– Бүгінгі қоғамда ислам ішінде небір ағымдар пайда бола бастады. Сол ағымға кіріп кеткен жастарымыздың аузынан: «Қазақ дінсіз болған, Аллаға серік қосқан, аруаққа табынған, ата-бабаларымыз адасқан» дейтін сөздерді жиі еститін болдық. Сіз айтыңызшы, қазақтың діні қандай болды? Қазақ дінсіз болған ба?
– Діннің тарихына үңілетін болсақ, ислам діні Сауд Арабиясында VII ғасырда пайда болды. Ал, қазақ даласына VIII ғасырда келген. Тарихтан белгілі, Х ғасырда қараханидтер дейтін ұлы мемлекет болған. Ислам соның мемлекеттік дініне айналады. Біздің исламды VIII ғасырдан бастап қабылдағанымыздың үлкен дәлелі – Х-ХІ ғасырларда қазақ даласында діннің үлкен ренессансы болады. Сол уақытта дін ғұламалары дүниеге келеді. Атап айтсақ, ислам дініне бағыт-бағдар көрсеткен, ата дініміздің қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ұлы даламыздың ғұламасы Қожа Ахмет Иассауи, оның шәкірттері – Хакім ата деп аталып кеткен Сүлеймен Бақырғани, Софы Аллаяр, Ахмет Иүгнеки, Сайф Сарайлар және әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Мұхаммед Хайдар Дулати сынды ғұламалар шыққан. Бір Отырардың өзінен 30-ға тарта әл-Фарабилердің болғанын қазіргі зерттеушілер зерттеп жазып жүр. Қарап отырсаңыз, ислам діні пайда болғаннан кейін бір ғасыр өтер-өтпес уақытта дін қазақ жеріне тарай бастаған. Сондықтан да қазіргі кезде кейбіреулердің «Қазаққа дін тарамаған» дегені – бос сөз. Мұндай сөзді олар қазақтың тарихын білмегендіктен айтады.
Енді екінші бір мәселе, ХІХ ғасырда кейбір орыс зерттеушілерінің қазақтардағы мұсылман дінінің әлсіздігі туралы, кейбіреулерінің қос дінді ұстанатындығы жайында жазған пікірлері бар. Бұл пікірлер де негізсіз емес. Өйткені қазақ даласы орыс мемлекетіне қосылар алдында 300 жылға созылған қазақ-жоңғар соғысын бастан өткерді. Үш ғасырға созылған соғыстың кесірінен мұсылман ренессансының нәтижесінде дүниеге келген алып ислам мәдениеті бірте-бірте әлсірей бастайды. Араб саяхатшылары Мауераннахр жайында былай жазады: «Сырдарияның жағалауынан тамның үстіне секіріп шыққан лақ тамнан түспестен секіріп отырып, Әмударияға дейін жетеді», – дейді. Яғни бұл Мәуреннахрдағы, біздің бабаларымыздың ежелгі байтағындағы, былайша айтқанда, жиделібайсындағы қалалардың тығыздығын байқатқан. Сол қалалардың бәрінде: Сығанақ, Сауран, Янгикент, Тараз, Сайрам, Отырар, Ясы, Қарнақта медреселер, діннің ошақтары болған. Иассауиді, Сүлеймен Бақырғаниді, Жүсіп Баласағұнды, әл-Фарабиді, Софы Аллаярды тудырған ұлы мәдениет ошақтары жоңғар шапқыншылығының нәтижесінде қирап, медреселер күйзеліске ұшырап, көбісі құрып кетті. Сол шапқыншылықтың кесірінен қазақтар бұрынғы отырықшылық мәдениетінен алыстап, бірыңғай көшпелі шаруашылыққа көшуге мәжбүр болды. Жазушы Мұхтар Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі» атты еңбегінде: «Сол кезеңде қазақтардың дінсізденуі, моральдық хал-ахуалының, ахлағының әлсіреуі басталды», – деп ашық жазады. Орыстардың «қазақтардағы дін әлсіз» деуінің себебі осыдан, яғни осындай бір сұрапыл, нәубет замандарды басынан кешіргендігінен. Содан ХІХ ғасырда қазақ әлеуметі орыс мәдениетімен бетпе-бет келіп, олардың боданына айналады. Отарлаудың қауіпті қыспағына түскен қазақтарға өзге жат өркениеттің көмейіне жұтылып кету қаупі туды. Міне, осы кезде діннің екінші бір ренессансы пайда болды. Біздің қазақтың басшылары, ғұламалары, Құнанбай сияқты ел қамын жеген ерлері егер қазақ қазір исламға бет бұрмаса, дінді жаңғыртпаса, қазақтың орыстанып, шоқынып, ұлттың жойылып кету қаупі барын іштей сезді. Осы кезде батыста Жәңгір хан, Қарқаралыда Құнанбай қажы мешіт салдырса, оңтүстікте Маман бай, шығыста Әбдікәрім болыс медресе салып, үлкен қайрат көрсетті. Осы отарлану қаупі тудырған діни жаңғырығудың нәтижесінде ел ішінде Орта Азияның діни оқу орындарын тамамдаған Науан хазрет сынды ғұламалар пайда болды. Осы факторлардың барлығы қазақ даласында діннің екінші бір ренессансын тудырды. Қазақ балалары медреселерде оқи бастады. Алаш қозғалысы көшбасшыларының барлығы дерлік медреселерден тәлім алып шыққандар. Осындай күрделі де қиын процесті қазақ басынан өткерді. Объективті болу үшін осының бәрін ескерген жөн. Сондықтан да қазақ ешуақытта дінсіз болған емес.
– «Біз таза исламды ұстанамыз, діннің тазалығы үшін күресеміз» дейтіндер де бар? Бұлар кімдер?
– Ол рас, қазір біреулер «таза ислам» жайында жиі пікір айтатын болды. Арабтың «сәләф» деген сөзі «таза исламды ұстанушы» деген мағынаны береді. Олар VII-VIII ғасырларда өмір сүрген. Яғни Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабалары. Таза ислам жайында пікір айтып жүргендер өздерін «сәләфиміз» дейді. Халық оларды ішінара «уаһһабшылар» деп те жүр.
– Жалпы, «дін тазасы» деген не өзі? Дін өзі таза бола ма?
– Дін Сауд Арабиясында пайда болды. Құран араб тілінде түсірілді. Алайда Аллаһ тағала дінді арабтарға ғана емес, бүкіл адамзатқа түсірді. Құран арабша болғандықтан, араб тілін білу керек. Өйткені, Абай атамыз: «Кімде-кім араб тілін білмесе, дінді таза білмейді, көп сөйлеп, басты ауыртады», – дейді. Жалпы, араб тілін білу шарт. Енді дін түскенге дейін арабтардың өздерінің ұстанған әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері, діни наным-сенімдері болды. Исламды арабтар өздерінің наным-сенімдері, салт-дәстүрлері арқылы қабылдады. Әрине, олардың надандық заманындағы дәстүріне көптеген өзгерістер енгізілді. Көп құдайға табынушылық жойылды, қыздарды тірідей көмуге тосқауыл қойылды. Сол кезде мәдениет деген пайда болды. «Мәдениет» деген сөз «мәдина», яғни «қала» деген сөзден шыққан. Былайша айтқанда, «қалалық мәдениет» деген мағынаға саяды. Арабтарда дін түскенге дейін жазиралық мәдениет болса, кейін Мекке мен Мәдина қалаларында діннің шарапатымен қалалық мәдениет қалыптасты. Содан бастап дін жан-жаққа тарай бастады. Ислам діні адамзатқа түскендіктен, басқа да жұртқа тарауы керек болды. Ал, ол жұрттардың да өзінің ұстанған салт-дәстүрі, наным-сенімдері, өздерінің философиясы бар болатын. Осыны ескерген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына: «Дінді өзге халықтарға сіңдіру үшін сол халықтың салт-дәстүріне тиіспеңдер, нұқсан келтірмеңдер, егер шариғатқа қайшы келмесе» деген еді. Осы сөзді ұстанған сахабалар, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ұрпақтары – қожалар қазақ даласына келіп, қазақтың салт-дәстүріне, түріктік дүниетанымына негізделген ерекше бір ислам мәдениетін қалыптастырды. Оның көрнекті өкілі – Қожа Ахмет Иассауи. Ал, қазір діннің тазалығы жайында әңгіме айтатындар – қазақтың салт-дәстүрін ысырып тастап, таза арабтың дінін қабылдатқысы келетіндер. Яғни арабтың салт-дәстүріне негізделген дінді. Олар соны таза дін деп ұғады. Ал, қазақ халқы исламның сыртқы формасына ғана қанағаттанып қалмай, оның ішкі мәйегіне үңілген, ішкі мағынасын тапқан сопылық ағымды қабылдады.
– Ата-бабамызды «дінсіз» деп жүрген алабөтен ағымдарға қалай тойтарыс бере аламыз?
– Шәкәрім өзге ағымдарды «шатақ діндер» дейді. Бізде шатақ діндерге «хизбут-тахрир», «уаһһабилік» сияқты ислам дінінде бертініректе пайда болған радикалды ағымдар жатады. Былтыр Новгородтан Волков деген сектолог келіп кеткен болатын. Сонда ол «шатақ діндер» жайында былай деді: «Бұл шатақ діндерге тойтарыс берудің бір-ақ жолы бар. Бұлармен тікелей күресіп еш нәтиже шығара алмайсың. Бұлармен күресу үшін ұлттық иммунитет керек. Ұлттық иммунитет дегеніміз – сол халықтың өзінің ұлттық салт-дәстүрі, ұлттық дүние танымы. Соны мектептен бастап оқыту керек». Сөзінің жаны бар. Орыстар «святое место пусто не бывает» дейді, яғни қазақ руханиятында өзге ағымдар кіріп кететіндей бос жер болмауы керек. Ол үшін балаға мектептен бастап қазақ руханиятындағы ұлы тұлғалардың: Иасауидің, Абайдың, Шәкәрімнің, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының еңбектерін оқыту керек. Иасауидің ілімі ауыр дейтін болса, ең болмағанда үш ғұламаның еңбегін оқытып, мектептен балалардың ұлттық иммунитетін қалыптастырып шығаруымыз қажет. Оған арнайы мамандар дайындау керек. Англияда өздерінің ұлттық дүниетанымына негізделген «англиканская церковь» деген бар. Олар өздерінің діндерін балаларына қаншама қаржы бөліп, балабақшадан бастап оқытады. Сонда әлгілерден: «Сендер неге соншама ақша шығарып, балаларға дінді бала бақшадан бастап оқытасыңдар?» деп сұрағанда, олар: «Егер біз қазірден бастап балаларды өздерінің ұлттық мәйегімен қоректендіріп үлгермесек, ертеңгі күні олар басқа, бізге жат ағымдардың қақпанына түсіп, бұзыла бастаған кезде, мемлекеттің тұтастығына қауіп төндіре бастаған кезде, оларды қайтару үшін біз бұдан бес-алты есе көп қаржы жұмсаймыз», – деген екен. Қазір бізде анасын жылатып, атасының сақалын жұлып, «сендер кәпірсіңдер», «сенің қолыңнан тамақ ішпеймін, өйткені сен намаз оқымайсың» дейтін радикалды ағымдардың ішіне кіріп кеткен жастар бар. Сол жастармен мемлекет не істерін білмей отыр. Күресетін еш дәрмен жоқ. Осындай қиын жағдайға душар болмау үшін біз мектептен бастап Абай, Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіптің еңбектерін оқытуымыз керек. Міне, сонда ғана біз ондай ағымдарға қарсы тұра аламыз.