«АССАЛАУМАҒАЛЕЙКУМ!» деу мұсылмандықтың сипаты

«АССАЛАУМАҒАЛЕЙКУМ!» деу мұсылмандықтың сипаты

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жаһанданудың әсері ме, әлде еліктеушіліктен туды ма, бүгінгі күні жастар арасында амандасудың өзгеше бір түрі қалыптасты. Көшеде бір-бірімен кездесіп қалған жігіттер мен қыздар ешкімнен қысылып-қымтырылмай көрер көзге ұят оғаш қылық көрсетіп бетінен, ернінен сүйіп амандасуды өздеріне ерсі санамайды. Бұл - қазаққа, тек қазаққа ғана емес, жалпы мұсылман жамағатының түсінігіне қайшы, тыйым салынған харам іс. Тыйым салынғандығы жөнінде пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Әнас (р.а.) риуаят еткен хадисінде былай дейді: «Бір кісі Алла Елшісіне келіп: «Ей, Алланың елшісі (с.ғ.с.), дос-бауырларымызбен жолығып, көріскен кезде, оларды құшақтап сүйсек бола ма?» - дегенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Жоқ», - деп жауап берді. Сонда әлгі кісі: «Қолынан ұстап амандассақ бола ма?», - дейді. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Иә, ұшырасқан кісілер қол алысып сәлемдессе, кездескеніне шүкіршілік етсе, Алла тағала олардың тілегін қабыл етіп, күнәсін кешіреді», - деген екен. Хадисте айтылғандай сәлемдесудің салты - қол алысып амандасу. Тек қол алысып қана қоймай, «Ассаламағалейкум (Алланың сізге сәлемі болсын)» деп тіршілігіне, әрбір ісіне Алла тағаладан есендік, амандық тілеу. Осыдан-ақ, мұсылмандық сәлемдесу үлгісінің жай ғана сөз емес екенін ұғасың.

Сонымен бірге «Сәләм» - Ұлы Алланың 99 есімінің бірі. «Әс-Сәләм» - бұл амандық беруші, есен сақтаушы деген мағынадағы сөздерге жақын. Құран Кәрімде бір рет кездесетін осы сөз Аллаға ғана қолданылады. Алланың сәлеммен сипатталуы, Оның бұл сипатқа барлық нәрседен де лайық болғандығынан. Сол себепті де Алланың құлдары арасында сәлемді (бас салып сүю емес) жаю - Исламның ең ізгі амалдардың бірі.

Жалпы, адам баласының рухани тарихында қол жеткізген зор игілігі - сәлемдесу. Оның артықшылығы мен кереметі сонда ─ ол адамзат әдебінің қалыптасуы, бес күндік жалған өмірдегі жұмыр басты пенделердің бір-біріне жылы шырай мен мейір-шапағатын, пейіл кеңдігін үлестіруі. Хақ Исламның мақсаты да адамдардың бауырмалдығын арттыру болса, ал сәлем соның ең бастапқы сатысы. Сондықтан да Исламда тек жолыққан кезде ғана емес, қоштасар сәтте де бір-біріне сәлем беруін құптайды.

Құранда: "Егер сізге сәлем берілсе, (немесе амандасса) сіз одан да жақсысын қайтарыңыз немесе дәл өзіндей жауап беріңіз. Күмәнсіз Алла барлық нәрсені толық білуші" («Ниса» сүресі, 86-аят) делінген. Аятта баяндалғанындай сәлемді ең жақсы түрде немесе тура өзінікіндей қайтаруымыз керек. Ол былай орындалады: Біреу сізге: «Әссаламағалейкум (Алланың сізге сәлемі болсын)!», - десе, сіз оған: «Уағалейкумассалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ (Сізге де Алланың сәлемі мен рахметі болсын)!», - деп жауап бересіз. Ал сәлем беруші: «Ассалаумағалейкум уа рахматуллаһи (Сізге Алланың сәлемі мен рахметі болсын)!», - деп сәлем беретін болса, онда сіз: «Уағалейкумассалам уа рахматуллаһи уа баракату (Сізге де Алланың сәлемі мен рахметі және берекеті болсын)!» - деп жауап қайырасыз.

Адам баласы қашанда бейбіт, басы аман, бауыры бүтін , бір-бірімен тату-тәтті сыйласып өмір сүруді аңсап, армандаған. Оның негізі сәлемдесуден көрінеді.

Бір сахаба пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): "Иә, Расулуллаһ екі кісі кездескенде қайсысы алғаш сәлемдесуі керек?" - деп сұрапты. Сонда "Кімнің Алла тағала алдында қадірі мол болса, сол бірінші амандасады", - деген жауап алады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Күмәнсіз Алла алдындағы ең жақсы адам - ең алдымен сәлем бергені", - деген.

Кейде достарымыздың арасынан «Ассалаумағалейкум» деп амандасу тек намаз оқитындар айтатын сөз» деген еш негізі жоқ уәжді сөздерді естіп жатамыз. «Ассалаумағалейкум» деп амандасу - ол тек намаз оқитын адам ғана емес, жалпы мұсылман қауымына парыз. Бұған Пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистері бұлтартпас дәлел. Дәл осылай сәлем беру арқылы мұсылман жамағаты бір-біріне саулық пен бірлікті мақсат тұтқан. Кез келген мән- мағанасыз («привет», «қалайсың» деген) сөзден, Алланың есімін ауызға алып амандасу мың, тіпті милиион есе артығырақ.

Адамзаттың асыл тәжі, соңғы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) соңғы хұтпасында: «Мен сендерге екі асыл нәрсе тастап кетіп бара жатырмын, бірі - Құран, екіншісі - сүннет», - деген. «Сүннет» - екі жаһан сардары Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың істеген ғазиз амалдары. Кездескен кісіге ең бірінші болып амандасатын және Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір кісімен жолығып, онымен қол алысып сәлемдескен кезде, қашан сәлем беруші кісі өз қолын тартып алмайынша және жүзін бұрмайынша, Ол (с.ғ.с.) қолын тартпайтын, одан жүзін тайдырмайтын. Міне, бұл - сәлем берудің ең әдемі әдебі. Біз де Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне сай амал етіп, кездескенде алғашқы болып сәлем беруге асығатын үмметтерінің қатарында болайық.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (27)

Оқи отырыңыз: