Пара алу да, беру де күнә!

Пара алу да, беру де күнә!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Пара берушінің де, пара алушының да орны тозақ»,- деген. Хадисте айтылғандай «орны тозақ» деген сөздің салмағын ойлап көрелік. Алла тағала Адам атаны (ғ.с.) бүкіл жер бетіне халифа еткенде, Оның әмірімен барлық періштелер Адам (ғ.с.) атаға сәлем беріп, тағзым етті. Шайтан лағынет сәлем бермеді, тағзым да етпеді, тәкаппарлық танытып, қарсыласты. Сол себепті Алла тағала шайтанға қарғыс айтып, лағынет қамытын кигізді. «Орның тозақ» деп үкім шығарды. Ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына жеткен, Алладан қорқып, Оны еске алатын адамның пара беріп, пара алатын мұндай кешірілмейтін ауыр күнәға батыратын дүниеқоңыздықтың соңына түсетіні несі? Ақиретті ұмытып, аз күндік дүние тіршілігінің қызығын ойлап бас пайдасы үшін пара беріп, пара алып Алланың қарғысына ұшыраған адамнан қандай жақсылық күтуге болады?

Ата-бабаларымыз: «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген. Ондай адам Алланың тиғанынан тиылмайды, істе дегенін істемейді. Істеген жұмысы, тапқан табысы, көрген пайдасы, дүние-мүлкі қайдан, қандай жолмен табылсын, арам-адалын, обал-сауабын айырмай пайдалана береді. Пара - адамды еңбек етпей, тер төкпей арам жолмен оп-оңай олжаға батырады. Еңбексіз, бейнетсіз жан қиналмай келіп жатқан дүние, мүлік, ақша адамды жатыпішер арамтамаққа айландырып, оның жұмыс істеу қабілетін жояды, ой-өресін тарылтып, Алланың ақ жолынан адастырады. Абай атамыз: «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын» деген азғындық жолға түсіреді.

Парақорлық пен жемқорлық жүрген жерде адамдар азғындайды, адал қызмет етпейді, бармақ басты, көз қыстымен қазынаны тонап, халықты қанайды, имандылық пен инабаттылықтан айырады. Әділдік болмайды. «Заң құрығына ілінбесек, адам көрмесе болды» деп пара беріп, пара алғаннан өзге де теріс іс-әрекеттің небір түріне барудан тайынбайды. Парақорлық - тойымсыз құлқынды көздеп, байи түсу тәсілі. Бұл шариғат үкіміне де, мемлекет заңына да қайшы. Ислам дінінің басты шартының бірі - әділдік. Дін біреуді жақтап әділдіктің ала жібін аттауды және қиянат жасауды қостамайды, керісінше мұндай іс-әрекеттен қайтарады. Сондықтан жеке адам қоғамда әділдікті ту етіп ұстауы тиіс. Әділдік адамдар арасында қандай да жіктің шығуына жол бермей, теңдік орнатады. Әділдік орнаған жерде адам құндылығы сақталады. Адамдар арасында әділдік дәнін себу оның ішкі жан дүниесіне байланысты. Егер өз жанына әділдік ұрығын егіп, іс-әрекетіне теңдік пен тұрақтылықты орната білсе, онда ол басқалармен қатынаста да әділ болады. Біреуге пара беру, не пара алу - бұл жеке адамның ғана ісі емес. Ол бүкіл қоғамның, сол ортаның айнасы. Мемлекеттің дамуына өлшеусіз өз зардабын тигізеді. Сол себепті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) пара алудың да, берудің де үлкен күнә екенін ескертіп, бұдан сақтандырған. Парақорлық-жемқорлық меңдеген жерде әділетсіздік пен имансыздық қаулап тамыр жаяды. Қауіп пен сенімсіздік артады. Осының кесірінен тыныштық бұзылады. Ондай адамдар Алла алдындағы күнә мен сауапты айырмайды. Мемлекет алдындағы жауапкершілікті мойнына алмайды, халық алдындағы қызметін түсінбейді, түсінгісі келсе де істегісі келмейді. Сондықтан заңды сыйламайды, оған бағынбай, оны бұзады, ұяттан безеді. Қазір тәуелсіз мемлекетіміздегі кездесіп жатқан түрлі келеңсіздік пен қылмыстардың белең алуының түп төркіні осында. Пара беру, пара алу бүгін ғана пайда болған жоқ. Исламнан бұрынғы надандық дәуірінде кең етек алып, араб түбегінде зорлық-зомбылық, ұрлық-қарлық, парақорлық-жемқорлық, қиянатшылдық, зинақорлық, қазынаны тонау, адамды қанау шегіне жеткен-ді. Адам төзгісіз осындай дәуірде соңғы пайғамбар Мұхаммедке (с.ғ.с.) пайғамбарлық келіп, Алланың сөзі - Құран Кәрім түсті. Алланың ақиқат жолы, Ислам діні жоғарыда айтылған зұлымдықтың тамырына балта шапты. Содан бері Ислам имани-адамгершіліктің ең жоғарғы шыңы саналады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан нәпсімен күресетін рухани тәрбие адамзатты асыл мұратқа жеткізер өміршең күш екендігін дәлелдеді. Бұрынғы араб түбегіндегі надандық дәуіріне тән көріністер бүгінде Батыс елдерінде орын алуда. Дегенмен Батыс елдерінде рухани тәрбиенің жеткіліксіздігінен онда ғылыми-техниканың дамуы мен экономикалық жетістікке қарамастан ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, жезөкшелік, кісі өлтіру, маскүнемдік, нашақорлық, парақорлық тағы басқа жан түршігерлік қылмыстар кең етек жайды. Бұл елдерде әдепсіздіктің небір анайы түрін бостандықтың белгісі ретінде қабылдау үрдіске айналды. Мұның себебі Құдайды танымай, темір-терсекке табынып, рухани тәрбиені елеусіз қалдырды. Өз басым діндар ретінде: «Тәрбие нысаны не?» деген сұраққа адамзатқа сан ғасырлар бойы демеу болып келе жатқан тек имандылық пен адамгершілікті уағыздайтын діни тәрбие дер едім. Адам өмірінің күллі өзекті мәселелерін нақты, байыпты, орынды, әділ шешетін Ислам дінінің заңдылықтары, яғни шариғат адамзаттың тұрмыс-тіршілігіне дендеп енбей, ұлы өркениет туралы армандаудың қажеті шамалы.

Он сегіз мың ғаламның бірден-бір Жаратушысы, Қожасы, Әміршісі, құдіретті де рахымды Алла тағаланың пайдасы шексіз және асқан дана әміріне толық бойұсынбай адамзат дамуы мен өркениет дәуірінің кемеліне келу, жан-жақты гүлденуі мүмкін емес. Ақиқат пен шынайы бақыт іздеген қауымға игілік жолы - Ислам жолы. Жақсылық, не жаманшылық етсек те, оның пайда, не залалын тек өзіміз көреміз. Ұрлық, залымдық, парақорлық, өтірік, ғайбаттан, әлбетте, адам баласы зардап шегеді. Туралық, әдептілік, ғылым, білім де адам үшін қажет.

Талабымыз мал табу болса, Алла тағаланың рұқсат еткен кәсіптері аз ба? Әр жерде өз күшіңді адал ниетпен жұмсап, мал табу, соның бәрі де адал. Бірақ, оңай олжаға батқан парақор, жемқорлар оған қанағаттанбайды, өне бойы «дүние көбейтсем», «байысам» деп Аллаға құлшылық етуді ұмытады. Қандай жұмыс істесеңіз де «Алла тағала мені көріп тұр» деп сезіну керек. Әсіресе, жақсы амалдарды істеген кезде. Егер сіз бір күнәні істемек болсаңыз «Алла тағала мені көріп тұр» деп сезінсеңіз, онда ол ауыр күнәға бармайсыз. Өйткені Құдайдан қорқасыз.

Мұсылман әр уақытта «Алла тағала мені көріп тұр» деп өмір сүруі тиіс. Жалпы жамандық атаулыдан құтылудың бірден-бір жолы - Алла тағаланың мұсылмандарға шариғат аясында кәсіп етіп мал табуына, оны жұмсауға еркіндік бергені. Оны өз отбасының мұқтажы мен қайырымдылыққа жұмсайтын мал табуы үшін ұмтылып еңбек етуге бұйырды. Осы бұйрықпен қатар Алла тағала оған (мұсылманға) өсім жеу, таразыдан жеу, құмар ойнау, арам нәрселерді сату, пара беру, пара алу, ұрлық жасау, зина, арсыздық сияқты жолдармен ақша табуды, арақ ішіп, доңыз етін жеуді, есірткі қолдануды харам етті. Мұндайларды кәсіп етудің харам болғаны сияқты бұл жолға қаражат жұмсауы да дұрыс саналмайды. Мұсылманға рұқсат етілмеген нәрселерге салынып, қаражатын сарп ету де харам. Дәулетті де бақытты өмір сүру үшін адал кәсіппен табыс тауып, оны дұрыс жұмсау қажет.

Мұсылмандардың өздерінің әділ басшыларына бағынуы уәжіп. Шашырамай, бөлінбей ынтымақтасуға және басшылары жақсылыққа бұйырса - оны орындауға міндетті. Алла тағала мұсылмандар мен олардың басшыларына өзгелерді исламға шақырып, күпірлік қараңғылығынан жарыққа шығаруды және дүние қызығына беріліп кетуден сақтандырып, дінімізді насихаттауға әмір етті. Сондай-ақ, әрбір адам өзгелер оның істеген салиқалы амалынан үлгі алып жамандық атаулыдан аулақ болуы үшін мына нәрселерді атқаруы тиіс.

1. Ислам жеріне, ұлтына, азаматтығына қарап бірін артық, бірін кем санамайды: қажылық парызын өтеу, жұма намазы, айт мерекелеріндегі намаздар тең құқылық пен рухани бірлікті сақтаудың нақты көрінісі.

2. Ислам шариғаты адамзат санасын улап, мас етер ішімдіктер мен есірткіні харам ету арқылы қорғады.

3. Біреуді сыртынан өсектеп, жала жабуға тыйым салумен мұсылмандардың ар-ұжданын қорғады. «Жала жауып, өсек айтушы адам Алла алдында жазаға тартылады», - деді.

4. Алла тағала некесіз қосылып бала табуды харам етті. Зинақорлықты ең үлкен күнәлардың қатарына жатқызып, адамның ар-намысын жоғары қойды.

5. Алла ұрлыққа, алдауға, құмар ойнауға, парақорлыққа, өсімқорлыққа, т.б. харам жолмен ақша табуға тыйым салып, адамның мал-мүлкін, дүниесін сақтады. Күнә жасаған адамға соған лайық жаза беріледі.

Қазақстанды сырттан жау ала алмайды. Сырттан келген ашық жауға қарсы тұруға мемлекеттің қауқары жетеді. Бірақ іштен іріткі салатын жымысқы саяси қара ниеттілер мен парақор-жемқорлардан қатаң сақтанып, мемлекет қауіпсіздігін қорғау әрбір саналы азаматтың Отан алдындағы борышы.

Атамыз қазақ: «Ұят тұрған жерде иман тұрады» деген. Адам ұят арқылы өзіне тән асыл құндылығын сақтайды. Ұят Алланың адам табиғатына берген сыйы - бұл бізбен бірге жаратылған және хаққа бастап баратын да, жетелейтін де тура бағыт.

Жан-жануар дүниесіне көз салалық. Оларда қоғам да, қоғамдық сана да жоқ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай адамның ақылынан кейін жүрегіңді тыңда, жақсы мен жаманды, дұрыс пен бұрысты, рұқсат етілген мен тыйым салынғанды ажырату үшін шын мәнінде Алла тағала әрқайсымыздың жүрегімізге бүкіл шариғат пен төзу таразысын сиғызып қойған. Сол арқылы тән-салмақтан, нәпсі-зияннан қалай арылу керектігін біліп, айыра аламыз. Алладан жеткен бұл нұрдың аты ұят. Құран кәрімде Алла тағала былай деген: «Әй, мүміндер! Егер Алладан қорықсаңдар, ол сендерге жақсы-жаманды айыратын қабілет берді» ( «Әнкабут» сүресі, 8-аят). Ұят - ақиқат, ізгі әдеп, мейірім-махаббат, әділдік, шындық, кешірім, қайырым, жомарттық. Бұл аталған ізгі қасиеттер ешқашан жамандыққа айналмайды. Адамнан ақыл-сана,ар-ұят кетпесе, мәңгі осылай болмақ. Пара беріп, пара алған адамдарда ұят деген болмайды. Ұят болмаған жерде имандылыққа тәрбиелеу қиын. Адамның ары таза, ниеті ақ болса ешуақытта адамдарға жамандық ойламайды, қылмыс жасауға бармайды, парақорлықтан ат тонын ала қашады.

Жалпы пара беру де, пара алу да үлкен күнә, ауыр қылмыс екенін жете түсінейік, ағайын!

Науаш Сәдуақасұлы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (2)

Оқи отырыңыз: