Алла тағала жоғары иллаһи рызықтарын беру үшін өзінің сүйікті құлдарын әртүрлі сынақ емтихандардан өткізеді. Күллі Алланың елшілері мұндай тақсыреті мол тағдырға мойынсұна білген. Тіпті, Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) ұлы миссиясынан бас тартқызбақ болған әртүрлі кедергілерге қарамастан, Ол (с.ғ.с.) ешқашан атақ-даңқ пен мансапқа малданбай, Ұлы Жаратушының ұлылығын паш етіп, қараңғылықпен һәм қарадүрсіндікпен күресіп, ғұмырын саналы да, сәулелі ете алды. Келешекте исламды жұрттың лек лекпен, толқын толқынымен қабыл ететіндігіне бір сәтте үмітін үзген емес-ті. Сондықтан да, өздеріне ұдайы құқай мен теперіш көрсеткен меккелік және тайфтық мүшіріктерге: «Тура жолды көрсете гөр!»- деп тілеген болатын.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзіне қарсы дұшпан болған жабайы тобырмен табанды күрес жүргізген шақта, қасиетті Миғраж (түнгі серуен немесе ұшпаққа шығу) оқиғасы болды.
Миғраж, салихалы дерек көздеріне қарағанда, Мәдинаға көшпестен бір жарым жыл (алты жүз жиырма бірінші жылы) бұрын болған. Ражаб айының жиырма алтысынан жиырма жетісіне қара-ған түні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) пыраққа мініп, түнгі сапарда көк жүзінен өтіп, Ұлы Жаратушымен ерекше ғажайып халде тілдесті.
Дерек көздерге қарағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) алдымен пыраққа мініп, Мешіт Харамнан Мешіт Ақсаға барып, ол жерден рухани биікке Жебірейілмен (ғ.с.) бірге көтеріліп, көк қабаттарын кешіп өтіп, Сидра-й Мүнтаһаға көтерілген. Одан ары қарай Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сапары уақыттан, кеңістіктен, пендеуй һәм дүниеуй сыңғырдан мүлде қашық Раббы әлемінің құзырына ұласты. Осында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ұлы Жаратушымен тілдесіп, басынан бейне уаһи, бейне сыр, бейне нұрлы шағылысты кешіріп, мұсылмандарға бес уақыт намаз парыз етіліп, қайтарында жұмақтық пен тамұқтық болатындардың сипаттары, хақсыздықпен біреуді тілдеген, жала жапқан, адамдарды шағыстырған, арандатқан, өтірікші, екіжүзді және турашыл еместердің соңғы ақырет әлемінде басынан не кешірітені көрсетіледі.
Көз ілеспес жылдамдықпен болған бұл Миғраж оқиғасын Мұхаммед (с.ғ.с.) меккеліктерге айтқанда, мүшіріктер бұған сенгісі келмеді. Алайда, мүшіріктердің Құдыстың қандай белгілері бар деген сұрағына, Алла Елшісі (с.ғ.с.) мүдірмей жауап береді. Сондай-ақ, жолшыбай бір керуеннің келе жатқандығын, оның қанша уақыттан кейін Меккеге келетіндігін айтқанда, мүшіріктердің сенбеске лажы қалмаған болатын. Хазреті Әбубәкір секілді туа бітті турашыл адамдар ғана Миғраж оқиғасын ести сала, шүбәланбастан сенген еді. Осы себептен де оған «Сыддық» (шынайы берілген) деген құрметті ат берілген болатын.
Исламның түп негізі Құранның «Исра» сүресінде Миғраж оқиғасы туралы баяндалады. Миғраж сөзі «түңгі серуен» мағынасын береді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Миғражда Мешіт Харамнан, Мешіт Ақсаға түн ауасында саяхат еткендіктен, дерек көздерде аталмыш оқиғаны «Исра» немесе «Миғраж» деп атайды. Сонымен бірге, Миғраж оқиғасында Құдыста Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бүкіл пайғамбарлармен бірге на-мазды Аллаға көтерілерде оқыды ма, жоқа әлде қайтарында оқыда ма, осы туралы дерек көздерде әртүрлі қарама-қайшы көзқарастар бар.
Әрбір пайғамбар әртүрлі негізде Миғражға көтерілген болса да, Мұхаммед (с.ғ.с.) пешенесіне Миғражға көтерілудің ең жоғары дәрежесі нәсіп болған еді.
Миғраж оқиғасы сөз болғанда, онда Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) берілген иллаһи үкімдер, қаншалықты салихалы һәм қаншалықты салмағы бар деген орынды сауал туындайды. Миғраж оқиғасында Ұлы Жаратушы Мұхаммед (с.ғ.с.) үмбетіне мынандай үкімдерді нәзіл еткен болатын:
Бірінші - Алладан басқаға құлдық ұрмау;
Екінші - ата-анаға құрмет көрсету;
Үшінші - ағайын-туысқа, кедей-кепшікке, міскін ғарыпқа қолұшын беру;
Төртінші - нәмарт және малшашпақтан аулақ болу;
Бесінші - кедейліктен қорқып, балаларды өлтірмеу;
Алтыншы - зинаға жоламау;
Жетінші - адам өлтірмеу;
Сегізінші - жетімнің ақысын жемеу;
Тоғызыншы - уәдені орындау;
Оныншы - таразыдан жемеу;
Он бірініші - білмеген нәрседен аулақ тұру;
Он екінші - мейманасы тасып, даңдайсымау («Исра» сүресі, 22-39-аяттар).
Мекке дәуіріндегі нәзіл болған иллаһи үкімдерге маңыз беретін болсақ, бұл кезеңдегі үкімдердің мұсылмандардың ішкі жандүниесін түзеуге басымдық бергендігін аңғарасың. Сондай-ақ, сенім мен амалдың тұтастығы және аса маңызды исламның рухани (шариғат кеңістігі) қабаты белгіленген болатын.
Алладан өзгеге құлдық ұрмаудың негізгі діті - тәухит ұғымын бойға сіңіру болса, әке-шешеге, ағайын-туысқа, міскін ғарыпқа, жарлы-жақыбайға жақсылық жасау атты иллаһи жарлық - исламның ізгілікті әлеуметтік құрылымның қалыптасуын көздеген болатын. Сараңдық пен малшашпақтан тыюының себебі - түсіне білгенге тұрақты экономикалық құндылықты ұғындырған-ды. Кедейліктен қорқып, балаларды өл-тіруді доғаруды бұйырғандағысы - кеңпейілдігі телегей теңіз іспетті Ұлы Жаратушы әрбір жанның өз рызығын беретіндігін меңзеген-ді. Адам баласының ең азғын жағдайға түскендігін көрсететін зинаны жасауға тыйымның болуы - әлеуметтік құрылымның азғындыққа түсіп, құлдырамауының алдын алған-ды. Адам жанының жазықсыз қиылуына тоқтау салуының мәнісі - Алланың тіршілік етсін деп берген жанының адам баласы үшін аса маңызды екендігінің парқына бар дегені-тін. Жетімнің ақысына адал болып, оған қараса жүр дегендегісі - бұл фәнидегі ең қауқарсыз жанды да өзіңдей деп ұға біл дегені еді. Уәдеге берік болуды үндеуінің мәні де - сөзінің фәтуасы жоқ адамға ешбір жерде сенім артылмайтынын ұқтырған-ды. Әрбір нәрседе өлшем мен таразыда адал болуға шақыруының себебі - әрбір нешікке байыппен қарап, әрбір істің әділдігіне жүгіне біл дегені-тін. Білмеген ісіңе пікір айтудан аулақ бол дегендегісі - туралықты ту етіп ұстай білуді ұқтырғандығысы болатын. Мей-манасы тасып, даңдайсудан өз-өзіңді тия біл дегендегісі - кісіге тек кішіпейілдіктің ғана жарасатындығын, қарапайымды-лықтан қара үзіп кетпеудің келешегі кемелді екендігін ұқтыруы еді.
Миғраж оқиғасында мұсылман қауымына мынандай иллаһи үш ләтифа (сый) тарту етілді:
Бірінші - хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметінің ішінде Алланың бір екендігіне шүбә келтірмегендердің, күнәсін өтеп болғаннан кейін, әйтеуір, ерте ме, кеш пе жұмақтың сый етілетіндігі.
Екінші - бес уақыт намаз оқу парыз етілді. Мұхаммед (с.ғ.с.): «Бұл ғибадаттың үмбеті үшін Миғраж» екендігін айтқан болатын.
Үшінші - риуайяттарға қарағанда, Мұхаммед (с.ғ.с.) «Бақара» сүресінің соңғы екі аяты осы Миғраж кезінде нәзіл болған. Аяттардың басында иман негіздері жіптен өткен маржандай тізбектеледі. Бұл аятта Мұхаммед-тен (с.ғ.с.) бұрынғы пайғамбарларға және оларға түсірілген кітаптарға иман келтіру туралы да айтылады. Яғни, кітап түскен қауымдардың өзара түсіністік негізінде толе-ранттыққа келу керектігіне баса мән беріледі. Бұндағы төзімділдік рухы, ғаламдағы әртүрлі алажаңқа түр мен түсті және пікірлерді ымыраластырып, жер шарының өз айналымында бейбіт ырғақпен айналуына өз септігін тигізетін мүмкіндікке ие екендігі нықтап айтылады. Ислам тарихына көз жіберер болсақ, бұл аяттың негізінде, ислам мемлекеттері өз қарауындағы мұсылман емес қауымдармен барынша бейбіт қарым-қатынас жасаған. Аяттың соңында, әрбір мұсылманның өзінің хал-қадірінше ислами өмір сүре алатындығы, яғни, ешкімге шамасы жетпейтін жүктің артылмайтындығы айтылады. Демек, әртүрлі деңгейдегі ақыл мен қабілетке ие мұсылмандар, өз шама-шарқына қарай исламдық негізде жүріп тұра алады деген сөз.
Миғраждың иллаһи сырла-рының бірі - мұсылмандардың хижрет (көш) етіп, исламға төнген қара бұлттың сейіліп, хақ діннің өрісі кеңейіп, өңірде исламның рухы алаулап, бағы ашылатынды-ғынан үзілмей үміт етсе, Алланың қолдауымен ұлы жеңіске жетіп, ұшпаққа шығатындығын астарлы түрде білдіртуі болатын.
Сондықтан да Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүшіріктерден небір қысым мен құқайды көргеніне қарамастан, исламның алдағы уақытта күні туып, адамдардың топ-тобымен хақ дінге мойынсұнатындығынан үміттенген көңілін Ұлы Жаратушы Миғраждағы теңдессіз тартулармен жұбатқан-ды. Мұхаммед (с.ғ.с.) Миғраждағы иллаһи сырларға қанығып, жаңаша түлеп, жаңа бір леппен исламның келешегі үшін исламды бар әл-дәрменімен дәріптеуді жалғастырған болатын. Сөйтіп, мүбәрак Миғраж кешінен соң, исламның жеңісті жорықтары бірінен кейін бірі жалғасын тауып жатты. Миғраж - исламның ұлы жеңістерінің рухани хабаршысы болғандықтан, мүбәрак Миғраж кешін күллі ислами жеңістердің бейне бастау бұлағы іспетті деп қабылдасақ болады.
Еске сала кетейік, 2016 жылы мамырдың 3-нен 4-не қараған түні миғраж түні.
Мұхан Исахан