Қасиетіңді қадірле

Қасиетіңді қадірле

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мінез. Адам мінезі. Күрделі әрі қызық. Қу да, сұм да, аңқау да, аңғал да тағысын тағылар - бәрі де айналып келгенде адамнан шығады. Өз мінезінен өзі таяқ жеп жүргендер қаншама?!

Мінез мәйегі адамға туа бітеді. Анасының бөтен нәрестені құшақтағанын көрсе, сәбидің өзі қызғана бастайды. Сәл бір оқыс әрекет жасасаңыз, өзінше ашуланғанын байқайсыз. Ондағы осы қызғаныш пен ашу қайдан пайда болды? Кім үйретті? Бұл - адамдағы табиғи қасиет. Оны Ұлы Жаратушы сыйлаған. Сәбидегі осы тәтті қылықтар өсе келе жаман мінезге айналуы да ғажап емес. Ал, енді осы тектес түрлі қасиеттер адам болмысына не үшін дарыған?

Тереңірек үңілсек, адам табиғатындағы әр қасиеттің ерекше мәні бар екен. Мысалы, қызғаныш. Аллаһ тағала оны өзіңнен асып бара жатқандарды көре алмай күндеу үшін берген жоқ. Керісінше, жақсы ниетке жұмсасын деп берді. Мәселен, жақыныңды жаттан қорғау, мұсылман қыздардың бұзылуына жиіркене қарау үшін, арам пиғылдылардан қызғану үшін берілген. Ендеше, жөнін білсе, қызғаныштың адамға пайдасы да бар. Жанашыр жақынға деген қызғаныш болмаса, бұл көкірегі шала бықсыған ездік, намыссыздық емес пе? Сол секілді ашуды да жаман қасиетке баламаңыз. Оның да өз орны бар. Ашу ұлтыңды, туыңды, мемлекетіңді, дініңді қорлатпай қасқая қарсы тұру үшін берілген. Ашу болмаса адамның ынжық, бүгежек, қорқақ, сатқынға айналуы түк емес. Ашу - намысты оятатын рефлекс. Яғни, ақиқат үшін өресі биік ашу болмаса, адам адам бола ма? Сахабалардан бір мысал. Хазреті Омар (р.а.) мұсылман болғанға дейін түйелермен күресіп, әркіммен бір төбелесетін қызба мінезді, өте ашушаң, қатал кісі еді. Жаңа дінге кіргеннен кейін бұл мінезі жақсылыққа ауысты. Ешкімнен ықпайтын батылдығымен езілгендердің қорғаушысы болды. Қара қылды қақ жарар әділдікке келгенде күндей күркіреп, алмастай жарқылдады. Әділетсіздікке жаны шыдамады. Ендігі жерде қайырымсыздықты, кісі ақысын жеуді, күштінің әлсізге тізесі батқанын көре қалса, қатты ашу шақыратын болды. Оның мінезі осылай өзгерді. Сонысымен де Ислам тарихындағы «ең әділетті басқарушы халифа» атанды. Қандай да мінезді жақсы қырынан ашу, игі мақсатқа бағыттау адамның өз қалауында. Осы тұрғыда бұдан өткен өткір мысал айту қиын.

Парасаттылық пен қулық. Біле білсеңіз, екеуінің де түп тамыры, дәнегі бір. Көктеуі сізге байланысты. Егер ақыл-айлаңды өзгелер өмірем қаппаса одан ары, әйтеуір, өзім аман болайын деп жақсылығыңды қара басыңнан асырмай пайдалансаң, ол - қулық. Ал егер ақылың мен айлаң еліңді қиын-қыстаудан алып шығу үшін жараса, онда бұл - қулық емес, парасаттылық, тіпті, көрегендік.

Тәкаппарлық пен өрлік. Бұл да негізі бір қасиет. Бірақ, екі бөлек көрініс береді. Көлеңке мен күнгей іспетті. Егер өзіңді әрдайым өзгелерден жоғары санап, тек «мен» деп тұрсаң, онда бұл тәкаппарлық. Ал егер «Өзгеге берген ақылды Құдай тағалам маған да берген, олай болса, мен кімнен кеммін» деп өз-өзіңді ширатуға қолдансаң, онда бұл өрмінезділікке айналмақ.

Қырсықтық пен қайсарлық. Екеуі де бір дәнектен өрбиді. Қалау сізде. Шындыққа бас имей, жақсылыққа жуымай, тоңмойындық танытып, өзіңнен басқа ешкімді тыңдамасаң, ол - қырсықтық. Ал, сол өжет мінезіңізді қыңырлыққа жеңдірмей, адамдық үшін, ақиқат үшін қылша мойным талша деп қажырлы күреске салсаңыз, ол - қайсарлық.

Ынжықтық пен кішіпейілдік те - бір мінездің екі түрлі құбылуы. Егер адам әр нәрсеге бас шұлғып, әркімнің дегенінен аса алмай, көрінгенге күлкі-мазақ болса - бұл ынжықтық, тіпті, сүмелектік. Ал, өзін биік ұстай тұра «ұлық болсаң, кішік бол» деген қағидаға бас исе, бұл - кішіпейілдік.

Демек, Ұлы Жаратушымыз адам болмысына түрлі қарама-қайшы қасиеттердің мәйегі мен дәнегін бекерге сеппеген. Ерік тізгінін өз қолына ұстатып, сынау үшін берген. Мысалы, «мен» деген сананы мақтан үшін емес, өз кінәңді өзің «мен істедім» деп мойындау үшін берген. «Менді» дұрыс қолдансақ - ізгілік, теріс қолдансақ - менмендік туады. Біреуден кінә іздеу дағдысы да жетістікке қол жеткізсе «менен» яки мүлт кетсе «сенен» деу үшін берілмеген. Қайта жетістікті өзгеден, кемшілікті өзіңнен іздеу үшін қолдансын деген. Әр қасиетті игі іске арқау етіп, жақсы адам болу да, жаман пиғылмен іске асырып жаман адам болу да - бәрі өз қолыңызда. Ерік өзіңізде. Ендеше, ойланыңыз!

Ғани Досымбет

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: