Алла тағаланың Адам Атадан (ғ.с.) бастап пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) дейінгі барлық пайғамбарларының ғұмырларын өзімізге үлгі тұтып өмір сүру – біз үшін күн сайынғы сынақ болып табылады. Олардың барлығының жүрген жолдары бірдей. Олар мынау өмірге бірдей жаңалық ала келді, адамдарды бірдей қағидалар мен құндылықтарды дәріптеуге шақырды. Пайғамбарлардың (ғ.с.) жолы – патшалар мен әміршілердің, саясаткерлер мен қолбасшылардың, байлар мен дәулеттілердің жолы емес. Пайғамбарлардың (ғ.с.) жолы біз күнде көріп жүрген өзге жандардың жолынан, біз ұзақ жылдар бойына көндігіп кеткен тағдыр жолынан басқаша.
Пайғамбарлардың (ғ.с.) жолы – баянсыз, әрі уақытша құбылысты емес, шынайы, әрі мәңгілік құбылыстарды ұғынудан, рухани игіліктің материалды құндылықтардан қымбат екенін, моральді, әрі этикалық құндылықтардың «пайдалы» нәтижелерге көзді ашып-жұмғанша жеткізетін нәрселерден (мысалы, ақша) артық екендігін дәлелдеуден тұрады. Пайғамбарлардың (ғ.с.) жолы адамның сыртқы емес, ішкі қуаты мен энергиясының жолы. Олар өз жолдарын сыртқы сәнділік пен даңқ арқылы емес, Аллаға деген құлшылықпен және адамзатқа деген игі істерімен жасайды.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай деген екен: «Тәңірім маған тоғыз өсиет айтып қалдырды, мен соларды сендерге жеткіземін. Ол былай деді:
1. Өзіңе де, өзгелерге де адал бол;
2. Ренжісең де, қуансаң да әділ бол;
3. Бай болсаң да, кедей болсаң да сабырлы қалпыңнан айныма;
4. Сені кеудеден итергісі келгендермен де достық қарым-қатынасыңды үзбе;
5. Саған шығын келтіргендерге сен пайда жаса;
6. Саған зиян жасағандарды кешіре біл;
7. Үнсіз тұрсаң да санаң ойға толы болсын;
8. Әр сөзің Алла тағаланы еске түсірсін;
9. Таным-түйсік мүмкіндігі оқу үшін беріледі».
Міне, бұл Алла тағаланың пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) берген маңызды кеңестерінің бірқатары. Ол өмір бойына осы кеңестерді орындаумен болған. Ол осынау ізгі қасиеттерді жасап қана қоймай, оларды өзінің кейінгі үмметіне өсиет қылып қалдырған. Бұл айтылғандар ислам этикасының негізін құрайды. Ислам этикасы – жай ғана этика емес. Оны Жаратқан иеміз түсірген және Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оны бізге жеткізген. Жоғарыда айтылған этикалық қағидалар айрықша жігерді, дайындықты және өз-өзіңді құрбан етуді талап етеді. Бұл қағидаларды жетекшілікке ала отырып ғұмыр кешу оңай нәрсе емес, алайда ол адам баласы үшін аса ұлы құнды қасиеттер, әрі мәңгілік бақытқа жетудің кілті болып табылады.
Біздің тағдырымызға жазылған сынақ – осындай. Мұсылман баласы күнделікті өмі-рінде осы қағидаларды берік ұстануы шарт. Жұмақтың табалдырығын аттаймын дейтіндер үшін бұл қағидаларды айналып өтер бөтен жол жоқ. Өмірің қуанышты, әрі бақытты өтіп жатқан шақта емес, әсіресе, қиын жағдайларда көп пенде тура жолдан тайқып жататыны жасырын емес. Дегенмен, адам басына қандай күн туса да, аталмыш қағидаларды естен шығармай, кейінгі жас ұрпақты да осыған баулып, әр мұсылман соңында жарқын үлгі қалдыруға тиіс. Жоғарыда баяндалып өткен ислам этикалары, яғни Алла тағала өсиеттері әр жұмыр бастының санасына жетуі үшін, оларды тереңірек ашып түсіндіруді жөн деп таптық.
1. Адалдық. Бұл – ислам этикасының бірінші қағидасы, бұл адамның жүрегі мен ойларының (ниеті) тазалығын, шыншылдық пен туралықты білдіреді. Адам жалғыз өзі отырса да, көпшілік арасында болса да, оның ой-санасы таза, адал болуға тиіс. Дүниеде қараниет адамдар көп-ақ. Олар екіжүзді ғұмыр кешеді. Бұл жандар біреулерге өздерін адал секілді етіп көрсетуі мүмкін, ал жалғыз қалғанда құлқыны өзгеріп шыға келеді. Адалдықтың көзі – Құдайдан қорқу. Құдайдан қорықпаған адамнан бәрін күтуге болады.
2. Әділдік. Әрқашан досыңа да, қасыңа да, бейбіт күндерде де, қиыншылықтарда да тек әділдік көрсеткен жөн. Бар жағдайың жасалып, ешқандай жаманшылық көрмей жүрген кезіңде әділдік жайында айту оп-оңай-ақ, ал басыңа күн туғанда сен әділ қалпыңда қала аласың ба, міне, сынақ дегеніміз – осы. Тіпті, сені біреу жек көретін және саған деген осы көзқарасынан ешқашан таймайтын адамның өзіне сен әділдік таныта білсең – онда сен Құдайды сүйген құлысың. Әділдік тек сөзбен емес, іспен де дәлелденуі шарт.
3. Сабырлық. Бұл қандай жағдайда да байсалды, ұстамды, төзімді болу деген сөз. Өмір болған соң, адамға әртүрлі қиыншылықтар жолықпай тұрмайды, міне, осы кездері ең бірінші сабырлық керек. Адамдар көбіне қиын жағдайларда қиналып, өмірден түңіледі, ашуға басады. Әсіресе, дәулетті жандар сабырлық қасиетін алдымен жоғалтады. Сабырлы болу – әркім үшін де, әр кезде де пайдалы қасиет. Қазақ «Сабыр түбі – сары алтын» деп бекер айтпаған.
4. Кез келген мұсылманмен қарым-қатынасты үзбеу (Бұл, бірінші кезекте, туысқандық қарым-қатынасқа қатысты). Бұл, бірінші кезекте, отбасылық байланыс. Бір жанұяның барлық мүшесі арасында жақсы қарым-қатынас ешқашан да үзілмеуге тиіс, бірі қиналса, екіншісі оған қолұшын созуға даяр тұруы керек. Бұл да адамға берілген бір сынақ. Тек өзіңе ұнайтын немесе пайдасы тиетін ғана емес, тіпті ұнамайтын әрі ешқашан ешқандай пайда әпермейтін бауырыңа да жәрдем берген абзал. Отбасының бар мүшесіне олар сені жақсы көрген кезде де, тіпті олар сені жақтырмаған кезде де тек ақкөңіл пейіліңді таныт. Қазақтың «Ағайынның азары болса да, безері жоқ» деген мақалы осыдан келіп шықса керек.
5. Жомарттық. Хақ сенімдегі жандар әрқашан жомарт келеді. Олар қай кезде де, кімге де болсын қолындағысын беруге даяр тұрады. Адамдарға қиын шақта қолұшын беру – үлкен сауап. Алайда, үлкен адамгершілік қасиеттерге ие жандар өзіне ештеңе таттыр-майтын адамдарға да, тіпті өзіне шығын келтіретіндерге де қолындағысын беруге асығады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сараңдар жұмаққа кірмейді»,– деген.
6. Кешіре білу. Өзіңе жамандық жасаған адамды кешіру оңай емес. Дегенмен, Ислам діні адамдарды кез келген уақытта кешірімді болуға шақырады. Ең жаны сұлу адамдар тіпті өзін ренжіткен кісіден өш алатын, сазайын беретін мүмкіндігі болып тұрғанда оны кешіреді. Бұл тұрғыда бізге пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өнегелі істері мысал бола алады. Ол әрқашан өзінің жауларын да, баласын өлтірген адамды да кешірген. Кешірім – ең көрікті мінез.
7. Ой-толғау. Көп ойланып, тек қажет кезде ғана сөйлей білу – тамаша қасиеттердің бірі. Алайда, адам үнсіз тұрған шақта оның санасы игілікті ойларға толы болғаны жөн.
8. Зікір, яғни сөйлеген сөзімізде Алланы еске алу. Біздің тіліміз – Алла тағала берген ұлы сый. Біздің басқа жан-жануарлардан ерекше жеріміз де осы – тіл. Тілімізді біз Алланы мадақтауға, Оған алғыс жаудыруға пайдалануымыз шарт, біз аузымызды ашқан сайын Алланы еске тұтуымыз керек. Өтірік, балағат, өсек, жаман сөздер секілді тілмен айтылатын көптеген күнәлар біздің Алланы ұмытуымыздан пайда болады.
9. Оқу, білім және сабақ. Біздің көзіміз бен санамыз өмірдегі әртүрлі заттарды білу және қоршаған ортамыздан сабақ алуымыз үшін қашанда ашық болуы керек. Әр мұсылман ойшыл болуға міндетті. Құран Кәрімнің бірінші аяты «Оқы!» деп түскенін ұмытпайық!
Ескендір ЕРҒАЛИҰЛЫ