Үлде мен бүлдеге оранып, зәулім сарайларда салтанат құрған кейбір қауымдар Тәңірі берген шексіз ырыс-берекенің қадіріне жетпей, шүкір етуді білмей өздері шеберліктерімен жасап алған әр алуан пұттарға табынып, Ғаламның Патшасына серік қосып, Алланың қаһарына ұшырағаны бүгінде тарих парақтарының үні. Жалпы, адам баласы Алла Тағаланың үкімдерін орындау мақсатымен жаратылғаны баршамызға бесенеден белгілі. Бірақ, Жаратқан ақыл иесі пендесін жаратып оны жалғыз, текке қалдырмады. Араға уақыт салып әр дәуірде өз араларынан тура жол нұсқаушы, ескертуші пайғамбарлар шығарып отырды. Бұл Жаратушының пендесінің бақытына орай берген бағының бірі емес пе?! Пайғамбарлар жіберу хақында қасиетті Құран аяттарында: «Құдай мүміндерге қамқорлық жасады. Өз іштерінен оларға Алланың аяттарын оқып беретін, күнәдан тазартатын, кітапты және даналықты үйрететін бір Пайғамбар шығарды. Одан бұрын олар нағыз адасушылар еді» деген. (Әл-Имран, 164.) Пайғамбарларға иман – Исламдағы иман негіздерінің бір шарты. Яғни, адамзат ішінен арнайы таңдалып, Алла тарапынан елші етіп жіберілгеніне және олардың жеткізген хабарларына еш күмәнсіз иман келтіру мұсылман баласының парызы. Құранда есімдері аталған елшілердің кейбірін мойындап, енді кейбіріне сенбеу дұрыс емес. Қысқасы, мұсылман баласы Мұхаммед Пайғамбарымызға (с.а.у.) иман келтіргендей Алла тағала тарапынан келіп кеткен өзге пайғамбарлардың баршасына иман етуі лазым. Өйткені, Құранда: «Кімде-кім Аллаға және Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына және ақырет күніне иман етпесе, қатты адасады» деп ескертеді. (Ниса, 136).
Пайғамбарлық жайында ...
Пайғамбар парсы тілінен алынған – Алла Тағала мен адамзат арасында елшілік міндетін атқарушы деген сөз. Міне, осы міндет жүктелген кісіні Пайғамбар дейміз. Арабшада пайғамбар сөзі – Рисалат, Нубуат: Расул және Нәби сөздерімен айтылады. Расул мен Нәби сөзінің арасында айтарлықтай болмаса да айырмашылық бар. Алла тарапынан кітап түскен пайғамбарды Расул десек, жеке өзіне кітап түспей, өзінен алдынғы пайғамбарға түскен кітапты уағыздап, соған амал етуші пайғамбарды Нәби дейміз. Расул атанған пайғамбар Нәби атағына да ие бола алады. Ал, Нәби болса, Расул атағын иемдене алмайды. Нақтырақ айтқанда, пайғамбар атаулы Алла тағаланың әмірі мен тиымдарын адамзат баласына жеткізуші, Алланың адамдар арасынан таңдап алған дәнекері. Пайғамбарлық кәсіп емес, ол тікелей Алладан келетін мұғжиза. Демек, пайғамбарлық уәзипаны Алла тағала Өзі беріп, теңдессіз тұлғаны Өзі дайындайды. Адам жұмыс жасаумен, кәсіп қылумен тағы басқа қоғамдағы жетістіктерімен бұл міндетке қол жеткізе алмайды. Пайғамбар заманында кейбір қабила басшылары: «Неге пайғамбар біздің әулеттен, яки қабиламыздан шықпады? Ол міндет тұл жетім Мұхаммедке берілгені қалай?» деп қызғаныштан іштері күйіп, әр қилы шым-шытыр айлакерліктің жоспарын жасап, бастарын қатырды. Бұл пиғылдарына орай Алла тағала Құран кәрімде «Алла пайғамбарлық міндетті кімге жүктейтінін жақсы біледі» аяты арқылы уахи жіберіп, елшілік мәселесінің шешімін бір Алла ғана білуші екенін дәлелдеп берді.
Осыдан кейін ақыл иесіне еріксіз «Егер Алла тағала адам баласына ақыл-парасат берсе, оған айрықша жол көрсетуші, көшбасшы етіп пайғамбар жіберудің маңызы қаншалықты?» деген сұрақ туындайтыны сөзсіз. Әлбетте пайғамбарларға мұхтажбыз. Өйткені инсан ақылымен Алланы танып, Оған қалай құлшылық етіп, бұл ғибадаттарды қалай жасау керектігін және Оның әмірі мен тиымдарын ақылы, сана-сезімі арқылы біле алмайды. Міне, сондықтан бұларды үйрететін, даналыққа бастайтын бір Пайғамбар, Алла Елшісі керек-ақ. Адамдардың бұл мұқтаждықтарына байланысты Ұлы Жаратушы оларға адам жынысынан яғни өз арасынан таңдап Пайғамбар жіберіп отырды. Олардың жіберілуі жайында Исра сүресінің 15 аятында: «Біз бір пайғамбар жібермейінше ешкімді азаптамаймыз» деп баяндайды. Алла пайғамбарлар арқылы құлдарына әмір мен тиымдарын және іс-әрекеттердің қайсысы күнә, қайсы бірі сауап екенін білдірмей азаптамайтынын білдіреді. Өйткені «Бұрынғы пайғамбарлардан кейінгі адамдарға (пайғамбарлар келсе біз тәуба етер едік деп) сылтау айтпауы үшін (иланушыларға) жақсы хабар жеткізуші, (астамшылдық еткендерді) ескертуші етіп, тағы да пайғамбарлар жіберіп отырдық. Алла Ұлы, Ол хикмет Иесі» (Ниса, 165) деген аятты еске түсіруге болады. Қиямет күні пенделерінің бізге мұндай ескертулерді ешкім жасаған жоқ, ондай адам болмады да. Егер ескерткенде біз мұндай хәлге душар болмас едік деген сияқты сылтауларына алдын-ала жіберіп отырған айқын жауабы.
Құран кәрімде Исаны (а.с.) Мариямның ұлы Иса деп баяндайды. Исаны Алланың баласы деп адасқан Бани Исрайыл қауымын Иса (с.а.) үнемі «мен Мариям ұлы Исамын, өзге елшілер секілді мен де пайғамбармын» деп қайта-қайта ескертіп, ақиқатқа үндеген. Қауымы Исаның пенде және біз секілді Алланың құлы екенін мойындамайды. Оны Алланың құлы деп атау олар үшін үлкен күнә саналады.
Бір риуаятта Мекке мен Иемен қалаларының арасындағы Нежран ғалымдары Пайғамбарымызға келіп: Біздің егемізге неге айып тағасыз? деп сұрады.
Пайғамбарымыз (с.а.у.): Егеңіз кім? деді.
Олар: Иса ,- деді.
Алла Елшісі (с.а.у.): Не деп айып тағудамын? деді таңдана.
Олар: Оны Алланың құлы әрі Елшісі деп айып тағудасыз,- деді.
Алла Елшісі (с.а.у.): Аллаға құл болу айып па? Ол бір үлкен шарапат емес пе? деді. Осы оқиға Ниса сүресінің 172 аятының түсуіне арқау болды. Аятта: «Еш уақытта Мәсих Алла тағалаға құл болудан бас тартқан емес. Мәсихте, періштелерде Құдайдың құлы болудан бас тартпайды. Кімде-кім Аллаға құл болудан бас тартса, кербеңдеп кетсе, естеріңде болсын, солардың бәрін түптің түбінде Алла өз алдына жинайды» делінген. Иса қауымының қате иман келтіру, яғни екі-үш Тәңір жасау себебінен Алла тағала мен Иса (а.с.) арасында болған оқиғаға назар аударайық.
