Тiршiлiкке байыппенен көз жiберсек жаратылғандардың iшiнде адам баласының артық туып, ардақты болып жаратылғандығын бағамдай аламыз. Егер, адамзат баласының да болмысы перiштелер секiлдi кемшiлiксiз пәк болса, сынақ әлемi болып табылатын мына беу-дүние мен есеп беретiн арғы дүниенiң ешбiр мәнi қалмас едi. Демек, адамзат баласы үшiн тiршiлiктiң мәнi - жасаған қатесiн түзеп, тәубаға келiп, күнәдан арылудан тұрады. Бiз бүгiн күнәлардан арылтып, жасыл бақ жаннатқа жол бастайтын иллаһи зор мүмкiндiк - қасиеттi Рамазан айының маңыздылығына аз-кем тоқталуды жөн көрiп отырмыз.
Алла Тағала Құран-Кәрiмде: "Ей, иман еткендер! Ораза тұту сiздерден бұрынғыларға парыз болғаны секiлдi, сiздерге де парыз етiлдi" (Бақара/183) деп бұйырады.
Ораза тұту Исламнан бұрын Яһуди және Христиан дiндерiнде парыз құлшылықтардың бiрi болатын. Бiрақ, Ислам дiнiндегi ораза тұтуда бiршама өзгешелiктер болды. Яһуди және Христиан дiндерi бойынша таң сәресiнде ауыз бекiтiлмейтiн. Сонымен бiрге, бұл дiндерде жылдың қақаған қысы мен шiлiңгiр ыстығында ораза ұсталатын және ораза ұстаудың мерзiмi мен шарттарында бiршама ерекшелiктер бар-тын (Имам Ғазали, Мукашафатул Кулуб. 597 б).
Ал, мұсылмандарға Рамазан айында ораза тұту көш реформасының екiншi жылы жоғарыдағы аяттың нәзiл болуымен парыз болып бекiдi. Әсiлi, мұсылмандар Мекке дәуiрiнде де әрбiр айдың белгiлi бiр күндерi ораза ұстайтын. Имам Ахмад ибн Ханбалдың айтуына қарағанда, Көш реформасынан кейiн мұсылмандарға намаз оқу мен ораза тұтуда үш өзгерiс болды. Намаздағы бiрiншi өзгерiс - Мекке дәуiрiнде мұсылмандар намазды Құдысқа қарап оқитын. Ал, Мәдинаға көшiп келгеннен кейiнгi алғашқы жылы құбыла Меккедегi қасиеттi Қағба болып өзгертiлдi. Намаздағы екiншi өзгерiс - Мекке дәуiрiнде мұсылмандар намаз қылар шақта бiр-бiрiн дауыстап шақырып жататын. Мәдина дәуiрiнде Абдуллаһ ибн Зейд деген сахаба Пайғамбарымызға (с.а.у) келiп, Намаздан бұрын азан шақыру мен қамад келтiрудi түсiнде жасыл киiмдi адамның келiп үйреткенiн баяндайды. Пайғамбарымыз (с.а.у) бұл түстi қош көрiп, әрбiр намаздың алдында дауыстап азан шақыру мен қамад келтiрудi қабыл алды. Намаздағы үшiншi өзгерiс - Мекке дәуiрiнде мұсылмандар намаздың тек парызын орындайтын. Ал, Мәдина дәуiрiнде мұсылмандар Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның артық намаз оқитынын аңғарып, Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның сүннет намазын да оқи бастады. Ораза тұтудағы үш өзгерiске келетiн болсақ, бiрiншiден, мұсылмандар ораза тұту туралы жоғарыдағы аят түскенге дейiн де әрбiр айдың үш күнiнде және ашура күндерi ораза ұстайтын. Ал, Мәдина дәуiрiнде тұтас Рамазан айында ауыз бекiту парыз болып бекiдi. Екiншiден, науқас және сапарда жүргендер мен қарттар, сондай-ақ, омырауында сәбиi бар аналар, өзге ауыз бекiткен мұсылманның ас-ауқатын берген болса, ораза тұтудың орнын толтырған болып есептелдi. Үшiншiден, мұсылмандарға ауыз ашып болғаннан кейiн жұбайларына жақындауға рұқсат берiлдi (Ибн Кәсир, Тәфсир. I т. 142-143 б). Осылайша көш реформасының екiншi жылынан (624 ж.) бастап әрбiр жылы Алла ризашылығы үшiн Рамазан айында ауыз бекiту мұсылман қауымға үрдiс болып бекiдi.
"Таң сәрiсiнен ымырт жабылғанға дейiн iшiп-жеуден тиылып ораза тұту жөнiнде Құран-Кәрiмнен өзге мұсылмандық қайнар-көздерде қандай нұсқау бар?" дегенге келетiн болсақ, Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның бұл тұрғыда айтқан көптеген хадис-шарифтерi бар. Бiр құдси хадисте: "Адам баласының жасаған iзгi iстерi мен ғибадаттары олар үшiн пайдалы болмақ. Бiрақ ораза тұтудың сауабы мүлде басқа. Өйткенi, ораза тұту Мен (Алла) үшiн жасалған ғибадат. Сондықтан оның сауабын Өзiм беремiн" деп айтылады. Сондай-ақ, басқа бiр құдси хадисте: "...Мүмiн Раббысымен қауышқан сәтте, ораза ұстағандығына қатты қуанады" деп баяндалады. Яғни, ораза тұту дегенiмiз Алла Тағала қош көрген және Оның ризашылығын алуымызға себепшi болатын ғибадаттардың iшiндегi ұлығы болып табылады. Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның айтуына қарағанда, мұсылман баласы Алланың ризашылығы үшiн ғана ораза тұтады. Сондықтан да ораза тұтудың сауабын өлшеп-пiшу мүмкiн емес.
Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның хадис-шарифiнде: "Рамазан жұлдызы туған сәтте рахмет есiктерi ашылып, тозақ есiктерi жабылып, шайтандар шынжырланады" деп айтылады. Яғни, Рамазан айында нәпсiнi қоздырып, жамандыққа итермелеушi шайтандар шiдерленiп, адам баласы пәле-жаланың қамауынан босап, рухани еркiндiкке қол жеткiзедi. Сондай-ақ, хадистерде баяндалғандай жұмақ қақпаларының айқара ашылғандығы соншалықты - бұл айда жасаған әрбiр iзгi iсiмiзге жетпiс сауаптан жазылады.
Адамзаттың ардақтысы (с.а.у) келесi бiр хадис-шарифiнде: "Кiмде-кiм иланып, ықыласпен Рамазан айында ауыз бекiтсе, Алла оның жасаған және болашақта жасайтын күнәларының барлығын кешiредi" деп сүйiншiлейдi. Яғни, бұл хадис бойынша Алла ризашылығы үшiн ынты-шынтымен ораза ұстаған адам қым-қуыт сүреңi көп мына фәнидегi иллаһи сыннан сүрiнбей өтiп, мәңгiлiк бақытқа кенеледi. Хақ Елшiсi (с.а.у) келесi бiр хадис-шарифiнде: "Жаннатта Райиан деген қақпа бар. Бұл қақпадан қиямет күнi тек ораза тұтқандар ғана кiредi. Бұл қақпадан ораза тұтқандардан басқа ешкiм кiре алмайды. (Қиямет күнi) "Ораза ұстағандар қайда?" деп сұралғанда, ораза тұтушылар бұл қақпа арқылы жаннатқа кiредi. Ораза ұстаушылардың соңғысы бұл қақпадан кiргенде, қақпа жабылады. Бұдан кейiн мұнда ешкiм кiре алмайды" дейдi. Яғни, Алла Елшiсi (с.а.у) бұл өсиетi арқылы Хақтың ризашылығы үшiн риясыз ораза тұтқан мүмiннiң жасыл бақ жаннатта мәңгiлiк жаны шалқитынын баян еткен.
Имам Ғазали өз шығармасында Рамазан айында Исламға дейiнгi қауымдарға берiлмеген, тек мұсылман жұрағатына берiлетiн мынадай бес илаһи тартудың бар екендiгiн айтады:
1 - Алланың құзырында ораза тұтқан адамның аузынан шыққан иiс мисктiң иiсiнен де қош иiстi болып келедi.
2 - Ауыз ашқанға дейiн перiштелер ораза тұтушылар үшiн Алладан кешiрiм тiлейдi.
3 - Бұл айда шайтандар шынжырланып, қамауда ұсталады.
4 - Алла Тағала әрбiр күнi жаннатты безендiрiп: "Салих құлдарым жамандық пен қиянаттты жою үшiн асығуда" дейдi.
5 - Рамазан айының соңғы кешiнде мүмiндер кешiрiледi (Имам Ғазали, Мукашафатул Кулуб. 599 б).
Ораза тұтудың әлеуметтiк маңызы мен өзге де жеке тұлғаға пайдалы элементтерiн сөз ететiн болсақ, әлбетте оны бiр ауыз сөзбен жеткiзу мүмкiн емес. Рамазан айында ораза тұтудың артықшылығы мен иллаһи мол қайтарымына сене отырып, ауыз бекiткен адам өзiне кемел бiр көркем уағыз жасаушы мен тура жолға жөн сiлтеген жол бастаушыны тапқандай болады. Себебi, Рамазан - кешiрiм және иллаһи сый-сияпаттың қазыналы кенi. Рамазан айында жан-тәнiмен ғибадат жасаған жанның иншалла тәубесi қабыл болып, жапырағынан айырылған күзгi ағаштай күнәлары бойынан төгiлiп түседi.
Бұл айдағы кешқұрым кездегi ауыз ашардың құттылығы мен таң сәрiсiне тұрудың берекесi мол. Бұндай арайлы шақ көңiлдi сергiтiп, жүрегiңдi жылылыққа баулиды. Бұндай рухани елтуде адам кiсiмсуден, дандайсудан, мейманасы тасудан арылып, кiшiпейiлдiктiң кiлтiн тауып, ерекше рухани күй кешедi. Мүмiннiң көкiрек көзi ашылып, iшкi иiрiмдерi тамаша үйлесiмдiкке бой алдырады. Сөйтiп, жаратылыстағы саналы тiршiлiк иесi екендiгiне көз жеткiзiп, оған мың да бiр шүкiр етедi.
Мүмiн, iзгi сезiмдерге шомып, бұл айда өз-өзiн бақытты санайды. Өйткенi, мүмiн бұл айда тамұқ есiктерi жабылып, жұмақ есiктерi ашылатынын, шайтандардың шынжырланып, байланатынын бiледi. Бұл айда ынты-шынтымен ауыз бекiтiп, рухы мен көңiлiн кiр-қоқыстан тазартып ұстаған адамға шайтанның азғыруы өтпей, құрған тұзағы бос болып қалады. Себебi, бұл құлшылықтың мәнiсiн ұққанға, ораза - күнәдан сақтайтын қалқан, жамандыққа қарсы бөгеу. Сонымен бiрге, адам барлық перiштелер жер бетiне түсетiн айды бастан өткерiп, олардың пәк сезiмдерiмен бiрге өмiр сүредi.
Рамазан айында бар ықыласымен ораза ұстаушының күнә жасайтын сезiмдерi суалып, керiсiнше сауап жасауға деген ұмтылысының ұясы ашыла түседi. Бұндай жақсылық жасауға мол мүмкiндiк туған сәтте мүмiн ерекше рухани шабытта болады. Ал, керiсiнше шайтанның жiгерi жасып, әл-дәрменi құриды. Таң сәрiсiнен ауыз ашарға дейiн жалғыз қалғанда да немесе көпшiлiк ортада да iшiп жеуден тыйып, ойды лайлап, бойды шырмайтын сезiмдерден өзiн-өзi тұсап, тыя бiлу нәпсiнi тәрбиелеудiң үлкен мектебi екендiгi даусыз. Әсiлi, бұлай деп айту маңызды емес, бұл рухани күрестiң ләззатына шомып, оны бастан кешiру шын мәнiнде ғанибет. Себебi, Рамазан айындағы күндiзгi нәпсiмен күресiп, кешкi уақытта оның дәмi бөлек ләззатына қанығасың.
Рамазан айындағы рух майданындағы күрес бiздiң қарайған жүрегiмiздi ағартып, селкеу түскен көңiлiмiздi жадыратып, сарғайған санамызға сiлкiнiс туғызып, рухымызды тiтiркентiп, таным көкжиегiмiздi арттырып, мұратымызды нақтылай түседi. Бұл айда айдында жүзiп көлдiң шырайын келтiрген аққу сынды, адамның ақылы өз дариясында еркiн жүзiп, мәңгiлiк сөнбейтiн сәуле Құран мен Сүннеттен жылу алып, ақыл өз арнасынан адаспай, адамдық болмысымыз өз биiгiне көтерiледi.
Рамазанда ауыз бекiтудiң мағынасы тек ашқұрсақ болып жүру десек қателесемiз. Адам ашқұрсақ болғанмен, тiлiмен жалған сөйлеп, күпiр айтып, жоқтан өзгенi әңгiме қылып, шақпақ болып әркiмдi шағыстырып, у iшiп жатса, иманның тұрағы болуы тиiс жүрек керiсiнше лаң тудырудың апанына айналған болса, ашқұрсақ болып ораза тұтқанның ешқандай пайдасы болмайды. Онда, тек өз-өзiңдi алдап шаршап-шалдыққаның қалады. Әсiлi, ораза ұстаушының аузы қайырлы нәрсенi сөйлеп, айтпас жерде тiлiн тартып үнсiз қалуы тиiс. Ораза ұстаушының тiлi зiкiр немесе дұға жасап, жақсы сөздердi айтуы керек. Иманның тұрағы болған жүрек қорқыныш пен үрей, шайтанның азғыруы мен күмән, лаң мен iрiткi салушылық пиғылдан тазаруы шарт. Бұлардың орнына саналы сенiм мен көркем мiнездi қалыптастырып, менмендiк, өзiн-өзi аса жақсы көру, тек қарақан басын ойлау секiлдi бұзық пиғылдан ада болуы керек.
Ораза iшкi жан дүниемiздегi кiр-қоқысты жуып шаюға таптырмайтын мүмкiндiк. Талықсып шаршаған бой-тұрқымыз бұл айда тынығып дем алады. Көктемде жер бауырлап есетiн алтын күрек самалындай құшағымыздан бауырмалдықтың желi есiп, қолымыздан келген игiлiктi жасап, жетiмдердiң жүзiне күлкi үйiрiлiп, кедей-кепшiк бiр қуанып, ата-аналарымыз бақыттың құшағында жүздерi бал-бұл жанады. Әрбiр жылы Рамазан айында қуанышқа кенелiп, айналамызға нұр-шұғыласын шашқан қасиеттi кештердiң, құлақтың құрышын қандырған азанның, таң сәрiсiндегi тәттiлiктiң, ауыз ашардағы ләззаттың, тарауық намазға деген ынтаны көрген балалар бұл айды сүйiп өседi. Жас өскiннiң жан сарайы арайланып, Құран оқуды заңдылыққа айналдырып, жоқ-жiтiк пен мiскiн-ғарыптарға көмек қолын созуға құштар болып тұрады. Адамдар бiр-бiрiне деген ынтызар мейiрiмiмен, бiрiн-бiрi сүйiп, бiрiн-бiрi қуантады. Күлкiнi ұмытқан адамдар бұл айда ең азында жымиғанын көресiң. Себебi, Рамазан айы өтiрiк сөйлемей, ешкiмдi арбамай, қулық жасамай, қақ-соққа үйiр болмай, мейiрiмдi, мархабатты, жылы жүзбен өмiр сүрудi үндейдi.
Рамазаның әртүрлi функцияларының бiрi: "мiскiн ғарыптың жүзiне күлкi үйiрiп, қоғамдағы әлеуметтiк теңдiктiң сақталуын қамтамасыз етуi" ерекше назар аудартады. Рамазан айындағы ерекше айтып өтер жәйт, бай адамдардың кедей адамдарға "пiтiр садақасын" беруi болып табылады. Осылайша бұл айда жоқ-жiтiкке қарайласу тек көңiлмен ғана емес, iс жүзiнде көмек қолын созуды мiндеттеп, жүктейдi.
Тағы бiр ерекшелiгi бiлiм мен тәрбие тұрғысынан алып қарағанда бұл ай жас балғын мен жасөспiрiмдердiң жақсылыққа ұмтылуына, шылым, арақ, құмар секiлдi жаман әдеттерге салынып кеткен адамдардың өзiн-өзi құтқаруына мол мүмкiндiк. Шынында да жәй күнде бiр сағат шылым тартпағанға тағатсызданатын адамдар, ауыз бекiткен таң сәрiден күн ұясына батқан кешкi ымыртқа дейiн шыдас бiлдiруi таңқалатын жәйт. Бұның психологиялық пайдасы бар екендiгi даусыз. Мiнеки, көрiп отырсыздар Рамазан айында ораза ұстаудың ерекшелiгi жаман әдеттерден тыйып, жақсылыққа үйретедi. Рамазан айының әрбiр хикметiне үңiлiп қарар болсақ, көптеген пайдалы жақтарын танып бiле аламыз. Осы тұрғыдан да дiн адамдарына Рамазан айының хикметiн түсiндiру мiндетi жүктеледi.
Ерекше айтып өтер жәйт, адам құлқын сәрiден кешқұрым ымырт шаққа дейiн ашқұрсақ болып, өзiн iшiп-жеуден тыйып, өзiн-өзi басқаруды қолға алады. Өзiн-өзi басқара бiлу дегенiмiз - жамандық атаулыға қарсы тұра алады деген сөз. Демек, бұл үлкен прогресc. Рамазанның көпшiлiк қауымға тигiзер пайдасын аңдау қиын емес. Бұны қысқаша айтар болсақ. Рамазан айында әлеумет рухани бiр сүзгiден өтедi. Бұл айда адамдардың көңiлi райланып, бақытты сезiмдерi алаулай түседi. Таң сәрiсiнде отбасындағы қарым-қатынастың белгiлi бiр дәрежеге көтерiлуi, ауыз ашар кезiнде ағайын туыс пен дос-жаранның, бай-манап пен кедей-кепшiктiң, жас-кәрiнiң бiр дастарқанда бас қосуы әлеуметтiк бiрiгудi күшейте түседi. Әсiресе, жаңа замандағы iскер топтардың базбiр мәселелерде түсiнiспегенмен, ауыз ашарда бiр даcтарқанда бас қосып, табақтас болуы, олардың өзара түсiнiстiкке келуiн арттыруға зор мүмкiндiк. Ауыз ашардан кейiнгi тарауық намазының достықты арттырар салмағы өзiнше бөлек әңгiме. Бiр ғимаратта, бiр көшеде тұратын ағайын-туыс пен дос-жарандар тарауық намазын бiрге оқуға уағдаласып, кешқұрым бас қосады. Көбiне тарауық намазынан кейiн бiр-бiрiн шайға шақырып, сұхбаттар құрып, көңiлдi райландырар, құлақ құрышын қандырар рухани әңгiмелер өрбидi. Бұлардың барлығы Рамазан айындағы көпшiлiк қауымның береке-бiрлiгiн арттырары сөзсiз.
Статистикалық көрсеткiштер өзге айларға қарағанда Рамазан айында қылмыстың азаятынын көрсетiп отыр. Бұл да Рамазан айының жалпы көпшiлiкке әкелер пайдалы жағы деп қарастыруға болады. Cонымен бiрге, ғибадаттардың сыры мен хикметi тұрғысынан алғанда жылда бiр рет ай бойы ораза тұтудың нәзiк сырлары туралы көп нәрсе айтуға болады. Ауыз бекiткен мұсылманның мейiрiмi мен мархамат сезiмдерi атқақтап, жоқ-жiтiк пен күн ұзақ ашқұрсақ жүретiн мiскiн-ғарыптардың қал-жағдайы қандай екенiн өз басынан өткередi. Ораза ұстаушы аштыққа, сусыздыққа сабыр, тағат етiп, сабыр мен уәдеде тұра бiлу сезiмдерi орныға түседi. Дәрiгер мамандардың айтуына қарағанда жыл он екi ай тоқтаусыз жұмыс iстейтiн iш құрлысымыздың мүшелерi бiр сәт тынығуы, денсаулығымызға мол пайдасын тигiзедi. Олай болса ораза тұту адамның рухани саулығымен бiрге денсаулығын да күшейтедi. Сонымен бiрге нәпсiмiздi қадағалауға алып, өз-өзiмiзге есеп бере алуымызға септiгiн тигiзедi. Бiздiң ойымызша Рамазан айындағы ораза ұстау - адамның өз-өзiне есеп беруi мен өз-өзiн басқаруына қол жеткiзетiн иллаһи мүмкiндiк. Дене мүшемiзбен бiрге рух әлемiмiздi түзеуiмiздi түгел қамтитын Рамазан айындағы ораза ұстау, мұсылмандардың әрбiр жылы денсаулықты түзейтiн, кешiрiмге ие болатын бақытты болуының қайнар-көзi десек болады.
Ақмарал САТЫБАЛДЫ