«(Мұхаммед с.ғ.с.) Мүміндерге айт: (Бөгде әйелдерге қараудан) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Бұл олар үшін өте жақсы. Рас Алла, олардың не істегендерінен хабар алушы.
Мүмін әйелдерге де айт: "(Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ, зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ, олардың өздігінен көрінгендері басқа (беті, қол-аяқтары). Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ, ерлеріне, әкелеріне, қайын аталарына, өз ұлдарына, өгей ұлдарына, аға-бауырларына, олардың ұлдарына, әпеке-сіңлілерінің ұлдарына, мұсылман әйелдерге, қолдарындағы күңдеріне, әйел керек қылмайтын қызметшілерге немесе әйелдердің ұятты жерлерін білмейтін балаларға көрсетулеріне болады. Және де көмескі зейнеттерін басқаларға білдіру үшін аяқтарын ұрып жүрмесін. Әй, мүміндер, түгел Аллаға тәубе етіңдер! Әрине құтыларсыңдар» («Нұр» сүресі, 30-31-аяттар).
Қызым менің, міне, мен де елу жас белесіне таяп келем. Арман-қиялға толы жастық шағым артта қалды. Мен өз дәуірімде талай елдерді араладым, көптеген адамдармен таныс болдым, осылайша дүниені өз тәжірибеммен таныдым. Ендеше менің егде жасым мен өмірлік тәжірибемнен шертілер шыншыл да жүректен шыққан сөздерімді тыңдағын, саған мұндай өсиетті менен өзге ешкім де айтқан емес.
Біз адамдарды жүректеріндегі имандарын көтеріп, жаман әдеттерін тастауға, және де нәпсі-қалауларын құрсауда ұстауға шақырып, көп жазғанымыз сондай, тіпті қолдағы қаламымыз мұқалып, тіліміз күрмелетіндей дәрежеге жеттік. Нәтижесінде біз көз-деген мақсатымызға қол жеткізе алмадық есесіне жа-ман қылықтар кең етек жайып, тіпті қауіпті сипат ала бастады, қыз-келіншектердің үстерін-дегі жамылғыларын (хижабын) шешіп, он екі мүшесін ашып көрсету секілді ерсі құбылыс әдеттегі жағдайға айналып, бір елден екінші елге тез тарап, қоғамда басым сипатқа ие болды.
Менің байқауымша, бүгінгі таңда бұл әдетті бойына жұқтырмаған бірде-бір ислам мемлекеті қалмаған сияқты. Тіпті денені толық жабатын ұзын жамылғы дәстүрлі түрде қолданылып, ар-ұятқа, тыйым салынған жерлерін тиянақты жауып жүруге мән беретін аш-Шамда да (Сирия, Иордания, Палестина және Ливан аймақтары) әйелдер жұрттың көзіне қолдарын және омырауларының үстіңгі жағын жаппай, жамылғысыз күйде шыға беретін болған.
Осылайша, біз имансыз-дықпен күресте жеңіске жет-пей, жеңіліске ұшырадық.
Әлбетте, күнәһарлыққа бірінші қадамды ер адам жасайтыны жасырын емес. Өйткені, әйел адамдар еркектерге қарағанда бұл жолға бірінші болып түсе бермейді. Алайда, еркектің тілеп тұрғанына сенің ықыластылығың болмаса, ол сенен мұны талап етіп тұрып алмасы анық. Сен ашылсаң ғана, еркек кіруге дайын тұрады. Сөйтіп, ол сені тонап болғанда ғана: «Көмектесіңдер! О, адамдар, мені тонап кетті!» деп жан дауысың шыға айғайлайсың.
Егер сен, ер адамдар - қасқырлар да, ал өзің - қозы екеніңді сезіне алсаң, онда қойдың жыртқыш аңнан қашқаны секілді, сен де еркектің тойымсыз нәпсісінен қашар едің. Ер адамдардың ұры екендігін білсең, тонаушылардан сақтанған саудагер секілді сен де сақтанар едің.
Қасқырға қойдың еті ғана керек болса, ер адамдар сенің одан да қымбат нәрсеңді тонағысы келеді. Бұл сен үшін қойдың өлімінен де ауыр жағдай. Еркек сенің пәктігіңді білдіретін, ең асыл да қымбат тазалығыңды кірлеткісі келеді.
Опасыз еркектің кесірінен пәктігінен айырылған қыз баланың өмірі қасқыр жарып кеткен қойдың өлімінен гөрі жүз есе жаман күйге түседі. Алланың атымен ант етейін, бұл рас! Әдемі қызды көрген кез келген жігіт оны ойша шешіндіріп, сосын өзін де жалаңаш күйде көз алдына елестетеді.
Алла тағаланың атымен тағы да ант ете отырып, саған айтарым, қызым, сенің тек мінез-құлқың мен тәрбиелігіңді ғана ұнатам дейтін, сенімен дос ретінде ғана араласып, жақын тұтамын деп айтатын кейбір ер адамдардың жылы сөздеріне ешуақытта сенбеуіңді жалбарынып сұраймын. Мұның бәрі - өтірік, Алланың атымен ант етейін!
Егер жас жігіттердің оңаша қалғандағы араларында болатын әңгімені құлағың шалса бар ғой, жан түршігерлік әрі ар-ұяттан шеткері сөздерді есітер едің. Мұндай жігіттің саған қатысты қандай да жымиысы, кез келген мақтау сөзі немесе кез келген бір қызметі - ол өзінің көздеген бір арам ойын жүзеге асыруға жасаған дайындығынан басқа ештеңе емес.
Бұдан әрі не болады деп ойласың, қызым? Осы жайында бір толғанып көрші!..
Сендер көзді ашып-жұмғандай бір сәттік ләззаттың дәмін татасыңдар, сосын жігітің бәрін ұмытады. Ал сен осы жасалған істің өзекті өртер өкінішін тартып қала бересің. Әлгі сабазың сен арқылы өзін жеңілденіп сала бергендей сезініп, сосын қайтадан бір бақытсыз әрі ақылсыз құрбандығын іздеуге кіріседі. Оның бар ойы - өзінің нәпсі қалауы, ал сен болсаң, жатырыңа түскен жаратылыстың бар ауырпалығын мойныңа жүктейсің, ол сенің жаныңды қоярға жер тапқызбай үрейге бөлеп, жүзіңе масқаралықтың таңбасын басады.
Әділетсіз қоғам: «Не тәйірі, жігіт жаза басқан екен, кейін түзеліп кетеді» деп, сабазыңды кешіре салары сөзсіз. Ал сені ешқашан кешірмейді, өмір бойына осы бір күнәһарлықтың ми батпағынан шыға қоюың екіталай.
Егер сен дәл сондай адаммен жүзбе-жүз кездескенде пәк жаныңның сұғанақ қолдар үшін есігі тарс жабық тас қамал екендігін білдіре алсаң ғой... Оның ұсынысына қарсылығыңды ұқтырып, өз шешіміңнің әділ де абзал екендігін жігіт жүрегіне көзіңді оның көзіне салмай-ақ жеткізе алсаң ғой. Егер руханияттан жұрдай жігітің сенің бастапқы қарсылығыңа қарамай, сөзімен немесе ісімен саған килігуін қоймай жатса, онда аяқкиіміңді шешіп ал да, басынан қойып қал! Сен осыны істей алсаң, мұны көріп тұрған кез келген адам сені қорғау үшін, көмекке келері анық. Сол кезде сені оңай олжа көрген жігіт ендігәрі мұндай қадамға аттап баспас еді, көкірегінде бір шөкім иманы бар болса, жасаған ісі үшін ұялып, өкініп, сенен келіп кешірім сұрар еді.
Қыз бала қанша жерден білімді, дәулетті, белгілі әрі беделді болса да, оның өмірдегі ең үлкен үміті әрі бақыты - ол отбасын құру, және оның ең басты арманы - үлгілі әйел, құрметті ана және отбасының сүйеніші болу. Дүниедегі барлық әйел затының, тіпті патшайымдар мен ханшайымдардың да, көптеген жас қыздарды адасушылыққа салып жүрген Голливудтың аса танымал әртістерінің де бар арманы осыған келіп саяды.
Мен өзім Мысыр мен аш-Шамдағы қаламы қарымды екі жазушы әйелді білемін. Көркем сөздің хас шебері бола білген олар үлкен материалдық жағдайға кенелді және әдебиеттің даңқты тұғырына шықты. Алайда, олар осы жолда отбасын құруды естен шығарып, күйеусіз қалды, соның кесірінен кейін ақылдарынан алжасып, психикалық ауруға шалдықты. Сенен өтінерім, ол адамдардың атын менен сұрамай-ақ қой, өйткені олар сондай танымал жазушылар!
Әйел адам парламент мүшесі немесе жоғары бір биліктің тұтқасы болса да, күйеуге шығу - оның ең басты мақсаты болып қала бермек. Ал алдына мақсат қоя білмеген ақылсыз жанды ешкім әйел етіп алмасы анық.
Иә, қалай десек те, неке нарығындағы тоқырауға, жеңіл жүрістілердің көбеюіне және жезөкшеліктің жер бетінде таралып кетуіне ең алдымен кінәлі, қыздар, сендерсіңдер. Анадан мұсылман болып туған қарындастар, сендер қалайша түнде ғана ұшатын «көбелеккке» айналдыңдар? Тақуа және адамгершілігі мол әйелдер неге осы проблемамен бел шеше күреспейді, өйткені, ер адамнан гөрі, әйел тілін әйел біледі емес пе? Осынау салғырттық салдарынан қаншама тәрбиелі, тәртіпті боп өскен жас қыздар шайтан жолына түсіп кетіп жатыр...
Бүкіл аш-Шам аумағындағы әрбір үйде тұрмыс құрар жасқа келіп, алайда өзіне лайықты ер адамын таба алмай отырған қыздар бар. Өйткені, жас жігіттер үйленер шаққа жетсе де, заңды әйелден гөрі, уақыт өткізер ашынасымен бірге бола тұруды құп көреді. Мұндай жағдай тек аш-Шамға ғана емес, әлемнің өзге де елдеріне қатысты...
Мектеп мұғалімдері мен студенттердің басын қосып, білімді де зиялы әйелдерден тұратын арнайы топ құрып, түнгі көбелекке айналған және жаман жолдарда жүрген әпке-сіңлілеріңізді қалыпты өмірге қайтарумен шұғылданыңдар. Оларды Алланың қаһарымен қорқытыңдар, егер Одан қорықпаса, осы кесірлі тірліктен жұқтыруы мүмкін кеселдерді естеріне салыңдар. Егер мұны да құлақтарына ілмесе, онда олармен қарапайым тілде сөйлесіңдер: «Сендер еркек атаулыны өздеріңе тартып тұратын жас та сұлу қыздарсыңдар. Алайда, бұл сұлулықтарың мен жастық шақтарың ұзақ бола ма? Бұл өмірде қыз-ғұмыр мен сұлудың көркінен тез өтер не бар дейсің... Ертең белі бүгулі, беті әжімді қауқарсыз кемпір болғандарыңда, жағдайларың не болмақ? Кімге керек боласыңдар сонда? Кім сендерді күтеді? Қартайған адамды асты-үстіне түсе күтіп, құрметтеп, тамағы мен киімін кім беретінін білесіңдер ме? Әрине, оның ұлдары мен қыздары және немерелері. Олардың ортасында әженің мәртебесі - әулеттің ақылшысы болу. Мұндай әжелер өз ұрпағы ортасында әулеттің патшасы секілді болады, ал басқа әжелер... олардың қандай болатынын өздерің де білесіңдер», - деп ақыл құйыңдар.
Иә, бір сәттік қана ләззатты осынау тозақтық азаппен қалай қатар қоюға болады? Аяғы дәл осындай трагедияға апарып соғатын сапарға несіне аяқ баспақпыз? Сұрақтарымды бұдан әрі созбаламай-ақ қояйын, өйткені мұның не екенін сендер де жақсы білесіңдер. Қолдарыңда тұрған мүмкіндікке немқұрайлы қарамаңдар, ағыл-тегіл күш-қайраттарыңның бәрін адасқан әрі бақытсыз әпке-сіңлілеріңді Алланың ақ жолына қайтаруға жұмсаңдар. Егер бұған да шамаларың келмесе, онда иманы таза әрі он екіде бір гүлі ашылмаған жас қыздардың айтылмыш жаман жолға түсіп кетпеулеріне ықпал етіп, сол бағытта күреске шығыңдар.
***
Мен көзді-ашып жұмғандай бір сәттік қарқынмен бү-гінгі күннің барлық қыз-келіншектерін біздің даңқты өткен заманымыздағы етек-жеңін жаба білген нағыз тақуа аналарымыздай етіп шығарыңдар деп тұрғаным жоқ. Ол мүмкін бе тәйірі?! Бір сілтей салумен қалыптасып, қатып қалған дәстүрді өзгерте қою қиын. Қазіргі жаман қылықтарға қалайша біртіндеп, адымдап жеткен болсақ, ертеңгі жақсылыққа да тәй-тәй басқан сәбидей, ақырын жүріп жетпекпіз. Иә, кеше сендердің етектерің уақыт өткен сайын жайлап қысқара берді, үстеріңдегі жамылғы-орамалдарың біртін-деп сұйылып, денелеріңді жаппайтындай дәрежеге жеткен еді. Бұл үрдістің толыққанды жүзеге асуы үшін заманнан-заман өтті, ал ер адамдар мұны байқаған да жоқ. Бұған жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтардай көбейген порнографиялық журналдар әсер етсе керек, ал имансыздар жағдайдың дәл осылай өзгергеніне тек масайраумен болды. Нәтижесінде, біз исламмен де, христиандықпен де мүлдем сәйкеспейтін кереғар өмір салтына түсіп кеттік. Бізге дейінгі отқа табынушылар да мұндай жағдайға өз дәрежелерінде тосқауыл қоя білген еді.
Тіпті бір тауықты бір-бірінен қызғанып, соны қорғамақ болып екі қораздың айқасқа түсетінін бәріміз білеміз. Ал біз ше? Александрия мен Бейруттың жағалауларында еркек-мұсылмандар өз әйелдерінің тек бет-жүзі, қолдары, мойыны ғана емес... тіпті барлық жерін де өзге еркектерден қызғанбайтын дәрежеге жетті! Ол әйелдер бүгінде тек кеудесінің ұштарын және төменгі жағын ғана жауып жүретін болды, басқасының бәрі айқара ашық...
Түнгі клубтар мен «жоғары дәрежелі» қонақтықтарда ер мұсылмандар өз әйелдерінің басқа еркектермен шыр көбелек билеуіне, әйелін өзгелердің кеудесін кеудесіне, ішін ішіне тигізіп, қос қолдап орай құшақтауына рұқсат ететін болды. Осыны көп адамдар сөкпейді де. Ислам университеттерінде мұсылман жігіттер саны жалтыраған жас қыздармен тізесін тізесіне тигізіп отыра беретін болды, бұған мұсылман әкелер де, мұсылман аналар да тыйым салмайды. Иә, айта берсе, мұндай мысал көп-ақ!
Осы айтылған жайттар мен өзге де ұятсыз қылықтарды әп дегенде өмір ағымынан алып тастай алмаймыз. Азғындыққа жету жолымыз қанша ұзақ болған болса, ақиқатқа да жету үшін сонша ұзақ жол жүреміз. Онысыз іздеген мақсатымызға жетуіміз екіталай.
Бұл азғындықтан бүгінде Еуропа мен Американың өзі зардап шегіп, қармауға тал іздеуде. Куәгерлердің айтуынша, ондағы көптеген ата-аналар жастардың бір-бірімен ашық-шашық, «ашық-жарқын» араласуынан қауіптеніп, наразылығын білдіруде. Париждің өзінде жас қыздарына жігіттермен оңаша серуендеп, бірге киноға баруға рұқсат бермейтін ата-аналар бар көрінеді. Олар қыздарына тек өздері білетін, азғындық көріністерден ада фильмдерді ғана көргізеді. Ал, неге екені белгісіз, киноматографиялық өнерді де, дінді де түсінбейтін беймақсат мысырлық компаниялар өз халқына әлгіндей ұрпақты улайтын фильмдерді ұсынуға әуес-ақ.
Осындай құдайсыздық салдарынан жетесіздіктің ми батпағына түскен мемлекеттер қаншама. Дін атаулыны далаға лақтырып, ислам шейхының да, христиан священнигінің де сөздерін керек қылмаған КСРО империясын алып қараңыз. Соның салдарынан қоғамның қалайша іштен іритінін Америкаға қарап бағамдап, дінге қайта рұқсат беретін күні болар ма екен?...
АҚШ-та жастайынан аяғы ауыр болатын жоғарғы сынып оқушылары мен студент қыздар санының артуы елдің басын қатырған басты проблемалардың біріне айналды. Дәл осындай мәселе Мысыр, аш-Шам және басқа да ислам мемлекеттерінің университеттерінде туындап жатпасына кім кепіл?!
Жас жігіттердің бәрі бірдей менің бұл сөздеріме құлақ аса қояды деген ойдан аулақпын. Өйткені, мен олардың құмар істері мен көңіл көтерер ермектеріне тыйым салып жатырмын ғой. Олар, бәлкім, бұл пікірлерімді «ақымақтық» деп білер.
Сондықтан, менің қыз-дарым, сөзімді сендерге арнаймын. Тақуа да иманды қызым менің! Ары таза әрі адал жанды қыздарым менің! Жоғарыда сөз болған қандай жағдайда болсын, құрбандыққа айналатын - тек сендер. Өздеріңді шайтанға бағышталған құрбандық дәрежесіне түсірмеңдер. Бостандық, өркениеттілік, еркіндік деген секілді жалаң ұранмен өмірлеріңді гүл-гүл жайнатам дегендердің сөздеріне еш құлақ салмаңдар. Дәл сондай ұранды көтеріп шығатындардың көпшілігі не әйелсіз, не ұрпақсыз жүрген бейбақ та бетпақ сорлылар. Оларға керегі - екеуара бір сәттік лаззат қана. Басқа дәнеңе емес. Мен қыз өсірген әкемін, сондықтан туған қызыма не тілесем, дәл соны сендерге де тілеймін.
Ұят пен адамгершіліктен жұрдай әлгі көргенсіздер қыздың тапталған арын, жоғалған пәктігін, көзден бұлбұл ұшқан абыройын қайтарып бере алмайды. Егер қыз жаза басса, «әйел теңдігі» деп жүргеннің ешбірі оған көмек қолын созып, батқан балшығынан шығаруға жәрдемдеспейді. Қыздың бойында сұлулық бар кезде ғана олар соның маңайын төңіректеп, қолдап-қолпаштап еріп жүреді де, сұлулық жоғалған кезде иттің еті таусылған сүйекті жайына қалдырғаны секілді, олар да көздеген «құрбандығынан» біржолата ат ізін суытады.
***
Саған айтар аманатым да, өсиетім де осы, қызым менің! Хақ жолдың шындығы осындай, сондықтан өзге мағынада сөйлегендердің сөзін тыңдама. Ақиқат есігінің кілті ер адамдардың емес, өзіңнің қолыңда екендігі есіңде болсын. Егер өзің қалап, түзелер болсаң, тақуа мұсылманға айналасың, ал сенің тақуалығың арқылы бүкіл үмбет Алланың жолына бет бұрады.
Сендерге Алланың мейірімі мен рақымы жаусын!
Шейх Әли ат-Тантауи