Исламдағы алтын тағу мен жібек киім киюдің үкімі

Исламдағы алтын тағу мен жібек киім киюдің үкімі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Менің бұл мақаланы жазып дайындауыма, мешітке алтын бұйым тағынып келген бір ер адамды кездестіруім себепші болған еді. Әлгі кісіден: «Неге алтын бұйым тағып жүрсіз? Ислам діні бізге оны харам етпеді ме?»- деп сұрағанымда, ол кісі маған сенімсіз бір көзқараспен: «Бұл алтын жүзік маған әкемнен қалған бұйым!»- деп жауап қайтарды. Дәл осы оқиғаға ұқсас, бір ер адамды кездестірген едім. Бірақ, бұл жолы мен оған емес, керісінше, ол маған: «Жібек матадан тігілген киім-кешектерді киюіме болады ма?»- деп сұрағын қойған-ды. Сөйтіп, мен Аллаға тәуекел ете отырып, осы сұрақтарға аз болса да, қанағаттанарлықтай жауапты іздедім.

Мұсылман болған ер адамдарға жібек киімді киюге байланысты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетінде нақты, әрі анық түсініктеме берілген. Осы түсініктемелерді негізге ала отырып, Ислам ғұламаларының барлықтары бір шешімге келген.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Менің жолыма ілесушілерден (үмбеттер) болған әйелдерге алтын рұқсат және ерлерге тыйым салынған»,- деген. (Абу Муса; Ахмад; ан-Нәсаи, ат-Тирмизи).

«Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жібек киім киюді тыйым салған, егер тек қана екі саусақ көлемінен аспайтындай болса, ол сұқ саусақ пен ортанғы саусақ», - деп айтқан. (Омар; Мүслим). Ал Ахмад пен Абу Дауд риуаяттарында осы хадистің жалғасында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына сөздерді қосып айтқанын жеткізеді: «... және (с.ғ.с.) білезігін көрсетті».

Мүслим мен Ахмадтың хадистер жинақтарында Асманың Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үстіне киіп жүрген киімін шығарып көрсеткендігі жайлы хабарлайды. Сол киімнің бір бөлігі 22,5 см көлеміндей жерде жібек матамен жалғасып кестелеп тігілген болатын. Асма: «Айша (р.а.) қайтыс болған кезде бұл киім маған берілді және Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сол киімді киіп жүрді»,- деген.

Пәтуә беру (үкім беру, шешім қабылдау) жағынан атақты болған сахабалардың бірі Ибн Аббас (р.а.) былай деп айтқан екен: «Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) мұсылман болған ер адамдарға таза жібек матадан тігілген киімдерді киюге тыйым салған. Ал киімнің белгілі бір бөлігі ғана жібек матадан құралған болса, онда мұндай киімді киюге тыйым салынбаған-ды» (Ахмад; Абу Дауд).

Пәтуә беретін Ислам ғалымдарының барлығы бір шешім қабылдап, киімнің белгілі бір мөлшері ғана жібек мата болса, киюге рұқсат берді. Бірақ, белгілі бір мөлшерді анықтау барысында ғалымдар әртүрлі ойларға бөлінді. Олардың кейбіреуі киімнің төрт саусақтың көлеміндей ғана болса рұқсат берсе, ғалымдардың басқа тобы тігілген киімнің мата түрлерінің ішінде құрамының елу пайызынан аспауы қажет деп шешім қабылдаған.

Ең дұрысы, мұсылман ер адамдарға таза жібек матадан тігілген киімді киюге мүлдем болмайды. Шариғат оны біздерге харам еткен яки тыйым салған. Ал ондай киімді киетін жағдайдың өзінде, сол жібек матасы киімнің құрамындағы маталар ішінде тек екі-төрт саусақ көлемінде немесе елу пайыздан аспайтындай болуы керек.

Ал енді алтыннан жасалған зергерлік бұйымдарға тоқталатын болсақ, ер адамдарға тағып жүрулеріне мүлдем болмайды. Тіпті, ол алтын - тағылатын бұйым құрамының аз мөлшерін құрағанның өзінде де, шариғатпен харам етілді.

Егер осы жібек киім кию немесе кимеу сіздің ішкі дүниеңізде күмән тудыратын болса, тақпағаныңыз абзалырақ болар еді. Неге десеңіз, әрбір күмәнді нәрселерде харам, әрбір харамда күнә бар...

«Бұл алтын жүзік маған әкемнен қалған бұйым!»- деп жауап қайтарған кісіге және қалған ер азаматтарға айтар сөзім: ол сізге жақын адамнан қалған зат болса, оны тақпауға тырысыңыз! Егер сіз харамға түспейін деп, Алланың ашуын шақырмайын десеңіз, ол затты лақтырмай-ақ шешіп алып қойыңыз, мұндай ісіңізге марқұм болған жақын адамыңыз қуанбаса, ренжімес. Өйткені, сіз, нағыз Алладан қорқатын шынайы құлсыз және Оның әмірін орындаушысыз. Ал әмірлерін орындаған құлдарына Алла тағала әрдайым ризашылығын білдіреді. Осыны естен шығармауымыз жөн.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: