4. Ауру болып, үйленгенде бұл ауру жұбайына жұғатын болса, немесе жұбайында да ауру болып, үйленгенде бұл ауру еріне жұғатын болса, онда мұндай неке харам.
5. Жұбайына жәбір көрсетуі мүмкін болған адамға үйлену - мәкруһ (Аллаһ сүймейді).
6. Үйленбесе жыныстық қатынасқа баратын қаупі жоқ, үйленсе жұбайына жәбір көрсету қаупі жоқ адам үшін үйлену - сүннет.
Үйлену мәселесіндегі мұсылман құқығының бұл үкімдері халықты зинадан қорғауға негізделгені анық байқалады. Себебі, зина отбасының шаңырағын шайқалтатын апат. Сондықтан, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бойдақ жігіттерге: «Ей, жігіттер! Сіздердің араларыңыздан кімнің үйленуге шамасы жетсе үйленсін. Себебі, үйлену көзді және нәпсіні харамнан қорғаушы» деп жастарды зинаға бармастан бұрын үйленуіне кеңес берген.
Мұсылман құқында үйленген соң әйелге зұлымдық жасайтын болса, мұндай некені мәкруһ (Алла сүймейді) деп танып, әйелді зұлымдықтан қорғайды. Әйелді зұлымдықтан қорғаумен бүкіл отбасының құрып кетуінің алдын алады. Себебі зұлымдық көрген әйелде күйеуіне деген өшпенділік сезім күшейеді де жұбайлардың бірлігін қамтамасыз ететін сүйіспеншілікке деген жолдар жабылады. Бұл отбасыда дүниеге келетін баланың педагогика тұрғысынан алғанда тәрбиесі жетілмейді.
Мұсылман құқында үйленудің ең жақсы түрі Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.) сүннеті негізінде үйлену. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұсылмандарға үйленудің келтірер пайдасы туралы былай деген болатын: «Мұсылман Аллаһтан қорқып оған бойұсынғаннан кейін жақсы бір әйелінен пайданы көрген өзге ешкімнен де көрмейді.
Себебі әйеліне бұйырса, бұйрығын тыңдайды, жүзіне қараса сүйіспеншілігі оянады, сапарға шықса өзі болмаған уақыт бойы намысын және күйеуінің мал-мүлкін қорғайды». Бұл туралы Құранда: «Әйелдер сендердің киімдерің, сендер әйелдеріңнің киімдерісіңдер» («Бақара» сүресі 187-аят) - деп жұбайларды бір-бірінің денесін суықтан, ыстықтан қорғайтын, рухты түрлі зиянды нәрселерден қорғайтын киімге теңеген.
Мұсылман құқында некеге тұрудың үш шарты бар. Бірінші шарты бойынша, үйленуші ер адам мен әйелдің кәмелетке толуы, ақыл-есінің дұрыс болуы және Құранда некелесуге тыйым салған негіздер сақталуы керек. Екінші шарты бойынша, екі тараптың өзара келісімі қажет. Үшіншісі бойынша, неке куәландырылып, жариялануы шарт.
Мәһр, әйелдің келісіміне қарай, ақшалай немесе заттай болуы да мүмкін. Мәһрдің маңызы туралы Құранда («Ниса» сүресі, 24- аят) баяндалады. Мәһр қалыңдыққа берілетін түрлі бағадағы құн ғана емес, керісінше қоғамдағы әйелдің беделін білдіретін әйелдің және ақысы саналатын сыйақы. Исламнан бұрынғы дәуірде арабтарда "Ниһлә" деп аталатын қыздың құны берілетін болған. Оны тек қыздың өкілдері алатын. Ал исламда әйел адам мәһрдің құнын өзі белгілеп, жұмсауы да өз еркінде. Мәһрге белгілі бір шек қойылмаған. «Олардың біріне (әйелдерге) жүк-жүк мәһр берсеңдер де одан бірде-бір нәрсені кері алмаңдар» («Ниса» сүресі, 20-аят).
Мұхан Исахан
Әйел құқы және отбасы-2
Мұсылман құқы мына адамдардың бір-бірімен үйленуіне тыйым салды:
«Әкелерің үйленген әйелді (оның басқа әйелін) алушы болмаңдар. Бірақ, бұл аяттан бұрын алып қойсаңдар, оның жөні басқа. Ол деген барып тұрған оңбағандық, әрі сұмдық жаман салт.
Аналарыңды, өз қыздарыңды, апа-қарындастарыңды, әкелеріңнің қарындастарын, аналарыңның сіңлілерін, аға-бауырларың мен апа-қарындастарыңның қыздарын, емшек беріп баққан аналарыңды, емшектес болған апа-қарындастарыңды, қайын енелеріңді, өздерің отасқан әйелдердің (басқа ерінен туып) сендердің қолдарыңды тәрбиеленген қыздарын ( тіпті үйлеріңде болмаса да) егер бұрын некелесіп қойсаңдар, оқасы жоқ. Содан соң, өз нәсілдеріңнен болған балаларыңның әйелдерін алуларыңа және апалы-сіңлілердің екеуін бірдей алуға болмайды.... ("Ниса" сүресі 22-23 -аяттар).
Құранның бұл үкімдері сөз жоқ, қараңғы араб қоғамы үшін үлкен жаңалық болатын. Өйткені, исламға дейін арабтар өгей шешемен және кейбір туыстарымен үйлене беретін.
Мұсылман құқығының отбасылық қатынастағы тағы бір жаңалығы, бір мұсылманның бас бостандығы жоқ, күңмен некеге тұруына рұқсат беруі еді. Исламға дейін, арабтар күңдерді некелеспей нәпсіні қандыруға қалағанынша пайдаланатын. Ал, ислам күңдермен некеге тұрмайынша жақындасуға болмайтынын ескертті: «Сендерден біреудің, мүмін азат әйел алуға шамасы келмесе, онда қолдарыңдағы мүмін күңдерден алсын. Аллаһ имандарыңды жақсы біледі. Бір-біріңненсіңдер. Ендеше күңдеріңді қожайындарыңның рұқсатымен олардың мәһрлерін дұрыс беріп, абыройлы болулары, зинашы және астыртын көңілдес болмаулары шартымен алсын» («Ниса» сүресі, 25-аят).
Мұсылман құқы бойынша әйел мен еркектің табиғи қасиеттеріне қарай өз міндеттері бар. Ер адам отбасының материалдық жауапкершілігін өз мойнына алды Отбасыдағы ер адамның материалдық жауапкершілігі мына негіздерден тұрды:
1.Азық-түлік. 2. Киім-кешек. 3.Тұрғын үй. 4. Дәрі-дәрмек және емделу. 5. Үй жұмыстары көбейіп моральдық тұрғыдан салмақ түсетін болса үй қызметшісін жалдау.
Ал, әйел өз табиғатына сай, үй тіршілігін, яғни, ас пісіру, киім-кешекті жуу, үйді тазалау, сәндеу, бала-шағаға тәрбие беру секілді нәзік істерді атқарады.
Мұсылман құқы ерлі-зайыптылардың бір-бірін таңдауда қателесудің және әр-түрлі жағдайда келіспеушіліктердің болатынын ескеріп, отбасының бұдан әрі бірге өмір сүруі мүмкін болмаған жағдайда, олардың ажырасуына рұқсат берген. Алайда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бұл Аллаһтың ұнатпайтын ісі» деп ескертеді. Ажырасу - мұсылман құқығы бойынша талақ деп аталады. Талақ етудің мынандай ерекше негіздері бар:
1. Құран мен сүннет тәртібіне қайшы негіздегі талақ ету харам (тыйым салынған).
2. Тәртібі мен іс-әрекетінде кінәрат болмаса да кемшіліксіз әйелді талақ ету - мәкрүһ (Аллаһ сүймейтін, жақсы көрінбеген).
3. Ішкілік, құмар сияқты харам істермен шұғылданудан бас тартпаған әйелмен ажырасу - сүннет.
4. Отбасылық өмірде харам істерді жасап, дін бойынша парыз болған амалдарды тәрк еткен әйелді талақ ету парыз.
