Сүннеттің Құранмен үндестігі және дінде дәлел болуы

Сүннеттің Құранмен үндестігі және дінде дәлел болуы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Құран - барша адамзат пен жындар әлеміне ақиретке дейінгі бүкіл заманға түскен иләһи мәңгілік үкімдер мен тәлімдердің қайнар көзі. Онда әрбір құбылыс пен тіршілік иелерінің сипаты өз маңыздылығына қарай қамтылған. Шексіз ілім және құдырет иесі жіберген Қасиетті Кітапта жаратылыстағы барлық ақиқаттар мен ілімдердің дәнегі сақталған. Құран - күллі әлемнің ықшамдалған мазмұны іспетті. Сонымен қатар, ол - араб тілі мен әдебиетінің және жалпы көркем сөз өнерінің түрлі заңдылықтарын толықтай ішіне бүгіп, сөз зергерлерін еріксіз бас идірген иләһи кітап. Араб тілінің ерекшелігіне сай онда мағыналық тұрғыдан кең мағыналы аяттар, жалпыға тән және өз алдына арнайы, шегі нақты белгіленген, сондай-ақ ішінара кейде нақты бекітілмеген үкімдер, мағыналары әр алуан ортақ сөздер, метафоралық, метонимиялық, ұғым-категориялар да бар. Мұнымен қоса, Құранда бәріне ұғынықты (мухкәм) және ұғу мүмкін емес (Оның шынайы ақиқаты Жаратушыға ғана мәлім мутәшәбиһ аяттар), аз сөзге көп мағына сыйғызған аяттар да ұшырасады. Демек, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Құранды адамзатқа жеткізумен бірге түсіндіру міндеті де қоса жүктелген. Мұны Құран аяттарынан («Нәхл», 44, «Ибраһим», 4) айқын көруге болады.

Бүкіл әлемдерге рахым етіп жіберілген Алланың елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) - Құранның ең ұлы тәпсіршісі. Сол себепті де, Жаратушының иләһи мақсатын ең терең ұғынып, оны өмірінің өзегіне айналдырған ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғибратты ғұмыры қияметке дейін келетін адамзатқа бірден-бір үлгі[1]. Қадірменді Айша анамыздың (р.а.) сөзімен айтсақ: «Оның мінезі тұнып тұрған Құран»[2] еді.

Құран мен сүннет - ет пен сүйек секілді біртұтас. Екеуін бір-бірінен ажырату әсте мүмкін емес. Бұған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Қиямет күні зекет бермеген адамның мойнына улы жылан оратылады»[3] дей келе: «Сараңдық жасағандары қияметте мойындарына оратылады» деген иләһи кітаптың киелі сөзімен түйіндейді («Әли Имран», 180). «Мүминнің парасатынан қорқыңдар өйткені ол Алланың нұрымен қарайды»[4] деп бір қайырып, «Күмәнсіз мұнда парасатты жандар үшін белгілер бар» («Хижр», 75) аятын дәлелге келтіреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осылайша сүннетті аятпен бекітіп отырған.

Сахабалар да Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) осы ұстанымынан ғибрат алды. Олар кез келген мәселені Құран мен хадистерді ұштастыра отырып, түсіндіруге ерекше мән берді. Олардың қатарында муксирун (ең көп хадис жеткізген сахабалар) мәртебесіне жеткен Әбу Һурәйра (һ. 58/678 қб), Әнәс ибн Мәлик (һ. 93/712), Әбу Саид әл-Худри (һ. 78/697) және Айша анамыз (һ. 58/678) (р.а.) сынды сахабаларды бөле-жара атауға болады. Мысалы, Әбу Һурәйра (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Әр туған сәби өмірге таза боп келеді. Кейін оны анасы немесе әкесі яһудей, христиан немесе зороастрист (отқа табынушы) етіп жібереді» дегеннен кейін Алла тағаланың адамдарды осындай таза табиғатпен жарататындығына байланысты аятты («Рум», 30) оқыған[5] болатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен сахабалардың ғибратты тәсілін негізге алған мухаддистер де өз хадис жинақтарының кез келген бөлімінің басында алдымен сол тақырыпқа байланысты аяттар, содан кейін барып хадистерді келтірген. Мұндай жүйені Бухаридің Сахихынан, Бәғауидің Шәрхус-сунна және Нәуәуидің Риядус-салихинынан көруге болады. Яғни, Құран аяттары мен хадистер бір-бірін ұдайы толықтырып, бір-бірінің мағыналарын аша түседі.

Мұсылман ғалымдары сүннеттің Құран алдындағы міндетін мына 3 категория[6] негізінде айқындауға болатынын алға тартады:

а). Сүннет - Құрандағы бір үкімді қуаттаушы. Құран мен сүннет ақиқатты ашуда бір-бірін өзара толықтырушы. Намаз, ораза, зекет, қажылық, ата-анаға мойынсұну, нақақ кісі өлтіру сияқты көптеген мәселелерде сүннет Құрандағы үкімдерді қуаттайды. Мысалы, «Олармен жақсы қарым-қатынас жасаңдар» («Ниса», 19) деген аятты «Әйелдер қақында Алладан қорқыңдар (олардың құқықтарын сақтау тұрғысынан). Сендер оларды Алланың аманаты ретінде алдыңдар және оларды Алланың атымен уәде беріп өздеріңе халал етіңдер»,[7] деген хадисімен толықтырған.

ә). Сүннет - Құрандағы аяттарды түсіндіруші. Сүннет Құрандағы қысқа да нұсқа келетін кейбір аяттардың астарлы тұстарын жеткізіп, түсіндіреді, толықтырады. Жалпылама айтылған үкімдерді өз алдына жеке дара үкімдерге айналдырады және шегі белгіленбеген үкімдердің ара-жігін айқындап береді.

Тақырыпта аша түсу үшін бірнеше мысал келтірелік:

1.Сүннеттің Құрандағы құлшылыққа байланысты бірден түсінуге ауыр келетін қысқа да нұсқа аяттардың мағынасын аша түсуі.

Мәселен, намаздың парыз болу мәселесі. Құранда намаздың парыз болуы айқын болғанымен оның қай уақыттарда, қалай оқылатыны, рәкәт сандары және басқа да шарттары кең түрде баяндалмаған. Құранды тәпсірлеуші бірқатар ғалымдар «Күндіздің екі жағында және түннің күндізге таяу уақыттарында намазды орында. Шындығында жақсы істер жамандықтарды жояды» («Һуд», 114) деген аяттан намаздың бес мезгілін шығаруға тырысқанымен «Шындығында намаз мұсылмандар үшін белгілі уақыттарда парыз етілді» («Ниса», 103) деген аяттағы «белгілі уақыттарды» нақтылап берген - сүннет[8].

Ардақты Елші (с.ғ.с.) намаз уақыттарын үйретумен қатар оның бүкіл шарттарын, қалай орындалатынын «Намазды менен көргендеріңдей етіп оқыңдар»[9] деу арқылы көрсетіп берген. Егер Құранда мұның бәрі егжей-тегжейлі баяндалатын болса, онда Қасиетті Кітаптың тек намазға ғана байланысты үкімдердің өзі қаншама беттерді алған болар еді. Сондықтан Құранда көптеген мәселе өте ықшам беріліп, оның егжей-тегжейлі баяндалуы Алла Елшісіне (с.ғ.с.) жүктелген. Жоғарыда біз келтірген мысал намазға қатысты үкімдер ғана. Құранда зекеттің де парыз етілгені белгілі, ал оның қандай нәрселерден және қаншалықты мөлшерде алынатынын сүннет айқындап берген. Сонымен қатар, қажылық та парыз етілген, ал оның негізгі шарттары бізге сүннет арқылы келіп жеткен. Бұл мәселенің және тағы бір қисынды тұсы, егер Құранда кез келген мәселе егжей-тегжейлі, бүге-шүгесіне дейін баяндалар болса, адам баласына өз ақылын қолдану қажеттілігі де қалмас еді.

Сонымен қатар, Алла елшісі Құрандағы көптеген сөздердің мағынасын араб тілінде сөйлеген сахабалардың өзіне түсіндіріп, баяндап берген. Мысалы, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Фатиха» сүресіндегі «мағдубун аләйһим» «ашуға ұшырағандар» және «дааллиин» «адасушылар» деген сөздердің астарлы мәнін «ашуға ұшырағандар - иудейлер, ал адасушылар - христиандар»[10] деп ашып берген.

«Әнғам» сүресіндегі: «Иман келтіріп, имандарын зұлымдықпен былғамағандар, міне оларға сенімділік бар және олар тура жолға түсірілгендер» («Әнғам», 82) аяты түскен кезде сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! зұлымдықтан қайсымыз ұзақ қала аламыз» деп қатты қорыққан. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ол сендердің ойлағандарыңдай емес, ол зұлымдық - Лұқманның (а.с.) баласына айтқанындай: «Балапаным, Алла тағалаға серік қоспа! Шын мәнінде серік қосу - үлкен зұлымдық» («Лұқман», 13) деп сахабаларының қорқынышын сейілткен[11]. Иә, Пайғамбарымыз осылайша айтып түсіндірмесе бұл аяттың мағынасын біз мүлдем басқаша ұғынып, ондай иманға қол жеткізе алмайтынымызды ойлап, әрдайым мазасыз күй кешер едік.

«(Ораза кезінде) қара жіп пен ақ жіп бір-бірінен ажыратылғанға дейін ішіп-жеңдер..» («Бақара», 187) аяты түскен кезде кейбір сахабалар оның мағынасын тікелей түсініп, жастықтарының астына әлгіндегі жіптерді қойып жүреді. Және жіптер бір-бірінен ажыратылатындай болғанға дейін таңертең ішіп-жеулерін жалғастырған. Әлгіндей жайдан хабардар болған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «ақ жіп» сөзінің мәні - «күндіздің жарығы», «қара жіп» сөзінің мәні - «түннің қараңғылығы» екенін білдіру арқылы таң шапағы атқанға дейін ішіп-жеуге болатынын айтып, мән-жәйды түсіндіріп береді[12].

«Оны тағы да бір рет түсу кезінде көрді» («Нәжм», 13) аятындағы сидрәтуль-мунтахада Алла Елшісінің Алланы емес, Жәбірейілді көргендігі хадистерде айтылған[13]. 2. Сүннеттің жалпы үкімді арнайы жеке үкімге айналдыруы.

«Ниса» сүресінде «Алла тағала сендерге балаларыңыз жайында еркекке әйелден екі есе мирас беруді бұйырады» («Ниса», 11) деп балалардың аналарына немесе әкелеріне мұрагер болатынына қатысты жалпы үкім қамтылған. Осы негіз бойынша әр бала мұрагер болатынына қарамастан, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Біз пайғамбарлар мұра қалдырмаймыз, бізден қалғандар - садақа»[14] деп пайғамбарларға мұрагер болмайтынын ескертіп, осыған орай арнайы үкім айтқан. Сонымен қатар «(мирас қалдырушыны) өлтіруші мұрагер бола алмайды»[15] деп жалпы үкімді жекеге айналдырған.

3. Ара-жігі айқындалмаған үкімдерді түсіндіріп, шекарасын белгілеуі.

Мысалы: «Маида» сүресінің 38-аятында: «Ұрлық жасаған әйел мен еркектің қолдарын кесіңдер.. » делінген. Бұл аятта қолдың кесілуі бұйырылған, араб тіліндегі «иад» сөзі толығымен қолды білдіреді. Алайда қолдың білектен және ұрлық қандай жағдайда жасалғанда кесілетінін сүннет белгілеген[16].

4. Сүннеттің Құрандағы белгілі бір негіздің тармақтарын баяндауы.

Мәселен, «Ниса» сүресінің 29-аятында: «Ей, иман келтіргендер! Өзара малдарыңды әділетсіздікпен жемеңдер. Бірақ өз ризалықтарыңмен саудаласу басқа» делінген. Құранда өзара ризашылықпен жасалған саудаға рұқсат берілген болса да, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жеміс-жидектерді піспей тұрып сатуға тиым салған. Мұның себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинаға қоныс аударған кезде мәдиналықтар жеміс-жидектерді сабақтарында тұрған күйінде піспей тұрып сататын. Ағашты үсік немесе кесел шалғанда, не болмаса өнім бермеген кезде сатушы мен алушының арасында көбіне дау-дамай туындайтын. Сондықтан Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ондай саудаға тиым салған болатын.

