«Мен – пайғамбармын» дейтіндер кімдер?

«Мен – пайғамбармын» дейтіндер кімдер?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Соңғы уақыттарда әлемнің әр түкпірінде бірінен бірі өткен небір су жаңа «пайғамбарлар» мен «әулиелердің» пайда болып жатқанын көп еститініміз сонша, оған таңғалмайтын болғанымыз да рас. Біздің елімізде де олардың қаншасы жүр!? Дегенмен, жуырда ғана іргеміздегі Қарағанды өңірінде сондай «пайғамбарлардың» бірі, әрі «бірегейі» бой көрсетті. Күнде есітіп жүрген хикаямыз емес пе деп, бұған да назар аудармай-ақ қоюға болар еді. Алайда, халықты алдын ала сақтандыру мақсатында, мұсылмандар мен христиандардың басын қосып, жаңа дін жасауға дәмеленіп, «Жаңа ұғым» атты кітап шығарып, оны халыққа таратып жүрген «пайғамбарымыз» жайында айтпай кетуді құп көрмедік.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) соңғы елші екендігін жоққа шығарып, өзін оның орнына қойған замандасымыздың, яғни су жаңа «пайғамбарымыздың» есімі - Бақытбай Сеитов. Оның өзімен тілдесе алмасақ та, «Жаңа ұғым» атты кітабы қолымызға түсті. Қарағанды қаласында 2000 данамен басылып шыққан қазақша-орысша екі бөлімнен тұратын кітапты бізге газет оқырмандарының бірі әкеліп берді.

«Ерекше мейірімді, аса қайырымды Құдай атымен! - деп бастайды сөзін Бәкең кітабында. - Мен сіздерге Оның - екі діннің басын қосу туралы әмірін жеткізуге өкілдімін, ал кім Құдайдың, оның елшісінің және сенгендердің қамқорлығында болса, олар Құдай жақтастары - олар жеңіске ие!».

Кітапты оқып отырып түсінгеніміз: бұл кісіге әлемнің ең басты екі діні - христиан және ислам діндерінің басын қосу үшін пайғамбарлық келген-міс. Соған байланысты, кітаптан шармық (крест) және жарты ай белгілерін біріктіріп басқан суреті де табылды. Өзін екі дінді біріктіруші дегенмен, кітабында тек қазіргі христиан дінінің ұғымдары ғана, яғни Мәсіх, Киелі Рух, Інжіл қағидалары сөз болады. Бұдан оның ислам дінінен гөрі, христиандықтан көбірек хабардар екені анық байқалып тұр. Оның көздеген көп мақсаттарының бірі де - мұсылмандарға Киелі Рухты мойындату екендігін білдік. Үшқұдайлылықты насихаттап отырған Бәкеңді бір сәт жаңа діннің «пайғамбары» емес, христиан дінінің миссионері ме деп те қаласың...

Кітаптың ең қызық жері - «Өзім туралы» деген бөлімі. Құдайдың өзін қалай «тапқандығы», пайғамбарлық-тың қалай келгендігі жайында көсіле жазған сол әңгімесін қаз-қалпында назарларыңызға ұсынсақ, дұрыс болар: «Бұл жағдай 1992 жылдың алғашқы сағатында болған еді. Мен далаға шығып тұрған едім, аспан көкжиегінде жарқырап тұрған «Жұлдызды» көрдім де, бұл Шолпан жұлдызы деп қалдым, бірақ та ол жарқырап одан үлкен сияқты көрінді және жылжып, маған жақындады, тіпті екі садақ бойындай... Сол кезде менің жүрегім оны қабылдады және маған жіберілгенін түсіндім, күмәнданбадым. Мен оған сендім. Сол түні мен көптеген өсиеттер мен нұсқаулар алдым. Оның ең бастысы: «Екі діннің басын қосамыз, Біз жеңеміз!» дегені...

Менің өмірпарағымда бұ-рынғы жіберілгендермен ұқсас-тықтар өте көп. Қырық жасында Мұхаммед бірінші тапсырма алған екен. Мен де қырық жасымда Алла тағаланың елші-сін көрдім. Мұхаммед пайғам-бар өзінен үлкен Хадишаға үйленген, мен де өзімнен үлкен Хадиша атты әйелге үйленген едім. Мұхаммедте үш ұл, төрт қыз болған. Менің де үш ұл, төрт қызым бар. Менің фамилиям «Сейіт» бұл біріктіруші деген мағынаны береді. Мұхаммедтің үйі түйе шөккен жерде болған, менің де үйім түйе шөккен жерде. Мұсада жылан басты асатаяқ болған, қазір ол менде» дейді.

Алдымен орысша жазылып, содан қазақшаға аударыл-ғандығы сөз саптауынан анық аңғарылып тұрған кітапта бұдан да өзге «қызықты» мәліметтер жетерлік. Бірақ, оның бәрін айтып жатудың пайдасы шамалы. Туындысын «Киелі Рух туралы», «Құдай туралы», «Құран туралы», «Қияметке дейін және соңында», «Өзім туралы», «Ақсақал туралы» деген бөлімдерге жіктеп, әрқайсын әрнені бір айтып, өзінше талдап жазған екен. Тіпті, кейбір сөздерін оқып, күлкің келеді. Соңғы «Ақсақал туралы» деген бөлімі де өзінше бір әңгіме. Мұнда ол өзінің «даналық сөздерін» жазыпты. Соны оқып көрейік: «Осы күні әркім өз бетінше данагөй. Аузын жапсаң, арты сөйлейді. Жас баланың өзі тілі шықса «мен өзім білемін» дейді. Сондықтан, мен ақылымды жазып қалдыруды ұйғардым» - деп келеді де, артынша «мақал-мәтелдерінің» легі ақтарылады. «Мақалдарының» кейбіреуі логикалық жағынан түсініксіз болса, кейбірі 5-сыныптың баласы айтатындай жай сылдыр сөз. Енді біреулерін оқып отырып, оның нені айтқысы келгенін де ұға алмайсың. Мағыналары тұрпайы, түсініксіз, не дарақы. Мәселен: «Үлкен адам өкпешіл, кіші адам кекшіл болады», «Нені жақын тұтсаң, соның өзі боласың», «Ер жігіттің пышақсыз, ақшасыз және өнерсіз болмағаны абзал», «Еркексіз үйге ессіз қонады», «Достық - еркекке тән қасиет», «Кәріліктің бірінші досы - жалқаулық», «Жұма сайын қатын ал, қала сайын там сал», «Қазақша атауы жоқ жаратылыс жерде жоқ», «Еркек пен әйелдің қатынасы қалжыңнан басталады», «Мені тек Аруақтылар таниды», «Кім мені таныса, Аруақты танығаны, кім Аруақты таныса, Алланы танығаны», «Сен мені іздемесең де, жүрегің іздейді, бәрібір табасың» т.с.с. Кейінгіге өнеге болсын деп жазған «өсиеттерінің» сиқы осындай. Бұған түсініктеме берудің өзі артық қой деймін.

Кітаптағы тағы бір діни тұрғыдағы өрескел қателік - онда Мұхаммед (с.ғ.с.) және Иса (ғ.с.) пайғамбарлардың суреттерінің басылуы. Алланың соңғы Елшісінің (с.ғ.с.) портреті 1776 жылы Германияның Лейпциг қаласында салынған деп беріпті. Әрине, бұл да мұсылмандықтан хабарсыз біреулердің жасаған ісі шығар. Ал шариғат бойынша, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) су-ретін салуға тыйым салынғаны белгілі. Мұхаммедпен (с.ғ.с.) қатар Бәкең өзінің де портретін басыпты. Яғни, екі «пайғамбар» бірге тұр.

Иә, өзін «Алланың елшісімін», «әулиемін», тіпті «құдаймын» деп кеуде кергендер қарасы тәуелсіздік алғалы, яғни діни сенім бостандығына ерік берілгеннен кейін көбейе бастағаны рас. Бұның сыры неде? Неге мұндай адамдар сонау кеңес дәуірінде емес, осы тәуелсіздік алғаннан кейін қаптап кетті? Бұның бірінші себебі, әрине, ақыр-заманның жақындағанынан болуы ғажап емес. Өйткені, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадистерінде Қиямет күні жақындағанда жалған пайғамбарлардың көбейетіндігі туралы баяндалады. Бұл - бір делік, дегенмен осы мәселенің тағы бір обьективті себебі бар сияқты. Ол үшін алдымен тарих беттеріне үңіліп, мына бір қызық жайттарға қарап көрелік.

ХІХ ғасырда әлемді жаулап алғысы келген Наполеон Банопарттың ат үркітер атағы ХХ ғасырдың басына дейін жер дүркіретіп тұрған еді. Наполеон дүниежүзін басып алу жорығын ең бірінші Ресейден бастағаны мәлім. Орыс жерін көктей өтіп, Мәскеудің өзін алды. Сондықтан, бұл басқыншының қаһары орыс халқының жадында мәңгіге қалып қойған. Міне, осыған байланысты, ХХ ғасырдың басында Ресейдегі психикалық дертке шалдыққандар ауруха-наларында (яғни психауру-ханаларда) «Мен - Напо-леонмын!» дейтіндер көп болған екен. Шарап ішіп, есінен ауысқандар да «Мен - Наполеонмын» деп мақтануға әуес болыпты. Ал 1933 жылы Гитлер билікке келіп, әлемде жаңа диктатор пайда болғанда, дүниежүзінде «Мен - Гитлермін!» дейтін сандырақшылар көбейіп-ті. 1961 жылы Юрий Гагарин адамзат тарихында алғаш рет ғарышқа ұшқанда, КСРО-ның психикалық ауруханаларында жатқандардың бәрі «Гагарин» болып шыққан деседі. Яғни, сәл есінен ауысқан адамдар, өз заманында әлем кімді пір тұтса, солмын деп шыға келеді екен.

1991 жылы тәуелсіздігімізді алып, атеистік қоғамнан діни сенімге бостандық берілген қоғамға өттік. Сол кезден бастап тас құрсаудан босанған ислам діні даламызға кеңінен қанат жайды. Сонымен бірге, адамзаттың ең ардақты тұлғасы пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.ғ.с.) де кеңінен дәріптеуге мүмкіндік алдық. Оның адамзат тарихындағы күнә атаулыдан пәк, ең мейірімді де мейірбан, барша адам баласына үлгілі тұлға екендігін білдік. Осылайша, халқымыз ұмыта жаздаған күллі мұсылмандардың рухани көсемін қайта жаңғыртып едік, енді міне, «Мен - пайғамбармын» деген-дер қатары қаптап шыға келді. Сондықтан, бұл адамдарды да әлгіндей «Гагарин», «Гитлер», «Наполеон» болғандармен бір тізімге енгізген жөн сияқты.

Ескендір Тасболатов,

«Ислам және өркениет»

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (5)

Оқи отырыңыз: