Құлтемір мен «түтіктегі тіршілік»

Құлтемір мен «түтіктегі тіршілік»

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Тарих доңғалағы түзу жүргенде, Ай бетінде жарты ай белгісі бар жасыл жалау тігіліп тұрар еді». Бағзы дәуірдегі ислам әлемінің жеткен ғылыми жетістіктері жайындағы бұл сөйлемді мұсылман емес бір ғалым жазған болатын. Алайда, өз соқпағымен келе жатқан тарих доңғалағы күтпеген жерден кілт бұрылды, сол кезде Тигр өзенінің суы алты ай бойына кітап сияларымен қап-қара боп ағып жатты. Бағдадты шапқан моңғол әскерлері қаладағы әлемге әйгілі кітапханаларды күл-талқан етіп, ғұлама ғалымдардың еңбектерін суға ағызып, ғылымға орны толмас жойқын соққы жасады.

Бағдад қаласында сол дәуірде «Даналық үйі» деп аталатын аса ірі кітапхана, әрі ғылыми орталық болған еді. Өкінішке орай, орта ғасыр ғылымының шырқау биігінде тұрған оның барлық кітаптары моңғолдардың қолымен Тигр өзеніне тасталды. Шапқыншылықтан кейін ислам елінде тұрақсыздық белең алып, діннен безген мұсылмандардың өздері ата-бабалары жасап кеткен ғылым жүйесін тас-талқан етті. Тарих ұмытылды. Өз заманында әлемнің алды бола білген мұсылман ғалымдары қандай еді, қазір қандай? Біздің бүгінгі күйіміз дәл сол дәрежеге жетпейінше, өткен өркениетіміздің заңғар жетістіктерін жазудан қолдағы қалам мұқалмақ емес.

Астрономия, эволюция теориясы, антропология (адамтану), психиатрия, оптика, навигация (кеме жүргізу ісі), геология, сәулет өнері, экономика - бұлар мұсылмандардың дүниежүзі халықтары үшін даңғыл жол ашқан ғылым салаларының бір тобы. Қазіргі күнге дейін ғаламдағы ірі жұлдыздардың көпшілігі арабша аталатынын айтсақ та жеткілікті. Бұрынғы ислам әлемінің жетістіктері жөнінде жазған бір автор өз мақаласында: «Неліктен ғарышқа тұңғыш ұшқан адамның есімі «әл» жұрнағынан басталған жоқ?» деп оқырманға орынды сауал тастайды.

Ислам әлемі сол дәрежеге лайық болатын. VІІІ ғасырда Бағдад көшелеріне жер бетіне шығып жатқан мұнайдан алынған «гудрон» деп аталатын өзінше бір «асфальт» төселетін. Ал Иракта Х ғасырда өзендермен кеме-диірмендер жүретін. Олар қалалардың қасына тоқтап, зәкір тастап, тәулігіне 10 тоннаға дейін ұн тартып беретін. 953 жылы Мысыр билеушісінің бұйрығымен сия құятын арнайы резервуары бар әлемдегі тұңғыш қаламсап жасалынған еді.

ИСЛАМ ӘЛЕМІНІҢ ДА ВИНЧИІ

Мұсылман ғалымдары, әсі-ресе, механика саласында көп ілгері басты. Бұл жерде «Ислам әлемінің да Винчиі» аталып кеткен атақты инженер Исмаил ибн әл-Раззаз әл-Жазариді (1136-1202) ауызға алмай кетуге болмас. Ол дөңгелектен кейінгі ең маңызды механикалық деталь - иінді валды ойлап тапты.

Оның сызбалары негізінде екі тактылы қақпақшалы сорғыштар, бөгендер және су тартатын машиналар құрастырылды. Әл-Жазари әр жарты сағат сайын уақытты соғып тұратын су сағаттарын, субұрқақтар, музыкалы автоматтар жасап шығарса, 1196 жылы өзінің қолынан шыққан адам тәріздес төрт құлтемірді (робот) көпшілік назарына ұсынды.

Құлтемірлер қайықта отыр-ған музыканттар бейнесінде болатын. Бұл жасалым үлкен мейрамдар кезінде өзенге жіберілетін. Олар барабанда және ежелгі цимбал аспабында ойнап, музыкалық әуенді орындайтын. Бұл жаңалық жергілікті әмірлерді қуанышқа бөлегенімен, шексіз таңданысқа қалдырған жоқ. Өйткені, Х ғасырда-ақ Бағдад халифы әл-Муктадирдің сарайы алдында шиқылықтайтын және қанаттарын қағатын алтын құстары бар алтын ағаш тұратын еді. Ислам елдерінде құлтемір жасау ісі сол кезде басталған.

Әл-Жазари бүгінгі күнге дейін қолданыстан шықпаған өзге де ондаған технологияның негізін салушы. Атап айтқанда, ағаштарды ламинирлеу (ламинирование), металл есіктер, кодты құлыптар, кез келген ендікке арналған күн сағаты бар компас, т.б. тұңғыш рет жасады.

Мұсылман инженерлері ислам ғылымының алтын дәуірінде бүгінде бізге жақсы таныс жел диірмендері, жа-рықты қосып-өшіргіштер (ІХ ғасыр), желдеткіштер (ХІІІ ғасыр басындағы саяхатшылар Каирдің әр үйінде желдеткіштер болғандығын жазады), сулы және булы турбиналар және желден қорғалған шырағдандар секілді бұйымдарды ойлап тапты.

ХИМИЯНЫҢ АТАСЫ - МҰСЫЛМАНДАР

Алхимия туралы сөз қозғалса, біз исламдық кезеңді «секіріп өтіп», Бэкон, Фламель, Агрипп және Парацельстерді бірден еске аламыз. Бұл ғылымның дамуына ислам оқымыстыларының қосқан үлесі бүгінгі таңда тым аз айтылады. Бұл әділеттілік емес, себебі біздің даңқты ата-бабаларымыздың химиядағы жеткен табыстары мен оған қосқан үлесі ұлан-ғайыр. Айыру кубын, ретортаны жасап, қышқылды (кислота), сілтіні сипаттап, айырған мұсылман ғалымдары болатын, сөйтіп олар талан-тараж етіліп, ұмыт болған ежелгі гректер мен мысырлықтардың ғылыми жетістіктерін өмірге қайта әкелді.

Ислам алхимиктерінің алғашқы жарық жұлдызы - Еуропада Гебер деген атпен таныс ирандық ғалым Әбу Мұса Жабир ибн Хайян (721-815) болатын. Ол сол заман үшін санаға сыйғысыз мақсаттарды көздей отырып, әртүрлі базалық химия операцияларын жасады.

Гебер «шыны түтіктегі тіршілікті» жасап шығарғысы келген тарихтағы тұңғыш ғалым, кейін зертханалық жолмен шаян, жылан, тіпті адам өсіріп шығару бойынша оның күрделі нұсқаулары сан ғасырдағы ғалымдардың бастарын қатырған еді. Бұл бағытта ол нақты нәтижеге қол жеткізбесе де, тіршілік жасауға талпыну барысында таза спирт алудың (адамзат тарихында тұңғыш рет) жолын тапты. Ол бұны «әл-кухуль», яғни «есеңгіретуші» деп атады. Х ғасырдан бастап осы жолмен таза спирт жаппай өндіріске түсті.

Исламда ішімдік тұтынуға тыйым салынғандықтан, мұсылмандар спиртті тек медициналық мақсаттарда ғана пайдалана бастады, кейін шармықшылар (кресшілер) бұл әдісті тез игеріп алды. Спиртті «тірі су» (aqua vitae) деп атап кеткен солар болатын.

Дистилляция, яғни тазарту әдісін ашқан мұсылман ғалымдары ХІ ғасырдан бастап парфюмерияда және аспазшылықта (кулинария) пайдаланылатын хош иісті майларды және эссенцияларды бөлуді үйренді. Кейін олар Батыста «миазмалармен күресу үшін» қолдан-қолға өтіп, сатыла бастады.

VІІІ ғасырда бағдадтық ғалымдар тіпті мұнайды сорып, одан керосин алудың да тәсілін тапқан еді. Керосин оған дейін шырағдандарды жағу үшін қолданылып келген майдың орнын алмастырды. Арнайы әдіспен тазартылған суды шөл даланы ерсілі-қарсылы кезген керуендер пайдаланды: жәй суларға қарағанда, тазартылған сулар ыстықта бұзылмайтын еді. Жабир ибн Хайян құрамына тіпті асыл металлдар араластырылған «патшалар сусыны» деп аталатын қышқылдар қоспасын да жасады.

ЖИҺАД ҚАРУЫ

Біз қытайлардың оқ-дәрілі отшашу (фейерверк), гректердің мұнай мен селитраның қоспасымен жау кемелерін өртеу әдістерін жақсы білеміз. Бұл жарылғыш зат көңнен де жасалатын. Ал Х-ХІ ғасырларда мұсылман ғалымдары химиялық таза селитраны алудың жолын тауып, оқ-дәрі жасаудың оптимальді тәсілін ұсынды (75% селитра, 10% күкірт, 15% көмір).

Жаңа жарылғыш құрылғы сол кезде ислам әлемін кресшілерден құтқарған «таңғажайып қару» атанбаса да, ежелгі соғыстарда жаулардың құтын қашырған үрейге айналды. 1168 жылы рыцарьлар Каирді қоршауға алады. Арабтар қаланы жау қолына бермес үшін түгелдей өртеп жіберуді көздейді. Тарихшылардың баяндауынша, «караз шами»деп аталатын тез тұтанғыш керамикалық гранаталар пайдаланылып, қала 54 күн бойы алау құшағында болған екен.

Мұсылман әскері франктарға қарсы өткізген әл-Мансұр қаласы маңындағы айқаста да (1250 жыл) осындай құрылғыларды қолданған. Сол соғыс куәгерлерінің қалдырған деректері бойынша, мұсылмандар жауға қарай оқ-дәрілі құмыралар лақтырып, еуропалықтарды орасан зор шығынға ұшыратқан. Нәтижесінде, франктар тым-тырақай қашып, басшысы Людвик ІХ тұтқынға түскен.

1291 жылы мұсылмандар Акра қаласын алып, кресшілерге ойсырата соққы берді. Қаланы қоршау кезінде қамал-қабырғаның түбіне қопарғыш миналар қойып, жарған, арнайы серіппелі машиналар қала ішіне сол заманның жарылғыш бомбаларын лақтырған, ал садақшылардың оғына кішігірім жарылатын зат байланған көрінеді.

Кейін келе мұсылман әскерлері қытай зеңбіректері секілді алғашқы ату құралдарын жаппай өндіріске шығарып, қолдана бастады. 1453 жылы Константинопольді қоршау барысында «Базилика» атты 32 тонналық алып бомбарданы іске қосты. Ол қала қамалын күл-талқан етті.

1260 жылы әл-Жалут қаласы маңында болған моңғолдармен шайқас кезінде мұсылмандар жаңа қаруды атысқа шығарды. Бұл Шыңғысхан ұрпақтары әскерінің Таяу Шығысқа тақаған кезі еді. Оларға әйгілі мәмлүктер қарсы тұрды. Бұған дейін жеңіліс көрмеген моңғолдың далалық атты әскеріне мәмлүктер «мидфа» деп аталатын ауыспалы патронды тез қозғалғыш зеңбіректерді пайдаланды. Жауынгерлер атыс барысында отқа күйіп қалмауы үшін үстеріне өрттен қорғайтын киім киіп, қолдарына тальк сеуіп қойды.

Сириялық оқымысты Хасан әл-Рамма 1275 жылы әлемде тұңғыш рет реактивті торпеданың сызбасын жасаған болатын. Бұл - реактивті қозғалтқышы бар екі жылжымалы оқпанға орнатылған қарапайым бомба еді. Алайда, жаңалық сызба күйінде қалып, тек 500 жылдан кейін ғана өндіріске енді.

Сұлтан Типу (Оңтүстік Үндістан, ХVІІІ ғасыр) Майсур князьдігін басып алғысы келген ағылшындарға қарсы кеңестік «Катюшаға» ұқсайтын металл корпустарға орнатылған реактивті снарядтарды қолданды. Олардың ұзындығы 2,5 метр, ұшу қашықтығы 1,5 шақырымға дейін жететін.

...Міне, ислам әлемінің алғашқы дәуірлердегі өркениеті, ғылыми табыстары осындай болатын. Ал Айға ең бірінші ұшқан адамның мұсылман болмағандығы - кейінгі ғасырларда ислам әлемінде өзге де да Винчилердің тумай қалғандығымен байланысты. Кейінгі мұсылмандар ғылымды діннен бөліп, оны керек қылмай, қатты қателесті. Оның кесірі ғылымдағы ойсырай құлдырауға әкеліп соқты.

Рақымы мол Алланың көмегімен және өзіміздің қайрат-жігеріміз арқылы мұсылмандар әлемінен жоғарыда айтылғандай дүниені таңдай қақтырған ғалымдар шығар болса, сол кезгі өркениетке жетуге болады. Құранда Алла тағала айтқандай, біз өзімізді өзгертпейінше, Ол бізді өзгертпейді...

Ескендір Тасболат

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: