Өлгеннен кейін берер жауаптан, тірі кезде жиған сауап артық

Өлгеннен кейін берер жауаптан, тірі кезде жиған сауап артық

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кімнің соңғы сөзі куәлік, яғни кәлимә болса, оған жәннәт кепіл етіледі» - деген. Бұл шын ықыласпен жасалған тәубе жан алқымға келгенге дейін қабыл болады деген сөз. Куәлік сөзін айтып өмірден өту - үлкен несібе. Ол үшін тілмен айтқанымызды жүрегімізге бекітуіміз қажет. Әйтсе де әр нәрсенің ниетке, істеген істерімізге тікелей байланысты екені белгілі. Кәлима-тауһид те оның қажеттілігіне қарай сүрілген өмір нәтижесінде жүрекке бекиді. Егер құл Алланың әмірлерін орындауда селқостық танытқан болса, онда оның соңғы демі келген сәтте жағдайы қиындауы мүмкін. Уақытында ғапылдықтан қол тартып, айықпаса, куәлік сөздің әріптерін ғана айтудан аса алмай қалады. Яғни, жүрек байланады. Бұл ең ауыр өкініш. Сондықтан бұрын-соңды жасаған әрекеттеріміздің шариғатқа сай болуы мәңгілік бақыттылығымыз үшін ең үлкен қажеттілік.

Осы турасында пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кезінде орын алған мына бір оқиғадан ғибрат алуға болады. Сахабалардан Алама есімді иманды, тақуалы бір жігіт болған. Ол қолынан келген көмегін өзгеден аямайтын, қандай  қызметті болмасын шын ықыласымен, беріліп орындайтын еді. Бұл сахабаның осыншалықты кеңпейіл болуы Алла Елшісін де (с.ғ.с.) бейжай қалдырмайтын. Дәм тұзы таусылып, сахабаға өлім тақағанда тілі күрмеліп, кәлимә айтуға шамасы келмейді. Дереу Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) хабар беріледі.  Алланың  Елшісі (с.ғ.с.) келген кезде жігіт Оған (с.ғ.с.): «Уа, Алланың елшісі! Жүрегіме құлып сияқты бір нәрсенің ілініп тұрғанын сеземін» - деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сабырлы кейіппен бұл жігітті жақын білетіндерден: «Бұл жігітке куәлік сөздерін айтуға не кедергі болуы мүмкін? Қандай кемшіліктері бар еді?» - де сұрады. Нәтижесінде жігіттің анасын өкпелеткені, сол себепті анасының баласына ренжулі екені белгілі болды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жігіттің істеген жақсы амалдарын ескеріп анасын алдырып, одан:

«Бір адам үлкен от жағып, «ұлыңды соған тастаймын» десе разы боламысың?» - деп сүрады. Сонда анасы: «Жоқ, уа Алланың елшісі! Разы болмаймын!» - деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Олай болса, ұлыңның саған қарсы істеген қателерін кешір» - деп, аналық ақысын адал етуін сұрады. Алла Тағаланың аса қамқорлығының арқасында ана жүрегінің мейірімі оянып, ұлының бүкіл қателіктерін кешіреді. Сөйтіп ұлы алдындағы ақысын адал етті. Сол сәтте-ақ құлдарына ерекше мейірімді болған Алланың қалауымен әлгі жігіт тілін кәлимаға келтіріп, жүрекпен сезініп, рахат күйде өмірден өтті.

Міне, жоғарыдағы оқиғада бір ғана қателігі үшін жас жігіт қандай күйге душар болды. Ал қазіргі қоғамда ондай қателіктердің қаншамасы істеліп жатыр. Ертең қанша теріс амалдарымыздың алдымыздан шығып, куәлік сөзін айтуға кедергі болары бір Аллаға аян. Сол себепті жан алқымға келген сәтте ғана емес, бүгіннен бастап әр ісіміз бен сөзімізге баға беріп, салмақтап, саралағанымыз жөн. Құдіреті күшті, тәубелерді қабыл етуші Алла Тағала бәрімізді ғапылдықтан қорғасын және осы өмірдегі соңғы сөзіміз бен соңғы ісіміздің жәннат сөзі мен жәннат ісі болуын нәсіп етсін!

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: