Қырда қой баққан, жүйрік жаратып, қымызға бие байлатқан, дәм-тұзды ақтай білген достықты сақтай білген қазақ халқын тойсыз елестету мүмкін емес. Тәтті-дәмдісін бала-шағасының аузынан жырып қонағының алдына тосатын халқымыз тойды қазынасына балайды. Тіпті ішерге асы болмай қиналған кешегі ашаршылық заманында да кішкентай қуанышының өзін көршісін шақырып бөліскен қазақ қазіргі заманда даладай дастахан жайып, бір отбасы кемінде жылына бір той, тіпті кейбіреулері екі той жасайтын дәрежеге жетті. Алла қазақты тойдан айырмасын, әрине, дегенмен бізге той жасау мәдениетін қалыптастыратын, тойжарыстардан арылатын уақыт жеткен секілді.
Қырық күн ойын, отыз күн тойын дүбірлеткен, барын ортаға қойып, адал асын ұсынған қазақтың бүгінгі тойы арам арақсыз өтпейтін болып алды. Тіптен құдаларға арақ құйылған құтыны көтерткізбесе болмайды, ал құдалар болса ішкізбеді деген сөз айтатын заман болды. Арақ үстелде тұрмаса ойбайлайтын, ішпейтін адамның аузына құятын жағдайға түскен қоғам араққа құл болып барады десек артық емес.
Қазақ халқы дастарханын қымыз-қымыранмен жайнатып, ысырап етпей, адал ас жеген ұлт. Қазақтың рухы биік, қаны таза дейді. Ал жүрегі таза, намысы биік болу үшін адам адал ас жеу керек. Адам өмірінде адал астың орны ерекше. Оған ықтиятты болу ол аса маңызды іс. Қасиетті Құран Кәрімде «Ей, адамдар! Жер бетіндегі халал әрі таза нәрселерден жеңдер» («Бақара» сүресі,168 аят) дейді. Ал арақ Алла тиым салған дүниелерден яғни харам болып табылады. Оған нақты дәлел ретінде «Маида» сүресінің 90-91 аяттарын келтірсек. Алла: «Ей, иман келтіргендер! Арақ ішу, құмар ойнау, пұтқа табыну, оқпен бал ашып бәсекелесу – шайтан ісі, жиіркенішті қылықтар. Бақытқа жетем дегендер шайтан ісінен аулақ болыңдар. Сол арақ, құмар ойнау арқылы шайтан сендердің араларыңа дұшпандық-ғадауат тудырады, сендердің намаз оқуларыңа кедергі жасамақ болады. Тәңірді естеріңнен шығаруға тырысады. Арақ пен құмар ойнаудан сонда да безбейсіңдер ме?»,-деп, бұл жамандық атаулыдан аулақ болуға шақырады.
Қазақ ұлты ежелден мұсылмандықты ұстанған және әрбір ісінде сүннетке сай амалдары көрініс тауып отырады. Ақсақалы адуынды, ақжаулығы ақылшы, бозбаласы намысты, қызы арлы болған халқымыздың ұрпағы қазіргі таңда әлсірегені рас. Көпке топырақ шашудан аулақпын, дегенмен қыздай майысқан ұлы мен арын тегін шашып, баласын қоқысқа лақтырған қызы бар қоғамға айналғанымыз жасырын емес. Дінді берік ұстанған ата-бабаларымыз ұятын бүркеген, асын адалынан ішкен, қызды қырық үйден тиып, қатынды бастан, баланы жастан тәрбиелеген. Осы қағида сұйылып, бүгінде асымыз харамнан болып, қызымыз санын жалтыратып жүр. Тамағы адал еместің рухы құриды емес пе? Сондықтан да ұлтымыз азғындап, шетелдің күнәсіне еліктеп жүр. Ал қыз ұяты жоғалғаны – ұлт ұятын жоғалтқаны. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кісі өз тапқанының халал ма әлде харам ба екеніне көңіл бөлмейтін бір заман келеді» деп сонау он төрт ғасыр бұрын айтып кеткен екен. Қазіргі таңда айналаға көз тігер болсаңыз, кейбір адамдардың қандай жолмен болса да, халал-харамына қарамай, дүние жинау жолына түскенін байқайсыз. Бір-бірінен оза-жарысып той жасап, көп ысырап болып жатқаны да өтірік емес. Үйдегі әжелеріміз табақтың түбінде қалған қалдыққа дейін жалап-жұқтап қоюшы еді, ал тойдан қайтқан тамақ итке төгіліп жатады.