«Ей, Мариям ұлы Иса! Адамдарға сен Алланы қойып, мені және менің анамды Тәңір етіңдер дедің бе? деді Алла кезінде. О, Тәңірім, Сен даңқтысың, Сен пәксің,-деді Иса. Айтуға тиісті болмаған сөзді мен қалай аузымнан шығармақпын?! Егер мен солай десем, сөз жоқ оны Сен білген болар едің. Сен менің көкейімдегіні де білесің. Ал мен Сенің ішіңдегіні білмеймін. Ғайыпты өзің ғана жақсы білесің. Оларға мен тек өзіңнің маған айтуға бұйырған сөзіңді ғана айттым. Менің Тәңірім және сендердің де Тәңірлерің болған Аллаға құлшылық етіңдер,- дедім. Адамдар арасында жүргенде мен олардың іс-қылықтарын бақылап тұратын едім. Мені рухқа айналдырып алып кеткен соң, олардың іс-қылықтарын өзің бақыладың. Бар нәрсенің жайын өзің білесің. Егер оларға қаһар төгемін десең өз пенделерің. Ал, кешірім жасаймын десең, сенің үстемдігің тағы жетеді. Сен даналық иесісің.» (Мәида сүресі, 116, 117, 118)
Адасқан қауымның пайғамбар Мәсихті Тәңір етулеріне Иса (а.с.) кінәлі емес, керісінше ол тек аятта мәлім болғандай бір жаратушыға құлшылық етіп, оған серік қоспауға шақырған.
Пайғамбарлар да біз секілді адамдар. Яғни, ішіп-жейді, үйлі-боранды, балалы-шағалы болады. Қуанады, қайғырады, ауырады және өзгелер секілді жан тапсырады. Жаратқан бұл жайында Құранда былай деп баяндайды: «Біз оларды (пайғамбарларды) жеп-ішпейтін бір жан (періште) қылып жаратпадық. Олар (бұл дүниеде) мәңгілік те емес» (Әнбия, 8). Бірақ, ауыр міндеттер жүктелген пайғамбарлардың бойында міндетті түрде табылуы тиіс болған бір қатар қасиет–сипаттар да бар. Олар төмендегіше:
1. Сыдық – тура, әділ болу. Пайғамбарлар тура әрі шыншылдығымен тайға таңба басқандай тарихта өз аттарын қалдырып, осы қасиетімен ерекшеленген. Жалған сөйлемейді, біреуді алдап-арбап, өзгенің ақысын жемеген-ді.
2. Аманат – сенімді, аманатқа қиянат етпеу. Бұл да пайғамбарлардың баршасына тән қасиет.
3. Исмат – күнәдан пәк болу. Ол кісілер пайғамбар болғанға дейін де, болғаннан кейін де ондай істерден аулақ болған.
Пайғамбарларда мұндай қасиет болмаса олар халыққа елшіліктерін дәлелдей алмаған болар еді. Үмметі олардан үлгі-өнеге алып, оларға ұқсап бағуға тырысады. Сол себепті Алла тағала оларды күнә істерден сақтайды. Пайғамбарлардың бағзы біреулері қателік жасап қойғаны жайында да риуаяттар бар. Бірақ бұны күнәға бой алдырған деуге болмайды.
Әу бастағы адам баласының атасы Адам (а.с.) өміріне тоқталайықшы.
«Ей, Адам! –деді Алла. Сен зайыбың екеуің де жаннатта тұрыңдар. Оның жемістерінен қалаған жерден қанағаттанғанша жеңдер. Тек мына ағашқа жоламаңдар. Егер оған жоласаңдар күнәһарлар қатарына қосыласыңдар» деп бір ағаш жемісін жемеулерін ескертті. Адам ата Алланың әмірін естен шығарып ібілістің шырмауына ілініп, тиым салған ағаштың жемісін жеді. Соңынан қатты өкініп, тәуба жасады. Мейірбан, рахымды Алла тағала ол екеуінің тәубасын қабыл етті.
4. Фатанат – ақылды және зейінді болу. Пайғамбарлар адамзат арасында зейінділік пен парасаттылық жағынан ең үстемдері.
5. Таблиғ – Илаһи әмірлер мен тиымдарды адамзат баласына еш өзгертусіз, қаймықпай жариялайды.
6. Сөз реті келгенде біздің пайғамбарымыздың өзге пайғамбарлардан артық қасиеттерін баяндап кетейік. Олар:
7. Барлық пайғамбарлардан дәрежесі жоғары. Хабибулла яғни, Алланың ең сүйікті құлы.
1. Күллі адамзат пен жындарға жіберілген.
2. Пайғамбарлар сардары, мөрі әрі ең соңғысы (Хатамул Әнбия). Яғни одан кейін пайғамбар мүлдем келмейді.
3. Барша әлемге рахым ретінде жіберілген.
4. Жеткізген уахиы, шариғаты қиямет күніне дейін жалғасын табады.
Құранда 25 пайғамбардың аты аталған. Олар: Адам, Идрис, Нух, Һуд, Салих, Ибраһим, Лут, Исмайл, Исхақ, Шұғайб, Яқуб, Юсуф, Әйюб, Зулкифл, Юнус, Мұса, Һарун, Иляс, Әлияса, Дәуід, Сүлеймен, Закария, Иахия, Иса және Екі әлем сардары Мұхаммед (с.а.у.). Құранда есімдері кездескен Узайр, Луқман және Зулқарнайндардың пайғамбар яки уәли екендігі жайында ғұламалар арасында әр түрлі пікірлер бар.
Осының ішінде Алла тарапынан кітап және сухуф уахи етілген пайғамбарлар мыналар: Адамға (а.с.) 10 парақ (сухуф), Шитке (а.с.) 10 парақ, Идрис (а.с.) 30 парақ, Ибраһимге (а.с.) 10 парақ. Сонымен қатар Таурат Мұсаға (а.с.), Забур Дәуідке (а.с.), Інжіл Исаға (а.с.) ал, екі дүние сұлтаны Мұхаммедке (с.а.у.) қасиетті Құран кәрім назыл болған.
Адам (а.с.) мен пайғамбарымыз (с.а.у.) арасындағылар бұлар ғана емес, Құранда кездеспейтін басқа да пайғамбарлар бар. Ниса сүресінде: «Біз көптеген пайғамбарлар жібердік. Олардың ішінде бұрын саған баян еткендеріміз де, етпегендеріміз де бар. Алла Мұсаға (тікелей) тіл қатты» делінген. Құранда аты аталмаған пайғамбарлардың саны, аты-жөні, қай жерде қай қауымға пайғамбарлық еткені және міндеттері жайында бір Аллаға ғана аян.
Пайғамбарлық міндеттер
Жоғарыда айтқанымыздай пайғамбарлар Алла пен адамзат баласының арасындағы елшілік міндетін атқарушы дәнекерлер. Олардың басты екі міндеттері бар.
Біріншісі; Алла Тағаланың әмір-тиымдарын адамдарға бұйыру, жеткізу. Пайғамбарлар адамдардың иман етулерін және өздеріне ерулерін қалайды. Олар сол үшін де жіберілген-ді. Мұның ең керемет үлгі болары пайғамбарымыздың (с.а.у.) көкесі Әбу Тәліп. Алла Елшісі (с.а.у.) өзіне қамқоршысы болған көкесінің иман келтіргенін қалаған еді. Өйткені Әбу Тәліп бауырынан қалған жалғыз тұяқ Мұхаммедті бауырына басып, әкелік мейірімін төккен болатын. Оны өз балаларынан да артық көрген. Осындай жанашыры болған жанның ақыретте Аллаға серік қосқандар санатынан тірілсе, күні не болмақ деген ой мазалады. Ауруы асқынғанын естіген сүйікті РасулАлла (с.а.у.) арнайы зиярат етіп барды. Ол кісіге: «Көке! Аллаға иман келтіріңіз, Алладан басқа Тәңір жоқ деңізші. Жаратушы алдында сізге куәлік беріп және шапағат етемін» деді. Құрайыш руынан Әбу Жаһил ибн Хишам және Абдулла ибн Әби Умаялар: «Бізбен алысқаның аздай жетер енді, оны жөніне қалдыр» деп жақтырмаған сыңай танытты. Алла Елшісі мұсылман болып жан тапсыруын аңсап мүбәрак калиманы айтуын қайта-қайта өтінді. Надандар да қарап қалмай Әбу Тәліптің бұл сөздерді айтпауына әрекет жасап оның намысына тиді. Кенет Әбу Тәліп сөзге келіп: «Мен Әбдімүтәліп ұрпағымын, ата-баба сенімінде (дінінде) қаламын» деді. Ол кісінің осылайша соңғы демі шықты. Пайғамбарымыз (с.а.у.) сүрінгенде сүйеніші, тарыққанда таянышы әрі ақылшы-кеңесшісі болған көкесін тура жолға салып, кәлима сөзін айтқыза алмағанына қатты өкініп, қабырғасы қайысты. Көзінен аққан ыстық жас сақалын жуып, өзін-өзі жазғырды. Сол кезде: «(Ей, Мұхаммед!) Сен қалаған адамыңды тура жолға сала алмайтының даусыз. Ал, Алла қаласа, ол адамды тура жолға салады. Тура жолды кім табатынын Алла жақсы біледі» деген Қасас сүресінің 56 аяты уахи етілді. Аят, ақыл иесіне ғана нәсіп айлайтын сонымен бірге жұдырықтай жүректі ізгілік, тақуалыққа ұйытып қоятын иман атты зор нығметті сыйлайтын бір Алла ғана екенін, бұл фазилат басқа ешкімге тән қасиет еместігін дәлелдей түспек.
Тура жолға үндеу, шақыру – Пайғамбарлар міндеті. Ал, инсанның жүрегін ашып, иман нұрымен нұрландыратын тағы да Жаратушы Хақ Жаббар.
Екіншісі; Алла Тағаланың аманат-хатын уағыздау. Пайғамбарға Мәида сүресінің 67 аятында: «Ей, Пайғамбар! Тәңіріңнің өзіңе жіберген тағылымдарын сен оларға жеткіз. Егер оны толық жеткізбесең, Тәңірің тапсырған міндетті орындамағаның. Алла сені адамдардың қастандықтарынан сақтайды. Ол кәпір қауымын тура жолға бастамайды» деген. Олар үгіт-насихаттау арқылы өз міндеттерін толық орындаған болып саналады. Насихаттарына құлақ аспай, амал етпегендері үшін Алла алдында жауапқа тартылмайды. Өйткені олар өз уәзипаларын орындады. Осы мағынада Қасиетті Құранда: «Шынында сені қуандырушы, ескертуші етіп хақиқат бойынша жібердік. Тамұққа түскендер үшін жауапкер емессің» делінген. (Бақара, 119). Осыдан кейін пайғамбарлық міндеттер Алла Тағаланың ескерту мен сүйіншілерін адамдарға жеткізу ғана екендігі және инсанның азапқа ұшырағаны үшін жауап бермейтіндігі байқалады. Ағраф сүресінің 6-аятында: «Өздеріне елші жіберілгендерді де сұраққа тартамыз, әрі елшілерді де сұраққа тартамыз» деді. Адамдардан жіберген пайғамбарды қалай қарсы алып, қалай қабылдадыңдар деп сұрақ алса, елшілерден сендерді қалай қарсы алып, қалай қабылдады? Сендердің айтқандарыңа жауап берді ме? (яғни, орындады ма?) деп сұралады. Сонымен қатар пайғамбарлар өз міндеттерін атқару кезінде ешкімді зорлап, мәжбүрлемеу керектігі де ескерілген. (Мұхаммед) Ал енді насихат ет; негізінен сен бір насихатшысың. Сен оларды зорлаушы емессің. (Ғашия сүресі, 21, 22)
Пайғамбарлар – біз үшін көшбасшы, илаһи хабаршылар. Болмысы бөлек бұл жандардың сара жолымен жүріп, нағыз шынайы өмір салтын Алланың сүйікті һәм таңдаулы құлдары пайғамбарлардан үйренеміз. Саңлақ сахабалар ардақты Алла Елшісінің (с.а.у.) әрбір іс-әрекетін мұқият қадағалап, одан үлгі-өнеге алып отырған. Біздерге Құран кәрімнің сырлы да нұрлы аяттары мен шынайы Ислам дінін жеткізген сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) екені кім-кімге болса да айтпаса да түсінікті дүние.
Иә, соңғы жұма хұтпасында жиналған көпшілікке қарап: «Мен дінді толық жеткіздім бе?» деп үш рет сұрап, жауабына «Иә, жеткіздіңіз» деген сөзді естіп, жарықтық Пайғамбардың жаны жай тапқан. Ол кісі (с.а.у.) көркем мінезімен, сабыр-төзімділігімен әрі Алла жолына аянбай риясыз тер төгіп өз уәзипасын орындап, күллі адамзат баласына қиямет күніне дейін қайталанбас үлгі-өнеге болып қала бермек.
Төлеби ОСПАН
«Ислам және Өркениет» газетінен