б). Сүннет Құраннан тәуелсіз (Құранда айтылмаған) үкімдер де шығар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алла тағаладан кейінгі ислам дінінің екінші маңызды қайнары Құран пәлсафасынан алшақ кетпейтін Алла Елшісінің (с.ғ.с.) мұндай үкімдері көп емес. Алайда ол үкімдердің дәрежесі Құрандағы үкімдермен бірдей болып табылады. Олардың қатарына: тырнақты жыртқыш құс пен үй есегінің етін жеуді харам етуі, апалы-сіңлілерді бір некенің астында ұстау, яғни ол екеуін бірдей әйелдікке алу, еркектерге алтын тағу мен жібек киюдің харам етілуі, қан жолымен (бір атадан тараған) бір-біріне үйленуге тыйым салынғандардың сүт ему арқылы да харам етілуі т.б. үкімдерді жатқызуға болады.

Имам Шафиғи сүннеттің алғашқы екі міндеті жайлы ислам ғалымдарының пікірлері бір жерден шыққанымен үшінші мәселеге байланысты түрлі көзқарастардың бар екенін айтады. Сайып келгенде, олардың бәрі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Құрандағы үкімдерге қосымша немесе одан тыс жеке үкім қоя алатындығын қабылдайды[17]. Сүнеттің Құран аяттарында белгіленген жайттардан бөлек үкім шығаруы оның Құранға қарама-қарсы үкімдер қойған дегенді білдірмейді. Асылында кез келген сахих хадис аятқа қайшы келмейді. Осы мәселеге байланысты мұсылман ғалымы Шәуқани: «Сүннеттің үкім шығарудағы тәуелсіздігі мен бұлжымас дәлел екеніне тек исламнан жұрдай болған кісі ғана қарсы шығады»[18] деген тұжырым жасайды. Әсілінде, сүннет - Құранның жанды тәжірибесі. Осы дәлелдердің бәрі тұрғанда сүннетті бір жаққа ысырып тастап, өз ақылыммен Құранды тікелей түсініп, өз білгенімше амал етемін деу - үлкен қателіктің басы.

Ал енді сүннеттің дінде дәлел болуының негіздерін мына тақырыпшалар төңірегінде қарастырып, айқындай түсейік:

1. Құрандағы дәлелдер

2. Сүннеттен дәлелдер

3. Сахабалардың сүннетпен амал етудегі ерекше ыждағаттылығы

4. Амалдардың толығымен Құранда болмауы

1. Сүннет - мұсылман өмірінің шамшырағы, айнымас жол сілтеуші серігі. Алла тағала Құран Кәрімде сүннеттің діндегі орнын соқырға таяқ ұстатқандай етіп көрсетіп берген. Төмендегі мына аяттар бұған бұлтартпас дәлел:

- Құранның бір қатар жерінде төмендегідей мағыналас аяттар кездеседі:

«Ол сондай Алла, сауатсыздардың ішіне өздерінен Алланың аяттарын оқып, оларды тазартатын, сондай-ақ оларға Кітап пен хикметті (даналықты) үйрететін бір пайғамбар жіберді» («Жум‘а», 2), «Іштеріңе аяттарымызды оқитын, сендерді тазартатын және сендерге Құранды әрі хикметті сонымен қатар білмегендеріңді үйрететін елші жібергеніміз сияқты » («Бақара», 151)[19].

Беделді Құран тәпсіршілері мен хадис ғалымдарының басым көпшілігі осы аяттардағы «хикмет» сөзін сүннет деп ұққан[20]. Өйткені адамзатқа түскен Алланың теңдессіз сыйы Құран Кәрімде басы артық, не орынсыз қолданылған сөз жоқ. Оның кез келген сөзін, тіпті, әріптерінің орнын өзгерту немесе орнына басқа бір сөз қою мүмкін емес. Онда әрбір сөз орны-орнымен қолданылған. Сондықтан, аяттағы «хикмет» сөзі кітап немесе оның бір бөлігі бола алмайды. Араб тілінің грамматикалық қағидасы бойынша «уау» жалғауы бірдей нәрсеге айтылмайды. Бұл жердегі кітаптың мағынасы басқа аяттарда да білдірілгендей Құран екені күмәнсіз. Ал, хикмет сөзінің астары бұл жерде осы кітаптың түсіндірмесі әрі жүзеге асырушысы сүннетті меңзеп отыр.

- Алла тағала пайғамбарларын адамдарға жібергенде оларға бойұсынсын деп жіберетіндігін де білдірген:

«Біз пайғамбар атаулыны, Алланың рұқсатымен, оған бойсұнылу үшін ғана жібердік» («Ниса», 64), «Ей, иман келтіргендер! Алла пен Оның Елшісіне бойсұныңдар және Құранды ести тұра пайғамбардан бет бұрып теріс айналмаңдар» («Әнфәл», 20), «Аллаға бойсұныңдар және Елшіге бойсұныңдар» («Ниса», 59; «Нұр», 54). Бұл аяттарда Алла пен Оның елшісі бөле-жара, арнайы айтылған. Алланың бұйрықтары мен тиымдарына бағыну қалай әмір етілсе, Оның Елшісіне де солай бағыну бұйырылған. Және «Пайғамбардан бет бұрмаңдар» деу арқылы да ерекше ескерту жасалған.

- Мына аятта пайғамбармен қатар тіпті өздерінің басшыларына да бойсұну бұйырылып тұр: «Әй, иман келтіргендер! Аллаға бойсұныңдар, Елшіге және басшыларыңа бойсұныңдар» («Ниса», 59). Көріп отырғанымыздай, Алла елшісінен кейін келген басшылардың өзіне бойсұнуға шақырып тұрғанда екі дүниенің сұлтаны, пайғамбарлардың падишасына (с.ғ.с.) бағынып, оның айтқандарына бойсұнбауды қалай түсінуге болады?! Бұл бойсұну мемлекет, билік, саясат, экономика және тұрмыстық секілді көптеген мәселелердің Құранда нақты үкімі жоқ болса, онда, әрине, оны Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шешеді, егер сүннетте де жоқ болса оның шешімі үмметтің ғалымдары мен басшыларының еншісінде. Сондықтан да басшыларға бағынуды қабылдамау (басшылар діннің үкіміне қайшы үкімдер шығармаған жағдайда) қоғамда анархия тудыратындықтан діннің қағидасына қайшы келеді[21].

- «Аллаға әрі Елшісіне бойсұныңдар, өзара жанжалдаспаңдар, әйтпесе үрейленесіңдер де құттарың қашады және сабырлы болыңдар...» («Әнфәл», 46). Бұл аят Алла пен Елшісіне бағынудың бірлік пен күш-қуат қайнары екенін нұсқауда. Олай болса, бірлік пен күш-қуаттан айырылмаудың жолы - Алла Елшісінің, яғни оның сүннеті бойынша амал етуде жатыр.

- «Егер Алланы жақсы көрсеңдер маған бағыныңдар, сонда Алла тағала да сендерді жақсы көреді...» («Әли Имран», 31). «Иә, Алла тағаланы жақсы көремін, Оның айтқандарымен жүремін» деген адамның пайғамбарды жақсы көріп, оған бағынбауы, оның сүннетін ұстанбауы бос сөз ғана.

- «Елші сендерге не берсе соны алыңдар және неден тыйса, содан тыйылыңдар» («Хашр», 7), «Олар өзара таласқан нәрселерінде сені төреші етіп, сосын шығарған үкіміңе қатысты көңілдерінде қаяу таппай, толық бойсұнғанға дейін мүмин бола алмайды» («Ниса», 65)[22]

«Тек қана Құран жетеді, сүннетке қажеттілік жоқ» дегендер жоғарыдағы аяттардың бәрін өздерінше кесіп-пішіп түсіндіреді. Бұл аяттардың барлығында Аллаға бағыну бір бөлек, Елшіге бағыну да арнайы бір бөлек айтылған. Егер барлық мәселенің түйіні Құранда айтылып қойған болса, онда Елшіге бағынуды айрықша айтудың қажеті болмас еді. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) тек қана Құранды жеткізуші «пошташы» деп қарау Оған деген үлкен құрметсіздік болып табылады. Өйткені Алла елшісінің (с.ғ.с.) ұлы мақсаты тек аяттарды айтып жеткізу емес, оның жүзеге асырылуын да көрсетіп түсіндіру екенін де жоғарыда келтірілген аяттар мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) аяттарды түсіндіруінен айқын көре аламыз.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Құрандағы үкімдерді талдап-таратып түсіндірген және сахабалар да оны Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) түсіндіріп бергеніндей қабылдаған. Өйткені, оларға Алла тағала тарапынан елшіге мойынсұну бұйырылған болатын.

Негізінде пайғамбарымыздың көзі тіріснде-ақ Алла тағаланың кітабы мен Алла Елшісі сүннетінің бірдей маңызы болатын. Сахабалардың ешқайсысының ойына Оның сөздері мен істерін тәрк ету мүлдем кіріп-шықпаған. Мұсылмандар (Алла пен Оның елшісінің бұйрықтарына бойсұнып) Алланың кітабын қалай қабылдап мойындаса, пайғамбардың сүннетін де дәл солай қабылдаған. Өйткені, сүннет - Құраннан кейінгі екінші қайнар көз.

2. Сүннеттен дәлелдер:

- Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзіне Құранмен қатар оған «ұқсас» сүннеттің берілгенін[23] айта келе, үмметіне: «Сендерге мына екі нәрсені тастап барамын. Соларды берік ұстансаңдар, ешқашан адаспайсыңдар. Ол - Алланың Кітабы (Құран) мен Елшісінің сүннеті[24]» деген. Сонымен қатар: «Маған бойсұнған, шынында да Аллаға бойсұнған деген сөз, ал маған қарсы шыққан, еш күмәнсіз, Аллаға қарсы шыққанмен бірдей болады»[25] деп аса маңызды әрі айқын өсиет қалдырған.

Иә, шын мәнінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жолы - Алла Тағаланың нұрлы жолы. Оны қабылдамау - Алла тағалаға қарсы шығумен тең. Ой жіберіп көрейікші. Алла тағала құлдарының арасынан Өз дінін жеткізуге лайық тұлғаны таңдап, оның көкейіне Өз сөздерін салып, күнәден сақтап[26] елші жіберді, Ардақты елші (с.ғ.с.) Жаратушының жіберген бұйрықтары мен тиымдарын адамдарға жеткізді, оны барынша түсіндірді, Оның айтқандарын қабылдамауды қалай түсінуге болады?!

Басқа бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзіне қарсы шыққандар жайлы: «Үмметімнен бас тартқандардан басқасы тегіс жәннатқа кіреді», - дегенде, адамдар «О, Алланың елшісі, бас тартушы кім?» - деп сұрағанда «Кім маған бағынса, жәннатқа кіреді, ал кім қарсы келсе, сол бас тартушы боп есептеледі», - деп айтқан[27].

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінен кейін туындауы мүмкін дінбұзарлық пен келіспеушіліктен сақтанудың жолы сүннет арқылы болатынын: «Менен кейін өмір сүргендер көптеген келіспеушіліктер мен дау-дамайға куә болады. Сендер менің сүннетіме және әділ де тура жолға бастаушы халифаларымның (алғашқы 4 халифа) сүннетінен мықтап ұстаныңдар. Оларға азу тістеріңмен жармасқандай екі елі айырылмаңдар»[28] деп көрсетіп кеткен.

Тағы басқа хадистерде оның сүннетімен амал етпегеннің өз үмметінен саналмайтындығы[29], адасушылыққа түсетіндігі[30] жайлы айтылған. Көріп отырғанымыздай, бұл хадистерде айтылған мәселелер аяттарда да кездеседі. Сондықтан хадистер - Алла тағаланың да үкімдерін қамтыған дәлелдер болып табылады.

Алла тағаланың және де Алла Елшісінің осыншама бұйрықтары мен өсиеттерін көре тұра оларға құлақ аспай, басқа жол іздеу - өзін мұсылманмын деген адамға мүлдем жат қылық.

Пайғамбарымызға Алла тағала ерекше мәртебе беріп, Оның жүрегін кеңейтіп, оған білмеген нәрселерін үйреткен. Сол себепті де, Ол - Құран үкімдері мен исламның негіздерінің ең бірінші қайнар көзі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзіне үйретілген Құран үкімдерінің нәзік сырларын адамдарға жеткізіп, өзінің керемет мінез-құлығы арқылы адамзаттың көшбасшысы болып, олардың жолын нұрға бөледі. Осылайша, тура жолдың ең алғашқы ұстазы, адал да турашыл және сенімді жол бастаушы болды.

