Мәшһүр хадис ғалымдарынан Уақиди (р.а.) хикаялайды:
«Бір кездері ақшасыз қалып, әбден қарызданған едім. Айт мейрамы да жақындаған болатын. Әйелім шағымданған үнмен «Бізді қойшы жоқшылыққа әйтеуір сабыр етерміз. Бірақ мына балалардың хәлі не болмақ? Олар көрші балалардың сәнді, мінсіз киімдерін көреді. Біздің балалардың болса мына тозығы жеткен, жыртық киімдері ғана бар. Бұлардың киімдеріне жарататын қаражаттың қамын қарастырыңыз» – деді.
Сол бойда Хашими деген досыма барып, жағдайымды айтып, көмектесуін сұрадым. Ол маған мың дихрем (күміс ақша) салынған аузы мүһірлі қалтаны берді. Ол жерден шығып келе жатқанымда басқа бір досыммен кездестім. Ол да маған шұғыл ақшаға қажеттілігі бар екенін айтты. Мен қолымдағы мүһірлі қалтаны оған бердім. Әйелімнен ұялғанымнан ол түнді мешітте өткіздім. Таңертеңгісін үйіме барып, болғандарды айтқанымда әйелім менің бұл ісімді жақсы қабылдады, мені жазғырмады. Мен осылай шарасыз күйде отырғанымда досым Хашими әлгі мүһірлі қалтамен шыға келді. «Шыныңды айтшы, мен саған берген ақшамен не істедің?» деді. Мен басымнан өткендерді айтып бердім. Сонда ол маған: «Сен меннен көмек сұрап келгеніңде саған берген мына ақшадан басқа ешнәрсем жоқ еді. Өзімнің де қажеттіліктерім бар еді. Сен кеткеннен кейін қарызға ақша табу үшін сыртқа шықтым. Біраз жүрген соң досыммен кездестім. Оған жағдайымды айтқанымда ол маған мүһірлі қалта берді. Сөйтсем, сен бұл ақшаларды оған берген екенсің.» Осылайша ақшалар еш жаратылмастан үш қолда айналып бастапқы иесіне қайта келген болды.
Уақиди (р.а.) былай деп жалғастырады:
«Бұл болған оқиға халифа Мәмнунға жеткенде мені шақыртып жағдайды сұрады. Мен болғандарды айтып бергенімде мен үшін жеті мың динар айлық берілуін әмір етті. Әрбіріміз үшін екі мың динардан және біздің әйел үшін мың динардан айлық жазды...»