Сиқырдан сақтан

Сиқырдан сақтан

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Сиқыр сөзінің мағынасы

Қазақ тіліндегі сиқыр сөзінің түп негізі араб тіліндегі «сихр» деген сөзден шыққан. Ал, атақты араб тілі ғұламаларының бұл сөзге берген анықтама-түсініктемелері төмендегіше:

Лейс деген белгілі тіл ғалымы былай дейді: «Сиқыр - шайтанға жақындатып, оған көмек беретін іс».

Әзһәри: «Сихр» сөзінің түпкі мағынасы бір затты өзінің болмысынан басқа затқа ауыстыру деген мағынадан шыққан», - десе, атақты «Лисанул-араб» сөздігінің авторы ибн Манзұр: «...Бұл сөздің түпкі мағынасы - сиқыршының жалғанды ақиқат етіп, бір затты өзінің болмысынан басқа түрде көрсетіп сиқырлауы яғни, өңін алмастыруы», - деп түсіндірген.

Ибн Айша: «Арабтардың сиқырды сихр деп айтуларының сыры ол арқылы денсаулық жағдайы кеселге өзгертілетін болған», - деп анықтама берген.

Ибн Фарис былай дейді: «Көпшілік ғұламалар сихр сөзінің түпкі төркіні жалғанды ақиқат етіп көрсету деп тоқтамға келген».

«Әл-Мұғжам әл-Уаситте» мынадай деп жазылған: «Сихр алуы жеңіл, әрі жұмсақ болған нәрсе».

«Мұхит әл-Мұхит» атты кітабта былайша анықтама беріліпті: «Сихр»: бір затты ең жақсы түрінде көрсетіп, адастыру».

Сиқыр сөзінің шариғи мағынасы

Фахруддин ар-Рази: «Сихр сөзі шариғатта себебі белгісіз, болмысынан өзгертілген, алдау мен қулыққа негізделген іс деген мағынаны білдіреді»,- деген.

Ибн Құдама әл-Мақдиси былай деген: «Ол - айтылған не жазылған дуа, сөз немесе сиқырланған адамның сыртынан денесіне, жүрегіне не, ақылына әсер ететін іс жасау. Сиқыр шындығында бар нәрсе. Оның адамды өлтіретін, ауруға ұшырататын, жұбайымен жақындасуына кедергі келтіретін, ерлі-зайыптыларды ажырататын, екі адамды бір-біріне сүйкімді етіп көрсететін түрлері бар».

Ибн әл-Қайм: «Ол (сиқыр) зұлымдық рухтарының әсерлерінен, солар арқылы табиғи күштердің әсерленуінен құралған (іс) », - деп анықтама береді.

Сиқыр сөзінің нақты анықтамасы

Ол - сиқыршы мен шайтанның арасындағы келісім. Бұл келісім негізінде сиқыршы Аллаға серік қосатын харам істерді істеп, оның есесіне шайтаннан көмек алады. Оның айтқандарын бұлжытпай орындап, оған толық бойұсынады.

Сиқыршы шайтанға қалай жақындайды?

Кейбір сиқыршылар қасиетті аяттарды аяқ киіміне салып онымен әжетханаға кіреді. Ал, енді біреулері аяттарды лас нәрселермен жазса, басқалары «Фатиха» сүресін терісінен жазады. Дәретсіз намаз оқып, жүніп халінен тазаланбай жүре береді. Енді біреулері Алланың атын атамай, шайтанға құрбандық шалып, оны шайтан белгіленген жерге тастайды. Сиқыршылардың енді бір тобы жұлдыздармен «тілдесіп», оларға бас ұрып сәжде жасаса, кейбіреулері тұмарларға араб тілінде жоқ күпірлік сөздер жазады. Бұл әрекеттерден мынаны анық аңғаруға болады. Жындар сиқыршыға ешқашан да қарымтасыз, тектен-тек көмектеспейді. Сиқыршының күпірлік істері көбейген сайын шайтан да оның лас шаруаларын тез орындауға тырысады. Ал сиқыршы самарқау болып енжарлық танытса, шайтан да оның айтқандарын орындаудан бас тартып, көмегін доғарады. Демек, сиқыршы мен шайтан - Аллаға қарсы бірігіп күнә істер істеу үшін өзара келісімге келген серіктестер. Егер сиқыршының жүзіне асықпай бажайлап көз жүгіртсеңіз, осы айтылғандардың ақиқаттығына іштей иланасыз. Оның бетінен күпірлік пердесін көресіз.

Ал, егер сиқыршынының өмірімен жақынырақ таныса түссеңіз, оның не әйелімен, не балаларымен араз болып жүргенін байқау, әсте, қиын емес. Ондай адам ешқашан қаннен қаперсіз, мамыражай тіршілік ете алмайды. Ұйқысы да жайсыз. Шайтандар сиқыршының отбасына тыныштық бермей, араларына алауыздық отын жағады. Алла тағала бұл туралы былай деген: «Егер кімде-кім менің насихатыма теріс қараса, онда оның өмірі таршылыққа түседі, қияметте біз оларды көрсоқыр қалпында жинаймыз» («Таһа» сүресі, 124-аят).

Уахид Абдуссалам Бали

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: