Сан ғасырлар бойы мұсылмандық жолды ұстанып келе жатқан ел екенімізде дау жоқ. Алайда, бірқатар ұл-қыздарымыздың өз тегі мен түп-тамырынан ажырап, Алланың емес, арақтың құлына айналып жүргені де шындық. Осы күні: «Мұсылманға Алла тағала харам еткен нәрсені азық ету жарамайды!» - десеңіз: «Онда тұрған не бар? Сен ішпесең ішпе, ел ішеді. Арақ көңілді көтеріп, отырыстың сәнін кіргізеді», - деген жауап естисіз.
«Алкоголъ тамақтың қорытылуына және сіңірілуіне пайдалы» деген де теріс түсінік бар. Бұл мүлдем жаңсақ ұғым. Алкоголь - іш құрылысындағы қорыту қызметтерінің жұмысын бұзады. Бір жұтым алкогольдің өзі өзекті өртеп, асқазан қышқылының көбеюіне, ас қорыту бездері мен асқазан бүрінің жойылуына себепші болады. Бұл денсаулыққа келтіретін биологиялық зияны. Ал, енді, алкогольдің харамдығы, сана мен миға әсері және діни тұрғыдан жасалған тыйылымдар хақында ҚМДБ-ның хатшысы Оңғар қажы ӨМІРБЕК пен дінтанушы Абдусамад МАҚАТ әңгімелейді.
Оңғар қажы ӨМІРБЕК:
- Ислам - адам рухына нәр, әлсіреген сенімге дауа, нәпсіге қарсы күресте қуат береді. Ислам адамзатты тек жақсылыққа үндеп, қоғамға зиянды нәрседен сақтануға шақырады. Адам баласы үшін зиянды нәрсенің бірі - алкогольді ішімдіктер. Бұған қатысты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай деген: «Ішкілік (яғни, адам баласын ақыл-есінен айыратын нәрсе) - барлық жамандықтың көзі!». «Ішкіліктен аулақ болыңдар! Өйткені, ол - бүкіл жамандықтың кілті».
Әбу Дарда (р.а.) айтады: «Расулулла (с.ғ.с.) маған: «Ішкілік ішпе, өйткені, ол бүкіл жамандықтың көзі», - деп бұйырды.
Алкогольдің қайсы түрі болмасын, қанша мөлшерде ішілсе де ас қорытуды жеделдететін зат ретінде қабылданбайды. Сыра мен шарап та бұдан алыс емес. Бұл дүниеде ауыр кеселге ұшырап, арақ ішіп науқасынан сауығып кеткен, кедей бола тұрып ішкілікке салынып байыған, қорланып жүріп арақ ішкеннен кейін ел арасында абыройға беленген пенде бар ма екен? Ондай адамды таба алмайсыз. Себебі, ішкілік - сау адамды ауру, байды кедей, абыройлы кісіні айналасындағыларға жексұрын етеді.
Алла тағала адамзатқа дұрыс жол нұсқаушы кітаптарын түсіріп, соған бастаушы пайғамбарларын жіберді. Мүміндер үшін насихат болған Құран кәрім: «Ей, адам баласы! Арақ ішпе! Ішер болсаң, бұл дүниеде қор болып, ақыретте азапқа душар боласың!» - деп тұрса да, адамдар арағын қоймай келеді. Басына айықпас ауру тілеп алып, яки перзенттері бетінен алып, бағынбай кеткенде барып: «Ей, Құдайым! Мені сонша қорлайтындай Саған не істедім?» - деп күрсінеді. Рас, пенде Алла тағалаға емес, өзі-өзіне істеп, соңынан нәтижесін көреді.
Дүние қызық. Бүгін: «Арақ ішпесең болмай ма?» - деген сөзге қол сілтеп: «Ертесіне құдайы жасаймыз, жолымыз болмаса, молдекеңе барып: «Дем салып беріңізші деп өтінеміз», - дейді. Алайда, жүректе - иман, оның айғақтық белгісі - амал болмай, берген садақамыз бен дем салдыруымыз - бос әурешілік.
Абдусамад МАҚАТ:
- Арақ жалғыз ішкен адамға ғана кесірін тигізумен шектелмей, айналасындағыларды да шарпитыны анық. Мысалы, сәбилердің зейін және дене мүшелерінің олқы болуының себебі тек қана әкенің қатесі емес. Егер, ана да арақ ішсе, ондағы сәбидің жаратылуына дәнекер болатын аналық ұрық зақымдалып, баланың кеміс болып туылу мүмкіндігі артады. Әсіресе, аяғы ауыр кезінде арақ ішкен аналардың балаларында орны толмас кемшіліктер болады. Аяғы ауыр кезде ішілген арақ қауіпті. Яғни, әйел қаншалықты аз ішкеніне қарамастан, іштегі сәбиге өте зиян. Вашингтон университетінің докторы Анна Стрейгсгуз өз сөзінде осы айтылғанды растаса, Питтсбург университетінде 700 сәбиге жүргізілген зерттеулер нәтажесінде: «Бір шыны сыра ана құрсағындағы баланың миына әсерін тигізеді», - деген қорытындыға келген.
Ішкілік ішпейтін әйелдерге қарағанда оны аз болса да татып алатын әйелдердің дүниеге келтірген сәбилерінің 100 пайызының 89 пайызы әлсіз болып туады;
84 пайызы болашақта психикалық қиыншылықтарға ұшырайды және басы тиісті мөлшерден кіші болады;
80 пайызында сөйлеу мүшелерінде кемістік болады;
80 пайызының терісі зақымдалған болады;
51 пайызының аяқ-қол саусақтары қисық болады;
46 пайызы жыныстық мүшелерінде, 41 пайызының есту мүшелерінде кемістік болады;
29 пайызы жүрек ауруына шалдыққан күйде туылады;
25 пайызында көру қабілеті төмен болады;
10 пайызының бүйрегі толық істемейді.
Жалпы, дәрігерлер: «Ішкілікті қолдану нәтижесінде сәбидің бойында 850-ден астам түрлі ауру пайда болады», - деген қорытындыға келген.
Қолдан түсік жасағанды, біреуді ұрып, қол-аяғын сындырғанды заң жүзінде жазалайды. Бірақ, аяқ-қолсыфз, яки, ақылсыз баланың дүниеге келуіне себепші маскүнем ана, не әкені заң қалай жазалайды? Рас, ондайлардың жазасын заң бере алмайды, ондайларды Алла тағала жазалайды.
Араққа салыну туралы әнгіме қозғалса, «бізді басқалар бұзды» дейміз. Бұлай айтуымыздың жөні бар ма? Қол-аяғы байланып, күштеп аузына арақ құйылып жатқан кім бар? Өз дінімізді қараңғылық деп, батыстың адам табиғатына жат «мәдениетін» жөн көрмегенімізде халықты ішінен ірітіп жатқан ұрлық, зорлық-зомбылық, қарттар және жетімдер үйлері тәрізді қазіргі «мәдени жетістіктерге» қол жеткізер ме едік?!
Осы күні ішкенде де жәй емес, «мәдениетті» ішеді. «Жақсы сөз», яғни «тост» айтылады. Деннің саулығы, бақыт тіленеді. Кімнен? Әлбетте, Алла тағаладан! Осы сәтте сөз сөйлеп тұрған адам қолында не ұстап тұрғанын бір сәтке болса да ойланса еді!
Оңғар қажы ӨМІРБЕК:
- Расында, біз көп жағдайда Алла тағаланың емес, нәпсі мен лағынетті шайтанның айтқанымен жүріп келеміз. Мысалы, жаңа үйге кіргенде алдымен молданы шақырып, Құран оқытып, құдайы жасаймыз да, соңынан арақпен сауабымызды жуып-шаямыз. Жастардың некесін мұсылманша қиып, артынша арақ ішіп, жастарға: «Тойларың құтты болсын!» - деп тілек айтамыз. Ақиқатына келер болсақ, Тәңіріміз харам деп белгілегенін судай сіміріп тұрып тілеген тілекті Жаратушымыз қабылдар ма екен?!
