Әлемдік қаржылық дағдарыс және Ислам тағылымдары

Әлемдік қаржылық дағдарыс және Ислам тағылымдары

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Әлемдегі қаржы дағдарысы бүкіл қоғамға өз әсерін тигізуде. Күнделікті телеарналардағы хабарлардан көріп отырғанымыздай, бүкіл әлемді жайлаған қаржы дағдарысы «мен» деген алпауыт мемлекеттердің (АҚШ, Еуропа елдері) экономикасын тамырынан шайқалтты және оның әсері Қазақстанды да айналып өтпеді.

Осыған орай, Елбасымыздың тікелей басшылығымен Үкімет тарапынан экономикалық дағдарысқа төтеп беретін кешенді іс-шаралар жүйесі қолға алынды.

Елбасы әлемде орын алып отырған дағдарыстың алдын алу үшін өткен жылдан бастап Үкіметке біршама тапсырмалар бергені баршаға аян жэне де осы бағытта көптеген іс-шаралар атқарылды. Мысалы, еліміздегі коммерциялық банктердің тоқыраудан аман қалуына былтырғы жылы мемлекеттік қордан бөлінген қаржы өз септігін тигізді.

Қазақстандықтардың дағдарыстан қатты зардап шекпеуі Елбасымыздын ел ішіндегі және сыртқы елдермен жүргізген сарабдал саясатының зор жемісі.

Үстімізгі жылы Елбасының бастамасымен еліміздегі экономикалық тұрақтылыкты сақтап қалу үшін ұлттық қордан қаражат бөлдірді. Бұл қор еліміздегі дағдарысты алдын алу мақсатында құрылған болатын. Қордың құрылуы Елбасының халықымызға қамқорлық көрсетуінің айқын дәлелі және осы дағдарыстың қарапайым азаматтарымызға ауырлық түсірмеуін ойлағанының көрінісі деп те есептейміз.

Дағдарыс ешкімнің де әлеуметтік жағдайына, тұрмыс-тіршілігіне карамайды, ешкімге де таңдап келмейтіндігі белгілі. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей біз дағдарысқа қарсы бірлесіп қарсы тұруымыз қажет.

Әсілінде, мұсылмандар бастарына келетін қандай да бір жақсылықтың да, қиындықтың да Ұлы иеміз Алладан екендігіне кәміл сенеді. Алладан деп білген соң нәтижесі мұсылман баласы үшін қайырлы болмақ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде:

عَجَبًا لِأَمْرِ الْمُؤْمِنِ إِنَّ أَمْرَهُ كُلَّهُ خَيْرٌ وَلَيْسَ ذَاكَ لِأَحَدٍ إِلَّا لِلْمُؤْمِنِ

إِنْ أَصَابَتْهُ سَرَّاءُ شَكَرَ فَكَانَ خَيْرًا لَهُ وَإِنْ أَصَابَتْهُ ضَرَّاءُ صَبَرَ فَكَانَ خَيْرًا لَهُ

«Мүміннің ісі қандай ғажап! Оның қай ісі болмасын қайырлы. Алайда, бұл мұсылманның ғана маңдайына бұйырған. Ол жақсылыққа тап болса, бірден шүкіршілік етеді - бұл оған қайырлы. Егер ол қандай да бір қиындыққа тап болса, дереу сабырлылық танытады - бұл да оған қайырлы» (Бухари, Зекет, 50) -деген. Яғни, Алланың өзіне берген жақсылығы үшін шүкір етіп, алғысын білдірген пендеге Алла да разы болғандықтан, бұл ісі оны сауапқа кенелтеді. Сондай-ақ, басына түскен қандай да бір қиыншылыққа сабыр етсе, Алла тағала оның бұл ісіне сауап жазбақ. Сөйтіп, қиыншылық та мұндай сабырлы пенде үшін нәтижеде қайырлы болмақ. Міне, сондықтан мұсылман баласы үшін жақсылық та, қиыншылық та нәтижеде қайырлы. Ендеше, мұсылман баласы мұндай әлемдік дағдарыс кезінде бәрінен бұрын сабырлы болуы керек. Ақшасынан ұтылса да Алланың ризашылығы мен сауабынан ұтылмауға тиіс.

