Құран аралар жайлы не дейді?

Құран аралар жайлы не дейді?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бізді қоршаған табиғат небір тылсым сырларға толы. Тек сәл ғана назар тоқтатып, зер салсаңыз, солай екендігіне көзіңіз оп-оңай жетеді. Ол үшін тек қана ірі жаратылған піл, түйе, мамонт сияқты тіршілік иелерін мысалға келтірудің тіпті де қажеті шамалы. Мысалы, араны алайықшы. Кәдімгі жаз шықса, ызыңдап маңайымыздан шықпайтын, гүлден-гүлге қонып, сіз бен біз үшін бал жинайтын ара... Оның өмір сүру қалыбы тылсым сырларға толы. Солардың кейбірі жайлы жеке сөз қозғап көрсек...

Сіз өміріңізде тым болмаса бір рет араның ұясын қолыңызға ұстап көрдіңіз бе?! Көрмесеңіз солай етуге кеңес береміз. Әрине, бал аралары айнала ұшып, құжынап, бал құйып жатқан «қызметтегі» ұяны емес. Күзге салым босап қалатын немесе дүкендерде балымен қоса сатылатын осынау араның мекенін қолыңызға ұстап бір сәт бағамдаңызшы. Небір кереметті көрер едіңіз.

Қысқасы, аралар тобы бал жинау үшін әуелі ұясын сайлайды. Ғалымдардың айтуынша, мұндай қара жұмыспен тек қана жұмысшы аралар айналысатын көрінеді. Ал бал жинаумен айналысатындары - басқалар. Зер салып қарасаңыз, бал құйылатын ұя клеткаларының алты бұрышты екендігін және әрбір қабырғасы мен бұрыштарының өлшемі бір бірімен керемет үйлесімділікпен дәл келетінін байқайсыз. Бейне бір түзу, сызық бойына сызғышпен өлшей отырып, әдейі орналастырғандай дәлдікпен жасалған.

Осы жерде «Ол неге үш, төрт я болмаса жеті, сегіз бұрыш емес, дәл алты бұрыш?» деген сауал туындауы мүмкін. Ғалымдардың дәлелдеуінше, тегіс кеңістікте ұя тор-клеткаларын бір бірімен үйлесімді жалғастықпен, арасында қуыс қалдырмастан әрі дөңгелете орналастыру ісінде алты бұрышты геометриялық кескіннен артық қолайлы «сәулет» өнері мүмкін емес көрінеді. Қолыңызға қалам алып, өзіңіз де жайлап сызып қарасаңыз, алты бұрыштың әрбір қабырғасының келесі алты бұрыштық кескіндемеге жалғасуға өз-өзінен сұранып тұрғанын байқайсыз. Яғни алғашқы алты бұрыш пен келесі алты бұрыш арасында ине шаншар жер қалмайды екен.

Ғалым Ибн әл-Қайымның «Шипа» атты еңбегінде дәлелдеуінше, осындай үлкен шеберлікпен салынатын ара «үйінің» тағы бір артықшылығы бар көрінеді. Атап айтқанда, бал арасын еш қуыс қалдырмастан толтыруға тек алты бұрышты ыдыс қана ыңғайлы. Үш, төрт бұрыштыға да бал құюға болады. Алайда оның бұрыштары аса кең болмағандықтан, бал жарықтық оны толық толтыра алмайтынға ұқсайды.

Заманауи жабдықтармен жарақтанған қазіргі құрылысшылардың өзі осындай алты қанат үйлерді бір біріне жапсарластыра, сантиметрлік аса дәлдікпен сала алар ма еді? Бұл - өзінше бір сауал...

Ал енді мына бір кереметке қараңыз! Ара өз ұясын таза балауыздан тоқитын көрінеді. Мығым болсын деп, әрине. Ойыма бала кездегі бір жайттың оралып отырғаны... Көрші үйдегі сарай боғатына салынған ара ұясы күзге салым жерде домалап жатқан еді. Алты ай қыс қар мен жаңбырдың астында мыжылған әлгі ұя келер жазда сол маңда әлі домалап жатты. Ойын балалары қызық көріп, ләңгі іспетті тепкілесті. Соған да төтеп берген ескі ұяны олар, тіпті болмаған соң, қолдан бұтарлаған болатын. Осы көрініске қарап тұрып: «өздері жейде түймесіндей кіп-кішкене ғана бола тұра аралар осындай мықты үйді қалай соғады екен?» деп ойға қалған едім. Сөйтсем, оның сыры әлгіндей екен.

Бұл балауыз қабырғалар - мүлдем ауа өткізбейтін қасиетке ие. Ондай жағдайда арнайы тор-клеткаларға тасталған аралардың ұрығы, яғни личинкалардың жайы не болмақ? Жаратушы иеміз бұл орайда да осы бір еңбекқор жәндіктерге өзінің ерекше мейірімімен айрықша түйсік берген екен. Атап айтқанда, аралар ондай болашақ ұрпақтары жайғасқан торлардың бетін гүлдің тозаңы араласқан балауызбен жабатын көрінеді. Сонда ғана личинка-құрттарға ауа барып тұрады екен. Олай болмаған жағдайда яғни ұрығын жая алмаған аралар жер бетінен баяғыда-ақ жойылып кеткен болар еді. Жаратылыстың осындай керемет белгілері арқылы-ақ оны Жаратқанның құдыретін жазбай тануға болатыны анық.

Қасиетті Құранда «Аралар» атты сүре бар. Оның 68-аятында: «Раббың араға былай деп нұсқады: «Тауларға, ағаштарға, құрылыстарға ұя сал!» делінген. Жаратқандарының әрқайсысына өзіне тән құпия қасиеттер дарытқан, тиісінше несібе берген Алла аса қамқор, ерекше мейірімді ғой.

Ғалымдар аса еңбекқор аралар әлемінің сырларын терең зерттеген сайын жаратылыс құпияларына тәнті бола түсуде. Соның бірі жайлы айтсақ.

Жаратушының түйсіктеріне салуының арқасында бал аралары ең бір шырынды гүл мен шүйгінді шөп атаулыны тез-ақ табады. Және оны жалғыз өзі иемденіп қоймай, қауымдастығындығы өзге араларға жедел хабарлайды.

Ара жарықтық гүл, шөп, жапырақ атаулының таза нәрін жинай жүріп, оған қатарлас бал жасау жұмыстарын да тындыра береді. Аса шебер Алла өз құдыретімен араның ауыз қуысын бал жасау үдерісінің алғашқы буыны өтетін кішігірім «цех» етіп қойған. Ғалым Ибн Қайымның «Шипа» атты еңбегінде баяндауынша, ондағы қалыпты жылу деңгейі ауыз қуысындағы шырындардың біртіндеп балға айналуының алғашқы әрекеттеріне жағдай жасайды. Құдды бір ұшып жүрген тірі зауыт дерсің. Кекірік ата тойған ара ұясына жетісімен, әлгі жартылай әзір боп қалған балды ұя торларына құя бастайды. Бал толық әзір болғанша, аянбай еңбек еткен ара ең соңында балға толы ұяларын өз ағзасынан бөлінетін балауызбен бекітіп тастайтын көрінеді. Тек ұрықтары орналастырылған торлардың «есігін» ғана өзі тасып әкелген гүл тозаңдары (орысша - «пыльце» - Н.Ү.) мен әлгі балауызды араластыра отырып бекітеді екен. Аталған тозаңдардың ауа өткізгіштік қасиеті - жоғары.

Ұясының алты бұрышты барлық торларын балмен толтырып, оларды бекітіп болғаннан кейін еңбекқор аралар жаңа «жайылым» іздеуге тиіс. Оны табысымен әлгі жерде де дереу жаңа ұясын жасауға кіріседі. Қайтадан шырын жинау, оны балға айналдыру... Өмір осылай жалғаса береді. Адам ағзасына аса пайдалы бал жасайтын осы бір бармақтың басындай ғана жәндіктер - бастапқы табиғаттарынан-ақ өте кірпияз, таза жаратылған тіршілік иелері. Олар қорек ретінде өлекселерді, мал етін немесе олардың жемдерін пайдаланбайды.

Жоғарыда айтқанымыздай, ұя ішіндегі небір жұмыстарында араларға гүл тозаңдары ауадай қажет. Ғалым Мұхаммед әл-Химсидың «Ара Алланы ұлықтайды» атты еңбегінде талдағанындай, Алла-Тағала аралардың аяқтарын да небір күрделі жұмыстарды қатар атқара алатындай етіп, айрықша жаратқан екен. Атап айтқанда, жұмысшы аралардың алдыңғы аяқтарында тарақ іспетті «сыпырғыштар» бар. Оныменен әуелі гүл тозаңын тазалап, содан кейін таза тозаңды жинап, артқы аяқта орналасқан «қоржынға» салатын көрінеді. Ара өз ұясына қарай ұшқан кезде әлгі тозаңдар шашылып қалмас үшін, аса шебер Жаратушы ол «қоржындарды» артқы аяқтың жоғарғы, сыртқы жақтарына, шұңқыр ретінде орналастырған екен. Дәстүрлі медицина араның балы, балауызы ғана емес, ол жинаған осынау тозаңдардың да адам үшін өте пайдалы екенін баяғыда-ақ дәлелдеп қойған.

Айрықша жағдайда өмір сүріп, ықыласпен еңбек ететін аралардың ұрықтану үдерісі де таза ауада, ұшу кезінде жүзеге асатын көрінеді. Кәрі араларға қарағанда, жас аралар еңбекке ықтиятты, ұқыпты. Олар бөлетін бал да - әрі тәтті, әрі пайдалы. Күннің жылысында таң атқаннан күн батқанға дейін тынбастан еңбек ететін аралар қауымы суық түскеннен кейін, жаз бойы жинаған балдарын қорек етіп, жылы көктемнің келуін күтіседі.

Таза жаратылған осы аралардың небір қашықтықтардағы, өзіне қажетті қоректерді қалайша тез және жазбай танитынына қайран қалмасқа шараң жоқ. Сөйтсек, оның бар сыры Жаратушының араларға деген ерекше қамқорлығында жатыр екен. Қасиетті Құранның «Аралар» атты сүресінің 68-аятында: «Раббың араға былай деп нұсқады...» делінген. Бірақ Алла тарапынан басқа бірде-бір жан-жануар, жәндік атаулыға қатысты осындай нұсқау айтылғаны, бағыт сілтенгені жайлы қасиетті кітапта ескертілмегенін ғалымдар ерекше баса көрсетуде. Бұл да болса - аралар қауымына арнайы берілген нығмет! Сол «Аралар» сүресінің 69-аятында: «...Содан кейін түрлі жемістермен қоректеніп, Раббың көрсеткен, қолайластырған жолдармен жүр. Араның қарындарынан түрлі-түсті бал шығады. Онда адам баласы үшін шипа бар. Шын мәнінде, мұның өзі - түсінген жан үшін ғибрат» - делінген. Түптеп келгенде, осы айтылған нығметтердің барлығы да адамзат игілігі, пайдасы үшін жаратылғаны айқын емес пе! Жаратылғандардың осыншалықты көркемдігі Жаратушының құдыретіне мегзейтіндігіне көзіміз бұрынғыдан да жете түскендей...

Нұрлытай ҮРКІМБАЙ

www.aikyn.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (10)

Оқи отырыңыз: