Осы күні мұсылман үмметі Мәулітті, яғни пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күнін атап өтуде. Ғалымдар бұл іске қатысты түрлі көзқараста екені құпия емес. Соған орай, мұсылман әлемінде Мәулітке қатысты бірауыздан шығарылған пәтуа жоқ екенін айта кеткен жөн. Дегенмен, кейбір ғалымдардың қарсылығына қармастан, Мәуліт мейрам ретінде қалыптасып кетті. Мәселен, жапон мұсылмандары оны елеулі оқиға қатарына жатқызса, Малиде Раби' Әл-Әууәл айының бірі мен он екісі аралығы мемлекеттік мейрам ретінде тағайындалған. (www. karajeh. com).
Әйгілі шейх Тәжуддин әл-Ләхми Мәулітке қарсы пікір айтқанда, «Әл-Жәмиу ас-сағир» атты хадистер жинағының қаламгері, мухаддис (хадис ғалымы) Жәләлүддин Ас-Суютый оған былай деп жауап берген болатын: «Біреулер Мәулітке қарсы шығып, сонымен қатар жағымсыз қылық істеп жатса, бұл мейрамды ұлықтау осы күндері Алла тағалаға жақындата түсетін көп ізгі амал істегенге негізделеді».
Мәулітке оң көзбен қараған ғалымдардың пікірі имам Ас-Суютыйдың осы сөзіне келіп саяды. Яғни, Мәуліт көп құлшылық пен ізгі амал істеу, зікір, салауат айту, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тарихын баяндау, сүннетті тірілту істеріне негізделінуі тиіс.
Ізгі амалдар қатарына ардақты пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айту жатады. Салауат – пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) игілік тілеу.
Жаратушы Иеміз «Ахзаб» сүресінің 56-шы аятында айтады: «Расында, Алла тағала мен Оның періштелері пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айтады. Уа, мүміндер! Сендер де оған салауат айтып, сәлем жолдаңдар».
Ғалымдар «салауат» сөзінің ұғымын түсіндіре отырып, оны дұға мен Хақ тағаланың қалауына бойсұнудың белгісіне жатқызған.
Жаратушы Иенің салауаты – пен-делеріне деген құрметі пен рақметі. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) салауаты – мұсылмандар үшін тілеген жақсылық пен амандық. Періштелердің салауаты – истиғфар, яғни мүміндердің күнәсі үшін кеші-рім тілеу. Сонымен қатар, салауат – пенде мен Хақ тағаланың және Нәби (с.ғ.с.) мен үмметі арасындағы байланыс.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: «Қайда болсаңдар да, маған салауат айтыңдар. Шын мәнінде, сендердің салауаттарың маған жетеді». («Әл-Жәми'ус-Сағир», 3768).
Әли (р.а.): «Нәбиге (с.ғ.с.) салауат айтылмайынша, ешбір дұға қабыл етілмейді», – дейді. («Әл-Жәми'ус-Сағир», 6303).
Салауаттың сауапты іс екеніне қатысты айтылған хадистер баршылық. Біз оқырман назарына солардың кейбірін ұсынуды жөн көрдік.
Расулулла (с.ғ.с.) айтады: «Қиямет күнi маған ең жақын адам – маған ең көп салауат айтқаны». («Сунәнут-Тирмизи», 482).
«Кiм маған бiр рет салауат айтса, Алла тағала оған он рет рақмет жолдайды, оның он күнәсi кешiрiлiп, дәрежесi он есе көтерiледi». («Хашиятус-Санади 'алән-Насаи», 1290).
Аус ибн Аус (р.а.) айтады: «Нәби (с.ғ.с.): «Сендер үшiн ең абзал күн – жұма. Жұма күнi Адам (ғ.с.) жаратылып, жұма күнi жан тапсырды. Жұма күнi Қиямет күнi басталуының белгiсi болған сүр үрiлiп, қатты дауыс шығады. Ендеше сол күнi маған көп салауат айтың-дар. Себебi, сендердiң салауаттарың маған жетедi», – деді. Адамдар: «Уа, Расулулла! Сiз топыраққа айнал-саңыз, бiздiң салауатымыз сiзге қалай жетпек?», – деп сұрады.
– Расында, Алла тағала пайғамбарлардың денелерiн шiрi-мейтiн еткен». («Сунәну Әби Дауд», 1047).
Расулулла (с.ғ.с.) айтады: «Біреу маған сәлем жолдаса, оған сәлем қайтаруым үшiн Алла тағала мені тірілтеді». («Әл-Жәми'ус-Сағир», 7986).
«Жанында менiң есімім айтылған сәтте маған салауат айтпаған адам – анық сараң!» («Сунәнут-Тирмизи», 3614).
Хақ тағала баршамызға ардақты пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көп салауат айтуымыз-ды нәсіп етсін! Әмин!