Тілек айт десе, арақ құйылған құтыны көкке көтеріп, періштенің құлағына шалынсын дейді. Ал арақ қойылған ортаға періште жақындамайды. Аулақ жүріп, нағлет айтады. Арақ ішіп тұрып, бақыты бол қарағым деген тілектер қалай қабыл болсын? Періште бұл тойға нағлет айтса! Керсінше, харам аспен өткен тойдың салдарынан екі жас ұрыс-керістен айықпай бақытсыз болмайды ма! Қазақтың шешені Мөңке би өз толғауында: «Ішкенің сары су болады, Берсең итің ішпейді, Бірақ адам оған құмар болады,»- деп өз өлеңінде бүгінгі ғасырды жырлап кеткен.
Арақ – барлық жамандықтың кілті. Арақ ішкен кісі кез келген күнə іске бейім болады. Арақ ішкен адамның сасық иісінен барлық қорғаушы періштелер қашады. Шариғат үкімі бойынша арақ ішкен адамға сексен дүре соғу-уəжіп. Егер де бұл дүниеде ұрылмаса, ахиретте ата-анасының жəне достарының алдында оттан болған қамшымен ұрылады. Арақ ішумен аспан есіктерін жауып қояды. Өйткені, бір мəрте арақ ішкен кісінің жақсылық істері жəне атқарған амалдары, дұға-тілектері қырық күнге дейін қабыл болмайды екен. Бұған дəлел Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадисі бар: «Үмметімнің ішінен ішкілік ішкен адамның қырық күнгі намазын Алла тағала қабыл етпейді».
Бір намысыңды келтіретіні, балаға сүннет той жасаса да арақ дасхарханның төрінен орын алып тұратыны. Сүннет – ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өсиеті, жолы, шариғатымыздың бір бөлігі. Діни салтымызды атап өтерде де ішімдіктің ішілуі надандық болмай не болмақ? Тіпті дүниеге сәби келсе де, ащы су ішіп тойлайтындар бар. Бала тәрбиесін құрсағынан бастайтын әйелдер де мас болып жүргенін көргенде жүрегің еріксіз жылайды. Ата жолымыздан бет бұрып, арақты атадан қаған астай құрметтейтін қазаққа не көрінген дегің келеді.
Ішімдікпен той атқарған адам өзін ғана емес, келген қонақтарды да күнәға батырады. Көптен күткен қуанышты мерекені харамсыз абыроймен өткізіп, ұл-қызыңды шаттықпен қауыштырғанға не жетсін! Ұрыс-керіс жоғалып, құдалармен де, туыстармен де сыйлы болу үшін асымызды адал еткеніміз дұрыс шығар. Өйткені, адал аста береке бар. Арақпен той өткізіп Алланың қаһарына ұшырағанша, ішімдіксіз той жасап берекелі болған артық.
Намысы биік, рухы өр әрбір қазақ шаңырағының дастарханы адал ас пен берекеге толы болсын.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
Арақ пен қазақ
Бұл арақты ішіп еді қай бабаң?
Ішпек түгіл, ауызын да шаймаған.
Алла бізге «арам» – деді арақты
Зияны көп болғаннан соң пайдадан.
Арақ деген наннан қымбат ас болып,
Төреге ұқсап, төрде тұрар бас болып.
Бабаларым сұрағанға су берген,
Балалары у беріп жүр қас болып.
Бұл күндері ішіп жүрген арағың,
Бір күндері төгіледі жас болып.
Ертеңіңді ойламайсың есіріп,
Мәз боласың бүгін жүрсең мас болып.
Түзде тойып жүргеннен соң не пайда?
Үйде қатын, балаң жатса аш болып.
Арақ сіңіп, арамданды қу денең,
Кірі кетпес жусаң-дағы суменен.
Пәк қазақтың ақ ниеті жойылып,
Жоқ боп кетті-ау көкке ұшып буменен.
Аз да болсын қуанышқа кенелсең,
Айналаңнан сөз естисің «Жу!» – деген.
Содан кейін дүйім елді шақырып,
Тойғаныңша той жасайсың, бұ неден?
Осылайша туысың мен досыңды,
Жиып алып құрметтейсің уменен.
Арақ үшін азапқа да шыдаймыз,
Бұрын соңды жасамап ек бұлай біз.
Біреу тойды арақ құймай өткізсе,
«Шық бермейтін Шығайбай» – деп сынаймыз.
Қолымызға арақ алып: «Я, Алла!
Ұл-қызымды бақытты ет!» – деп сұраймыз.
Ұл-қызымыз бақытсыз боп кетсе егер,
«Саған, Құдай, не жаздым?» – деп жылаймыз.
Екі жасты сылтау етіп, есіріп
Тост айтатын той жасаймыз бір ай біз.
Арақпенен санаң бір күн сарқылып,
Түзу жерде тік жүре алмай құлаймыз.
«Дастарханға егер арақ қоймасам,
Құдам ертең не дейді?» – деп шулаймыз.
Ағыл-тегіл арақ құйып ақыры,
Құдай емес, құдамызға ұнаймыз.
Арақ сені абыройдан айырар,
Мың сауабың бір тамшымен шайылар.
Арақ ішіп, қартың жүрсе қартылдап,
Жастарыңның бетін кімдер қайырар?
Жетпісіңде жұтып алып жүз грамм
«Жас жігіттен мықтымын» – деп жайылар.
Бата беріп, тойдан кейін тойып ап,
Аяғында сол үшін деп қайырар.
Қызың қызыл, ұлың жүрсе ақ ішіп,
Бір-ақ күнде бастан кетер бақ ұшып.
«Әй» – деп ақыл айтар ата-анаң жоқ,
Қайта бірге арақ ішер қағысып.
Әкесі мен ұлы ішіп керісер,
Екінші күн көз көгеріп, жақ ісіп.
Жастықпенен ішімдікке құмартып,
Бастықпенен кісі өлтірер, қан ішіп.
Күнде-күнде күнә жасап, бұл қазақ
Тозақ жаққа бара жатыр жарысып.
Ақ арақтан бір босамай кесеміз,
Әркімдерге кетіп жатыр есеміз.
Бар өмірің бұлдыр-бұлдыр бірдеңе,
Жын соққандай беймәлім күй кешеміз.
Сол арақтың емес пе еді кесірі,
Үйде отырып бала тапты неше қыз?
Бірақ біздер қалай арақ ішпейміз?
Күнде мас боп жүрсе әке-шешеміз.
Айналайын, ақылы бар ағайын,
Ұлтың менен ұрпақ қамын жесеңіз.
Алдыменен өзің ішпе арақты,
«Балам ертең адам болсын» – десеңіз.
Арақ осы қай адамды бай қылған?
Талайларды түзу жолдан тайдырған.
«Қайран жұртым қайда барып тоқтар?» – деп,
Құнанбайдың баласы да қайғырған.
Арақ ішсең кімге сыйлы боласың?
Мас адамның құны төмен маймылдан.
Ішіп алып үсіп өлсең, ұл-қызың
Өлігіңді тауып алад қай қырдан?
Уағыз айтсам, «қалжың сөз» – деп сенбейсің,
«Өлгеннен соң көрерміз» – деп өрлейсің.
«О дүниеде азап бар» – деп ескертсем,
«Онда барып келіп пе ең?» – деп тергейсің.
Бар ақшаңды жұмсап арақ, сыраға
Қайыршыға бес тиын да бермейсің.
«Осы арақ ауруыма ем» – дейсің,
«Денсаулыққа зияны оның кем» – дейсің.
«Бұл арағың жасалады бидайдан,
Сондықтан да нанмен құны тең» – дейсің.
Тірлігіңде мұның бәрін ойламай,
Тегін жатқан мол сауапты термейсің.
Ішіп жүріп, өлім барын ескермей,
Жетпес жерге қылышыңды сермейсің.
Бірге жүрген туысың мен досыңды,
Өліп қалса, қимасаң да жерлейсің.
Сонда-дағы өлім жайын ойламай
Түсінбейсің, күтеді алдан нендей сын?
Күнің жетсе, сен де бір күн өлерсің,
Ажалыңды күрессең де жеңбейсің.
Мәңкүр-Нүңкір: «Раббың кім?» – деп сұраса,
Сөз таба алмай, сонда сасып терлейсің.
Алған күнің өтіп қайғы-азаппен,
Жәннат баққа жыласаң да енбейсің.
Ішкен әрбір тамшы от боп күйдірсе,
«Неге ит боп жаралмадым мен?» – дейсің.
Өлгеннен соң өкінгеннен пайда жоқ,
Бұл өмірге қайта айналып келмейсің.
Өр басыңның төмендетіп бағасын,
Жұлқыласып жұрттың жыртып жағасын.
Арақ деген туғаныңнан бездіріп,
Алыстатар ағайынның арасын.
Осы арақ «Әй» дегізіп әкеге
Інісіне ұрғызады ағасын.
Қаншама адам кесірімен арақтың
Ұрып соғып әкесі мен анасын.
Қартайғанда сүйреп қарттар үйіне
Қайырылып көрсетпейді қарасын.
Байғұс ана қанша иттік көрсе де,
Сағынады өзі туған баласын.
Күтіп жүрер «Балам келіп қалар» – деп,
«Құлыным» – деп жасырады наласын.
Тым құрыса, немересін сүйе алмай,
Жүрегінің жаза алмай жүр жарасын.
Ана сүтін айырбастап араққа
Қайран қазақ, қайда кетіп барасың?!
Арман БЕРДАЛИН, ақын