Сүннеттің Құранмен үндестігі және дінде дәлел болуы (Жалғасы)

3. Сахабалардың сүннет бойынша әрекет етудегі ерекше ыждағаттылығы

Алла тағала да, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да сахабаларға сүннетке бойсұнып, оны ұстануды бұйырған. Жаратушының бұйрықтарының қалай орындалатынын көрсеткен Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Оның адал серіктері (сахабалар) Елшінің бұйрықтары мен істерін Оның көрсеткеніндей және хабар бергеніндей етіп орындап, толық бойсұнды. Сахабалардың осылайша діни үкімдерде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) толықтай бағынуы сүннеттің дәлел орнына жүретіндігін көрсетеді[1].

Сахабалар Құран мен Пайғамбарымыздың нақты бұйрықтарын әрдайым орындауға бар күш-жігерін салатын. Бір аятты немесе діни мәселеде қандай да бір түсініспеушілік туындаған кезде олар мәселелердің шешімін табу үшін Алла Елшісінің (с.ғ.с.) төрелігіне жүгінетін. Басқа патшалар секілді Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен мұсылмандардың етене араласуы үшін ешқашан кедергі болмаған. Керісінше, Оның үйі де мешіттің дәл іргесінде еді. Оның мешіті әрі үй әрі тәрбие мектебі болды. Сахабалар Оның істеріне және сөздеріне куә болып, оның істегендерін негізге алды. Қысқаша айтқанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) олардың діни әрі күнделікті өмірлеріне жол көрсетіп отырды.

Мұсылмандар РасулАлладан (с.ғ.с.) кез келген мәселеде алдына қара салмайтын шабандоздай жүйрік болды. Және үйренгендерін өздерінен кейінгілерге де жеткізген. Сахабалар күнделікті күйбең әрі күйкі тірліктен қолдары босай бермейтін, сол себепті Алла елшісінің (с.ғ.с.) әрбір сөзін мүлт жібермей тыңдау мүмкіндігі жоқ еді. Алайда олар Алладан тағы үкім келген, не келмегені жайлы бір-бірінен ұдайы сұрайтын. Сахабалардың айтқанындай, «ол кезде өтірік айту атымен жоқ еді»[2]. Кейде олар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қасына кезектесіп баратын. Хазреті Омар мен ансарлық сахаба көршісінің Алла елшісіне (с.ғ.с.) алма-кезек баруы бұған жақсы үлгі бола алады[3]. Бұған байланысты басқа да көптеген дәлелдерді хадис жинақтарынан көре аламыз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тіпті әйелдердің сұраулары бойынша, олар үшін арнайы бір күн белгілеп, оларға діни үкімдерді үйреткендігі жөнінде де хадистерде баяндалады[4].

Осының бәрін көріп білген сахабалар сүннетті әрдайым негізге ала отырып, оған теріс іс жасамауға жандарын салды. Дәлел ретінде бірнеше мысал келтірейік:

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көз жұмардың алдында Рим империясына қарсы әскер жасақтайды. Ол әскердің басына Усама инб Зәйдті (р.а.) қолбасшы етіп тағайындап, жорыққа аттануына бұйрық береді. Алайда, Алла елшісінің дәм-тұзы таусылып, әскер жорыққа аттанбай қалады. Сол кезде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қайтыс болғанын естіген жалған пайғамбарлар (Мүсәйләмәтул кәззәб, Әсуадул-Әнси, т.б.) жан-жақтан бүлік шығарып, Исламға қауіп төндіре бастайды. Халифа болып сайланған Әбу Бәкір (р.а.) осындай сын сағаттың өзінде басқалар қарсы шықса да, қандай жағдай болса да Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтынын айтып, Усама бастаған әскерді жолға аттандырады[5].

Екінші халифа Омар ибн Хаттаб (р.а.) қайтыс болар кезде одан: «Уа, мұсылмандардың әміршісі! Өз орныңа біреуді ұсынасың ба?» деген кезде ол сүннетке қалай бағынатындығын көрсетіп: «Егер орныма біреуді тағайындар болсам, шындығында менен қайырлы болған (Әбу Бәкір) орнына адам тағайындап кетті. Ал тағайындамайтын болсам менен қайырлы болған (Пайғамбарымыз) тағайындамай кеткен болатын»[6] деген-ді.

Сахабалар үшін сүннет қасиетті аманат еді. Сол себепті, олар сүннетке бағынған кезде Алла Елшісіне деген шынайы жақындыққа қол жеткізетін. Сахабалар тек ғибадатта ғана емес, басқа істерде де Алла Елшісінен көргендеріндей істеуді артық санайтын. Мәйсараның риуаят етуі бойынша ол Әлидің (р.а.) түрегеп тұрып су ішкенін көрген кезде оған: «Сен қалайша түрегеп тұрып су ішесің?» дегенде хазреті Әли: «Егер түрегеп тұрып су ішсем, Алла елшісінің түрегеп тұрып ішкендігін көргендіктен ішемін, егер отырып ішсем Алла Елшісінің отырып ішкенін көргендіктен солай ішемін»[7] деп жауап берген екен.

Және бірде хазреті Әли (р.а.) мәсінің үстіне мәсіх тартуға байланысты: «Алла Елшісінің мәсінің үстіне мәсіх тартқанын көргенге дейін, мен мәсінің үстіне мәсіх тартқаннан гөрі астына тартуды абзалырақ деп ойлайтынмын»[8] деп сүннетке бойсұнудың керемет үлгісін көрсеткен.

Абдуллаһ ибн Омар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетін берік ұстануы мен оны сақтау үшін жұмсаған ынта-жігері арқылы аты шаққан кісі еді. Кез келген жағдайда Алла Елшісінің істегендерін айнытпай қайталайтын. Оның үнемі аузынан тастамай қайталайтын аяттарының бірі: «Расында, сендер үшін Алла елшісінің бойында көркем өнегелер бар» («Ахзаб», 21) деген аят еді.

Абдуллаһ ибн Омардан «жолаушы намазын Құраннан таба алмадық» деген кезде ол «Алла тағала бізге Мұхаммедті (с.ғ.с.) жіберген кезде біз ешнәрсе білмейтін едік. Күмәнсіз, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) қалай жасағанын көрсек біз де солай жасаймыз»[9] деп сүннетке қалай бағынатындықтарын көрсеткен болатын.

- Бухаридің жинағында келтірілген бір хадис бойынша, Пайғамбарымыз бір кезде алтын жүзік таққан екен. Сахабалардың арасында да алтын жүзік таққандар болды. Содан кейін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жүзігін лақтырып тастайды және: «Мұны енді ешқашан тақпаймын» деді. Сахабалар да Пайғамбарымыздан үлгі алып жүзіктерін қолдарынан шешкен[10].

Сахабалар Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүние салғаннан кейін де Оның сүннетін өздеріне үлгі тұтқан. Мысалы, қандай да бір мәселеге тап болса, бұл жайлы Пайғамбарымыздың үкімі бар ма, жоқ па деп алдымен соны іздестірген. Егер тапса сол сүннет бойынша амал еткен, таппаған жағдайда шариғат шеңберінде өз пайымдарымен үкім берген. Ал егер берген үкімдеріне қарсы адамдар нақты хадис келтірсе дереу сол хадиске мойынсұнған[11].

Сахабалар Пайғамбарымыздың сүннетін берік ұстануды өздеріне міндет санап, бұл мәселеде босаңдық танытқандарға қатаң ескерту жасап отырған. Мысалы, бір риуаят бойынша, Тавус деген кісі асыр намазынан кейін екі бас намаз оқуды әдетке айналдырған. Ибн Аббас оған: «ол әдетіңді қой» дегенде Тавус: «Пайғамбарымыз өзгелер сүннетке айналдырып жібермесін деген ниетпен ол намазды оқымайтын» деген кезде, Ибн Аббас: «Алла Елшісінің асыр намазынан кейін намаз оқуға тыйым салғандығы күмәнсіз. Олай болса осы намазыңнан әлде сауап аласың ба әлде азапқа душар боласың ба оны білмеймін. Өйткені Алла Тағала: «Алла және Елшісі қашан бір іске үкім берсе мүмин ер және мүмин әйел үшін істерінде басқа жол таңдау жараспайды. Сондай-ақ кім Алланың Елшісіне қарсы келсе, сонда ол нағыз адасқан болады» («Ахзаб», 36) деп бұйыруда» деген болатын[12].

Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бойынсұну - Оның көзі тірісінде қалай парыз болса, Ол бақилық болғаннан кейін де дәл сол дәрежеде парыз. Өйткені Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері оған бағынуды тек көзі тірісінде немесе бақилық болуымен шектемеген. Сонымен қатар бойұсұнып бағынуды тек қана сахабаларға емес, олардан кейін келетін адамдарға да міндет еткен[13].

4.Амалдардың толығымен Құранда болмауы

Жоғарыдағы аяттардан көргеніміздей, Алла елшісінің бұйрықтарына бағыну міндетті. Өйткені діни үкімге байланысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өздігінен емес, Алла тағаланың оның көкейіне салған уаһиы арқылы сөйлейді («Нәжм», 34). Мұсылман ғұламаларының көзқарасы бойынша діни мәселелерге байланысты Пайғамбарымыздың үкімдері де Алла тағаладан келген уаһи ғайру матлуу (Құранның тысында Алланың аян беруі және Жәбірейіл (ғ.с.) арқылы білдіргендері) арқылы жүзеге асқан.

Сонымен қатар, уаһидан нәр алмаған адамзат жалаң ақылымен діни үкімдерді егжей-тегжейлі тек Құраннан шығаруға қауқарсыз. Оны түсіну үшін уаһидан қуат алған Пайғамбарымыздың сүннетіне және оның иджтиһадына қарау керек. Өйткені Алла елшісі (с.ғ.с.) - өзінің көкейіне қонған сүннет арқылы Жаратушы жарлықтарының мақсатын түсініп, Құраннан үкімдер шығару қабілетіне ие болған жан[14].

Егер сүннет дінде дәлел болмаған болса, мүджтәһид ғұламалардың ешқайсысы сүннеттен дәлел іздемес еді. Осылайша ешкім өзіне міндеттелген нәрселерді толық біле алмас еді. Сондықтан үкімдер орындалмай, міндеттер де үкімсіз қалған болар еді. Ал бұл дегеніңіз, Алла тағаланың үкімдері ешбір мақсатсыз, бекерден бекер жіберілген дегенге барып саяды. Әлбетте бұл - ақылға сиымсыз тұжырым[15].

Муджтәһид үшін сүннетсіз тек Құраннан үкім шығару мүмкін емес. Өйткені Құран сөз өнерінің ең шырқау шыңы болғандықтан оның аяттары да шексіз сырлы қазына іспетті. Оның көпшілігін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзіне үйретілген сүннет арқылы білдірмесе, толық түсіне алмас едік. Құранды толық түсіну үшін араб тілін білу жеткіліксіз. Сондықтан Имам Шафиғидің айтқанындай, Алла тағала діни мәселеде адамдарды РасулАллаға мұқтаж еткен. Өйткені Алла тағаланың әмір еткен парыздарын Ардақты елші көрсетіп, түсіндіріп берген. Яғни, Жаратушы Иеміз өз үкімдерінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне де орын қалдырған[16].

Бұған Әбу Надраның Имран ибн Хусайннан жеткізген мына оқиғасы мысал бола алады: «Бір кісі келіп одан бір сұрақ сұрайды, ол жауап бергеннен кейін әлгі кісі «Алланың кітабындағы нәрселерден басқаны бізге айтпа» дегенде Имран ашуланып: «Сен қандай ақымақ адамсың! Сен бесін намазының төрт рәкәт екенін және оның құпия оқылатынын Алланың кітабынан таба аласың ба?» дегеннен кейін басқа да намаздарды тізбектеп, зекет туралы және т.б. нәрселерді айтқаннан соң: «Осыларды Алла тағаланың кітабынан егжей-тегжейлі айтылғанын көрсете аласың ба? Алла тағала бұл үкімдерді қойған, ал сүннет оны тәпсірлеп берген», - деген [17].

Абдуррахман ибн Язид Қағбаны тәуап жасап жүргенде ихрамының үстінен киім киіп алған бір кісіні көреді. Абдуррахман бұлай жасауға болмайтынын айтқан кезде әлгі кісі: «Киімімді шешуге байланысты маған Құраннан аят келтір» деп дес бермей қояды. Сонда ол «Хашр» сүресіндегі: «Елші сендерге не берсе соны алыңдар, ал неден тыйса содан тыйылыңдар» (Хашр, 7) деген аятты оқиды[18].

Құранда ықшам, қысқа әрі нұсқа айтылған аяттар көптеп кездеседі дедік. Бұлар өз кезегінде түсіндіруді қажет етеді. Әлбетте, оларды түснідіру де Жаратушыға тән. Өйткені құлдарына міндет жүктеген және ондағы мақсаттарды да білетін Өзі. Міне, осындай түсіндіру Алла тағала Өз елшісіне үйреткен сүннет арқылы жүзеге аспақ. Бүкіл әлемдердің Иесі Алла «Адамдар үшін түсірілгенді түсіндіруің үшін Біз саған Зикрді (Құранды) түсірдік» («Нахл», 44) деп ұлы Елшінің (с.ғ.с.) міндетін айқын баяндап тұр. Бұған байланысты кейбір мысалдарды жоғарыда келтірген болатынбыз.

«Құран бар да сүннетке қажеттелік жоқ» деген адамдар ғибадат пен муамалатқа байланысты намаздардың уақыттары, қанша рәкәт екенін, қалай орындалатынын, оразаның шарттарын, қажылықтың қалай орындалатынын; қанша тәуап жасалатынын, Арафатта тұру уақытын, ихрамның қалай болатынын, зекетке байланысты; қандай мал-мүліктен қанша көлемде зекет алынатындығын, алтын, күміс, қой, сиыр және түйелердің қалай болуы керектігін және т.б. ислам құқығына байланысты көптеген жағдайларды қайдан білер еді? «Мұның бәрін Алла Елшісі, сахабалар және сахабалардың көзін көрген алғашқы ғалымдар дұрыс білмейді, Құранды мен ғана немесе мен сияқты ойлайтындар ғана біле аламыз, олардың сөзін тыңдамай бізді тыңдаңдар» деу Пайғамбардан (с.ғ.с.) өзін жоғары қою, өз шамасын білместік, ақымақтық және мұсылман үмметінің ғұламаларына жала жабу болып табылмай ма? Негізінен «Біз тек қана Құран бойынша амал етеміз» деушілердің діннен шығатынын ислам ғұламалары бір ауыздан мақұлдайды[19].

Осыған орай Ибн Әбдилбәрр атақты хадисші және фақиһ Әйуб әс-Сахтианидің «Бір кісі Мутаррыф ибн Абдиллаһқа: «Бізге хадис айтпаңдар, тек Құраннан ғана дәлелдер келтіріңдер» дегенде ол былай жауап берді: «Алланың атымен ант етейін, біз Құранның орнына басқа нәрсе іздемейміз. (Пайғамбарымызды меңзеп) «Тек Құранды бізден де жақсы білген адамның білгендерін талап етудеміз» дегенін жеткізген[20].

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) пайғамбарлық мақамының биік парасаты арқылы айтқан мына хадисі адам таңданарлық: «Мынаған абай болыңдар! Орындығына отырып алып (тәкәппарланып) оған менен бір хадис жеткенде: «Арамызда Алла тағаланың кітабы бар. Онда харам етілгендерді харам, халал етілгендерді халал деп қабылдаймыз» дейтін уақыт тым жақын. Шын мәнінде Алла елшісінің харам еткендері де - Алла тағаланың харам еткендеріндей харам»[21].

Жоғарыда келтірген аяттардың бәрі Пайғамбарымызға бойсұнуды әмір етсе, сахабалар соны іс жүзінде көрсеткен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да көз жұмардан бұрын Құран мен қатар Өзінің сүннетінен мықтап ұстануды өсиет етіп кеткен болатын[22].

Исламның ұлықтығын шынайы ұғынған кезде сахабалардың жүректеріне иман терең тамыр жайып, жолдарын нұрға бөледі. Иман келтірген алғашқы сахабалардың жүректерінде Алла пен Оның елшісіне деген терең сүйіспеншілік пайда болды. Осы сүйіспеншіліктің нәтижесінде олар исламды және оның ең алғашқы ұстазын, күллі Ғаламның Рахымын (с.ғ.с.) бар жандарымен қорғап-қолдады. Олар Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үшін мал-мүліктерін де, жандарын да беруге даяр тұрды. Осындай теңдессіз қаһармандық пен жанкештілік тарих беттерінде мәңгі сақталды. Бүгінде адамзат тарихында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сияқты сүйіспеншілік пен құрметке бөленген адамды көрсету мүмкін емес. Өз кезеңінде мұсылмандар Оны дүниедегі барлық қимасынан артық жақсы көрсе, олардан кейін келгендер және ақиретке дейін келетін Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметі болған жандар өздерінен де артық жақсы көріп өтеді.

Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) жандарынан артық жақсы көрген сахабалар Оның бүтін болмысы мен әрбір сөзін ғибрат етіп, оны келесі ұрпақтарға жеткізді. Әрине, бұл олардың ұлы борышы еді. Өйткені олар адамзаттың мақтан тұтар тұлғасына айналған Алланың соңғы Елшісін (с.ғ.с.) көріп, оның өмір жолына куә болған бақытты жандар еді.

Мұсылман ғалымдары ғылыми қағидалар қою арқылы хадис мәтіндері мен сәнәдтарды терең зерттеудің нәтижесінде сахих хадистер мен ойдан шығарылғандарын бір-бірінен ажыратып, сақтай білді және ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бізге дейін келіп жетті. Олардың қажырлы еңбектерінің арқасында сүннет басқа діндерде теңдесі жоқ жоғары мәртебеге жетті, тіпті Құраннан басқа ешбір діни үкімдер бұлай сақталмаған[23].

Алау Әділбаев

теология докторы

[1] «Қалам», 4; «Ахзаб», 21

[2] Муслим, Мусафирин, 139

[3] ән-Нәсәи, Зәкә, 3

[4] Тирмизи, Тәфсирул-Қура‘ан, («Хижр» сүресі) 15

[5] Басқаларын да қараңыз: Бухари, Тәфсируль-Қур‘ан, (Фурқан сүресі) 2, Муслим, Иман 142,287, Тирмизи, Тәфсируль-Қур‘ан, («Фурқан» сүресі), 26; Ибн Мажа, Муқаддима, 9

[6] Шафи‘и, әр-Рисәлә, (тахқ. М. С. Кейлани, 1969 Каир басылымынан), Станбул, 1985, 52-б.; Ибн Қаиим, И‘ламуль-муақиин, Мысыр, 1965, (тахқ. Аб. әл-Уәкил (I-IV), 2 т. 314; Суюти, Мифтахул-жанна фил-и‘тисам бис-сунна, Каир, 1987; Әбдулғани Әбдулхалиқ, Хужжииатус-сунна, (ауд. Д. Селви,), Станбул, 1996, «Шуле» бапасы, 303-305

[7] Муслим, «Хажж», 147; Әбу Дауд, Мәнәсик, 57; Ибн Мажа, Мәнәсик, 84; Бақара, 283; Муслим, Сииам, 3-9; Бақара 83, Бухари, Иман, 2; Муслим, Иман, 19-22

[8] Әбу Дәуід, Салаат, 2, Тирмизи, Мәуақит, 1

[9] Бухари, Азан, 18, Ахмад ибн Ханбал, Муснәд, 5/53

[10] Тирмизи, Тәсирул-Қур‘ан, 2

[11] Муслим, Иман, 197; Тирмизи, Тәфсир, 6/4

[12] Бухари, Тәфсир, 2/28; Саум, 16; Муслим, Сиам, 34, 35; Нәсаи, Сиам, 29

[13] Бухари, Бәд‘уль-халқ 7; Тәфсир 53/1; Муслим, Иман, 280-286; Тирмизи, Тәфсир, 53/8; пайғамбарымыздың Құранды тәпсірлеуіне байланысты кеңірек мәлімет алу үшін хадис жинақтарының тәпсір бөлімдерімен қатар мына кітаптарға қараңыз: И. Жеррахоглы, Тефсир тарихы, Анкара, 1996, 1.т, 44-65-б; С. Иылдырым, Пейгамберимизин Куран тефсири, Станбул, 1983

[14] Бухари, И‘тисам, 5; Муслим, Жиһад, 51; Муснәд, 2/463

[15] Тирмизи, Китабу‘ль-фараид, 17; Ибн Мажә, Китабу‘д-диат, 14

[16] Шафи‘и, Рисәла, 2, 52; Шатыби, әл-Муафақат фи усулиш-шари‘а, (түрікше ауд. М.Ердоган), Станбул, 1999, IV/8

[17] Шафи‘и, әр-Рисәлә, 52-53; Шатыби, Муафақат, 4/24-25

[18] әл-Хаким, иршадул-фухул‘ден 12-б., Мухаммад И. Муса, Фықһы ислам тарихы, ауд. А. Мейлани, Станбул, 1973, 354-б

[19] Құран мен қатар хикмет сөзі өтетін басқа да аяттар үшін қараңыз: «Әли Имран», 164; «Бақара», 231; «Ниса», 113; «Ахзаб», 34

[20] Шафии, әр-Рисәла, 44-45; Абдулғани Абдулбақи, Хужжииетус-сунна, 74-76

[21] Х.Кырбашоглы, Ислам дүшүнжесінде сүннет, Анкара, 1996, 2-басылым, 145-271-б.

[22] Қосымша қараңыз: «Нахл», 44; «Нәжм», 2; «Ниса», 80; «Ахзаб», 21; «Нұр», 47-54; «Әли Имран», 32; «Ахзаб», 46; «Әли Имран», 132

[23] Әбу Дәуід, Сунна, 5; Муснад, IV/31

[24] Муатта, Қадар, 3

[25] Бухари, Ахкам, 1; Ибн Мажа, Муқаддима, 1

[26] Пайғамбарларды ысма (күнәдан сақталуы) сипаты барлық мұсылман ғалымдары тарапынан қабыл етілген.

[27] Бухари, Итисам, 2; Ибн Мажа, Муқаддима, 1

[28] Тирмизи, Илм, 16; Ибн Мажа, Муқаддима, 6

[29] Ибн Мажа, Никаһ, 1

[30] Муслим, Имара, 50; Әбу Дәуід, Сунна, 46; Ибн Мажа, Мәсәжид, 14

[1] Әбдулғани Әбдулбақи, Хужжииетус-сунна, 60-69

[2] әл-Мухаддисуль-фасыл бәйнәр-рауи уәл-уа‘и, 32-33; әл-Жами ли-ахкамир-рауи уәл-әдәби-сами‘, 12-ден, М.Ажжаж әл-Хатиб, 71

[3] Бухари, Илм, 27

[4] Бухари, Илм,35

[5] М.Ажжаж әл-Хатиб, 90-б

[6] Бухари, Ахкам, 51

[7] Муснәд, 1/134

[8] Әбу Дәуід, Таһара, 63

[9] Муснәд, VIII, 68

[10] Бухари, Итисам, 4; Әбу Дауд, Хатәм; Муслим, Манақиб, 82, 83; Тирмизи, Әдәб, 72

[11] Бұған байланысты, М. Ажжаж әл-Хатиб, әс-Сунна қабләт-тәдуин, 89-100, Хужжииатус-сунна, 153-177; Н. Кара, Куран-Сүннет бүтүнлүгү, Иһтар иаиынжылык, Эрзурум, 1995, 276-278-б.

[12] Шатыби, Муафақат, 4/18; М. ас-Сыбаи, ас-Сунна уә мәкәнәтуһа фит-ташри‘ил-исламии, Бейрут, 1985, 4-басылым, 387

[13] М. ас-Сибаи, Сунна, 55-б

[14] Хужжииатус-сунна, 322-б

[15] Н. Кара, Куран-Сүннет бүтүнлүгү, 247-б.

[16] Шафии, әр-Рисәлә, 22-б., 43-б.

[17] Юсуф ибн Әбдулбәрр, Жами‘у бәйәниль-илм уә фадилиһи, Мысыр, 2 т., 191-б. (Ажжаж, 89)

[18] Шатыби, Муафақат, 4/18; ас-Сибаи, ас-Сунна, 386-б.

[19] Ибн Хазм, Ихкам, 1/214

[20] Ибн Әбдилбәрр, Жами‘, 563-б Н. Кара, 251-252-б.

[21] Ибн Мажа, Сунан, 1т., 5-б., Бәйһақи, Сунан, 1.т, 6-б.

[22] Муатта, Қадар, 3

[23] М.Ажжаж әл-Хатиб, 17-б7

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: