Ислам – ғылым мен имандылық ордасы

Ислам – ғылым мен имандылық ордасы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Адамзаттағы бір кемшілік - жалған сөзге тез иланып, салихалы ойға аса сақтықпен қарап, әзер илігетінде. Ол бүгін ғана қалыптаспаған тәрізді. Адам (ғ.с.) кезінен бері Алланың сүйікті құлы болған адамзат ұрпағына қастандық ойлайтын Шайтан малғұнның жетегіне бейіл тұру да бүгінгінің ісі емес-ау, сірә?! Оған Абыл мен Қабылдың оқиғасы дәлел. Алдану, өкіну, опыну, т.т. сезімнің «айырғысыз бөлшегіне» айналғаны да сондықтан шығар, бәлкім. Бүтін бір халықты кеңестік дәуір «революцияға дейін сауатсыз болған, халқының екі пайызы хат таныған» деп ғылыми тұжырымдама берген екен, соған айдай әлем сене қалды! Бұл әлгі ойымызға дәйек емей не?! Ең ғажабы, сол «жалған дақпырттан» әлі күнге айыға алмай жүргеніміз қалай? Тіл менен ділге, иамандалыққа, қазақи сат-дәстүрге кекиіп қараудың әлі күнге орын алып отырғаны соның салқыны емес деп көріңізші. Сол себептен, өзіміздегі құндылықтардан гөрі жат пиғыл ықпалына оңай беріліп, «ауыл жігітінің ауызы сасық» деген жалғаншылық қағиданы «пір» тұтамыз. Осыдан келіп тіл мен ділді бөліп қарап, өзіңдегі асылдан өзгедегі жасықты қадірлеу ұғымы орын алуда. Мұны кемел ойлы жастардың білгені абзал. Білсе, өзіңдік тәлім-тәрбие - түптің түбінде өзекке теппесін ұғынады. Ал басқа «әсіре қызыл тез оңады». Соны жад тұтқан жан жұтамайды. Оны баспасөз беттерін қадағалап, зерделей оқитын талғампаз жан білсе керек. Біз де сол үшін қалам тартып отырмыз. Өз жолымен, өз дінімен жүрсе, қандайда бір кездейсоқ апаттан аман болары мәлім. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахих хадистерінің бірінде: «Кімде кім білім іздеу жолына түссе, Аллаһ тағала оған жәннатқа баруға жолын жеңілдетеді. Періштелер ғылым іздеушінің талабына риза болып, оның аяғының астына қанатын жаяды»,- делінген. Ендеше, білім нарқын, сөз қадырын білмек керек. Қазақ қашаннан сөзге тоқтаған, «жүйелі сөз - киелі»,- деп, оның қадірін бағалаған халықпыз. Сол себептен, күнделікті тұрмыста көріп-біліп жүрген көп жайттар көңілді алаңдатпай қоймайтыны тағы бар. Ендеше, атам заманнан келе жатқан: «Көп ішінде сөйлеген - көсемдіктің белгісі, көпке сөзі ұнаған - шешендіктің белгісі», («Қазақтың мақал-мәтелі» , құрастырушысы - Ө. Тұрманжанов, Алматы, 1980 ж.) - деген мақалды бұра тартып бара жатқандарға байқамағанси беруіміз ақылға қонбайтын тәрізді. Олардың мақсаты біреу-ақ - өзін тым ақылды, ерекше қабілет дарыған көсем етіп көрсету. Мұны шариғатта «көркем мінезден ауытқу» дейді де, олардың «бізден» еместігін ескертеді. Оған данышпан Абайдың:

«Өлең - деген әр сөздің ұнасымы.

Сөз қосарлық, орайлы жарасымы.

Сен білмейді екен деп айтпасын ба,

Неге мұнша сіресіп құп алмайсың?»- деп шерленуін қосыңыз («Абай» өлеңдер, Алматы, «Жазушы» баспасы, 1976 ж.-52-б.).

Мұсылман ғұламаларының бірі Ибни Ақил: «Жазатындай бірдеңе есіме түсе қалса, дереу тұрам да жазамын. Сексен жасымда ғылымға деген ынтам жиырма жасымдағы кезіме қарағанда әлдеқайда жоғары болатын»,- дегені шындық оның соңында әр түрлі ғылымның жиырма шақты саласында құнды еңбектер қалдырды (Мырзакелді Кемал, «Абзалдық әліппесі» www.muftyat.kz.) Мұсылман ғалымдары не үшін талаптанды, ізденді, кімдерге үміт артты, Алала тағала рахымы білімдіге түсуінде не мән бар? Осыны ойлауымыз, яғни білім-ғылымға талпынуымыз керек.

Сөз астарын ұға білетін қауым - білімсіздік, сөзге қонақ бермеу, маңайыңдағылардың талап-тілегін ескермеу мұсылмандықтан шеттеуге апаратынын біледі. Ол үшін бізге әуелі білім, демек, жастайымыздан сауат ашып, дін-имандалықты оқытуды мектептен бастауымыз керек.

Жастар - біздің болашағымыз. Ата заңымызда олардың тағдырмен ойнауға ешкім құқық берген жоқ. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дейтін Қадыр ақынның тілге бағыттаған ойы, дінге де қатысты. Ендеше, діни сауаттылық мәселесі - қазіргі таңда кезек күттірмейтін міндеттердің бірі. Қазір дінге қатысты сауалдар жиі қойылады. Оған имамдарымыз қал-қадірінше жауап береді. Бірақ, ол мешіттерде ғана жүргізілетін уағыздар. Олардың қанатын кеңге жаятын мүмкіндігі шектеулі. Себеп, олар мәдениетті, әдепті, заң аясынан шықпайды. Бұған қарсы бағытта «дінге қызмет етіп жүрген» келгінбайлар немесе солардың қол-жаулықтары көше жағалап, үй-жайды аралап, қоғамдақ орындарға да еніп кетіп өз белсенділіктерін дәлелдеуде. Егер олар сауатты болса, әдепті болса, онда мұндай бассыздыққа барар ма еді? Осыны кім ойлау керек?

Біздің елде имам Ағзам мазһабының жанымызға жақын, салт-дәстүрімізге сай, мұны ескергеніміз абзал. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Отанды сүю - имандылықтан басталады» дегенді тегін айтпаған. Ой арнасын кеңейту үшін әуелі имандылық дегеннің не екеніне тоқтау абзал. Имандылық - адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін белгілі-бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуіш қадыр-қасиет, адам бойындағы адамгершілік, ізгілік, кісілік белгісі. Мұсылмандық дүниетаным бойынша, имандылық иманнан пайда болады. Ал иман - жүректегі нұр, нұрдың сыртқы болмысы, яғни имандылық - Алла тағалаға иман еткен адамға бітетін көркем мінез. Алла тарапынан жіберген әрбір пайғамбардың басты міндеті - иман мен имандылыққа уағыздау. Имандылықтың тамаша үлгісі болған біздің сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.): «Мен, ең ғажап көркем мінезді толықтыру үшін жі-берілдім»,- деуінің өзі әлемдегі тәлім-тәрбие мен имандылықтың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Алла тағала адамзатты иман мен имандылық үшін жаратқандықтан, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз: «Алланың мінезінен үлгі-өнеге алыңдар», - деп уағыздады. Имандылықтың негізін мұсылмандар Құранда деп біледі. Құран Кәрімнен ең көп үлгі алған Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың мінезі жайлы Хазіреті Айша анамыз: «Оның мінезі - Құран», - деп жауап берген. Қазіргі зайырлы, өркениетті қоғамда да имандылық - ең құнды байлық адамгершілік биік қасиет ретінде ұғынылады. Имансыз адамда не қадір-қасиет болмақ?!

Белгілі бір жұмысты атқаруда күш-қайратыңды, ынта-жігеріңді жұмсау, мақсатыңа жету үшін күресу деген яғни бейбіт тірліктің жақсы нышанына жұмылдыруға бағытталған игі ниетті білдіреді. Отанымызға адал қызмет ету жолында алдымызға осындай биік мақсат қоймасақ не болмақ? Жастарымыз мұны теріс түсініп, жат пиғылға бағыттамас үшін де білімділік қажет. Данышпан Абай өзінің «Он екінші қара сөзінде» ғылым-білімнің пайдасы мен зиянын саралаған ой-толғауында: «Алтыншы - ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез дейтін сауыт бар. Сол мінез бұзылмасын!» деп ескертеді («Абай.Қара сөздері», Алматы, «Өнер» баспасы, 2006 жыл, (61-бет). Демек, адал жолда өзіңді өзің алдаудың еш қисыны жоқ. Сауаты таяз, иманы әлсіз жанға кез-келген дін өкілі айтып жүрген: «Діннің бір-бірінен еш айырмасы жоқ, бәрі де әділдікке бастайды», дейтін, қате уағыздан теріс түсінік қалыптасатыны шындық. Жастарымыздың бірқатары талғамсыз әр түрлі ағым жетегіне оңай еретіні де содан. Олар жастар жүрегіне өздерінің «наным-сенімін біржолата орнықтырып алғаннан» соң ғана әуелден жоспарлы көздеген, «түпкі мақсаттарына» көшетінін уақыт дәлелдеп отыр. «Аңдамай от басып», алданып қалып, опық жеген қаншама жастарымыз қазірде жауапқа тартылуда. Демек, сауатсыздықтың алдын алып, айтылған пікірлердің дұрыс-бұрыстығына талдау жасай білу керек.

Дін қағидаларын, білімнің бастауларын білген жан қателіктен аман болады. Өйткені, өмірдің шым-шытырық тарауларында ақиқат жолды ұстап жүру оңай емес, бірақ білімге-ғылымға талаптанбау әбестік болмақ. Дана қазақта «Адасқанның айыбы жоқ - қайтып үйірін тапқан соң» деген сөз бар. Бұл нені мезгейді? Ол - «білімдіні жақын тұт, дін ғалымдарынан білмегеніңді үйрен» дегендік. Өйткені атам қазақ «Иманды елді жау алмас» дейді.

Тоғанбай қажы ҚҰЛМАНҰЛЫ,

Қазақстан Республикасы,

Әділет министрлігі

«Дін мәселелері жөніндегі

ғылыми-зерттеу және талдау

орталығы» мемлекеттік мекемесінің

аға ғылыми қызметкері.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: