Құран кәрімде Алла адамды өзіне құлшылық ету үшін жаратты дейді. Адамның бұл өмірге келгендегі міндеті - Ұлы Жаратушыға құлшылық ету. Яғни, Аллаға құл болу. Алла тағала Өзінен тәуелсіз ештеңе жаратқан жоқ. Барлық мақұлық оған тәуелді. Алла жалғыз. Ол ешкімге мұқтаж емес. Барша дүние оған мұқтаж.
Жалғыз Жаратушының барын мойындамайтын адам кемде-кем. Тіпті дінсіз адамның өзі жаны қиналған сәтте Ұлы күштен медет тілейді. Демек, кез келген адамның түйсігі Құдайға мұқтаж. Бүкіл әлемдер Алланың иелігінде. Құзыр иесі Алла мінсіз, барша мадаққа лайық. Яғни, Жаратушы абсолютті кемелдік иесі. Алладан қорқу, тәуекел ету адамды кемелдікке бейімдейді.
Адамның құлшылық қылуына Алла мұқтаж емес. Жаратушысын танымаған, Құдайдың құдіретінен бейхабар пенде әр нәрседен қорқып, мұқтаж болуымен адасады. Ол жолын кесіп өткен мысықтан қорқады. Ол қайыр сұраған сығаннан қорқады. «Гороскоптан» бірдеңені оқып алып, жаны мұрнының ұшына тіреліп, зәресі ұшып жүреді. Ол жалақысы азаюдан, мансабы төмендеуден, беделінің кемуінен қорқады. Ырым етіп, ырымы қырын кетіп әлекке түседі. Жаратушысынан пана сұрамай, қайдағы бір жаратылғанға жалынады. Не болса соған құлдық ұрады. Бұндай пендеге бәрі құдай.
Адам баласы Аллаға ғана құл болу арқылы басқаға құл болудан құтылады. Иесін танып, оның үкімін орындаған пендені Алланың құлы дейміз. Өзіне құлшылық еткісі келмеген пендені Алла шайтанға, дүниеге, адамға, т.б жаратылғандарға құл етіп қояды.
Аллаға құл болудың сипаты: ризашылықты тек Жаратушысынан күтеді, айналасындағы адамдарға аса құрметпен қарайды, бекзаттық болмысқа ие болады, өмірдің күйкі тірлігінен биік тұрады, ең бастысы, оның бойында аса күшті рух пен сенім пайда болады. Алладан басқа ешкімнен қорықпайды.
Шайтанға құл болудың сипаты: бізге Құраннан белгілі, шайтан тәкаппар, кекшіл. Енді осы сипат кімде - сол шайтанға дос. Күншілдік пен қызғаншақтық, өзімшілдік пен мансапқорлық тәкаппарлықтан шығады. Сондықтан, сөйлесе сөзінде жалғандық һәм ісінде екіжүзділік болады.
Дүниеге құл болудың сипаты: дүние-мүлік, байлықтан басқа мұңы болмайды. Ол үшін бәріне барады, тойымсыз, жемқор, парақор, сатқын һәм мейірімсіз болады. Мұндай пендеде Отан болмайды. Оның қожасы - ақша.
Адамға құл болудың сипаты: өзіндік көзқарас пікірі жоқ, жағымпаз, адамдарды алалап қатынасады. Қолында билігі бар бастықтардың алдында құрдай жорғалайды. Ең бастысы ондай пенде Алладан емес, адамнан, бастығынан қорқады. Оны өмірінің жарылқаушысы деп түсінуімен адамға құл болып шыға келеді.
Адам жаман қасиеттерге, нәпсісіне бағынып, оның жетегіне ергендіктен барады. Әйгілі төрт халифаның бірі Әли ибн Әбу Тәліп болса: «Қорқыныштың қорқынышы - нәпсіге ие болмау. Нәпсінің жетегінде кету адамды ақиқаттан аластатып, ақыретті ұмыттырады» деген.
Ең бақытты адам - өз нәпсісіне ие болған адам. Ондай адамды «Абзал адам» дейді. Атақты сахаба Әбу Үбәйда ибн Жәррах: «Абзал адам - Алланы танып, ақырет үшін амал жасаған адам» - дейді. Осындай адамды Жаратушы жақсы көреді.
Катада ибн Нұғманнан жеткен хадис бойынша «Алла жақсы көрген құлын осы дүниенің бүлігінен сақтайды». Бұл дүниенің бүлігі - ақша, байлық, мәнсап және сауабы жоқ ілім т.б.
Атақты ғалым Ибн Ражаб адам баласын екі топқа бөліпті. Бірінші топтағылар - өткінші өмірдің өзіне сыйлық пен жаза тағайындау үшін жаралғанын сезінбейді. Олар дүние қызығына беріліп, нәпсіге құл болудан бас тартпайтындар. Олардың бұл дүниемен байланысы көп болғандықтан, қоштасуы да қиын болады. Екінші топтағылар - өлімнен кейін сұрақтың болатынын сезінетін пенделер.
Атақты шейх Күшайри: «Жақсы адамның белгісі - байлық бітсе, өзін пақыр сезінеді, билікке жетсе, ұстамды болады, даңқы шықса, жасырын жүреді» - депті.
Үлкен фикһ иесі Муаз бин Яхия қарапайым мұсылмандықты танитын үш шартты ұсынады: мұсылман адам басқаға пайдасы болмаса да, зиянын тигізбеу, басқаның қуанышына ортақ болмаса да, қайғы әкелмеу, басқаны мақтамаса да, жамандамау.
Төлеби ОСПАН