Сыйлық алуды әркімнің-ақ ұнататыны белгілі. Өйткені сыйлық алғанда адамның жаны жадырап, көңілі көтеріліп, іштей бір марқайып қалатыны рас. Елең еткізер қуанышты жағдайларда болмаса, жайшылықта оның бұйыра бермейтіні тағы бар. Иығына шапан жабу, астына ат мінгізу, алдына қоралап қой, үйірлеп жылқы салып айдату, сәлемдеме ретінде азын-аулақ сый-сыяпатын беріп жіберу о бастан қазақ дәстүріне сіңісті жомарт мінезділік пен құрметтеудің, шын көңілден сыйлаудың белгісі. Ондайда сый көрген жан да қауқылдасып, өзін құрметтеген жанды төріне отырғызғанша асығады. «Тонға емес, орамал жолға жарап, сый тартуды атамыз ырым еткен» деп Мұқағали ағамыз айтқан бұл кәде VIII ғасырдағы Күлтегін сөзінде «Жырақ жүрсең - жаман сый береді; жақын жүрсең - асыл сый береді» деп тасқа ойып жазылған екен.
Ғұмырында ешкімнен сый көрмеген, кішігірім де болса сыйлық алмаған адам кем шығар. Әркім-ақ әйтеуір бір қуанышты сәтінде (туған күн, мерейтой т.б.) жақындары мен достарының сыйлықтарын қабылдап жатады. Өйткені оны өзіне жасалған ыстық ықылас деп ұғады. Ондай жанды әркез құрметпен еске алады.
Ірі хадис жинақтарында осы сыйлық мәселесіне арнайы бап енгізілгені бұл мәселенің ислам дінінде айтарлықтай рөл алатынын байқатады. Әр ісі даналыққа толы сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (саллАллаһу алайһи уәсәллам) сыйлыққа үлкен мән берген. Хадистерінде сыйлық берісудің адамдардың бір-біріне деген сыйластығын, татулығын, өзара сүйіспеншілігін арттыратындығын білдірген:
«Бір-біріңізге сыйлық беріңіздер! Өйткені сыйлық сүйіспеншілікті арттырады, жүректі кірбіңнен тазартады»;
«Сыйлық берісіңіздер, бір-бірлеріңізді жақсы көріңіздер»;
«Жейтін нәрсе сыйлаңыздар. Бұл несібелеріңізді молайтады»;
«Бір-бірлеріңізге барып қал-жағдай сұрасып тұрыңыздар. Сыйлық берісіңіздер. Өйткені зиярат - сүйіспеншілікті нығайтады, ал сыйлық - жүректі жамандықтардан (өшпенділік, қатігездік, дұшпандықтан) тазартады».
Байқасақ, сыйлық берудің астарында: бір-бірінің үйіне бас сұғу, зиярат ету, қал-жағдай сұрасу, көңілін аулау, қуанышына ортақтасу, тілектестік, ниеттестік, қуанғанына қуану, көңілдегі кірбіңді шаю, арада болған дүрдараздықтарды ұмыту, татуласу секілді бірнеше ізгі амалдар жатқанын көреміз. Ал бұл өз кезегінде адамдар арасында сүйіспеншілік пен бауырластыққа, жақындыққа жол ашатыны сөзсіз.
Пайғамбарымыз садақа қабылдамағанмен сыйлықты қабылдайтын. Өйткені садақа алуға өзіне әрі әулетіне тыйым салынған еді. Сол себепті үйінде жаңа зат көрсе, оның садақа я сыйлық екенін сұрайтын. Садақа болған жағдайда дереу кедей-кепшіктерге таратып, сыйлық болған жағдайда қабыл алатын. Пайғамбарымызға сыйлық есебінде келетін заттар көп болған. Сол кезгі әдет бойынша кейбірі жан-жақтағы патшалардан жіберілген. Сыйлықтардың арасында жейтін заттар да, түрлі киім-кешек те кездескен. Айталық, Эфиопия патшасы Нәжаши қарапайым тігілген қара түсті шәркей, шыны кесе, үш тал сүңгі, Эфиопияның бедері бар алтын жүзік сыйласа, Мысыр патшасы Мұқауқыс жібек мата, Мария және сіңілісі Сирин атты екі күң, Мәбур атты құл, бір қашыр, шыны кесе, сүрме, айна, тарақ, шапан жіберген. Әйла патшасы ақ түсті қашыр, Йемен патшасы Зуязан құны 33 түйелік аса бағалы жібек киімдер тарту еткен. Бұндай тарту-таралғы жіберуден Иран басшысы Кисра секілді өзге патшалар да шет қалмаған (Хадис ансиклопедиси. Кутуби ситта. Хедие. құраст. И. Жанан. 16 т. Б.165).
Алла елшісі сыйлықтардан жақындары мен қыжалат көріп отырған мұсылмандарға да тарататын. Қасында адамдар отырған кезде бір сыйлық келе қалса, егер таратуға келсе, «басып жейтін қарға секілді емес, шашып жейтін ақсұңқарша» дереу отырғандарға да үлестіретін. Өйткені, «Біреуге сыйлық берілгенде, қасында адамдар отырса, олардың да бұнда үлесі бар» дейтін.
Пайғамбарымыз сыйлық қабылдап қана қоймай, өзі де артынша ол кісілерге сыйлық жіберетін. Кейде сол мөлшерде, кейде тіпті артығымен жасағанды ұнататын. Бірде бір бәдәуидің сыйлаған бір ботасына қайтарым ретінде тұп-тура алты бота сыйлаған еді (Тирмизи, Мәнақиб, (3940, 3941)).
Жарларына, жақындарына, сыйлас, қимас кісілерге, алыстан келген қонақтарға, т.б. сыйлықтар беретін. Әсіресе, сырттан келген қонақтарды сыйлықсыз қайтармайтын. Тіпті көз жұмар алдындағы соңғы өсиеттерінің бірі елшілерді сыйлықсыз құр қол жібермеу болғандығы мәлім. Пайғамбарымыз әр келген кісіге сыйлық берерде оның қоғамдағы беделін, орнын ескеретін. Киім-кешек, жеміс-жидек, иіс май, ат, түйе, ет, жер, құрма бақшасы т.б. пайғамбарымыз берген сыйлықтар қатарына жатады (Хадис ансиклопедиси. Кутуби ситта. Хедие. құраст. И. Жанан. 16 т. Б.166).
Айша анамыздың айтуынша, «Пайғамбарымыз сыйлықты қабылдайтын әрі сыйға өзі де сый жасайтын» (Бұһари, Хиба 11.) Кері жағдайда «Біреу сізге жақсылық жасаса, қайтарым жасаңыз, егер қайтарым жасай алмасаңыз, оған игі дұға тілеңіз. Тіпті сіздің осы дұғаңыздың өзі оған берілген қайтарым екенін біліңіз» дейтін (Aхмед II, 96).
. Бұған қоса, ешқандай сыйлықты азырқанбауға шақыратын. Хадис тілімен айтқанда «қойдың қара сирағы болса да» берген сыйлықты ризашылықпен қабыл алу, шын көңілмен рахмет айту, өзің берген сыйлықты артынан қайтарып алмау, діндегі игі мақсаттарын ойлап сыйлықты таза ниетпен беру, сөзін өткізу, жағыну я ауызбастырық секілді жымысқы пиғылды көздемеу, сыйлыққа көңіл бөліп мүмкіндігінше оны кәдеге жарату т.б. сыйлық берісудің мұсылмандықта қалыптасқан әдебіне жатады. Берілген сыйлықты кәдеге жарату төңірегінде мынадай ғибратты әңгіме айтылады.
Бір ауылда өзінің әулиелігін жұрттан жасыру үшін ел көзіне бал сатушы болып көрініп жүрген бір кісі бар екен. Бір күні қасына келген алушысы: - Кейде ішегім бүріп ауырғанда, бал жесем ғана басылып қалады. Құдайға шүкір, өткен жолы да сізден алған балдан шипа дарып, жаным жай тапты,- депті. Сонда әулие кісі тосыннан: - Бір шейхтің мүриді ұстазына тәспі сыйласа керек, - деп әңгіме бастапты. - Шейх жоғалып кетпесін деп жай уақытта тәспіні суырмаға сап қойғанмен әлгі мүридінің келе жатқанын көрсе болды, берген тәспісін алып тарта бастайды екен. Бұны байқаған басқа бір шәкірті шыдамай: - Ұстаз, бұл қылығыңыз көзбояушылыққа жатпай ма, тәспі берген мүридіңіздің келе жатқанын көргенде ғана дереу тәспіні алып тарта бастайсыз?- деп сұрапты. Сонда ұстазы: - Менікі ешқандай да көзбояушылық емес, қайта исламдағы әдептілікке жатады. Өйткені сыйлық берген адам берген сыйлығын сенің қолданып жүргеніңді көргенде іштей қуанып қалады,-деп түсіндіреді.
Бал сатушы қасындағы кісінің осыған ұқсас әдепті істі орындағанын меңзеп, өзінің бұған іштей қуанып қалғанын әңгімесімен сездірген екен (Ахмет Шахин. Дини хикайелер. 98 Б.)
Сыйлық беру, сый-сияпат жасау, сыйлағанын көрсету кәдесі о бастан қазақ дәстүріне сіңісті деуге толық негіз бар. Оны «Көгентүп» деп аталатын қонақ балаға тарту етілетін аша тұяқ салтынан, қандай да бір қуанышқа ортақтасқанда мал атау, бәсіре арнау, сыбаға сақтау сынды дәстүрлерден байқаймыз. Халқымыз келген қонақты «қуыс үйден құр шығармай» жол жасап, ырым байлататын болған. «Абай жолы» романындағы мына бір үзіндіде бұл жақсы суреттелген:
Барлас пен Байкөкше ақын Абайдың оқуда жүрген жас кезінде ауылға келіп біраз уақыт жатқан еді.
Ертеңінде ақындар аттарын ерттеп, жүрерге тақағанда, Абай шешесін тысқа шығарып алып: «Апа, екеуіне де жақсы қып тұрып сый беріп аттандыршы!»,- деді.
Қонақтар қымыз ішіп болып, енді қоштасарға келгенде Ұлжан Барласқа қарап бір сөз айтатындай пішін білдірді. Қонақтар іркіліп қалған еді.
-...Тағы да келе жүріңдер. Анау кәрі әжесі мен бізді көп сейілттіңдер. Жолдарың болсын! Келген сапарларыңа тыста бір азырақ ырым байлаттым... Ала кетіңдер... Риза, қош боп аттаныңдар!-деді.
Абай тысқа шығып, Барластарды аттандырып жатып, енді көрді. Осы үйдің екі жылқышысы Беркімбай мен Жарқын Барласқа арнап бір семіз көк атты, Байкөкшеге арнап бір торы құнанды ноқталап тұр екен.
Екі ақын екеуін жетекке алып, тағы да «қош, қош» айтып, жүріп кетті. (Әуезов М. Абай жолы. Алматы, Жазушы, 2003. 1 т. Б. 56.).
Иә, сыйлық беру - адамдардың іңкәр сезімін оятып, бір-біріне деген сыйын арттырады. Шынайы құрмет қалыптастырып, аралас-құраластықты, достықты, бауырмашылдықты, сүйіспеншілікті нығайтады. Жүректі кірбіңнен, кірден тазартып, арадағы салқындықты жояды.
«Сыйға сый...», «Асықты жілік бергенге жамбасыңды сақта», «Иесін сыйлағанның итіне сүйек таста», «Сыйласаң, сый көрерсің», «Дос бергеннің түсіне қарама» деп мақалдаған қазақ атамыз да «Әркім сыйлағанның құлы» дегенді бекер айтпаса керек.
Құдайберді Бағашар,
дінтанушы