Шағбан – Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетінен ерекше нұсқаулықтар табуға болатын қасиетті айлардың бірі. Сахих хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Шағбан айында көп ораза тұтқандығы айтылады. Алайда бұл айда ораза тұту Оған (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) парыз болмаған. Дегенмен Шағбан – бұл қасиетті Рамазанмен жалғастурышы, яғни Рамазанның алдыңғы айы болғандықтан Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазан айына дайындық ретінде бірнеше кеңестер өсиет еткен:
1. Саңлақ сахаба Әнас (оған Алла разы болсын) былай дейді, бірде Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Рамазаннан кейін қандай ораза маңызды?», – деп сұрған кезде: «Рамазан айының құрметіне Шағбан айында тұтылған ораза», – деп жауап берген екен.
2. Усама ибн Зейд (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Я, Алланың Елшісі, мен сенің өзге айларға қарағанда Шағбан айында үнемі ораза тұтып жүргеніңді көрдім». Сол кезде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Бұл Режеп пен Рамазан айларының ортасындағы ай – Шағбан. Алайда мұны көптеген адамдар елеусіз қалдырып жатады. Осы айда жасаған амалдарымыз Алла Тағаланың құзырына көтеріледі, сондықтан да мен де амалдарымның ораза тұтқан кезімде ұсынылғанын қалаймын».
3. Мүміндердің анасы Айша (ол кісіге Алла разы болсын ) былай дейді: «Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Шағбан айында көп ораза тұтатын қасиеті бар еді». Мен былай деп сұрайтынмын: «Я, Алланың Елшісі, Шағбан сіз үшін айлардың ең сүйіктісі ме? Сол үшін ораза тұтасыз ба? ». Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) болса: «Иә, бір жыл ішінде бақилық болатындардың тізімі осы айда жазылады. Сондықтан да менің де ажалымның құлшылық үстінде жетуін қалаймын», – деп жауап берді». 4. Басқа хадисте Айша анамыз (оған Алла разы болсын): «Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кейбір айлардың көбінде ораза ұстайтын. Тіпті, оны бұл айда мүлдем ауыз ашпады деп те ойлайтынбыз. Кейбір айлардың көбінде ауыз ашатын. Тіпті, біз оны бұл айда ешбір ораза ұстамады дейтін едік. Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазан айынан басқа айда толық ораза ұстағанын, сондай-ақ, Шағбан айындағыдай көбін оразамен өткізгенін көрмедім».
5. Өзге хадисте Айша анамыз (ол кісіге Алла разы болсын) былай дейді: «Мен Алла Елшісін (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Шағбан айында үздіксіз ораза тұтқанындай өзге айларда оразада ұстағанын көрмедім. Ол бұл айдың әр күні ораза тұтатын еді».
6. Мүміндердің анасы Үмм Сәләмә (ол кісіге Алла разы болсын) былай дейді: «Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазан мен Шағбан айынан өзге айларды үздіксіз оразамен өткергенін көрмедім». Бұл хадистер Шағбан айындағы ұсталған ораза міндетті болмаса да, соншалықты бағалы және маңызды екендігін әрі Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл оразаны елеусіз қалдырғысы келмегенін көрсетеді. Алайда Шағбан айының оразасын шамасы жеткендер ғана тұтқаны абзал. Егер Шағбан айында үздіксіз ораза тұтып, Рамазан айындағы парыз оразаға шамасы келмей қалуынан сезіктенген адам болса, ол адамға Шағбан айында ораза тұтудың қажеті жоқ. Өйткені, Шағбан айындағы ерікті оразадан Рамазан айындағы парыз ораза маңызды. Сондықтан да Пайғамбарымыз (оған Алланы игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандарды Рамазан айына екі- үш күн қалғанда ораза ұстаудан тыйған. Әбу Хурайра (оған Алла разы болсын): «Шағбан айының бірінші жартысы өткен соң ораза тұтпаңдар», – деген Пайғамбарымыздың сөзін жеткізеді. Басқа хадистерде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Рамазан айының алдыңғы бір- екі күнінде ораза тұтпаңдар», – деген. Жоғарыдағы келтірілген хадистердің мағынасы – Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Шағбан айында үздіксіз ораза тұтатын қасиетке ие еді. Сол себепті де Рамазан айында әлсіреуден я болмаса шаршаудан қорықпайтын. Ал өзгелерге Рамазан айында әлсіреп қалып, Рамазанды сергек қалыпта қарсы ала алмай қалмасын деген сақтықпен Шағбан айының 15-нен соң ораза тұтпауды бұйырған.