Алла тағала Құран Кәрімде адамдарды білім деңгейлеріне қарай, білімділер мен қарапайым халық деп екі топқа бөлді. Ол білімділерге ақиқатты жасырмауды, ал қарапайым халыққа білім иелерінен сұрауды міндеттей келе: «Егер білмесеңдер, ғылым иелерінен сұраңдар» («Нахл» сүресі, 43-аят),- дейді.
Сол себепті де сахабалар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тірі кезінде де, дүниеден қайтқаны-нан кейін де, әрбір істерінде Оның (с.ғ.с.) іс-әрекеттері мен ақыл-кеңестерін басшылыққа алатын. Әбу Бәкір әс-Сыддық (р.а.) халифа болған тұста сахабалар білмеген істерін одан сұрайтын. Мұсылмандардың әміршісі болып Омар (р.а.) сайланғанда, халық өз істеріне қатысты сұрақтарын одан сұрайтын еді. Міне, сол сияқты, Ислам дінінің алғашқы қарлығаштары - Осман мен Әли, оларға Алланың разылығы болсын, билік құрған кезеңдерде де жағдай осылай болатын...
Ислам тарихында ең алғашқы бүлік (фитнә) адамдардың мұсылман үкіметінің басшылығымен келіспеушіліктерінің және оған қарсы шығуларының салдарынан болған-ды.
Ислам діні мұсылмандардың бүкіл мәселелерде, соның ішінде, құлшылық мәселелеріндегі бірлігіне қатты көңіл бөледі. Бұл тұрғыда Алла тағала: «Аллаға, әрі елшісіне бой ұсыныңдар, өзара жанжалдаспаңдар, онда үрейленесіңдер де, құттарың қашады» («Әнфал» сүресі, 46-аят),- дейді. «Мушриктерден (Алладан басқаға да құлшылық етушілерден) болмаңдар. Сондай олар діндерін бөлшектеп, топтарға бөлініп, әрбірі өз алдындағыларына мәз болғандар» («Ар-рум» сүресі, 31-32-аяттар). «Сенің Раббың рахым жасаған адамдардан басқалары қарама-қайшылықта болудан тоқтамайды» («Худ» сүресі, 188-119-аяттар).
Абдуллаһ ибн Амр, оған Алланың разылығы болсын, былай дейді: «Бірде таңертеңгісін Алланың елшісіне, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, барғанымда бір аят жайлы дауласып тұрған екі кісінің дауысын естідім. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, шығып, ашуланған кейіпте: «Расында, сендерден бұрын өмір сүргендер Алланың кітабы жайында болған келіспеушіліктерінің салдарынан құрып кеткен»,- деді».
Тәмим әд-Дари есімді сахаба риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Дін - насихат»,- дейді. Сонда сахабалар: «Кімге?»- деп сұрайды. Ол (с.ғ.с.): «Аллаға, Оның кітабына, елшісіне, мұсылмандардың басшыларына және де жалпы мұсылмандарға»,- деп жауап береді.
Имам ән-Нәуауи осы хадиске түсініктеме бере отырып: «Мұсылман басшыларына деген насихат оларға ақиқат жолындағы көмекте, ақиқатта оларға бойсұнып және оларды ақиқатқа шақыруда, жұмсақ сөзбен, сыпайылықпен, білмеген немесе назар аудармаған мұсылмандардың құқықтары туралы естеріне салуда, оларға қарсы шығудан аулақ болуда және адамдар арасында оларға бойсұнудағы махаббатты туғызуда танылады»,- дейді.
Ғұлама әл-Хаттаби мұсыл-мандардың басшыларына болатын насихатқа олар үшін жасырын дұға жасау, олардың басшылығы қарамағында күресу, оларға зекет-садақаларды жинап беру, оларға қарсы қару көтермеу, қателескені не жамандығы білінсе, өтірік мадақпен адастырудан бас тарту және олардың түзелуі үшін дұға істеу де жатады деген. Сонымен қоса, әл-Хаттаби: «Мұсылман басшылары мен дін ғұламалары бір қатарда тұрады»,- дейді. Сондықтан да оларға деген насихат олардың аманатын қабылдау, шешімдеріне еру және олар жайлы жақсы ойда болу деп білеміз.
Әбу Һурайрадан риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендердің оразаларың халық ораза бастаған күні басталады, ал ауыз ашуларың халық ауыз ашқан кезде бітеді. Және құрбандықтарың халық құрбандық шалған күні болады»,- деген. Сондықтан да ғұламалар осы хадиске сүйеніп, егер де қандай да бір халықтың (мемлекеттің) айт намаздары мен құрбандықтары басқа мемлекеттердің айт намаздары мен құрбандықтарын шалатын күнге сәйкес келмесе, онда осы қоғамның мүшесі болған әрбір адамға, келіспеушілікке жол бермеу үшін, өз халқымен бірге айт намазын оқып, құрбандық шалғаны жөн болады.
Бұрынғы өткен ғұлама-ларымыз мұсылмандардың кейбір мәселелерде өзара келіспеушіліктерін тастап, бір көзқарастың астында бірігулерінің қажеттілігін терең түсінген. Сондықтан да олар өз имамдарының артында тұрып, намаз оқу барысында оларға ешқашан қайшы келмеген және намаз бен өзге де ғибадаттарды имам пікіріне сәйкес келмейді деп тастап қоймады.
Міне, бұл сөзімізге әуелде өткен, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) серіктері болған сахабалардың және үмбет ғалымдарының іс-әрекетінен дәлелдер келтіре кетелік. Мысалы, әділетті халифа Омар (р.а.) мұсылмандар арасында ауызбірлік болып, келіспеушіліктен арылу мақсатында сахабаларды жаназа намазының төрт тәкбіріне біріктірген-ді. Үшінші салиқалы халифа Осман (р.а.) сапар кезінде намазды екі рәкағатқа қысқартпаған. Ибн Масғуд оған өз қарсылығын білдіргенімен, соңынан ұйыған кезде төрт рәкағат намаз оқитын еді. Бұл туралы одан сұрағанда, ол: «Келіспеушілік - жамандық»,- деген екен. Осыған ұқсас хадис Әбу Зардан да жеткен.
Әл-Уәлид ибн Уқба адамдарға имамдық еткен таңғы намазын төрт рәкағат етіп оқығанда, оған ұйыған сахабалар да (олардың арасында Абдуллаһ ибн Масғуд та бар) бұл намазды төрт рәкағатпен оқыған.
Біздің мәзһабымыздың имамдарының бірі, имам Әбу Ханифаның шәкірті болған, ғұлама Әбу Юсуф «қан кету (қансырау) дәретті бұзады» деп санаған. Бірақ, мұсылмандардың әміршісі денесінен қан кеткеніне қарамастан намазға тұрып имам болғанда, Әбу Юсуф оның артынан ұйып намаз оқығаны белгілі. Кейін серіктері Әбу Юсуфтан: «Қаны кетіп, дәреті бұзылған адамның соңынан қалайша намаз оқыдың, бұл сенің пікіріңе қайшы келеді ғой?!»- деп сұрағанда, ол: «Субхан Алла, бұл мұсылмандардың басшысы ғой?!»,- деп жауап береді...
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Имам намазды басқару үшін қойылған, оған ұю - міндет, ал қарама-қайшы амалдар жасауға қатал тыйым салынған»,- дейді. Бұл хадисте имамға сыртқы амалдарда еру айтылғаны туралы ғалымдар арасында ешқандай да келіспеушілік жоқ. Келіспеушілік, тек қана ішкі амалдарда. Мәселен, ықылас жайында болған еді. Сондықтан ғұламалар осы хадис бойынша: «Имамға ұйыған кезде оның амалдарына толық еріп, оған қайшы келетін амалдарды істемеу керек» деп айтқан. Егер имам намаздың ішінде қолын көтермейтін болса, онда оған ұйыған намазхандарға да қолын көтермеген жөн. Олар дәл имамға сай намаз оқиды. Яғни, имам Әбу Ханифа мәзһабы бойынша намаз оқитын болса, олар да осы мәзһаб бойынша намаз оқиды, тіпті, басқа мәзһабты ұстанған болса да. Бұл пікір осы хадисті түсіну жағынан да, нақты шындық бойынша да дұрыс.
Имам мен оған ұйығандар «Әмин»-ді дауыстап айтуы керек деп санаған Сауд Араб мемлекетінің Ибн Ал-Усеймин сияқты кейбір үлкен ғұлама-лары егер имам «әмин»-ді іштен айтса, онда оның артынан ұйы-ған жамағат та, келіспеушілік-ті болдырмас үшін, «әмин»-ді іштен айтқаны жөн деген.
Сонымен қатар, егер біреу қандай да бір мәселе бойынша өзі ойын дұрыс деп санаса да, оған мешіт имамдары мен ұстаздарымен дауласудан аулақ болғаны абзал. Өйткені, көбінесе қарапайым адамдарда бұл жайлы ілім жетіспейді, әрі мұндай жағдайлар мұсылмандарды өзара келіспеушілікке, бөлінуге алып барады.
Діни істер жөніндегі комитет пен Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы қарамағын-дағы діни мәселелерді шешу үшін ортақ ислами құқықтану заңнамасы керек. Біздің жағдайымызда бұл - ата-бабаларымыздан мирас болып келген, әйгілі имам Әбу Ханифа және оның екі атақты шәкірті: Әбу Юсуф пен Мұхаммед ибн Хасанның мәзһабы (р.а.). Егер Діни басқарма тарапынан бір-біріне қарама-қайшы пәтуалар шығарылатын болса, мешіттегі мұсылмандар намаздарын әртүрлі оқитын болса, бұл жайт халық арасында, мұсылмандар арасындағы дау-дамайға, жанжалға, келіспеушілікке әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан да бұрынғы және қазіргі мұсылман басшылары билер мен мүфтилерге өз мемлекеттерінде бір ғана мәзһабты ұстануларын әмір еткен. Дәл осы жағдай біздің елімізде де көрініс беріп қалуда.
Сол себепті де егеменді ел тұтастығын, мұсылмандардың ауызбірлігі мен ынтымағын қалаған әрбір имам, әрбір мешіт жамағаты, мұсылман бауырлар бұл игі мақсатты іске асыруға бар күш-жігерін салуы қажет.
Ибраһим ТАИРЖАН