Осының барлығы, біріншіден - түсінбеушілік, екіншіден - дінге деген күпірлік пен екіжүзділіктің салдары.
Түсінбеушілікпен істеген күнәні Алла тағала кешіреді. Ал, біліп, түсініп тұрып қасақана істеген күнәні ше?
Бізге көп жағдайда: «Бұл күнә ғой. Мұны неге істейсің?» - десе: «Мен оны білмедім», - деп жауап береміз де, сол «білмедім» деген нәрсемізді айналып барып тағы істейміз. Сонда кім болғанымыз?! Алла тағаланың харам дегенін өзімізге халал еткен соң мұсылманшылығымыз қайда қалады?
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) айтады: «Таңертең ішкілік ішкен адам күн батқанға дейін Алла тағалаға серік қосқан сияқты болады, ал күн батқаннан кейін ішкілік ішкен адам таңертеңге дейін Алла тағалаға серік қосқандай болады. Алла тағала ішкілік ішкен кісінің қырық күндік намазын қабыл етпейді».
«Ішкілік ішетін адам Алла тағалаға қиямет күні мас күйде жолығады. Алла тағала: «Ей, сорың құрғыр, не ішкенсің?» - дегенде, ол: «Арақ», - дейді.
- Мен оны саған харам етпедім бе?
- Иә, харам еткенсің.
Осыдан соң Алла тағала оны отқа тастауға бұйырады...»
Айтылған сөзге сәйкес келмеген осындай амал адамгершіліктен айырады, иман әлсірейді, зікірден қалады. Зікірден қалған жүрек өлі жүрекке айналады. Нәтижесінде, адам санасын иман емес, нәпсі билейді. Халал мен харамның айырмасы болмай қалады. Күнәға ойланбай барған пенде Алла тағаланың азабын ұмытады. Нәпсінің құлы болу дегеніміз осы.
Көбінесе адам баласын нәпсі мен шайтанға тәуелді ететін - имансыздық. Бұл түрдегі иман иман емес, ол Алланың азабынан арашалай алмайды. Мысалы, ұрлық жасап тұрып, Алладан пана тілеу немесе пара алып тұрып, Алладан кешірім сұрау. Осы жағдайда Алланы еске алудан пайда бар ма?
Әкесі мен ұлы, атасы мен күйеу баласы қосылып ішеді. Соңынан ұлы әкесін балағаттап, күйеуі әйелін сабайды. Сонда баласының балағатын естіген, күйеуінен таяқ жеген бишара кімге барып шағымданады? Осындай сорақылықтың куәсі бола тұрып, ішімдіктен бас тартпайтындар бар. Бұл - «есектей қырсық» деген атаққа лайық болғандар! Алайда, есектің өзі олардың теңі емес. Өйткені, есек айдауыңа жүреді.
Кей мемлекеттерде ішкілікке қарсы түрлі шаралар қолданылған болатын. Соның ең соңғысы «қайта құру» дәуірінде болғаны мәлім. Сонда сол шараларды жан-тәнімен қолдаудың орнына көп адам: «Енді арақты аз ішетін болдық», - деп наразылық білдірді. Ішкіліктен қол үзбеудің түрлі жолдары қарастырылды. «Тойда ішкілік қоймасын», - делінді. Алайда, айтылғам сөз амалға асырылмады. Дастархандағы бір шәйнекте шәй болса, екіншісінде арақ болды. Осы айлаларынан көңілдері жай тауып, нәпсілері шаттыққа бөленді. Бұдан асқан надандық бар ма?!