5. Араларында сүйіспеншілік пен махаббат болмаған жағдайда ажырасуды ерлі- зайыптылардың өздері шешеді.
Мұсылман құқы талақ үкімін отбасыны бұзу үшін емес, қайта оның беріктігі үшін қолданады. Яғни, жұбайлардың үйленбестен бұрын жіберген қателігін немесе отбасы болғаннан кейінгі қателікті түзету үшін талақ жүзеге асырылады. Сонымен бірге, «талақ» үкімі арқылы тараптар кеште болса өздерінің қателіктерін түзетіп, яғни ажырасып, психологиялық немесе материалдық тұрғыда өзіне тең жар табуға мүмкіндік алады. Мұсылман құқығында «талақ» ету құқығы ер адамға берілуінің себебі, ер кісі әйел психологиясынан ерекше салмақтылығы және шешім қабылдауда байсалдылығы негізге алынған.
Мұсылман құқығы некенің маңызды екенін білдіру мақсатында «талақ» сөзінің қалжың болса да айтылмауына аса мән береді. Талақтың мақсаты жұбайларды жарастыру. Себебі еркектің талақ айтуы үшін қойылған ең жақсы тәртіп бойынша талақ үш рет айтылуы керек. Яғни, талақ еткеннен кейін, ерлі-зайыптыларға қайта қосылуға үш рет мүмкіндік береді. Қайта қосылуға мүмкіндік беретін мұндай талақ етуді «ража талақ» деп атайды. Соңғы талақ айтылғанға дейін 3 ай мерзім өтеді. Бұл ұзақ мерзім олардың өкінуі мен ойлануларына уақыт береді. Ал, үш рет талақ еткеннен кейін рұқсат бермейтін талақ түрін «вайн талақ» деп атайды.
Мұсылман құқығы бойынша мұсылман ер адамға бір мезгілде төрт әйелге дейін үйленуге рұқсат берді. Бұл туралы Құранда былай баяндалады: «...Өздеріңе жаққан басқа әйелдерден екі, үш және төртке дейін үйленіңдер...»(«Ниса» сүресі, 3-аят). Бірақ, мұсылман құқығында ер адам әйелдеріне тең қарай алмаса, көп әйел алу харам (тыйым салынады) саналады. Бұл туралы Құранда былай айтылады: «..Сонда егер тең ұстай алмаудан қорықсаңдар, онда біреу алыңдар...» («Ниса» сүресі, 3-аят). Яғни, көп әйел алуға ер адамның психологиялық, материалдық тұрғыдан дайындығы болып, әйелдерін бір-бірінен алаламайтын теңдік қағидасы негізінде қарауы тиіс. Мұсылман құқы көп әйел алуға мынандай себептердің болуы керектігін алға тартады:
1. Физиологиялық тұрғыдан күшті болып, бірінші әйелінің келісімімен әйел алуға болады.
2. Бірінші әйелінің физиологиялық тұрғыдан кемістігі (тумайтын бедеу немесе әртүрлі ауруларға ұшыраса) болса, келесі бір әйелмен некеге тұруға болады.
3. Туған жерінен түрлі себептермен басқа елге өтіп кеткен жағдайда, алты айдан кейін басқа әйелмен некеге тұруға болады.
4. Соғыс жағдайында ері қайтыс болған жесір әйелдердің ешқандай қараушысы болмаған жағдайда немесе жоқшылықтан зина жасауға баруы мүмкін басы бос әйелмен некеге тұруға болады.
Ислам төрт әйелге дейін үйленуге рұқсат беруі қоғамының көптеген әлеуметтік мәселелерінің оң шешілуіне ықпал етеді. Шайқастарда мерт болғандардың жесір қалған әйелдеріне өзге мұсылмандар үйленіп, олардың қамқоршысы болды. Нәтижеде, жесір әйелдердің отбасылық әлеуметтік мәселелері оң шешіліп, мұсылман құқығының бұл шешімі жесір әйелдердің жоқшылықтан жаман жолға түсуінің алдын алды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жесір қалған әйелдерге өзі де үйленіп, басқа мұсылмандардың жесір әйелдерге үйленіп, оларға қамқоршы болуын үндеді.
Исламға дейінгі араб қоғамындағы тұрпайы әдеттердің бірі - тайпалық дәстүр бойынша шеше, әйел, қыз, сәбилер мирас ала лмайтын. Тек соғысуға жарайтын ер адам ғана мирасты иеленетін. Осыдан араб қоғамында дүние-мүлікті мұра қалдыруда үнемі келіспеушіліктер мен реніш туатын еді. Ал, мұсылман құқы бойынша отбасының барлық мүшелері белгілі мөлшерде мұрадан үлес алу құқына ие. Қайтыс болған адамның артында сәби ер мұрагері қалған болса, мұраның үштен екісі оған берілді. Әйел немесе қызға қарағанда ер баланың мұрадан алар үлесі екі есе жоғары болды. Ал, мұрагер қыз бала болса, мұраның жартысы оған берілді. Кәмелет жасына толғанға дейін, сәбилердің мұрасын мұсылман қазысы (соты) сенімді бір адамға аманат ретінде тапсырады. Мұрагерлер ержетіп, оң- солын танығаннан кейін, мұра оған тапсырылуы тиіс.
Бұл туралы Құранда былай баяндалады: «Және Аллаһтың сендерді басына тұрғызған малдарды ақылсыздарға бермеңдер (Жетімнің малын ақыл-есі толмай өздеріне тапсырмаңдар). Оларды тамақтандырып, киіндеріңдер де, оларға сыпайы сөз сөйлеңдер. Жетімдерді үйлену шағына жеткенше сынаңдар. Сонда егер олардан естиярлық көрсеңдер, дереу олардың малдарын өздеріне беріңдер. Сондай-ақ, олардың ержетуінен қорқып, ысыраптап, тездетіп жемеңдер..» ("Ниса" сүресі, 5-6 аяттар ). Қайтыс болған адамның баласы болмай, әке-шешесі болса, онда әйеліне мұраның үштен бірі тиесілі болды. Егер, қайтыс болған адамның аға-іні, әпке-қарындасы болса, онда әйелге мұраның алтыдан бірі тиді.
Ал, қайтыс болған адамның баласы мен әке-шешесі болмаса, онда әйеліне мұраның жартысы қалдырылды. Қайтыс болған адамның әке-шешесі жоқ, бірақ, балалары болса, онда әйелге мұраның төрттен бірі тиесілі. Қайтыс болған адамның әке-шешесі мен баласы болмаса, қайтыс болушының аға-іні, әпке-қарындастары мұраның алтыдан бірін ала алды. Ал, егер қайтыс болушының туыстары көп болса, онда мұраның үштен бірі солардікі. Қайтыс болушының артында жалғыз қыз баласы қалған жағдайда, мұраның үштен бірі қызына қалдырылып, мұраның қалған бөлігі жетім-жесір, жарлы-жақыбайларға берілді. Исламға дейінгі араб қоғамындағы тағылық әдеттердің бірі, қайтыс болған адамның жесірін де, қайтыс болған адамның ағасы немесе інісі мұра ретінде қарап, оған зорлықпен үйленетін.
Ал, мұсылман құқы әйелдің еркі болмаса, зорлықпен әмеңгерлікке алуға тыйым салды. Бұл туралы Құранда: «Әй, мүміндер! Сендер үшін әйелдерге зорлықпен мұрагер болуларың халал емес..» ("Ниса" сүресі, 19-аят ). Шариғат заңы бойынша мұра алам деп бір-бірін өлтіргендерге мұрадан үлес берілмеді. Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с. ): «Өлтірген адамға мұрадан үлес жоқ» деген болатын. Сонымен қатар, мұсылман құқында некесіз туылған балалар мұрагерлік құқына ие бола алмайды.
Осылайша Исламға дейін әйелзатын құмар қандырушы бір сәттік ләззатқа балаған араб қоғамына ислам түбегейлі өзгерістер әкелді. Исламның келуімен ескі тағылық, тұрпайы іс-әрекеттердің бәріне тыйым салынып, жеңіл жүріс пен көңіл көтеру, зина секілді азғынданудан ада, пәк, белгілі бір тәртіпке бағынған абыройлы отбасылар пайда болды.