Алла тағала Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с.) күллі әлемге рахмет нұр ретінде жіберді. Оның (с.ғ.с.) жанашырлығы мен сүйіспеншілігі барлық адамзатты, тіпті күллі тіршілік атаулысын қамтыды.
Ол – Алланың сүйіктісі. Алла тағаланың Оған (с.ғ.с.) салауат айтқанын-ақ Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қадірі мен қасиетінің қаншалықты деңгейде екенін аңғаруға болады емес пе? Өйткені, Хақ тағала Оған (с.ғ.с.) салауат пен сәлем айтқанда тікелей Өзімен қоса барлық періштелеріне де Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айттырғанын баяндайды. Сонан соң іле-шала барлық мүміндерге де, дәл осылай Оған (с.ғ.с.) арнап салауат пен сәлем айтуларын бұйырады. Өйткені, Алла тағала бізді 124 мың (бір риуаят бойынша) пайғамбардың арасынан Мұхаммедке (с.ғ.с.) үммет болу нығметі мен абыройына бөлеген.
Алла тағаланың бізге деген ілтипаты осыншалықты ерекше болса, шүкіршілік пен адалдық таныта білуіміз қажет. Яғни, пайғамбарлар сұлтанына үммет болу ең үлкен бақыт әрі жауапкершілік. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бойұсыну – Алла тағалаға бойсұну. Сондықтан, Алла Елшісіне (с.ғ.с.) салауат айтып, Оны (с.ғ.с.) жан тәнімізбен жақсы көруге тиіспіз. Себебі, Расулуллаһ (с.ғ.с.) – күллі мұсылмандар үшін үлгі. Оған ғашық болып өмір сүру – күнделікті тұрмыс-тіршілігіміз бен іс-әрекетіміздің қайнар көзіне айналса, онда мақсатымыздың іске асқаны. Өйткені, Расулуллаһтың (с.ғ.с.) шапағатына ақиретте мұқтажбыз. Олай болса, сөзіміз бен ісімізде мұны дәлелдейік!
Алла Расулы (с.ғ.с.) адамдардан дәріс алған жоқ. Раббымыз Оның (с.ғ.с.) бойына барлық әдептілік пен жақсылықты дарытты. Ондағы ізгіліктер томдаған кітаптарға арқау болары сөзсіз.
Небәрі 23 жылдық қысқа Пайғамбарлық (с.ғ.с.) ғұмырында бүкіл адамзатқа тура жолды көрсетіп, әлемді нұрға бөледі. Жоқтан бар жаратқан Алланы танытып, жалған мен ақиқаттың аражігін ажыратып берді. Мына дүниенің сынақ екенін саналарына сіңірді.
Нәбәуи (пайғамбари) тәрбиенің нәтижесінде сүйіспеншілік пен жанашырлық, қамқорлық пен пидашылдық, хақ пен әділетті орнатудағы сезімталдық және сергектік пен ұқыптылық шырқау биігіне жетті.
Адамдарға Алланың разылығына жетуден артық бақыт жоқ екенін ұқтырды. Иманы күшейген сайын мүміндер: «Алла бізден нені талап етеді, Расулуллаһ (с.ғ.с.) үмметі деген ардақты атқа лайықпыз па?», – деген ойлармен түндерін құлшылықпен, өмірлерін сауапты істермен өткізуге барын салды. Түн күндізге, қыс көктемге ұласты. Сондықтан ол дәуір адамзат тарихында «Асру Саадат» (Бақыттылық ғасыры) деп аталып, ерекше мәртебеге бөленді.
Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) сахабалары қатты жақсы көрді. Тіпті, Оны (с.ғ.с.) жақсы көргені соншалық Алла Елшісінің (с.ғ.с.) ғибадатқа, құлшылыққа қатысты емес те жасаған барлық іс-әрекеттерін қайталайтын. Оның (с.ғ.с.) қасында бір сәтке де болсын болуға тырысатын. Тіпті, мүбарак жүзіне қараудың өзі олар үшін мына дүниенің барлық байлығынан, жақсылығынан артық көрінетін. Хазреті Әбу Бәкір (р.а.) Расулуллаһтың (с.ғ.с.) мүбарак жүзіне қарап, «Қандай көркем!» деп таңданатын.
Хазреті Пайғамбардың (с.ғ.с.):
– Әбу Бәкірдің мал-мүлкіндей ешкімнің мал-мүлкінен пайдаланған емеспін...- дегенін естіген Әбу Бәкір (р.а.) көз жасын төге отырып:
– Мен және мал-мүлкім тек Сен үшін емес пе, ей, Алланың Елшісі(с.ғ.с.)?! – (Ибн Мәжә, «Мұқаддимә», 11) деп, өзін толығымен Расулуллаһтың (с.ғ.с.) жолына арнағанын дәлелдеді.
Ал, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үмметіне деген махаббатын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Үмметіне жанашырлығы ананың баласына деген мейірімділігінен әлдеқайда күшті болатын. Бұл жайлы Құран кәрімде:
«Шынында, сендерге өз іштеріңнен бір пайғамбар келді, сендердің қиналғандарың Оған өте қатты батады. Ол сендерге ынтық, мүміндерге аса еміренгіш, тым мейірімді» («Тәубе» сүресі, 128), – делінген.
Алла Елшісі (с.ғ.с.) үмметіне көп дұға ететін. Бір күні :
– Аллаым! Үмметімді қорғайсың, оларға мәрхаматыңды төккейсің! – деп жылап отырып, Раббысына жалбарынды. Сонда Хақ тағала ( барлық нәрседен хабардар болса да):
– Ей, Жәбірәйіл (ғ.с.)! Мұхаммедтен (с.ғ.с.) сұра, неге жылап жатыр екен? – деді.
Жәбірәйіл (ғ.с.) лезде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) жетіп, мән-жайды ұғынып, Алла тағаланың құзырына қайта келді. Сол кезде Жаратушы:
– Ей, Жәбірейіл (ғ.с.)! Мұхаммедке (с.ғ.с.) бар және Оған (с.ғ.с.): “Сені разы етеміз ( үмметің жайлы) және Сені мүлде ренжітпейміз деп сүйіншіле», – деді (Мүсілім, «Иман», 346).
Хазреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үмметіне деген шексіз сүйіспеншілігін Абдуллаһ ибн Мәсғуд (р.а.) жеткізген мына хадистен анық аңғарамыз:
Бір күні Нәби (с.ғ.с.):
– Ей, Ибн Мәсғуд(р.а.)! Маған Құран оқы!,–- деп бұйырды. Мен:
– Уа, Расулуллаһ (с.ғ.с.)! Құран Сізге (с.ғ.с.) уаһи етілсе, оны сізге мен оқиын ба? – дедім. Сонда Алла Елшісі(с.ғ.с.):
– Құранды басқадан тыңдағанды жақсы көремін, – деді.
Мен «Ниса» сүресін оқи бастадым: «Әрбір үмметтен бір куә келтіріп, Сені де оларға куә етіп келтіргенімізде, олардың халі не болмақ!» - («Ниса» сүресі, 41) деген аятқа келгенімде, Расулуллаһ (с.ғ.с.):
– Жетеді! - деді.
Алла Елшісінің (с.ғ.с.) жүзіне қарасам Оның (с.ғ.с.) екі көзінен моншақтап жас тамып тұр екен (Бухари, «Тәфсир,» 4/9; Мүсілім, «Мүсәфирин», 247).
Ол (с.ғ.с.) осы кезде ақиреттегі біздің жағдайымызға қатты алаңдаушылық білдіріп, сұрақ-жауаптың өте қиын болатынын ойлап екі көзіне ерік берген еді. Өйткені, Пайғамбырымыз (с.ғ.с.) ондағы жағдайды жан-тәнімен сезіне алған. Сондықтан, Оған (с.ғ.с.) салауат айтып, шапағатына ие болуға біз аса мұқтажбыз.
Әрине, мына жалған дүниенің жақсылық пен жамандықтан, ақ пен қарадан тұратыны даусыз. Әлемге ізгілік ұрығын сепкен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) да жаулары мұндай әдемілікті көре алмады. Тышқанның гүлзарда өмір сүре алмайтыны сынды ислам дұшпандары да қараңғылыққа ұмтылды. Олардың болмысы қара түнекпен етене араласып кеткен. Олар қалайша жарықта ғұмыр кешсін, қалайша Пайғамбардың (с.ғ.с.) ізінен ерсін?! Пасықтар мен залымдар адамзатты жарыққа жетелеген Алла Елшісінің (с.ғ.с.) жолына тосқауыл болды. Бірақ, олардың қара ниеттері жүзеге аспады.
Ислам дінін өз қорғауына алған Алланың құдіреті мен ұлылығына қарамай мұсылмандарға, Құран мен Пайғамбарға (с.ғ.с.) тіл тигізушілер ертелі-кеш сөзсіз жазасын алады.
Алла тағала жүрегімізді нұрландырып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шынайы үмметі болуды нәсіп еткей. Оның баға жетпес бақыт екенін әрқайсымыз жете сезініп, соған сай амал етуді жазғай! Алла Елшісіне (с.ғ.с.) әрдайым салауат айтып, қиямет күні Оның (с.ғ.с.) шапағатына ие болайық! Алла Елшісіне (с.ғ.с.) лайықты үммет болуды Жаратушы Иеміз нәсіп етсін! Әмин!
Осман Нұри Топбаш