Алла тағала адам баласын тумысынан жақсылыққа бейім етіп жаратқан. Адам баласының дүниеге кішкене сәби болып келуінің өзі сөзімізге дәлел. Бала - Жаратушымыздың аманаты. Осындай періштедей пәк бүлдіршіннің бойына иман нәрін дарытып, көркем мінезді етіп тәрбиелеу ата-анаға үлкен сын. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді:
«Әрбір туған сәби ислам фытратымен ( кіршіксіз таза, күнәдан пәк, тауһидқа бейім болып) дүниеге келеді. Сонан соң ата-анасы оны (сенім тұрғысынан) не христиан, не иаһуди немесе мәжуси етіп шығарады».
Кез-келген жанның бойында жақсы-жаман қасиеттер бір арнада тоғысқанымен, ол жамандықтан гөрі жақсылыққа бір табан жақын болып келеді екен. Бұл - Алла тағаланың ашуынан гөрі мейірімінің басым болуымен түсіндіріледі. Жаратушымыздың бір сипаты осылайша құлдарында да көрініс тапқан деп айтуға болады. Түсінгенге бұл өнеге етерлік хикмет емес пе? Ал, енді балаға дұрыс бағыт-бағдар беріп, Жаратушымызды танытып, жол көрсету ата-анаға тікелей байланысты. Оның тәрбиесі алғаш ананың жатырында, кейін құшағында басталады. Шешесінің аузынан шыққан әрбір сөз сәбидің адами қасиеттерін қалыптастыруда қаланатын алғашқы кірпіш іспеттес. Арабтарда мынадай бір қанатты сөз бар: «Әл-Умму мәдрәсәтун: «Ана - мектеп». Ана - мейірімділіктің, ізгілік мен жақсылықтың қайнар көзі. Көркем мінез-құлыққа ие біртуар тұлғалар көбіне салихалы аналардың тәлім-тәрбиесін алған жандар екенін қарт тарих қаншама рет дәлелдеп келеді. Ал, ана мейірімін көрмегендерді тура жолға салу қиынның қиыны. Тәрбиесінің иі қанбағандар жаман қасиеттерді бойына тез сіңіретінге ұқсайды. Олар уақыт өте келе жат қылық пен әрекеттерінің құрбанына айналады.
Хазреті Мәулана руханияттан алыстап, бос қиялдар мен нәпсінің соңына түскен пенделердің жағдайын былайша әңгімелейді:
«Бір кісі жол бойына тікенді ағаштың көшетін отырғызады. Мұны көрген жолаушылар шыбықты алып тастауды өтінді. Алайда, ол: «Ей, неғылар дейсің», деп олардың сөзін елей қоймайды.. Уақыт өте келе жас шыбық тамырын тереңге жіберіп, жайқала түсті. Оның тікендері сол жерден өткен жолаушыларды жаралап, киімдерін жырта бастады. Тіпті, жерге түскен тікенектер сол маңда ойнап жүрген балалардың табанына кіріп, әбігерге салды. Бір күні бұған шыдай алмаған бір діндар әлгі кісіге келіп, ағашты кесіп тастауды талап етті. Бірақ, бұл жолы да уәдесін бергенмен, сөзінде тұрмайды. Діндар екінші келгенде оған былай деді:
«Сен бұл істі «ертең тындырамын» дейсің. Алайда, күн өткен сайын тікендер үлкейіп және көбейіп барады. Ал, сенің есігіңді қарттық қағып тұр. Күш- қайратың азайып, ертең ештеңеге шамаң келмей қалады. Сондағы өкініштен асқан бұл дүниеде жамандық жоқ шығар».
Хикаядағы тілге тиек болған тікен астарлы мағынада қолданылған. Ол адам баласының бойындағы өзімшілдікті, дүниеқұмарлықты, ашкөздікті, орынсыз ысырапшылдықты және күнәлар мен жаман әдеттерді меңзеп тұр. Мұндай күнәлар адамның рухани өміріне зиян келтірумен қатар, оны сезімнен жұрдай етіп мейірімсіздіккке жетелейді. Өзін басқалардан жоғары қою сияқты жаман қасиеттерге итермелейді. Бұл - жүректің жазылмас дертке шалдығуы. Жүректің тікендерінен құтылар бірден-бір жол - тақуалық. Ал тақуалықты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көзін көрген сахабалар қалай түсінді? Соған назар аударайық.
Хазреті Омар (р.а.) бір күні Убәй ибн Кабтан (р.а.) тақуалықтың не екендігін сұрайды. Сонда Убәй (р.а.) :
- Ей, Омар (р.а.) ! Сен өміріңде тікенді жолмен жүрдің бе?, - деді.
Хазреті Омар (р.а.):
- Иә, жүрдім.
Убәй (р.а.):
- Сол кезде не істедің?,- деп өзіне қарсы сұрақ қояды.
Хазреті Омар (р.а.):
- Тікендерді баспау үшін барымды салып, шапанымның етегін көтеріп алдым.
Мұны естіген Убәй ибн Каб (р.а.):
«Міне, тақуалық деген осы», - деп жауап қайтарған екен.
Тақуалық - адам өзін мына жалғанның уақытша жолаушысы ретінде сезіне білуі. Өйткені, нәпсі пәнилікті ұнатпайды, мәңгілікті қалайды. Сондықтан, мына дүниедегі өткінші өмір оны ешқашан қанағаттандырмақ емес. Мынадай бір қанатты сөз бар: «Дүниеден мәңгілікті сұрама. Өйткені, ол өзінде жоқ, саған қайдан берсін!»
Хазреті Омар (р.а.) бір сөзінде:
«Дүниеге аз көңіл бөл! Сонда нәпсіңнің тұтқынынан құтылып, азат өмір сүресің» - деген.
Күнәлар - жәннат жолындағы кедергілер. Адам күнәсін көбейткен сайын жұмаққа кіру мүмкіндігі азая түспек. Ал, айыбын мойындап, көптеп ізгі амалдар жасайтын алтын уақыт бұл жастық шақ. Өйткені, жалындаған жастық кезде Аллаға жақындау қиын болғанмен берекелі. Бүгін Жаратушыңды танымасаң, ертең кеш болуы мүмкін. Қамшының сабындай қысқа уақыт судай сырғып өтуде. «Ертең, ертең!» - деп, салғырттық танытсаң нәпсінің тұзағына қалай түскеніңді байқамай да қаласың.
Адам өлімді жиі-жиі есіне алып, әрі ол жөнінде тереңірек ойлануы тәубеге келуді тездетеді. Имам Раббани былай дейді:
«Өлім қорқыныш емес, нағыз қорқыныш өлгеннен кейін... ».
Хазреті Әли (р.а.):
«Дүние артына бұрылып, кетіп барады. Ал, ақирет бізге қарай жақындап келеді. Сендер дүниенің емес, ақиреттің баласы болыңдар. Өйткені, бүгін амал бар, есеп жоқ, ал ертең есеп бар, амал жоқ».
Адамның жаман қасиеттерді әдетке айналдыруында қоршаған ортаның рөлі ерекше. Себебі ол айналасындағыларға қарай бой түзеп, өмір сүруі заңдылық. Ал, дәл сондай ортада жасалған қателіктерге ешкім ескерту жасап жатпайды. Демек, ол одан әрмен де қателікке бой алдыруды дағдыға айналдырып, қу құлқынның құлына айналмақ. «Әй, дер әже жоқ» деп мұны қазақ халқы өте керемет айтып кеткен. Осылайша олар өздерінің бұрыс әрекеттерін дұрыс деп түсінеді де, күнәлардан тыйыла қоймайды. Одан тыйылмағанның жазасы қалай болмақ?!
Сондықтан да, адам баласы ақылы, ерік-қалауы және ішкі жандүниесі арасындағы рухани үйлесімділікті сақтап қалуы үшін өзіне зиян келтіретін жаман ортадан бойын аулақ ұстамаса, жүрегі бірте-бірте қарая бастамақ. Бұл жайында хазреті Ғазали былай дейді:
«Ғапылдармен бірдей пікір, бірдей көзқарас арқылы жақындасу уақыт өте келе көңілдің жақындасуына апарып, адамның құрып кетуіне себеп болады».
Осман Нұри Топбаш
Иман журналы №1