Бойына арақ сіңген адамның маскүнемдіктен қайтуы қиын. Бұл - Алла тағаланың емтиханы. Ал, Алла тағаланың рахымына қол жеткізу үшін имандылық пен игілікке бейімділік қажет. Алланың рахымына лайық болған иманды кісі ғана нәпсісін жеңіп, өзін жамандықтан қайтарады. Сөйтіп, емтиханнан өтеді. Нәпсіге қарсы күресте әлсіздік еткен, қалау еркіне билік жасай алмағандар Тәңіріміздің рахымына қол жеткізе алмасы анық.
Абдусамад МАҚАТ:
- Имандылықты зәулім ғимаратқа ұқсатсақ, оған кіру үшін алдымен жанына бару қажет. Оған барар жолдар түрлі пәлемен тоғытылған. Имандылық ғимаратына сізді біреу көтеріп кіргізбейді. Оған еңбектеніп кіру - пенденің міндеті. Бал ара ұясының есігіндегі күзетші аралар жаман гүлге отырған араны ұяға кіргізбейді екен. Сол сияқты имандылық ғимаратына да аузынан арақ иісі мүңкігендер кіргізілмейді. Олардың орны имандылық сарайы емес, тозақ.
Нәпсіні тәрбиелеудің бірінші шарты - тәубеге келу. Тәубеге келу дегеніміз басы ауырғанда: «Болды! Мен енді ішпеймін», - деп, ертесіне арақты көргенде көзі жайнау емес. Тәубеге келу дегеніміз:
Күнә істеуден бас тарту;
Күнә істегеніне өкіну;
Тәубеге келгеннен кейін күнәлі ісін қайталамау.
Осы үш шартты орындаған жан шынайы тәубе еткен болып, оның күнәлары кешіріледі.
Ішкілік ішу - жамандыққа жол ашу. Ішкілік дайындайтын және оны ел арасына тарататындар халықтың санасын улап, оның болашағына қиянат етуші ең қауіпті де қатерлі қылмыскерлер. Сондықтан да, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ішкілік - бүкіл жаманшылықтың көзі!» - деп, ішкілікпен байланысы барларға ескертіп: «Алла тағала арақты, оны ішуші мен құйып берушіні, сатушы және сатып алушыны, дайындаушы мен дайындатушыны, алып келуші мен алып келтірушіні және арақтан күн көргенді лағынет етеді!» - деді. Әлбетте, көкірегінде иманы бар адам Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл ескертпелеріне құлақ асып, Алла тағаланың қаһарынан сақтанады.
Оңғар қажы ӨМІРБЕК:
- Ислам келгенге дейін арабтар күндіз-түні ішкілік ішумен әлек еді. Соның нәтижесінде сау адамның ұғымына сыймайтын қылмыстар жасалып, қан төгіліп жататын. Ислам келгеннен кейін һижраның үшінші жылында ғана ішкілікке үзілді-кесілді тыйым салынды. Одан бұрын түсірілген аяттарда ішкіліктің зияндылығы туралы уағыз-насихаттар айтылған еді. Исламның даналығы да осында. Ең әуелі «Нәхл» сүресінің 67-аятында: «Құрма ағашының жемістерінен және жүзімдерден арақ, әрі жақсы қорек жасап аласыңдар. Рас, мұнда ойлаған елге анық үлгі бар», - делінген-ді. Бұл аятта ішкілік пен халал ризықтың бір-бірінен айырмашылығы болатындығы, жүзім мен құрмадан дәмді тағамдар, тәтті сусындармен қатар адамды мас ететін ішкілікті де жасау мүмкін екені ишара етілді.
Кейін «Бақара» сүресінің 219-аятына: «Мұхаммед (с.ғ.с)! Олар сенен ішкілік пен құмар ойнаудың үкімін сұрайды. Сен: «Оларда үлкен күнә мен адамдарға пайда да бар, алайда, оның күнәсі пайдасынан тым басым», - деп айт», - деген насихаттық мағынадағы алғашқы үкім енді.
Әңгімені жазып алған -
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ.
«Алматы ақшамы».