Иә, сабыр - мұсылманның ең күшті қаруы. Адамзатты кемелдік шыңына жетелейтін ең асыл қасиеттердің бірі. Сабыр - тосыннан қандай да бір қиын жағдайға тап болғанда, әл-дәрменің таусылып, салың суға кеткен сәтте бойыңдағы бар күш-қуатыңды жинап қайраттану, басқа түскен ауыртпалыққа төтеп беру үшін белді бекем буу. Сабыр сақтау - тағдырға ризашылықтың, шүкірліктің белгісі. Тағдырға налып, іштей риза болмаған адам өмірде ештеңеден байыз таппай өтеді. Басын тау мен тасқа соқса да бәрібір қайғы-мұңнан арыла алмамайтыны ақиқат. (Кемелдік кілті)

Жаратушы Иеміз «Бақара» сүресінің 155-аятында бұл жайында:

وَلَنَبْلُوَنَّكُمْ بِشَيْءٍ مِّنَ الْخَوفْ وَالْجُوعِ وَنَقْصٍ مِّنَ الأَمَوَالِ وَالأنفُسِ وَالثَّمَرَاتِ وَبَشِّرِ الصَّابِرِينَ

«Сөзсіз біз сендерді қорқынышпен, аштықпен, мал-мүліктеріңді, өздеріңді әрі өнімдеріңді кем қылу арқылы сынаймыз! Сен (Уа, Мұхаммед!) осыларға сабыр көрсеткендерді сүйіншіле!»-дейді.

Демек, адамның басына әртүрлі сынақ келуі мүмкін. Сондықтан Хақ Тағала сынақ ретінде жіберген бұндай қиын ауыртпалықтарға ризашылықпен көнгендерге сауаптарының тым көп болатындығын Құранда бір неше жерде аранайы сүйіншілеген.

Байқап қарасаңыз, қиындықтармен күресе жүріп шыңдалған адамдар өмірде көптеген жақсылықтар мен табыстарға қол жеткізген. Сондықтан мұсылмандар дағдырысты дұрыс түсінсе, бұл олар үшін барлық жағынан қайырлы болуы мүмкін. Құранда: «Сендердің қайрылы дегендерің сендер үшін жаман, ал жаман деп пайымдағандарың түбі сендер үшін қайырлы болуы мүмкін» («Бақара» сүресі, 216-аят.) деп осы ақиқатты меңзеген. Дағдарыс арқылы әлемдік негізсіз экономика шынайы экономикаға ауысады. Яғни, бүгінгі әлемдік қаржы дағдарысы - әлемді жайлаған негізсіз экономика парағының жабылып, шынайы экономиканың жаңа парағының ашылғандығын білдіреді. Ендеше, бұл адамзат үшін пайдалы. Адамзат дағдарыс кезінде одан сауатты шығудың, жұмысын алға жылжытудың түрлі жолдарын іздейді. Ғылымы мен тәжірбиесін, қабілеті мен бойындағы бар қасиеттерін жұмылдырады. Нәтижесінде өздері де, қоғам да жан-жақты пісіп жетіледі. Төзімділігі мен шыдамдылығы шыңдалады. Бейне бір белгілі бір вирусқа сан рет душар болған жанның денесіндегі ішкі қорғаныс механизмінің іске қосылып, иммунитетінің қуаттанып, автоматты түрде қорғаныс жүйесінің жетіле түсуі секілді.

Бұған қоса, дағдарыс кезінде кешегі молшылық уақытында дүниесіне мастанып, рухани кедейлікке бой алдырған бауырларымыз да тәубаларына келіп, имандылыққа бет бұрады. Бұған қуанбасақ, әсте өкінбеспіз. Себебі, ең үлкен дағдарыс қаржылық дағдарыс емес, адамның өз-өзін жоғалтуы. Иманын әлсіретіп, дүниедегі негізгі мақсатынан жырақ кетуі болмақ. өткенді бір қалталы кәсіпкер азаматымыз дағдарыс кезінде имандылыққа бет бұрғанын қуана айтып жатты. Тіпті, сөзінде әжептеуір мөлшерде ақшамды жоғалттым, бірақ ақшамен өлшенбейтін иманымды таптым. Бұл мен үшін жоғалтқан ақшаларымнан да қымбат дегені әлі есімде.

Қадірлі мұсылман қауым! Өмірде қуаныш пен қайғының егіз екенін ұмытуға болмайды. Қайғыра алмаған адам қуана да алмайды. Сондықтан өмірде қиындыққа мойымай оны жеңе білу үшін адамға ең қажеттісі - сабыр екенін ұмытпайық.

Өмірдің өзі тұтастай өткінші болғандықтан біздегі қуаныш пен қайғы атаулы да өтпелі. Өтпелі нәрсеге бола түңіліп, таусылуға болмайды. Қасиетті Құранда бұл жайлы: «Қиындықтан кейін сөзсіз жеңілдік бар» («Шарх» сүресі, 5-6 аят)-деп құлдарын сабырға шақырған. Тас түнек қап-қара түннің артынан шуағын төккен шұғылалы жарық күннің шығуы қандай заңдылық болса, қиындықтың соңы жеңілдікке ұласатыны да шындық. Тас түнек қап-қара түннің артынан шуағын төккен шұғылалы жарық күннің шығуы қандай заңдылық болса, қиындықтың соңы жеңілдікке ұласатыны да шындық.

Шынтуайтында, қазақ небір қилы-қилы қиын да сұрапыл замандарды басынан кешірді. Қолдан аштыққа ұшыратылып жаппай қырылды. Дәулеттілері мен ел зиялылары қуғын-сүргінге ұшырап, тоз-тоз боп жолда қалғаны жолды қалып, аман қалғандары шет ел ауып, әр жаққа жан сауғалады. Кеңес өкіметі құлағаннан кейін де халқымыз қатты сергелдеңге түсті. Күнделікті қолданатын қант, нан, сабынның өзін талонмен алғаны әлі есте. Бірақ халқымыз мұның бәріне мойымай, табандылық танытып елдігін сақтап, жері мен отанын аман есен бүгінгі ұрпаққа аманаттады. Бүгінде құдайға шүкір тәуелсіздік туы желбіреп, тіліміз бен діліміз қайта оралды. Ел ауқаты түзеліп, әлеумет еңсесін көтерді. Ал халқымыздың басына түскен бүгінгі әлемдік қаржылық дағдарыс қазақтың кешегі бастан өткерген қиыншылығының жанында түк те емес. Сондай-ақ, бұл дағдарыс - әлемдік дағдарыс. Ендеше, оның жүгі де жеңіл болмақ. Қазақ «көппен көрген ұлы той» немесе «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп қандай әдемі айтқан.

Задында мұсылман баласы дүниеге мақсат көзімен емес, құрал ретінде қарайды. Бұл дегеніміз жүрегін дүние сүйіспеншілігіне алдырмай, оны тек діттеген ізгі мақсатқа жету үшін ғана қолданады деген сөз. Мысалы, жағаға жету мақсат болса, су оған жеткізетін құрал. Су арқылы кеме жүзіп өтеді. Кемені адамның жүрегі десек, онда суды негізгі мақсат емес, жағаға апарар себеп деп ұққан жөн. Егер кеме иесі, суды негізгі мақсат санап, кеменіің бүйірін тесіп суды ішіне кіргізе бастаса, онда ол мақсатына жете алмай суға батады. Дәл осы секілді егер адам дүниені жүрегіне кіргізсе, онда сол дүниенің құлына айналып, бар кезде қуанып, жоқ кезде түңіледі. Ондай адамдардың түсінігінде жақсылық тек дүниемен өлшеніп, сыйластық та тек әл-ауқатыңа қарай білдіріледі. Ендеше, дүниеге құл болды деген міне осы.

Ата-бабамыздың ғасырлар бойы ұстанып келген Ханафи мәзһабының негізін қалаушы Әбу Ханифаның басынан өткен мына бір оқиға мұсылман баласының дүниеге деген көзқарасының қандай болу керектігін білдіру тұрғысынан өте маңызды.

«Әбу Ханифа дәулетті адам болса да, жүрегінде еш уақытта дүниеге деген сүйіспеншілік болмаған.

Бірде ол шәкірттерінің арасында отырғанда, оны сынамақ оймен бір адам (яһуди) келіп: «Сенің пәлен жерден қайтып келе жатқан керуенің қарақшыларға жем болды. Енді не істейсің?» - дейді. Әбу Ханифа аз уақыт үнсіз отырып: «Аллаға шүкір», - дейді. Әлгі адам аздан соң қайтып оралып: «Әбу Ханифа, сүйінші! Керуенің табылды. Қарақшылар қолға түсіпті. Малың дін аман жолда келе жатыр», - дейді. Әбу Ханифа тағы біраз үнсіздікке беріліп: «Аллаға шүкір», - дейді. Сонда әлгі адам таңырқап: «Сен неге дүние-мүлкің жоғалғанда да, табылғанда да бір сөзді қайталаумен болдың?», - дейді. Сонда Имам Ағзам: «Керуенің жоғалды дегенде, қиналып сыздар ма екен деп жүрегіме құлақ салдым. Түк болмағандай жүрегімнің бір қалыпты соққанын көріп, «Әлхамду-лиллаһ», - дедім. Кейін «Малың табылды» дегенде қуанар ма екен деп, жүрегіме қайта құлақ салдым. Жүрегім сол баяғыша соғып тұрды. Мен сонда жүрегімде дүниеге деген сүйіспеншіліктің болмағанын біліп, қатты қуанып: «Әлхамду-лиллаһ», - дедім» -деген екен. (Ислам ғылымхалы, 23-бет)

Иә, байлық та, кедейлік те адамды бақытты ететін негізгі себептер емес. Себебі, адам тек асқазаннан ғана тұратын жаратылыс емес. Оның рухы, жүрегі, ішкі сезімдері, арожданы бар. Негізінде адам баласын басқа жаратылыстардан үстем ететін ерекшеліктері де адамның міне осы жақтары. Адам баласының осы ішкі рухани жан-дүниесі қанағаттандырылмайынша, бүкіл әлемді жалғыз өзі уысында ұстап тұрса да оның бақыты бәрібір баянсыз, күлкісі жалған.

Шынтуайтында, әр адам өзінен жоғарыға емес, өзінен де нашар адамдарға қарап өз жағдайына қанағат етуді, шүкіршілік жасауды ғұмырының негізгі ұстанымы ете білсе, өмірден опық жемейтіндігі ақиқат. Мысалы, кез-келген адам өзінен де жағдайы жақсы адамды өмірде кездестірері шындық. Сонда әлгі адам өз басына жетерлік жағдайы болса да ана адамға қарағанда өзінің кедейлеу болғанын ойлап, ішін әлдебір қызғаныш тырмалап, өзін кедей санап, Құдайға назалануы мүмкін. Ал ана бай өзінен де бай басқа адамды көріп, ол да бәсекелестік пен қызғанышқа шырмалуы ықтимал. Алайда, өздерінен де төмен жағдайдағы адамдарға бір сәт көз тастап, өзіне берілген жақсылықтарға ой жүгіртсе, Құдайға мұң шағуды қойып, шүкіршілікке бет бұрар еді. Адам көбіне есепсіз Құдай Тағаланың берген теңдесі жоқ өз бойындағы байлықтан хабарсыз. Зағип адам ешқашан үйдің тарлығын айтып шағымданбайды. «Япырм-ай, «көз» деген айналайын басқа ешбір байлықпен өлшенбейтін Құдайдың берген керемет сыйы екен ғой, мен мұны неліктен ерте сезінбеді екенмін» деп Құдайдан жатса да, тұрса да басқа дүниені емес, тек көзінің айығуын тілейді. Ашаршылыққа душар болған жұрт та «шіркін, бір үзім нан болса ғой» деп аңсайды. Ол алтын мен күмісті яки жақсы машинаны емес, тек соны тілейді. Демек, кедейлік пен байлық адамның өз жүрегіндегі «қанағат» сандығында жатыр.

Байлық та, кедейлік те өзгелерге қарап өлшенгендіктен бұлардың бәрі салыстырмалы түрде болмақ. (Күдікпен күрес, 17-бет) Мысалы, осыдан 15 жыл бұрын «москвич» маркалы мәшинесі болған адам өзін бақытты әрі бай санайтын. Ал бүгінде үлкен мәшинеден кішілеу мәшинеге мінсе, яки он миллион ақшасынан бес миллионы қалса, соған налиды, өзін кедей санайды. Мұны әрине, жүрегімізден орын алған қанағатсыздық, бәсекелестік ауруы деп білуіміз қажет.

Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Өздеріңнен көп берілгендерге емес, аз берілгендерге қараңдар! Сонда ғана Аллаһ Тағаланың сендерге нәсіп еткен нығметтерінің қадір-қасиетін ұғынасыңдар» десе, басқа бір хадисінде: «Нағыз байлық мал-мүліктің көптігінде емес, жүректің, жан дүниенің кеңдігінде» деп шынайы байлықтың мән-маңызын дәлме-дәл ашып берген.

Иә, қанағат - түгесілмейтін қазына. Қанағатсыз адам қанша бай болса да дүниеге тойымсыз келеді. Өйткені, ондай адамның ішкі дүниесі кедей. Бұл жайлы Махмұд Қашқари былай деп жырлайды:

"Жаны кедей адамның құлқыны бір тоймайды,

Оны ешқашан күшпенен толтыруға болмайды"

Ал қанағатшыл адам қара нан жесе де дүниесі түгел. Себебі, оның жан дүниесі бай. Ыбырай Алтынсариннің «Сақып» атты мына бір қысқа әңгімесі осы айтқанымызды дөп басып суреттегендей:

«Сақып деген бір жақсы кісі мал жинамай жүріп, ақырында әл кеткенде қатты кедейшілік тартып, бір күні етігі болмаған соң жалаңаяқ далада жүргенінде, аяқтарын тас жыртып ренжіңкірепті. Сөйтіп келе жатып, екі аяғы жоқ ағаш балдақпен жүрген бір тіленшіге жолықты. Мұны көріп, Сақып аһ ұрып айтты дейді:

- Әй, Құдайым, ренжігеніме тоба қылдым, шүкір саған - менің жүруге аяғымды аман сақтағаныңа; мынау балдақты бишараға жаңадан аяқ табылса, жалаңаяқ та болса жүріп жүруді дүниенің бір қызығы деп білер еді-ау деді,-дейді». (Күдікпен Күрес, 17-бет).

Олай болса, мұсылман баласы дағдарыс кезінде әрдайым бір-біріне тіреу болып, қайырымдылық жасайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: «Көршісі аш жатып, өз тоқ күйде түнеген біздің үмметтен емес» деп жағдайы бола тұра жанындағы мұқтаж жандарға көмектеспей, сараңдық жасайтындарға қатты ескерткен. Қазақ та «өле жегенше, бөле же» деп көпшіл болуға, рақымды болуға шақырған. Ендеше, қолымыздан келгенше айналамыздағы қиындыққа тап болған жандарға көмектесіп, оларды сабырға шақырып, көңілдеріне медеу болуымыз мұсылмандық борышымыз болмақ.

Әбу Ханифа аса жомарт, кеңпейіл, өте адал кісі болатын. Айналасындағы мұқтаж адамдарға үнемі көмектесетін. Көпшілік оның сауда-саттықтағы сипатын Әбу Бәкірге (р.а.) ұқсататын. Ол пайданы ойлап, өзгелердің аңғалдығын пайдаланбайтын. Өз пайдасын қалай қорғаса, өзгелерді де солай қорғайтын. Кедейлерге мейлінше көмектесуге тырысатын.

Бірде Әбу Ханифа Куфа қаласындағы дүкенінде сауда жасап тұрғанда бір әйел жібек көйлек әкеліп, Әбу Ханифаға көрсетіп, сатпақ ниетін білдіреді. Әйел сөзін:

- Бағасы жүз дирһам,-деп бастайды. Әбу Ханифа оған:

- Асықпаңыз! Бұның бағасы қымбат. Сіз аз сұрап тұрсыз,-дейді.

- Маған жүз де жетеді,-дейді әйел.

- Жүз дирһам аз, көбірек сұраңыз,-дейді имам оған.

- Сіз мені мазақ етіп тұрсыз ба? Ал, онда екі жүзге алыңыз - дейді әйел ренжіп.

- Жоқ, мазақ еткені несі. Сіздің ақ көңілдігіңізді пайдаланып, көйлектің өз бағасынан арзанға сатып алатын болсам, ақыретте Аллаға не деп жауап беремін. Сенбесеңіз білетін біреуді шақырып бағасын сұраңыз, - дейді Әбу Ханифа.

Әйел жөн білетін біреуді шақырып, көйлектің қанша тұратынын сұрайды. Олар көйлектің «бес жүз дирһам тұратынын» айтады. Сөйтіп, Әбу Ханифа көйлекті бес жүзге сатып алатын болады. Ақшасын санап жатып, әйелдің көзінен жас шығып имамға: «Сіз маған көп көмектестіңіз. Бұл менің үйлену тойында киген көйлегім еді. Қазір қаражаттан қысылып жүрміз. Бала-шағам екі күннен бері ыстық тамақ ішкен жоқ. Сататын артық нәрсеміз де қалмады. Лажсыз көйлегімді сатуға тура келді. Бұл ақша мүшкіл халімізді біраз жеңілдететін болды. Сізге рахмет, өміріңіз ұзақ болғай»,-деп ризашылық білдіреді. Әйел мұңын түсінген Әбу Ханифа бес жүз дирһамның үстіне, сатып алған көйлекті де оған тарту етеді.

Иә, бір-біріне мейірімділік көрсетіп, қамқор болған қоғамда ешқашан қаржылық дағдарыс болған емес, болуы да мүмкін емес.

Дағдарысты жеңудің тағы бір маңызды тетігі - үнемшілдік. Қажетсіз нәрселерге ақша ысырау етпеу керек. Құран Кәрімде: «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырып жасамаңдар!» деп мұсылмандарды тек дағдарыс кезінде емес, жалпы өмірде ысыраптан аулақ болуға шақырады. Сондықтан, әрбір мұсылман баласы үнемдеуді басты назарда ұстаса, дағдарыстың соққысынан аман қалары сөзсіз.

Бүгінде батыста дағдарыстың қиындығына шыдай алмай тарығып, өздеріне қол жұмсағандарды ақпарат құралдарынан естіп те, көріп те жүрміз. Дүние үшін өз жанын қию - мұсылманға да, адамгершілікке де жат. Исламда өзіне қол жұмсау ең үлкен күнәлардың бірі. Сондықтан, халқымыз өтпелі дағдарыс кезінде мұндай рухани аурулардан бойларын аулақ ұстап, жарқын болашаққа үмітпен қарауға тиіс.

Алла Тағала баршамыздың жүрегімізге имандылық нұрын құйып, бойымызға сабырлық пен төзімділік берсін! Халқымыздың бірлігі мен ынтымағын арттырып, екі дүниенің абыройын нәсіп етсін! Әмин!

ӘБСАТТАР ҚАЖЫ ДЕРБІСӘЛІ

ЭКС МҮФТИ

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: