Мұсылманша ат қою

Мұсылманша ат қою

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Күнделікті тіршілігінде, адамдармен қарым-қатынасында, кәсібінде, сөйлесуінде, мінез-құлқында мұсылманның сипаты көзге көрініп тұрады. Сонымен қатар, мұсылманның тағы бір сипаты - оның есімі.

Некесін қиып, отау тігіп, шаңырақ көтерген кез келген ата-ана ақ түйенің қарны жарылғанда, перзентіне ерекше лайықты жақсы ат қоюға тырысады. Біреулер батыр болсын деп батырлардың атын таңдаса, енді біреулер ақын болсын деп ақындардың атын таңдайды. Ең дұрысы - Аллаға ұнаған есімдерді қою. Өйткені, адамның өмірі де оның есіміне байланысты болады. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) көркем есімдерді жақсы көріп, жаман есімдерді ұнатпайтын. Аты жаман қойылған жерлерге қонбайтын. Имам Малик ибн Әнестің «әл-Муатта» кітабында мынандай риуаят келтірілген. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) бір түйені әкелдіріп сахабалардан: «Мынаны кім сауып береді?»- дейді. Сонда бір кісі орнынан тұрады. Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Атың кім?»- деп сұрайды. Кісі: «Мурра (ащы)»,- деп жауап береді. Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Онда отыр»,- дейді. Сосын тағы да: «Мынаны кім сауып береді?»- дейді. Бір кісі орнынан тұрады. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) одан да: «Атың кім?»- деп сұрайды. Кісі: «Харб (соғыс)»,- деп жауап береді. Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Онда отыр»,- дейді. Сосын тағы да: «Мынаны кім сауып береді?»- дейді. Бір кісі орнынан тұрады. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) одан да: «Атың кім?»- деп сұрайды. Кісі: «Яғиш (өмір сүреді)»,- деп жауап береді. Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Сен сау»,- деп бұйырады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Пайғам-барлардың есімдердін қойыңдар, әрі есімдердің Аллаға ең сүйік-тісі - Абдулла, Абдуррахман, Абдуррахим»,- деген.

Құран кәрімде: «Бір-бірінді міндемеңдер, жаман ат тағыспаңдар. Иман келтіргеннен кейін сұмпайы ат қандай жаман. Ал, кім тәуба етпесе, міне солар залымдар» («Хижрат» сүресі, 11-аят),- делінген. Мағынасыз, жағымсыз жаман ат болса, оны өзгертуге болады. Айша анамыз (р.а.): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жаман есімдерді өзгертетін»,- дейді. Мәселен, Омардың Ғасиия (қарсы шығушы) атты қызының есімін Жамиля (әдемі) деп өзгерткен. Абдул Хажар (тастың құлы) - деген біреу болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) одан атын сұрап білген соң: «Сенің атың мұнан былай Абдулла болсын»,- дейді.

Еңсемізді көтеріп, егеменді ел болғалы 18 жыл өтсе де, Кеңес үкіметінен қалған әдеттен әлі күнге дейін арыла алмай келеміз. Сол әдеттердің бірі - аты-жөнімізге «ов, ова, ин, вич, вна» деген тіркестерді тіркеп келеміз. Қылышынан қан тамған кезде де Ұлы Отан соғысының батыры Бауыржан Момышұлы әкесінің атына «вич» сөз тіркесін қоспаған. Кеңес үкіметінің заңы 15 мемелекетке бірдей болса, басқа мемлекеттің адамдардың аты-жөні еш бұрмаланбай сол күйінде сақталып жазылған. Ал көңілі кең, ойы мұхит, жүндеуге жақсы, жуас қазақ бауырларымыздың аты-жөні мазақ болып, тіпті бір мағынадан басқа мағына шығатындай, немесе мағынасыз болып құжаттарға жазылған. Алысқа бармай-ақ өз құжатыңызға немесе туысыңыздың құжатына көз жүгіртсеңіз, бір әріп болса да қателік кеткенін байқайсыз.

Есімді таңдағанда әкесінің есімімен ұйқасты, үйлесімді болса тіпті жақсы. Қасиетті Құранда Алла тағала: «Әй, Зәкәрия! Расында сені бір ұл арқылы қуантамыз. Аты - Яхия. Бұрын оған ешкімді аттас қылмаған едік»,- дейді. Яғни, Алла тағаланың өзі де Зәкәрияның ұлын аттас етіп Яхия деп қойған екен. Сондай-ақ, ақыретте де адамдар әкелерінің аттарымен шақырылады. Әбу Дардадан жеткізілген хадисте Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Сендер қиямет күні өздеріңнің есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар, сондықтан да есімдеріңді жақсартыңдар»,- дейді. Атам қазақ: «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген. Бесіктегі баламыздың оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтып, ат қойып, айдар тағу - әр әке-шешенің міндеті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Әке мен шешенің баланың алдында үш міндеті бар: туғанда жақсы ат қою, дінге тәрбиелеу, үйлендіру (қыз болса - ұзату)»,- деген екен.

Ерлан ОМАРОВ

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: